Мәңгі жас жазушы

Әкім ТАРАЗИ,   жазушы-драматург, ҚР Мемлекеттік сыйлықтың иегері

Әкім ТАРАЗИ,жазушы-драматург, ҚР Мемлекеттік сыйлықтың иегері

Жамбыл облыстық драма театрында ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Жамбыл облысының Құрметті азаматы Әкім Таразидің 80 жылдық мерейтойы аясында шығармашылық кеші өтті. Кешті Қазақстанның халық артисі, кино және театр өнерінің майталманы Тұңғышбай Жаманқұлов жүргізді.

Салтанатты кеште сөз алған облыс әкімі Қанат Бозымбаев: «Әкім ағамыз үшін туған өлкесі, қанат қаққан қасиетті Әулие ата өңірі қашанда қымбат. Ол кісі облысымыздың Құрметті азаматы, аймақтың нағыз патриоты, ізгі тілектесі, жанашыры деп білеміз. Ағамызды күллі облыс жұртшылығы қадір тұтады, есімін құрметтейді» дей келе, бұл той бүкіл алаш жұртының, қазақ руханиятының тойы екенін атап көрсетті. Қанат Алдабергенұлы өз сөзінде балалық шағы сұрапыл соғыс жылдарымен тұспа-тұс келген, бүгінде сексеннің сеңгіріне шыққан талантты жазушы Ә.Таразидың шығармашылық жолына кеңінен тоқталды. Сөз соңында облыс әкімі мерейтой иесін облыс жұртшылығы атынан құттықтай келе, жүрекжарды тілегін арнап, үстіне оқалы зер шапан жауып, «Джип» жеңіл автокөлігінің кілтін тапсырды.
Қаламгер атына жылы лебіздер аз айтылған жоқ. БҰҰ бас хатшысының орынбасары Қасым-Жомарт Тоқаев пен Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммедтің мерейтой иесін құттықтау хаттары да осы кеш үстінде табысталды. Белгілі ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков өз сөзінде:
– Әкім ағаның шығармалары бірқатар әлем тілдеріне аударылып, басылды. Сол арқылы туған әдебиетін әлемге танытты, әлем әдебиетінің дамуына өз үлесін қосты. Ә.Тарази сегіз қырлы, бір сырлы қаламгер, терең ойдың адамы, жазушы ғана емес, кәнігі зерттеуші, тағылымды тарихшы, көне мұраларымыздың зерттеушісі, адамзаттың байтақ мұрасында Бичурин еңбектерін аударған еңбегі де бағасын әлі алған жоқ. Сырлы сұхбаттарындағы, байсалды әңгімелеріндегі байсалдылық пен тереңдік сырын әлі ешкім ашқан жоқ. Тілі сынаптай таза, күмістей кіршіксіз әдебиет –өнердің асылы, ұлттың жаны мен рухы. Әдебиеті болмаған жұрт тілі шықпаған бала сияқты. Қазақ табиғатынан дана, шешен халық. Біздің бақытымыз – байтақ, бай әдебиетіміз бар. Сол асыл өнердің айтулы жасаушылары да, сақтаушылары да баршылық. Оларөзінің биік өнері арқылы халқының мақтанышына айналды. Ұлы Абай ұлттың рухани көсемі дәрежесіне алдымен әдебиет арқылы жетті. М.Әуезовті де, Ғ.Мүсіреповті де жұртшылық жазушылық өнері үшін алақанына салды. Сондай сөз өнерінің иесі, шығармалары арқылы қалың елінің сүйіспеншілігіне бөленген суреткер – Әкім Тарази бүгінде туған жерінің, өсіп-өнген өлкесінің төрінде отыр, – деп қаламгердің шығармашылық жолына терең талдау жасады.

Бұдан соң сахнаға көтерілген белгілі театр сыншысы Әшірбек Сығай мерейтой иесінің адамгершілік қырына кеңінен тоқталды. Мерейтой иесінің өзі салтанатты кешті қорыта келе, Жамбыл жұртшылығына, облыс басшысына шынайы құрметтері үшін алғыс сезімін жеткізді. Бұдан соң ұлттық киім киінген ару қыздар шоғыры мерейтой иесіне гүл шоқтарын ұсынып, ілтипат танытты. Кеш соңынан жиналған қауым назарына жазушы драмасы бойынша сахналанған «Жақсы кісі» қойылымы ұсынылды.

