Балтабай Ғаниұлы: Ұлы ақын нәр алған мөлдір бұлақ

Абай Құнанбаев

Абай Құнанбаев

Халқымыздың рухани кемеңгері, көркем жазба әдебиетіміздің негізін салушы Абай – өз елінің әдеби мұрасынан бастау алып, әлемдік мәдени ортамен үндестік табуының арқасында қазақ әдебиетіндегі жаңа дәуірдің кемел биігіне, әлем әдебиетінің дара тұлғасына айналды. Оның осы деңгейге көтерілуі – туған ортасы мен ұлтының рухани байлығын бойына сіңіріп, халық поэзиясының тамыры терең туындыларын тұтас танып білудің нәтижесі. Болашақ ақынның таным мен білімі және пайым-парасатының қалыптасуында ата-тегінің, ұшқан ұяда алған тәлім-тәрбиесінің мәні ерекше.
Өз халқының әдет-ғұрпы, салт-санасы, жоралғы-кәдесін бойына сіңіруіне ең алғаш жол ашқан анасы – Ұлжан мен әжесі Зере деседі. Абайдың ұлы анасы Зере аса ақылды, әңгімешіл, балаға мейірімді, ағайынға қамқор, елге сыйлы жан екен. Ал әкесі Құнанбай «қарадан хан болған» өз заманының азулы билеушісі, діни ұғым-түсініктердің қорғаушысы, ірі мінезді адам болыпты. Дегенмен, ол өз дәуірінде ақылды да көреген, батыл да батыр адамдардың бірі еді. Ел аузындағы аңызда бұл кісінің діндарлығы мен ел билеу жөніндегі мықтылығы, алысты болжағыш ақылдылығы және мінезінің суықтығы, сонымен бірге мырзалығы жайлы да көп айтылады. «Құнанбай қыр еліне әйгілі адам. Қарапайым қазақтың баласы, жаратылысынан ақыл дарыған, зерек, қара сөзге шешен, ойлы халықтың қамын ойлайтын, қыр елінің әдет-ғұрпы және шариғат жолына жүйрік» деп жазады А.Янушкевич. Белгілі сөз зергері М.Әуезовтың пікірінше ол «ақыл мен сөзге, келелі кеңеске көп елді тоқтатып, билік байлауға келгенде өзі тұрғылас ел басшыларының алдыңғы қатарында болған… Құнанбайдың кім болғанын білмесек, Абайдың кім болғанын білу қиын». Алайда заман айтулы суреткерді де осы сөзден тайдырған. «Абай жолы» романында амалсыз Құнанбайдың бейнесіне кеңес дәуірінің идеологиялық жүгін арқалатқаны мәлім.
Ал, шындығында Абай әкесіне зор құрметпен қараған. Оны баласы Әбдірахман өлгенде жазған мына өлеңінен байқауға болады:
«Арғы атасы қажы еді,
Бейіштен татқай шәрбәтты,
Жарықтықтың өнері,
Айтуға тілді тербетті.
Адалдық, ақыл жасынан,
Қозғапты, тыныштық бермепті,
Мал түгіл жанға мырза еді,
Әр қиынға сермепті.
Мұңды, шерлі, жоқ-жітік
Аңсап алдын кернепті.
Бәрінің көңілін тындырып,
Біреуін ала көрмепті.
Әділ, мырза, ел болып
Әлемге жайған өрнекті.
Тәубесін еске түсіріп,
Тентекті тиып, жерлепті…» деп, әкесінің өнегелі істерін еске ала отырып:
«…Қажыны алған бұл өлім
Сабырлық қылсақ керек-ті» деп жұбату айтады.
Міне, біз бұдан Абайдың шыққан ортасы оның ақын, азамат ретінде кемелденуіне белгілі дәрежеде әсер еткен деп түсінеміз. Өйткені, ең асыл игі қасиеттер адам бойына әкенің қаны, ананың сүтімен дарыса керек-ті.
