Жалғызбасты әкелер

imagesЖуырда ғана жаңа форматқа көшкен «Мүмкін емес» телебағдарламасы сарапшы ретінде студия-ға шақырды. Ендігі жерде «Бәрі де мүмкін» деген жаңа атауға ие болған бағдарлама жалғызбасты еркектердің жайы туралы әңгіме таластыруды дұрыс санаған екен. «Еліміздегі жалғызбасты еркектерге мемлекет тарапынан әлеуметтік көмектер керек пе, жәрдемақы берілуі қажет пе, кезексіз баспана берген жөн бе?..» деген сықылды сауалдар төңірегінде жақ-жақ болып сөз таластырдық.
Студияға басты кейіпкер ретінде оңтүстік өңірден балаларын жетектеп келген жалғызбасты әке – бірінші топтағы мүгедек болып шықты. Алдымен Алға дейтін азаматтың өмірі жайлы сюжет көрсетілді. Әйелі осыдан төрт жылын бұрын төрт бірдей тағдырдың – ері мен үш баласының басынан аттап кетіп қалыпты. Алдын-ала көрсетілген сюжетте де, студияда отырғанда да жарының неге кетіп қалғаны жайлы жалғызбасты әке ашып ештеңе айта алмады. «Мен оны тоқтатпақ болып, сабасына түсіремін деп талай сөйлесіп көрдім, жалындым да, ұрыстым да, балаларды да алға тарттым…» дегеннен әрі аспады. Ал балалары Алладан жалбарынып алғандай – сүп-сүйкімді, ақылды, зерек екені байқалады. Бір қарағанда бүкіл елге сырын шашып отырған жігіт те ақымақ емес, намысы бар сияқты. Әйтеуір бір есебі ішінде.
Бәрінен де «жалғызбасты еркектерге үкімет үлкен көмек көрсетсін, мемлекет жәрдемақы берсін, әкімшіліктер баспаналы етсін» дейтін топқа жеңіл болды. Ол топ кейіпкерге де ұнады. Сөзін сөйлеп отырғанды кім жек көрсін?! Алайда, алағай да бұлағай замандарда да намысын бермеген, көз жасын көрсетпеген, жыртығын жамаған, арығын білдірмеген азаматтардың күндердің күнінде бала жетектеп, көк теледидардан көпке қолын жаятын күнін көреміз деп кім ойлапты?!.
Студияда отырған заңгер жігіт бүгінгі таңда елімізде 68 мыңнан астам жалғызбасты әке бар екендігін және оларға қандай көмек берілетіндігін алға тартты. Алайда, ешқашан мұндай көрсеткіштерге сенуге болмас. Еш уақытта дәл статистика жасау мүмкін емес. Статистикалар халықтың белгілі бір тобына ғана жасалады және бұл өте қымбат процесс. Сондықтан жеме-жемге келгенде әлі күнге дейін балаға, дүниеге таласып, соттасып, боқтасып бітпегендер жетіп артылады. Қағаз жүзінде некеде болса-дағы, бірін бірі көрмегеніне, ат құйрығын үзіскеніне жылдар өткен жұптар жетіп артылады.
Студияға келген сарапшылар арасында жалғызбасты әкелерге көмек берілуі керек деген көзқарастар басым түсіп жатса-дағы, «ойбай-ау, бұл жігіттің ағайындары қайда, көмектесер кімі бар?..» деп байбалам салғандар да болды. «Жігіт емессің бе, қия тартып жүрген келіншегіңнің шаңын неге қағып алмайсың, әйелді еркелетіп отырып та уыстан шығармау керек қой…» деген кісілер де табылды. Психологтар басты кейіпкердің жанын жараламауға да тырысып, әйелін де студияға шақыру керек еді деген уәжден аспады. Өйткені, ол қанша дегенмен психолог қой – дүйім жұрттың алдында қате сөйлегісі келмейді.
«Басы ауырмағанның балтыры сыздағанмен шаруасы жоқ» дегенді білеміз-ау. Бірақ, о заман да бұ заман, еркектің мүсәпір күйге түсіп, көптің алдында шарасыз күй кешкенін қабылдау қиын еді. Егер елімізде бүгінгі таңда 68 мыңнан астам жалғызбасты әке болса, жалғызбасты аналарлың санына кім жеткен? Бұл жерде ресми статистика тағы да керек емес. Қазіргі таңда жылына неке құрғандардың 30 пайызына дейін ажырасып, оң жақта отырып сәбилі болу сөкет көрінбейтін болған заманда миллионға тарта жалғызбасты ана бар деп айтсақ жағымыз жаңыла қоймас. Солардың ішінен ара-тұра сағы сынғандары БАҚ құралдары арқылы көптің көмегіне жүгініп, мемлекеттен қолдау сұрап жатады. Бірақ, студияға балаларын шұбыртып әкелген әйел дәл менің есімде жоқ…
