Қазақ кинокомедиясы

Комедия жанры туралы

Комедияның негізгі функциясы – күлдіру. Күлдіре отырып көрерменге ой салу. Күлкі белгілі бір кейіпкердің іс-әрекетінен немесе оқиғаның қызықты өрбуінен, яки диалогтардың қызықты құрылымынан туындайды. Комедия жанрындағы кез-келген туынды көрерменді шексіз күлкіге бөлеп, әсем көңіл-күй сыйлауға тырысады.
Әлем кино тарихында алғашқы комедиялық элементтер ағайынды Люмьерлердің «Политый поливальщигіннен» бастап, Чарли Чаплин, Бастер Китон, Григорий Александров, Иван Пырьев, Григорий Данелия сынды режиссерлердің фильмдерінен көрініс    тауып, кино өнерінің «алтын қорына» енді. Комедия жанры содан бері уақыт белгісін, қоғам тынысын, халықтың мұң-мұқтажын, арман-мүддесін, әділдік пен әділетсіздіктің ара-жігін әзіл-әжуамен жеткізу көрерменді экранға жақындатудың бірден-бір жолы болды.
Тұңғыш қазақ комедиясы «Ақ раушан» (1942, реж. Е.Арон) киносынан бастау алды. Одан бөлек кинокомедия жанрында түсірілген фильмдердің қатарында «Өжет қыз» (1955, реж. П.Боголюбов), «Мазасыз көктем» (1956, реж. А.Медведкин), «Біздің сүйікті дәрігер» (1957, реж. Ш.Айманов), «Жерге қайта оралу» (1959, реж. М.Бегалин), «Ән қанаты» (1961, реж. Ш.Айманов). «Ұлым менің» (1962, реж. Э.Файк), «Әзіл-шыны аралас» киноновеллалар жинағы, (реж. Ю.Чулюкин, Д.Тінәлина, Цой Гук Ин, Ю.Мингазитинов, Г.Дегальцев), «Алдар Көсе» (1964, реж. Ш.Айманов), «Тақиялы періште» (1968, реж. Ш.Айманов), «Күзет бастығы» (1978, реж. А.Тәжібаев), «Адамды қарсы алыңдар!» (1984, реж. Л.Сон) картиналары бар. Фильмдер тізіміне қарасақ, қазақ киносының тарихында комедия жанрының ең бір гүлденген тұсы – өткен ғасырдың алпысыншы жылдары екендігін аңғаруға болады. Осы кезеңде дүниеге келген «Тақиялы періште», «Біздің сүйікті дәрігер», «Алдар көсе» сияқты Шәкен Аймановтың фильмдерінен кейін комедия жанрында түсірілген айтулы шығармаларды қазіргі таңда табу қиындау.

Қазақ кинокомедиясының түрлері

Комедия жанры сықақ, романтикалық комедия, қылмыстық комедия, жағдайлық комедия (комедия ситуаций) сынды бірнеше түрге бөлінеді.

Сықақ (пародия) жанрындағы комедия. Бұл түр бойынша қазақ комедиясында ешқандай фильм түсіріле қойған жоқ. Алайда нақты бір кейіпкерге пародия жасамаса да, қоғамдағы орын алып жатқан оқиғаларды өз кезегінде шама-шарқынша сынап әжуалаған кинокомедиялар жоқ емес. «Несиеге махаббат» (реж.С.Әбдіқалықов) комедиясында жаппай несие алып жатқан қазақтардың жай-күйін жиынтық образ ретінде басты кейіпкердің басына салады. «Ең бақытты адам – басында несиесі жоқ адам» деген әзілді негізге ала отырып, қоғамда орын алған көптеген жайттарды астарлы қалжың арқылы бейнелейді. Фильм диалогының аздығымен ерекшеленеді. Бұдан режиссердің дыбыссыз Ч.Чаплин фильмдеріне талпынысын аңғарамыз.
«Мәңгі өмір сүргің келсе…» фильмін комедияның осы түріне жатқызуға болады. Бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналған тіл тағдырын астарлы әзілмен жеткізеді. Обамадан бастап, бүкіл жұртты қазақша сөйлетіп, әлемді басқарған қазақ халқын көрсетеді, сұранысы артқан қазақтың тұрмыстық өнімдері арқылы ұлттың арманын бейнелейді, сол арқылы көрермен езуіне күлкі ұялатқысы келген. Көркемдік деңгейі, түсірілім сапасы төмендігіне қарамастан, фильм біраз көрерменнің көңілінен шықты.

