Қазақ кинотанушылары, қайдасың?..

Қазақ киносының жағдайын жақсарту мәселесін қозғасақ болды, «қой көрмеген қуалап жүріп өлтіредінің» кебін киіп, бірінші кезекте кинорежиссерлерімізді тулақ қыла бастаймыз. Желсіз күні қауіп шақырмасақ та, қазақ киносының өсіп-өркендеуі кинотанушылардың бүгінгі болмысына байланысты болатынын ескере бермейміз. Әркезде де айтар ойы, көтерер жүгі ауыр болатын киносыншылардың бүгінгі жағдайы қай деңгейде? Кинотанушылар не істеп жүр? Жалпы, киносыншылардың мәдени қоғамымыздағы алған орны қандай? Ендеше мәдени аужайымызды реттейтін өнер сыншыларының ішіндегі кинотанушылардың ықтасынына қарай ойысайық…
Рас, осындай жалынан сипатпас аласүрең шақта түсіріліп жатқан киноларымыз да аласүреңдеу кейіп танытуда. Ал сондай фильмдеріміздің кем-кетігін түзеп, жыртығына жамау болуға тиіс кинотанушыларымыздың пұшайман халін көріп, жасып қалатын кездеріміз де болатыны жасырын емес. Тіпті бүгінгі кинотанушылардың халі жайлы ойлап кетсең, ішіңе найзағай түсіп кеткендей күй кешесің.
4444Қара сөздің қадірі кеткен заманда, құдайға шүкір, Бауыржан Нөгербек, Раушан Ғазизқызы, Назира Мұқышева, Гүлнәр Әбікеева, Олег Борецкий, Дәрежан Өмірбаев, Гүлжан Құрманғалиева сияқты, өз пікірлерін тамтұмдап болса да, білдіріп жүрген саусақтың санына толмайтын кинотанушыларымыз жоқ емес. Алайда, бұл мамандар кезінде «асарын асап, жасарын жасап» алғандықтан және бүгінгі күні тек жас мамандарды тәрбиелеу жұмыстарымен айналысып жүргендіктен журналистер қауымы сұхбат алу үшін арнайылап бармаса, «сен тимесең, мен тимен, бадырақ көздің» кебін киіп алғалы қай заман?! Жоғарыда аталған кинотанушылармыздың біразы Ресей жеріндегі ВГИК оқу орнының түлектері болғандықтан еліміздегі жас киносыншыларды даярлау жағдайы қалай деген сұрақ туындайды. Тиісінше, бүгінгі киноның табиғатын танитын қазақ жеріндегі жастарымызды, яғни жас кинотанушыларды тәрбиелеу бұрыннан жолға қойылған. Жылына оншақты студентті қанат қақтыратынын ескерсек, ендігі кем дегенде 100 кинотанушы шығатын уақыт болды. Алайда, әлі күнге дейін көзге көрініп жүрген бір жас кинотанушыны таппайсыз. Көпшілігі оқуын тәмамдаған соң телеарналардағы немесе «Қазақфильмдегі» ассистенттік жұмыстарды жағалап кете барады. Екінші мамандық ретінде редакторлық мамандықты қоса алғанымен, біразының газет-журналдарда жұмыс жасауға шамалары келе бермейді. Байқауымызша, қазіргі оқып жүрген жас кинотанушылардың да ең момыны «көпірдің астында жатып ат үркітеді». Бірақ кино жайында рецензия жазып, қазақ кино өнеріне кішкене болса да өзіндік үлесімді қосайын деген жас маманды кездестіру қиынның қиыны. Олардың өз бетімен талпынып, тыңнан сүрлеу салуға құлықсыз болуы таңқалдырады. Ендігі кино ауылының көрпесін ұзартып, көсегесін көгертетін солар екенін қашан ұғынатынын кім білсін…
Білетіндер бүгінгі қазақ киносы қайта өрлеу кезеңін – «ренессанс» дәуірін басынан кешіп жүр дейді. Алайда, осы пікірді құры айтқанымен, жан-жақты сараптап жатқан бірі жоқ. Мұндай қуанышты хабарды жариялап жатқан кинотанушылар да кем де кем. Ал бұл жағдайлардың бәрі біздің кинотанушыларымыздың «мықтылығының» әсерінен болып отыр емес пе? Осы «мықтылықты» пайдасына асырып жүрген мамандардың бірден-бірі – театр сыншылары мен кинотанушылардың жұмысын істеп жүрген – журналистер. «Өлі арыстаннан тірі тышқан артық» дегендей, жоқтан жоғары болса да, өз ойларын газет беттеріне түсіріп жүрген журналистерді кінәлаудан аулақпыз. Оларды түсінуге болады. Себебі, бір жаңа кинофильм жарыққа шыққанда, ол туралы мақаланың жарыққа шыққаны жақсы-ақ. Ал ол турасында киносыншылар енжарлық пен немкеттілік танытып тұрған соң, өздері жазуына тура келеді. Одан бөлек, тіпті кез-келген адам қазақ киносы жайында ойындағысын жайып салуға даяр тұрады. Егер кинотанушыларымыз бүгінгі қазақ киносы жайлы озық ойлар, дәлелді пікірлер, өзекті мәселелерді дер кезінде жазып, мықты мақалалар жарияласа, кез-келген адам өз пікірін таңуға именетін еді. Өнерге қатысы жоқ саладағы адамдардың түрлі пікірлерін білдіріп жатқанын көргенде кинотанушыдан оңай мамандық жоқ сияқты болып көрінеді де тұрады. Қазақ киносының аяғына тұсау, қолына шылбыр болған әртүрлі кедергілерді әртүрлі салалардың мамандарынан естігенше, кинотанушылардың аузынан біржақты нақтысын естісек «құда да, құдағи да тыныш» болар еді. Өйткені бұл саланың төрешілері де, әділқазылары да – солар.
Қалай десек те, кинотанушыларымыз өткені – сұраусыз, келешегі – күңгірт күндерді бастан өткеріп жүргені даусыз. Егерде кинотанушыларымыз «оянбаса», олардың бір-екі ауыз «комменттері» журналистердің «кәсіби» рецензияларына тұздық болып қала бермек. Сондықтан да, тасқа тамған тамшы күндердің күнінде сол тасты жарып шығатыны секілді, осы айтылған пікірлеріміз әйтеуір бір күні өз шешімін табады деп сенеміз. Тек сыншылардың «арқасында» өнерге деген өлшем аласармаса болғаны.

Айдана АЛАМАН

«Ақжүніс-Астана» журналы

Сайтымыздың жаңа мақалаларына жазылыңыз

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

1 599 комментариев