Баукеңнің өкініші

Өкінішсіз өмір жоқ. Өкінішсіз адам жоқ. Жұмыр басты пенде болғасын жаза баспайтын аяқ та, қате баспайтын қадам да жоқ. Кей сәтте «бәрекелдімен» қоса «әттеген-ай» дегізетін өкініштің де өнеге боларын мойындасақ керек. Мойындай отырып, неге ар алдында бір арылмасқа?
Бұның тамаша бір үлгісін кезінде батыр ағамыз Бауыржан Момышұлы соғыс туралы мына естелігінде көрсеткен екен. Алдымен осы естелікке назар салып көріңіз. Бұл – жазушы Мамытбек Қалдыбайдың ертеректе батыр ағаның өз аузынан жазып алған «Өкініш» атты әңгімесінің қысқартылған нұсқасы.

Баукең салалы саусақтарымен бурыл шашын кейін қарай жатқыза тарап, ауыр күрсінді. Өңі боп-боз. Бурыл, шалғы мұрты салбырап, көздерінің жиегі қызарып кеткен. Сірә, таңды ұйқысыз атырған-ау. Ойлы, өткір жанарын өңменіме тік қадап:
– Бычков атылып кетті. Оған әлі күнге өкінем. Рас, ол кінәлі еді, – деп ызғарлы, қайғылы үнмен орнынан тұрып кетіп, қайта отырды. – Кемшілігін мойындау да – ерлік. Оған көп адамның батылы жетпейді. Бычковқа риза болатыным – атылар алдында: «Мен айыптымын, атыңдар!..» деді. Кез-келген адам бұлай дей алмайды. Керісінше: «Мені аяңыздар, атпаңыздар, кінәмді қаныммен жуам» деп жалынып-жалбарынады.
Баукең жай басып, бөлмеден шықты. Сәлден соң, орнына кеп жайғасты.
– Өзегімді өртеген өкініш отын суық шаймен басқым келді, – деп сөзін жалғады. – Жаңадан полк командирі болған кезім. Шенім – аға лейтенант, әлі партияға өтпегем. Алғы шепті тастап, қол созым жердегі орманға қарай бей-берекет қашып бара жатқан бір топ солдатты көріп:
– Майдан даласын тастап, қайда барасыңдар?! Кері қайтыңдар! Атамын! – деп пистолетімді кезеп, әзер тоқтаттым.
Арада бірер минут өте қасымызға атшана кеп тоқтады. Шана үстінде одеялға оранған пулемет ротасының командирі, лейтенант Торопыгин отыр.
– Саған не болды? Ротаң қайда?! – дедім қатты дауыстап.
– Жолдас аға лейтенант, екі аяғымнан ауыр жараландым. Ротам жаумен шайқасуда. Менің ауыр жараланғанымды көріп тұрып, мына Бычков (оны иегімен нұсқай көрсетті) көмектеспей кетіп қалды. Екеуміз әскери училищеде бірге оқып едік, – деп жылап жіберді. Мен ішімнен: «Жетіскен екенбіз!» деп қаһарға міндім. Осылай сөйлесіп, есімізді жия алмай тұрғанымызда бір бүйірден жаяу әскер ротасының саяси жетекшісі жетіп келді. Оның да шені – аға лейтенант. Бұйрығын тыңдамай шегіне бастаған бір солдатына: «Шегінбеңдер! Алғы шептегілерге қиындық туғызасыңдар. Шегінсек те жаумен қарсыласып шегінейік!» деп алдарынан кес-кестей шығып, айқай салғанда, басқа-басқа, оған өзінің орынбасары, лейтенант Юрьевич бағынбай қойыпты.
– Егер бұлай қорқақтық танытып, бас амандығын көздесеңдер, барлық жауынгерімізден айырыламыз. Кері қайтыңдар! – десе, орынбасары Юрьевич:
– Босқа оттамай үніңді өшір! Үніңді өшірмесең, қазір мына гранатамен жарып өлтірем! – дейді.
Бычков ақ қайыңға сүйеніп тұр екен. Мені көріп әскери тәртіп талабына сай бойын тез түзеп, қаққан қазықтай қалшиды да қалды. Өзі бойы тіп-тік, сұлу, арық жігіт еді.