Кезінде Абай поэзиясының орыс әдебиетімен байланысы кеңірек ашылғанымен ұлттық әдебиеттен нәр алған арнасы, халық поэзиясымен байланысы өз дәрежесінде айтылмады. Осы орайда оны еуропа әдебиетінің озық үлгілерінен бөліп алудың жөні келе қоймас. Дегенмен, ақынның әдеби көзқарасының сөз асылын пір тұтқан халықтың ұлттық эстетикалық ұғымынан бастау алатынын жоққа шығаруға болмайды. Бұл тұрғыда Абай өзінен бұрынғы халық поэзиясының өкілдерінен нені үлгі етті, оларды көркемдік жағынан қалай түрлендіріп дамытты, ал кейінгілерге қандай жол көрсетіп, бағыт-бағдар берді деген мәселені анықтағанымыз жөн.
Рас, кешегі кезеңде Абайды өзіне дейінгі қазақ поэзиясын жоққа шығарушы деп түсініп, оның Бұқар, Дулат, Шортанбай туралы ойларын біржақты бағалап келдік. Тіпті, «…бірі жамау, бірі құрау» деген жолдарды «…бәрі жамау, бәрі құрау» деп те оқыдық. Абай оларды сынағанда сөз қолданудағы артық кетіп, кем соғып жатқан тұстарын ғана тілге тиек етті. Оның қазақтың шешендік өнерінен және Бұқар, Дулат, Шортанбай секілді ақындар өнегесінен тыс қалуы мүмкін емес, қайта Абай олардың бәрін жақсы білді, өлеңдерін жанына азық етті.
Енді шығыс әдебиетінің әсері жайында айтсақ, кезінде оны шығыс классикасынан бөліп алу ниеті болғаны да анық. Оның шығыс әдебиетін көп оқығандығын, әсіресе, араб-парсы тілдерін еркін меңгергендігін және сол тілде жазылған діни кітаптармен жақын таныс болғандығын хәкім шығармаларынан айқын аңғарамыз.
Келесі бір мәселе – Абайдың әлеуметтік-саяси көзқарасын түсінуіміз жөнінде. Өткен дәуірде оны кеңес идеологиясына жақындатуға, ақын көзқарасының қайшылықты тұстарын жұмсартып айтуға бейім болып, оны «панисламизм», «пантюркизм» идеясына қарсы күресуші етіп келдік. Абай дін догмасына бой ұрмады, мұсылман халықтың ынтымағына бейіл болды. Оның дінге, құдайға сенуі – соқыр сенім емес, шындықты һәм құдай жолын оймен тану, шариғат қағидаларынан адалдық пен имандылық іздеуге құрылған.
«Алланың өзі де рас, сөзі де рас,
Рас сөз ешуақытта жалған болмас.
Көп кітап келді Алладан, оның төрті,
Алланы танытуға сөзі айрылмас…»
Тағдыры күрделі ақынның өмір сүрген заманының қайшылықтарын, «соқтықпалы, соқпақсыз жерде өсіп, мыңмен жалғыз алысқан адам» екенін сезініп, жан сырына үңіле отырып:
«…Түзу кел, қисық-қыңыр қырын келмей,
Сырын танып іс бітпес ішін көрмей…» деп өзі айтқандай, шағын мақалада ұлт мақтанышына айналған Абайдың шығармашылығы нәр алған салалардың бір-бірімен тамырластығы, сарындас бірлігі жайлы азырақ сөз еттік. Біз Абайды әр салада зерттеп, ғылыми тұжырым жасауды әдебиетшілердің еншісіне қалдырып, оқырман ретінде қал-қадерімізше ақын туралы түйген ой-пікірімізді бөлісуді мақсат тұттық.

Балтабай ҒАНИҰЛЫ

«Ақжүніс-Астана» журналы

Сайтымыздың жаңа мақалаларына жазылыңыз

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

3 комментария

  1. Абай атаның маған ұнайтын өлеңі «ҒЫЛЫМ ТАППАЙ МАҚТАНБА»

  2. Cәуле тәте, бұл жұрналды Астанадан қайдан сатып алуға болады. қызылордада жүргенде бір санын оқығам. кейін Астанаға келіп таппай жүрмін

  3. Viagra Pillola Rossa Can You Buy Cialis Online cialis Free Shipping Legally Zentel Discount Cheap Compro Viagra Senza Ricetta

Пікір жазу

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

*


+ 8 = 11