Төлеген Мұхамеджанов: Қолыңнан іс келсе, жұмыстың қиыны жоқ

Төлеген МҰХАМЕДЖАНОВ, композитор, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты

Төлеген МҰХАМЕДЖАНОВ, композитор, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты

– Биыл Астана күні қарсаңында, дәлірек айтсақ, 21 маусым күні «Астана Опера» театры өз шымылдығын айқара ашқан болатын. «Қайтсек те мереке қарсаңында ашылуымыз керек» деп асығып кеткен жоқсыздар ма? Құрылыс жұмыстары сапалы жүргізіліп, толық аяқталып үлгерді ме, әлде аяқталмай қалған тұстары бар ма?
– Жоқ, жоспарланған уақытында құрылыс жұмыстары толығымен аяқталды. Театр құрылысы екі жылға созылғанын білесіздер. Әлемдік деңгейдегі талаптарға жауап беретін опера-балет театры алдына үлкен мақсаттар қойған Қазақстан үшін өте керек еді. Сол қажеттілікті Елбасы Н.Назарбаев дер кезінде сезе білді. «Астана Опера» театрының дүниеге келуі Елбасымыздың тікелей тапсырмасымен жүзеге асты. Театрды барша қазақстандықтардың ортақ игілігіне айналдыруды көздеп отырмыз. Халқымыздың жоғары музыкалық және эстетикалық сұранысын қамтамасыз ету үшін жұмыс жасаймыз.
– Жаңа театрдың ерекшеліктері туралы айтып беріңізші…
– Театр жобасының авторлары классикалық архитектураны ұлттық үлгілермен шебер ұштастырып, оған ерекше реңк берген. Театрдың көлемі 64 мың шаршы метр. Мысалы, Копенгаген театрының ауданы 41 мың шаршы метрді ғана құрайды. Сахнаның ені 21 метр, ал ұзындығы 59 метрге дейін жетеді. Ослодағы театрдың ені 16 метр, ал ұзындығы небәрі 40 метр ғана. Қажет жағдайда дайын декорацияны жылжытуға қолайлы қос қапталы және бар. Бұл күрделі спектакльдерді қоюға өте ыңғайлы.
Сахнаның төменгі жағында тереңдігі 12 метрлік көтеріп-түсіретін автоматты қондырғылардан тұратын машиналар залы орналасқан. Театрда үш бөліктен тұратын және 120 музыкантқа есептелген оркестрге арналған арнайы орын бар. Көрермендер залы 1250 адамға арналған. Театрда 8 қосымша зал, 11 репетициялық орын, камералық музыкаға арналған 250 орындық зал, баспасөз-залы т.б. бар. Біздің сахнамызда әлемдік деңгейдегі кез-келген театр өз декорациясымен келіп, күрделі спектаклін қоя алады. Сахнаның екі қапталында қалталары, түкпірінде арьер сахнасы бар. Солардың көмегімен біз бір спектакльде үш акт қоя аламыз. Ал Ресейдің Үлкен театры екі акт қоя алады, міне, біздің мүмкіндігіміз қандай! Сондай-ақ, «Астана Операның» спектакльдерді HD үлгіде тікелей тарататын жеке серіктік стансасы бар.
– Осындай театрда жұмыс істеудің өзі бір ғанибет, зор қуаныш шығар…
– Әрине.
– Алапат театрды басқару қиынға соқпай ма?
– Мен үшін «Астана Опера» шаршы метрлерімен емес, маңыздылығымен бағалы. Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы осындай ірі де жауапты мәдени ошақты басқаруды маған сеніп тапсырды. Бұл мен үшін үлкен құрмет. Қолынан іс келетін адам үшін жұмыстың қиыны болмайды.
– Шығармашылық жұмыстар қалай жүріп жатыр?
– «Астана Опера» театры алғаш рет өз шымылдығын қазақ ұлттық музыка өнерінің классигі Мұқан Төлебаевтың «Біржан мен Сара» операсымен ашқанын білесіздер. Биыл дарынды өнер иесінің 100 жылдығы. Оны тамашалауға келген көрермендер жаңа нұсқада, Юрий Александров қойған нұсқада көрді. Дәстүрлі қойылым бойынша спектакль соңында Біржан көз жұмса, жаңа нұсқада ол сүйгенімен, өзінің әсем де ой салатын әндерімен мәңгі жасайды. Мазмұнын аздап өзгерту режиссердің көзқарасына, оның сол ойын шеберлікпен жеткізе білгендігіне байланысты. Біржанның әндері, Біржан мен Сара махаббаты мәңгі өлмейтінін Мариин театрының қоюшы режиссері Юрий Александров өзіндік режиссерлік шешімдері арқылы паш етті.
Одан кейін «Ұйқыдағы ару» (П. Чайковский) балеті қойылды. Бұл қойылымды Астана күніне тарту еттік. Балетті әлемге әйгілі Үлкен театрдың хореографы Юрий Григорович үш күн бойы қойды. Сахнаның акустикасына, қойылымдарымыздың көркемдігіне, әртістеріміздің шеберлігіне көпшілік куә болды. Алдағы уақытта «Біржан – Сара» операсы да, «Ұйқыдағы ару» балеті де тұрақты түрде театрдың репертуарына енеді.