 

Романтикалық комедия.

Бұл бағытқа жатқызуға болатын «Ғашық жүрек» (реж. А.Ұзабаев, Ж.Пошанов), «Кешіккен махаббат» (реж. С.Құрманбеков), «Алып қашу операциясы» (реж. С.Расулов), «Аймалашы мені» (реж. А.Бейсенов), «25 теңге» (реж. Ш.Орынбаев) сюжеттері, негізінен, романтикалық оқиғаларға құрылған. Бұл фильмдердің мақсаты – махаббат тақырыбын комедиялық элементтер арқылы бейнелеу. «Кешіккен махаббат» картинасы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысымен түсірілгенін айта кеткен жөн. Фильм техникалық сапасы, көркемдік деңгейі жағынан, басқаларымен салыстырғанда, көш ілгері. Әлемге танымал француз актері Жерар Депардье ойыны да киноға басқаша рең берген.
«Ғашық жүрек» киносында қазақ сахнасының сыртындағы оқиғаларды кейіпкер ойыны арқылы суреттесе, «Алып қашу операциясында» тек нағашы ағасы Тұрсынбек Қабатовтың, «Аймалашы мені», «25 теңге» киноларында көңілді тапқырлар клубынан актерлық шеберлік жинаған Марат Достаев, Айбек Байназаров сынды әуесқой актерлардың ойыны арқылы ғана комедиялық элемент қосылып тұр.

 

Қылмыстық комедия.

Басты кейiпкерлері гангстерлер мен ұрылардан, полицейлерден құралған қылмыстық кинокомедия ретінде Жантемір Баймұхамедовтың «Шу-чу» комедиясын қарастыруға болады. Заманауи жастардың тілінде құрылған диалогы, баяндау түріндегі сценарийі комедиялық кинолардың заңдылықтарына біршама сай келеді.

Жағдайлық комедия. Әртүрлі оқиғалардан құрастырылған жағдайлық комедияларға «Ойпырм-ай, қымбатты менің балаларым» (реж. Ж.Исабаева), «Мент», «Отыздан асып барамын», «Бізді күтер бір бақыт» (реж. М.Оспанов), лирикалық комедияға «Құрақ көрпе» (реж. Р.Әбдірашев), «Әурелең» (реж.С.Құрманбеков) фильмдерін жатқызуға болады.«Ойпырм-ай, қым-
батты менің балаларым» кинокомедиясының режиссері өзінің туындысын «арт-хаус, комедия мюзикл» деп атаған екен. Алайда, тым асыра сілтеп жібергендей әсер қалдырды. Н.Төлендиевтің «Ойпырмай, сол қызды-ай» әнін қосу арқылы немесе апасы мен кенже баласы бір-екі эпизодта билегені үшін «мюзикл» деп айтудың өзі қателік.
Ал режиссер М.Оспанов «Бізді күтер бір бақытта» актер Нұржан Төлендиевтің жұлдызды шағын пайдаланып, замануи кейіпкер ойлап тапқысы келгендей. Алайда сценарийдің әлсіздігінен, актерлық шеберліктің аздығынан аталмыш «кейіпкер жасау» идеясы жүзге аспаған. Онымен салыстырғанда, режиссердің алдыңғы кинокомедиясы «Менттің» ұтар тұсы басымдау. «Мент» фильмі дәл бүгінгі уақытты шынайы суреттеген. Бірақ тым қарапайым диалогтар мен жеңіл-желпі оқиғалық құрылымдармен баяндалған. Көркемдік деңгейі төмен.
Арзанқол комедия қатарында «Қайрат чемпион №1» бар. Бұл картина көрерменді мимикамен, жеңіл-желпі әрекеттермен, немесе еркектерге әйел киімін кигізіп күлдіргісі келеді. Одан да бөлек қазақ менталитетіне жат қылықтарды қазақ көрермендері қабылдай алмады. Режиссер, шамасы, «халыққа саусағынды шошайтсаң да күле береді» деген түсініктен әлі де арылмаған болса керек.
«Әурелең» фильмін, ең алдымен, көп жылдардан бері мызғымай жатқан сеңнің алғашқы қозғалысы деп қабылдауға болады. Фильмде көрініс тапқан оқиғалар жеңіл әзілмен беріледі. Отыз жылдай ауылды басқарып, зейнеткерлік жасқа жеткен әкім Жаңғырбай (Нұржұман Ықтымбаев) – ауыл өмірі мен оның тұрғындарын, түрлі оқиғаларды байланыстырып тұрған басты кейіпкер, рөлі ұтымды шыққан» деп баға береді белгілі кинотанушы Назира Мұқышева. «Әурелең» – нағыз халықтық фильм» деп ой түйді танымал кинотанушы Бауыржан Нөгербек. Кәсіби түрде жазылған сценарий, шебер актерлердің қызықты ойыны, барлығы ұштаса келіп кинотанушылардың жоғары бағасын иеленіп отыр.
«Қазақфильмнің» тағы бір туындысы «Құрақ көрпе» комедиясында дәретхананы түрлі түске бояу, есектен зебра жасау, 12 қыздың әкесі атанған Құдайберген Сұлтанбаев рөлін киноны комедиялық тұрғыда тани түсуге мүмкіншілік беретін элементтер ретінде бағалауға болады. Фильм құрастырмалы ойын сияқты. Мұнда бәрі бар, әр көрермен өзіне керек оқиғасын сана елегінен өткізіп алады. Біреу үшін қарт Исабек пен оның әйелі туралы көрініс маңызды болып көрінуі мүмкін, ал біреудің есінде Гарринчаның қылықтары қалар, әлде біреуге қаланың оқиғасы ұнар. Фильмде біздің өмір сүріп жатқан ортамыздың алуандығы айқын көрінеді. Бүгінгі Қазақстанда патриархаттық нышандар мен жаңа заманның белгілері қатар суреттеледі: онда көпбалалы отбасы да, мотоциклдың «құлағында» ойнаған «амазонка-арулар» да бар. Туындыда заманауи Қазақстанның шынайы екі өмірі көрініс табады: қазақы иісі бар ауыл әлемі мен орыстанған қала өмірі. Фильм осындай әртүрлі жағдайларды негізге ала отырып, қызықты детальдарды режиссерлік шеберлікпен құрастыру арқылы ұтымды шығып отыр.