Серік ЕЛЕМЕСҰЛЫ

* * *

Әкім ТАРАЗИ: «…Өзіме-өзім әлі жас сияқты көрінемін. 80-ге келдің деп жатыр ғой. Жас кезімізде ойлаушы едік, «80-де адам қаусаған шал болады» деп. Қазір ойласам, қаусап тұрған шал емеспін. Жүгіремін, билеп те кетемін… өлең де айтып кететінім бар. Жиналыста біреумен керісіп қалатыным бар. Соған қарағанда мен әлі жаспын. 80-ге келдім дегенге мен өзім сенбеймін. 80-ге келген адам «жаза алмай қалдым, әлсіздік жеңді» дейді ғой. Менде ондай жоқ. Қазір техниканың тілін меңгеріп, жұмысым біраз жеңілдеп, жақсы болып қалды. Бұл да Алланың адамзатқа берген жақсылығы ғой, ғаламторды да жай-жайлап меңгеріп, заманнан қалып қоймауға ұмтылып жатырмыз. «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек» деп айтқанда Абай небәрі 42 жаста екен ғой, жарықтық. Менде ол сезім әлі жоқ. Қарттықтан құтылмаймыз, түбінде бір келерміз, оған асықпау керек…»

* * *

Таразидың Тараздағы тойы

Өткен аптада әйгілі Тараз топырағында дүбірлі той болып өтті. Бұл қоғам қайраткері, мемлекеттік сыйлықтың иегері, жазушы-драматург Әкім Таразидың 80 жасқа толуына орай ұйымдастырылған мерейлі той.
Болмысы ерен, бітімі бөлек жазушыны туған елі алақанға салды. Облыс әкімінің арнайы тапсырмасымен ұйымдастырылған түрлі шаралармен қоса, жазушының құрметіне арналған дәстүрлі ат спорты ойындары да өтті. Атшабар төсін шаңдата қаншырдай қатып жараған тәует бас, от тұяқты тұлпарлар жүйткіді. Ат спортындағы қағидаларды бұлжытпай орындайтын, атты шебер басқаратын шабандоздардың нағыз додасы болды. «Көкпар» тартудың көкесін көрсеткен Жамбыл ауданының командасы жүлдегер атанып, бәйгеге тігілген бір миллион теңгені қанжығаларына байлады. Ат құлағында ойнайтын азаматтарды мерейтой иесі Әкім Тарази арнайы құттықтап, Бас жүлдені табыс етті.
Екінші орынды кезінде Әкім Таразидың сценариі бойынша түсірілген «Қараш-қараш оқиғасы» филімінің режиссері Болат Шәмшиев үшінші орынды Әкім Таразидың шәкірті, жазушы Жамалдин табыстады.
Ал жігіттің атқа мықтылығы, ат үстіндегі самдағай әрекеті, денесін игеріп, билеп алған ептілігі сынға түсетін «Теңге ілу» ойынында шеберлік танытқан Жамбыл ауданынан келген Ақылбек Қымызбаев топ жарды. Байзақтық Есжан Құрманбай мен жуалылық Жасұлан Дүйсенғали де ерекше ойындарымен көзге түсіп, тиісінше жүлделі екінші, үшінші орындарды иеленді.
Делебесі қозып, демдерін ішіне бүккен көрермендер үшін ептілікті де, күштілікті де, төзімділік пен батылдықты да талап ететін ұлттық спорттың бір түрі «Аударыспақ» ойыны да өтті. Ат үстіндегі айқасты жақсы меңгерген, тиянақты дайындығы бар, аты белді, жарамды, өзі мықты, атқа отырысы мығым байзақтық Данияр Смайлов бірінші болды.

 Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ, Тараз

Суретті түсірген Алтынбек Қартабай

Сайтымыздың жаңа мақалаларына жазылыңыз

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

2 комментария

  1. арман :

    жақсы жазылған барлық тақырып

  2. Keflex Products Levitra 10mg Forum Levitra 20mg Generique cialis Kamagra En Ligne Bordeaux

Пікір жазу

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

*


2 + = 11