– Қойылым көрермен көңілінен шықты ма?
– Әрине. Алып декорациялар, әдемі костюмдермен сахнада асқақтаған балетіміздің жұлдыздары өздерінің әсем қимылдарымен әсер қалдырмай қойған жоқ. Мен жоғарыда айтып кеттім, «Ұйқыдағы аруды» біз үш күн қойдық. Әр күні залда ине шаншыр жер болған жоқ, билеттер жетпей қалды. Қойылым барысында көрермен ұрған шапалақтан-ақ XVII ғасырға, зұлымдықты жақсылық жеңген ертегі әлеміне саяхат сәтті болды деп айтуға әбден болады.
Алдағы 21 қазанда театрымыздың әлемдік тұсаукесері. Бұл күні Джузеппе Вердидің «Аттила» операсын қоямыз. Тарихи маңызы бар шараға әлемнің түкпір-түкпірінен жүзге жуық қонақтарды шақырдық. 22 қазанда әлемдік классикалық музыка жұлдыздарының гала концерті өтеді. «Астана Опера» төрінде Денис Мацуев, Светлана Захарова, Әлібек Дінішев, Ильдар Әбдіразақов, Анна Маркарова, Сергей Крылов, Ольга Перетятько, Майра Керей, Медет Шотабаев, Әлфия Кәрімова және басқалары өнер көрсетеді. 23 қазан күні «Аттила» қойылымы, сосын, 24 қазанда өз театрымыздың жұлдыздары гала концерт береді.
– Сіз де өнер адамысыз, қойылым, музыка, композиция, сюжет, фабула, автордың идеясы деген дүниелердің бәрінен хабарыңыз мол. Осы тұрғыдан алғанда режиссерлермен барлық уақытта толықтай келісе бересіз бе, әлде «мен тек директормын, шығармашылықпен шаруам жоқ, не істесе де режиссер өзі біледі» деп сырт қаласыз ба?
– «Астана Опера» театры әлемдік деңгейдегі театр. Оның төрінде сахналанатын қойылымдар да соған сай болуы тиіс. 21қазанда әлемдік тұсаукесерді Д.Вердидің «Аттила» операсымен ашатынымызды айттым. Осы тұста ерекше атап өтетін жайт, біз «Аттиланы» әлем білетін рақымсыз, басқыншы кейіпінде емес, оның көпшілік біле бермейтін жағымды жақтарын көрсетеміз. Тарихи тұлғаның қазақ жерімен байланысы болғандықтан, дәл осы операның таңдалуы да кездейсоқ емес. Сол себепті біздің қоятын «Аттила» әдеттегі қойылып жүрген опера емес, өзгеше. Өнерде барлығы шеберлікке байланысты. Егер режиссер өз қиялына салып, туындыны өте жоғары деңгейде қойса, оған алып-қосудың өзі артық. Композиторлығымды, арасында өлең жазатынымды былай қойғанда, театрда мен – басшымын. Театрдың репертуарын қызықты ету, әртістер деңгейін көтеру, режиссерға жағдай жасау – міндетім, ал қойылымға араласпаймын. Әрине, өнер адамы болған соң өзіндік көзқарасым бар. Дегенмен, әркім өз жұмысын жасауы керек.
– Мемлекет тарапынан театрға қаншалықты көңіл бөлінеді? Үкімет тарапынан көрсетіліп жатқан көмек сіздің және театр қызметкерлерінің көңілінен шыға ма?
– Әрине, «Астана Опера» театрында өнер адамына барлық жағдай жасалған. Тіпті, жаңа театрдың ашылуына Үкімет арнайы бір отырысын да арнағанын білесіздер. Сол отырыста ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед бұл театр еліміздің мәдени саласындағы ғана емес, бүкіл әлемдік қауымдастықтың мәдени өміріндегі айтулы оқиға екенін айтқан. «Астана Опера» театры әсем Астананың тағы бір айшықты символы ғана емес, барша астаналықтар мен елорда қонақтарының сүйікті өнер ордасына айналатынына кәміл сенемін. Бұл – Қазақстандағы опера мен балет сияқты өте күрделі қойылымдарды осы заманның ең биік талаптары тұрғысынан жүзеге асыруға арналған бірегей театр» деген еді министр. Опера және балет театрының қойылымдарына жүзден астам адам қатысып, хор, оркестр және балет труппасы сияқты ұжымдар жүзеге асырады. Операда музыка мен сурет, драматургия мен вокал, актерлік шеберлік сияқты қайталанбас өнер түрлері бір сахнада тоғысып, бірегей мәдениет туындылары жасалады. Осындай қиын да күрделі мекемеге мемлекет көңіл бөлмейтін болса, онда әу баста-ақ ол театрды салуды жоспарламас еді…

