Ауылда жүрген хас талант

Қали Қораласбаев, суретші

Қали Қораласбаев, суретші

Басты тақырыбы – қазақтың жаны, тарихы, табиғаты болудан танбаған біздің бұл кейіпкеріміз ауылда тұрып-ақ, Алматының қақ төрінде, үлкен қалаларда онға тарта көрме өткізіп, қабілетімен шығармашылық қауымдастықты мойындатқан қылқалам шебері.
Өз отанын шексіз сүйетін, отаншылдық туындылар тудыра алған, ұлттық құндылықтарымызды бойына сіңірген, салт-дәстүріміз бен тарихымыздың тамырынан нәр алып, қазақтың маржан сөзімен қаруланған, жастарға еңбексүйгіштігі үлгі болатын суретші-мүсінші әрі карикатурашы Қали Қораласбаев Шу ауданы, Төле би ауылында тұрады.
Қали Қораласбаевпен алғашқы кездесуімізде «Алматы сынды өнер ордасынан алыс ауылда тұру сіздің шығармашылық жолыңызға қаншалықты кері немесе оң әсер етеді?» деп сұраған едім. Сонда суретші күлімдеп: «Мен өзімнің тақырыбымның ортасында өмір сүріп жатқан жоқпын ба?!» деген еді.
Суретші 1987 жылы Гоголь атындағы көркемсурет училищесін бітіріп, жолдама беретін комиссия түлектерді тек қана қалаларға жолдайтынын мәлімдегенде, комиссия төрағасына суретші өзі туған ауылы Шу ауданына жіберуін өтінеді. Сонда ұстаздары: «Балам-ау, ауылдың тұрмыс-тіршілігінің ішінде өнеріңмен жоғалып кетесің ғой» дейді таңданып. Сонда үздік шәкірттердің бірі санатындағы Қораласбаев: «Жоқ, ағалар, мен сіздерге жоғалмауға уәде берем!» деген екен.
Содан бері талай су ағып, жылдар келіп, жылдар кетіп, ширек ғасыр да өтіпті. Қазақстанның белгілі суретшілері Дүйсенбаев, Ахметжанов, Әлімжанов, Каметов, Сейісов сынды үлкен тұлғалардан дәріс алып, бейнелеу өнерінің үлкен мектебінен өткенін суретші мақтан тұтады. Ауылда тұрып-ақ сыр-шырай кескіндеме, тас мүсіндермен көптеген көрмелер жасап келеді. Туған ауылы Төле би ауылында 30-ға тарта, облыс орталығы Тараз қаласында оншақты жеке көрмесі, 2002 жылы «Тараздың 2000 жылдығына» арналған Қазақстан Республикасының мемлекеттік Ә.Қастеев атындағы өнер мұражайында, 2008 жылы Қазақстанның мемлекеттік орталық мұражайында жеке көрмелерін өткізіп, өнертанушылардың тарапынан жоғары бағаға ие болды. Осы көрмелерінің барлығының ашылу салтанатын қазақтың қара домбырасын өзі шертіп, өз әнімен, сөзімен ашып, көпшіліктің ықыласына бөленіп келеді.
Суретші жазатын картинаның тақырыбын өз бойынан, жүрегінен өткізгенде ғана шынайы шығарма болып туатынын әркез ойынан шығарған емес. Әсіресе өткен ғасырдың 90-шы жылдары ауылды жерлер қатты күйзеліп, көптеген елдімекендер қаңырап, жастар қалаға ағылғанда осы көріністің барлығы суретшінің қылқаламынан орын алды. «Тастанды ұялар», «Біз сендерді күтеміз», «Қара шаңыраққа оралу», «Баланың арманы», «Бақсының көз жасы» сияқты туындылар дүниеге келді. Осы жылдары тас мүсіндермен де айналыса бастап, қазіргі кезде 30-ға жуық тас, 10-нан астам ағаш мүсіндері суретшінің шеберханасынан орын алған. 2010 жылы Қазақстан Республикасының әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлығына «Дала қорғаны – Елбасы» атты тас мүсіні ұсынылды.
Айтқандай, 2010-2011 жылдары бүкіл әлемді  дүр сілкіндірген Джеймс Кэмеронның «Аватар» киносын суретші көріп: «Бұл менің 1995 жылы жасаған әлемім» деген екен. Өйткені суретшінің композициялары, табиғаты осы киноның кейіпкерлерімен жүз пайыз сәйкес келеді. Дегенмен, Қалидың кейіпкерлерінде қазақи кейіп бар.