Бұ қазақтың басына не келіп, не кетпеген?! Замананың қай тұсында біздің ұлт төртқұбыласы түгел күй кешіпті? Жақсы күндерді алдан күтіп жүрген елміз. Бірақ, халықты қынадай қырған ашаршылық жылдарында да, миллиондаған адамның басын жалмаған соғыс кезеңінде де ел ерлерге қарады. Қайран біздің арды ойлаған шешелер қамыққанын да сағы сынбасын деп ұл-қызына көрсетпеді. Одан соң да аумалы-төкпелі жылдар келіп, өліра мезгілде балапан басымен, тұрымтай тұсымен кеткен шақта, КСРО тарап, тәуелсіздік алар тұста да ел қатты қиналды. Мықты мамандардың өзі қысқарып, жас кадрлар тентіреп қалғанда әйелдер аладорба арқалап жүріп, бала-шағасын асырады. Ерлері есеңгіреп қалған жылдары жарларына жігер берді. Шындап келгенде, бұл да некелердің адалдығын сынайтын Алланың үлкен сынағы болатын. Бірін бірі сүйетіндерді қиындық одан да қабыстырып, бала-шаға айналасында табыстырса, күйрейін деп тұрған шаңырақтарды ауыртпалықтар қирата салды. Күйеуің сені сүйе ме, әйелің сені бағалай ма, білгің келсе – жұмыссыз, ақшасыз қалып көр.
Әй бірақ, ер-азаматтардың алақан жайып ел алдына жылап шыққанын ұғыну қиын. Жүз жерден адамгершілігің тасып тұрса да, ел аман, жұрт тынышта жылап жүрген еркектерді түсіну үшін сол адамның тағдырын кешу керек болар…
Беті әрмен, бірақ, студияға балаларымен келген мүгедекпін деген жігітке қарап түрлі ой кешкеніміз рас. Айтқандай, түсірілімге тұздық болсын дегені шығар, бір кезде студияға жазушы Шаяхмет Құсайынов шақырылды. Ол да бір кезде жарынан айырылып, балаларын құшақтап қалған. Бір дерттің кесірінен төсекке таңылып жатудың не екенін біледі. Өстіп жүріп те балаларын жетілдіріп, жиырма кітаптың авторы атанған. Алға дейтін азаматқа қай жағынан болса да ақыл айтар жөні бар.
Студиядағы айтыс-тартыстың бірін естіп, бірін естімей отырып, Немат Келімбетовтің ғибратты ғұмыры ойға түсті. Өмірі кейінгілерге өнеге боларлық тағдырлы тұлғалар туралы сөз таусылмақ емес. Төзімділік пен еңбекқорлықты жалау етіп, адалдық пен шыншылдықты шығармашылық ізденістеріне арқау еткен қазақтың қабырғалы қаламгері, әдебиеттанушы ғалым, қайраткер тұлға Немат Келімбетов те төсекке таңылып жатып өмірмен күрескен жоқ па еді?! Оның тағдырымен танысып, қиындықпен күресуді үйрену үшін жазушының «Үміт үзгім келмейді» деген бір ғана кітабын оқып шықсаңыз, жеткілікті. Ғажайып тағдыр иесі ұлдарына «тән мүгедектігі бір бөлек, ең бастысы – жан мүгедек болмау керектігін» ұғындырып, өршіл, намысшыл ұрпақ өсірді, төсекте жатып кітаптарын жазды, тамаша аудармалар жасады. Отбасын асырады.
Міне, біздің елдің ер-азаматтары осындай болуы керек еді…

Айнаш ЕСАЛИ

«Ақжүніс-Астана» журналы

Сайтымыздың жаңа мақалаларына жазылыңыз

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

1 пікір

  1. Еркектің аты еркек ! Жігіттер намыс қайда, намыс!

Пікір жазу

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

*


1 + 1 =

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <s> <strike> <strong>