Біздің сахнада ең үздік әншілер мен әртістер өнер көрсетеді. Оларды алаңдататын әлеуметтік мәселелер театр тарапынан шешімін тауып жатыр. Өнер адамы күнделікті тіршілікке алаңдамай, шығармашылықпен айналысуы керек. Біз әйгілі Ла Скала мектебімен келісімдер жүргізіп жатырмыз. Болашақта театрымыздың опера және балет солистерін сол мектептің ұстаздары оқытады, яғни, әртістеріміз шетелге шықпай-ақ, ақша шығармай-ақ, өз шеберліктерін театр қабырғасында шыңдай алады.

– Шығармашылық ұжымды түпкілікті іріктеу жұмыстары қалай жүргізіліп жатыр?
– Конкурс 2013 жылдың 4 қыркүйегінде басталды. Ең алдымен хор әртістерін іріктедік. 9 қыркүйекте опера әншілерін іріктеуді бастадық. Ал 14 қыркүйекте симфониялық оркестр орындаушыларының конкурсы өтеді. Балет әртістерінікі 17 қыркүйекте. Әр конкурс бойынша өтініш қабылдаудың соңғы күні жарияланғанына қарамастан, біз конкурс барысында түскен өтініштерді шет қалдырған жоқпыз. Конкурстың нәтижесін міндетті түрде жариялаймыз. Барлығы ашық түрде өтіп жатыр. Комиссия мүшесінің құрамында Италия, Алмания, Австрия мен Ресейден келген мамандар да бар. Сол себепті қатысушыларға берілетін баға жан-жақты әрі әділетті болады.
– Жаңа театр жыл сайын жаңадан екі опералық және екі балет қойылымын қоюға міндетті. Осындай қиын талап, қауырт жұмысқа дайынсыздар ма?
– Дайынбыз. Расында, біз жыл сайын көрерменді кемінде төрт жаңа қойылыммен қуантамыз деген ойдамыз. Қазір соған сәйкес жұмыстар жүргізіліп жатыр. Ағымдағы жылдың қараша айында Анжелин Прельжокаждың «Ночи» және Борис Эйфманның «Роден» балеттерін қоюды жоспарлап отырмыз. Ал желтоқсанда Сергей Прокофьевтің «Ромео мен Джульеттасын» ұсынбақшымыз. Мысалы, «Expo-2017» көрмесі қарсаңында театр төрінде «Ла Скаланың» әртістері бір ай бойы қойылымдарын паш етеді. Сондықтан жоспар көп, оның барлығынан сіздер міндетті түрде хабардар боласыздар.
– Әлемдік дәрежедегі театрға айналуды мұрат етіп отырған өнер ордасының алға қойған мақсаттары мен жоспарлары қандай?
– «Астана Опера» көлемі мен техникалық мүмкіндіктері жағынан Орталық Азиядағы теңдесі жоқ мәдени ошақ. Сондықтан әлемдік деңгейдегі театрда соған сай әртістер өнер көрсетеді. Өнерсүйер қауым үшін енді опера және балет әлемінің жұлдыздары, әлемдік қойылымдар қолжетімді болады. Біз кішкентай көрермендерімізді де назардан тыс қалдырмаймыз. Жоспар бойынша театр төрінде балаларға арналған қойылымдарды, сол балалардың қатысуымен ұйымдастырамыз. Жоғарыда атап өткендей, жылына төрт жаңа қойылым қою, әртістерімізге мастер-класс ұйымдастырып, шеберліктерін шыңдау тағы басқа әртүрлі концерттік іс-шаралардың барлығы «Астана Опера» театрының алдағы мақсаттары.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
Майгүл ҚАЛЫМБЕТҚЫЗЫ

«Ақжүніс-Астана» журналы

Сайтымыздың жаңа мақалаларына жазылыңыз

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

5 пікір

  1. Айсулу :

    жақсы жазылған

  2. Алтынай :

    Жаһандану заманында Елордамызда бой көтерген әлемдік театрлармен иық тірегскен бұл театрдың болашағы әлі алда, әрі жарқын. Тек шығармашылық табыстар тілейміз!

  3. ақбота :

    жақсы тақырыптар оқып келем бәрін

  4. ақмарал :

    шығармашылық табысатр тилемин

  5. "Қаңғыбас қазақ" :

    Мисыз министр азайып, игі істер көбейе берсін!

Добавить комментарий для Fredric Cancel

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

*


4 + 3 =

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <s> <strike> <strong>