«Аспанда ілініп тұрған көпірлер», «Қиял-ғажайып жануарлар», «Киелі ағаш» композицияларының бірнешеуі 2002 жылы Ә.Қастеев атындағы өнер мұражайында жеке көрмесінде қойылды. Қали «Аватар» фильмінің түпқазығы – «Киелі ағаш», «Әруақтарға табыну», «Самұрық құстар» – барлығы қазақ халқының салт-дәстүрімен сай келеді дейді. Өйткені мен өз кейіпкерлерімді өзіміздің салт-дәстүрімізден, қиял-ғажайып ертегілерімізден іздедім дейді. Бұл құбылыс – екі өнер адамының екі кеңістікте өмір сүріп жатса да, өнерімен бір кеңістікте түйісуі – болып тұратын құбылыс.
Қали Қораласбаевтың карикатуралары бастапқыда аудандық «Шу өңірі» газетіне алғаш рет басылып, көп кешікпей облыстық, республикалық басылымдарда жарияланып, бүгінге шейін 500-дей карикатуралары жарық көріпті. Суретші «карикатура менің өмірге деген көзқарасым, қоғамда болып жатқан жат қылықтарға өзімнің қарсылығымды сызықтар арқылы көпшілікке паш етемін» дейді. Қали карикатура байқауларында халықаралық байқаудың дипломанты, республикалық байқаулардың жеңімпазы атанды. Жақында ғана «Шу өңірі» газетімен шығармашылық байланысына 25 жыл толуына орай, штаттан тыс суретші-тілші куәлігін табыстағанда қатты қуандым дейді. «Ел іші – өнер кеніші», «өнер – халықтікі» деген қазақ халқы. Өз туған ауылы Шу ауданының 80 жылдығына орай «Жастар аллеясына» пәк сезіммен достықты жырлайтын «Махаббат бағы» атты төрт бөліктен тұратын кешенді мүсінін, Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай ұлттық құндылығымызды дәріптейтін «Жеті қазына» атты үш бөліктен тұратын кешенді мүсінін сыйға тартып, өз ауылының патриот азаматы екенін танытып келеді.
«Балам дейтін жұрты болмаса, жұртым дейтін бала қайдан болсын» деген екен Ахмет Байтұрсынов. Ауыл ағалары да суретшіге оң көзқарас танытып, жеке көрмелер ұйымдастыруға, шығармашылықпен айналысуға жағдай туғызып келеді. Суретшіні аудандық, облыстық және халықаралық энциклопедиясына ұсыныс жасап енгізіп, қоғамдық халықаралық медалінің иегері атандырды. Қазақстан Республикасының Президентінің жолдауын насихаттау жұмысы барысында Қазақстан Республикасы Мәжіліс депутаты Қ.Жабағиев Шу халқымен кездесуінде: «Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев әркез Қазақстандық патриотизмге, отаншылдыққа, ұлттық құндылығымызды ұлықтауға шақырып келеді. Біз Президент айқындап берген мемлекетшілдік, отаншылдық мақсатқа жұдырықтай жұмылуға міндеттіміз. Елімізде өз елін, туған жерін, Отанын жанынан артық бағалайтын азаматтар жоқ емес. Солардың бірі – суретші-мүсінші Қали Қоралас-
баев. Біз өз өмірін туған ауылына арнаған суретшіден үлгі алуымыз керек» деген еді.
Бұл өнер адамына берген жүгі ауыр, үлкен баға.

Айнаш ЕСАЛИ

«Ақжүніс-Астана» журналы

Сайтымыздың жаңа мақалаларына жазылыңыз

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

2 комментария

  1. Гулайхан :

    Қали Қораласбаев ағамызға шығармашылығыңыз өркендей берсін дейміз

  2. Қали бауырымызды бұрыннан білем. Өте талантты жігіт. Тынбай ізденіп, еңбектеніп жүреді. Расында, ауылды жерде жүріп, Алматыда бірнеше рет көрме өткізгені үлкен жетістік. Қалиға қанатың талмасын, шеберлігің ұштала берсін дегім келеді.

Пікір жазу

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

*


7 + 2 =