– Лейтанант Бычков, қаруыңды өткіз! – дедім бұйырып. Ол наганын жанынан алып, маған ұсынды. Мен оны адъютантым Сулимаға бердім.
Солдаттар үнсіз, қабақтары қатулы. Бәрі менің қандай жаза қолданатынымды ойлап, абыржулы. Сап алдына шығып сөйледім. Жағдайымыздың ауыр екенін жасырғам жоқ.
– Мен бұл екеуінің масқара қылықтарын кешіре алмаймын. Екеуін де ату керек деген шешімге келдім… – дедім. Жауынгерлерде үн жоқ, айнала жым-жырт. Тек бұтақтардың сыбдыры ғана естіледі.
– Бычков! Юрьевич! Саптан он қадам алға шығыңдар!
Бычков салтанатты түрде аяғын сарт-сұрт басып, айтқан жерге барып тұрды. Юрьевич қозғала қоймап еді, екі солдат көмекке барған соң, аяғын баяу, теңселе басып, қалтырап, дірілдеп, Бычковтың жанына әзер жетті.
Қарулы екі солдатты әлгілерге қарсы қойып:
– Бычков! Юрьевич! Кері бұрылыңдар! – дедім. Бычков қалтырап, дірілдемей, бұйрығымды бұлжытпай орындады. Юрьевич те кері бұрылды. Бұрылғанымен біз жаққа мойнын созып, жаутаңдап қараумен болды. Кенет екі қолын алға созып, шыңғыра айқайлады.
– Жолдас комиссар!
– Атыңдар! – дедім мен оның сөзін аяқтатпай. Юрьевич оқтан қорғанғандай екі қолын алға созған, Бычков қозғалмай, тіп-тік тұрған күйі кескен теректей сұлап түсті. Полковниктер, комиссарлар, шендері үлкен болса да, маған: «Неге әскери трибуналға бермедің, мұның заңсыздық» деп бір ауыз сөз айтқан жоқ, айта алмады.
– Қорғана жүріп соғысыңдар, ынтымақты болыңдар. Опасызға арамызда орын жоқ! – деп, ақ атыма мініп, алғы шепке қарай құйғыта жөнелдім.
– Бычков өле білді, – деді әлден соң Баукең түзеле отырып. – Ол есіме түссе, жылағым келеді. Бұл, қарағым, соғыс трагедиясы. – Үнінен де, жанарынан да қайғы ізін көріп, Баукеңді аяп кеттім. – Бычков ажалды нағыз ерлерше қарсы алды деп жай айтып отырғаным жоқ. Ол тағы жаудың оғынан емес, өзіміздің оқтан өлді. Соны киноға түсірсең, сұмдық қорқынышты көрініске тап болар едің. Оны ойласам, бөлмеме сыймай кетем. Азамат екен! Атпау мүмкін емес екенін түсіне білді. Қандай биік саналылық?! Егер кешірім жасап, тірі қалғанда одан тамаша командир шығары сөзсіз еді…

P.S. Бұл – батырдың өзегін өртеген көп өкіні-
шінің бірі ғана шығар. Данышпандар да қателеседі. Ал кез-келген саналы адам қателігіне өкінеді, өз өкінішінен сабақ алады.
Қадірлі оқырман! Сіздің өміріңіздегі өкінішіңіз не? Әлде қандайда бір тұлғаның өкінішпен айтқан әңгімесіне куә болған шығарсыз? Біз сіздің әңгімеңізді журналымызда жариялауға әзірміз. Хабарласыңыз, хат жазыңыз. Біреудің өкініші біреуге сабақ болсын…

«Ақжүніс-Астана» журналы

Редакцияның мекенжайы:
Алматы қаласы, 050009, Абай даңғылы, 143, 411-офис
Тел: 8 (727) 394 42 04, e-mail: akjunisjurnal@mail.ru

Сайтымыздың жаңа мақалаларына жазылыңыз

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

1 пікір

  1. Замирбек :

    Ех,қазір дәл сондай жағдай болса,талай адамды қабырғаға қойып,маңдайынан атуға болады.

Пікір жазу

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

*


5 − = 4

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <s> <strike> <strong>