Эксцентрлік комедия.

Комедияның эксцентрикалық түрі әлемдік кино экранда көптеп таралса да, қазақ киносынан әлі көрініс таба қойған жоқ. ХХ ғасырдың 10-20 жылдары-ақ А.Дид, М.Линдер, Ч.Чаплин, Б.Китон, Г.Ллойд жасаған кiшкентай амалшыл, қаңғыбас, алаңғасар, бiрақ езу тартпайтын қылжақбас кейіпкерлер біздің кинода әлі жоқ. Актерларымыз тек солардың қайсыбір қимылын, іс-әрекетін көшірумен ғана өмір сүруде. Ал қорқынышты комедиялар (комедий ужасов) мен трагикомедия, музыкалы комедиялар да оң жамбасымызға келмей тұрған бағыттар болып тұр.

Айдана АЛАМАН

«Ақжүніс-Астана» журналы

Сайтымыздың жаңа мақалаларына жазылыңыз

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

8 комментариев

  1. Уикипедия окыгандай болдым гой. Рахмет! Еңбегіңіз сiнген екен.

  2. Рысжан Муратбекқызы :

    біраз комедия бар екен-ау бизде

  3. Бедергул :

    жақсы жазылған екен оқуға болады,,

  4. Дастан :

    Иә, қаншама біз білмейтін фильмдер, таң қалдым, рахмет

  5. кун Ай :

    менде бираз комедияны билип калдым рахмет сиздерге

  6. шыны керек бугин билип отырмын окып осындай бизде де бар екен сиздерге рахмет

  7. Серик :

    шынмен бизде комедия аз көбйту керек

  8. Назира :

    «Ғашық жүрек» киносында, «Аймалашы мені», «25 теңге» киноларында. Бұл тіркестер мүлдем дұрыс емес, Бұл жоғары аталып отырғандар кино емес, фильмдер деп аталады. Жазған соң сауатты жазайық! Себебі, биология, физика, математика деген сияқты КИНО деп өнердің толық бір атауын айтамыз. Сондықтан, жазғанда не жазғандарыңызды бақылап жазыңыздар! Себебі, сіздің мақалаңызды халық оқиды.

Пікір жазу

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

*


7 + = 13