Бақытқожа РҮСТЕМОВ: Жаратушы хақтың барына сенемін

666Бақытқожа Төлегенұлы Рүстемов 1952 жылы Өзбекстанда туған. Балалық шағы қасиетті Оңтүстіктің Мақтарал өңірінде өткен. Ташкенттің Суворов атындағы әскери мектебінде оқыған. Әскери қызметін Украинадағы авиация мектебінде және Ресейдегі Балашов атындағы Ұшқыштардың жоғары авиациялық мамандар училищесінде өтеген. Әскери-үрмелі аспаптар оркестрінде ойнаған, ол баритон дауысымен ән салғанда тыңдаушысын елең еткізбей қоймайтын. Мамандығы экономист болғанымен, Бақытқожа Рүстемов шығармашылыққа жаны жақын еді. Жастайынан фортепианода ойнайды, өлең жазады, бірнеше әндердің авторы. Журналист ретінде алғашқы еңбектері 1974-75 жылдардан бастап «Лениншіл жас», «Ленинская смена» газеттерінде жарық көрген. Әртүрлі жанрда қалам тербеген журналист қалалық, облыстық, республикалық, халықаралық газеттерде тілші болып жұмыс жасаған. Бақытқожа Рүстемов КСРО Журналистер одағының, кейіннен Қазақстан Журналистер одағының мүшесі болып қабылданады. Қазақ, орыс, өзбек және араб тілдерінде оқып, жазады.
Бақыт Рүстемов жазу өнеріне экономика саласынан келіп қосылса да, 30 жылдан бері ел тәуелсіздігі жолында өнімді еңбек етіп келе жатқан журналистердің бірі. Ол жиырмаға жуық кітаптың авторы. Жазушы өз шығармаларына ел тарихын, Қазақстан халқының бейбіт өмірін, саяси бағыт-бағдарын арқау етеді. Бақыт Рүстемов оқырман қауымға аудармашы ретінде де жақсы таныс. Ол әлем әдебиетінің көрнекті өкілдерінің еңбектерін қазақ және орыс тілдеріне аударған.

Бақытқожа Төлегенұлымен Астанада жолығудың сәті түскен еді…

555– Бақыт аға, сіздің өмірлік ұстанымыңыз қандай?
– Адалдықтың ауылынан алыстамау. «Жігітке жеті өнер аз» деген қағиданы берік ұстанамын.
– Демек, қолыңыздан көп нәрсе келеді деген сөз ғой…
– Қолымнан келетін нәрсенің бәрін тізсем, мақтанғандай болармын. Әйтеуір, ес білгелі еңбек майданына араласып келемін. Оқу да оқыдым, жұмыс та істедім. Ата-анам 12 бала өсіріп тәрбиеледі. Үйдің үлкені болғандықтан бала кезімнен ата-анама жәрдем беріп, өзімнен кейінгілерге қамқор болып, оларды жетектедім. Бала жастан еңбекке араластым. 1969 жылы Мақтаралдың мақтасын теруден басталған еңбек жолым ҚР Президенті әкімшілігінің аппаратында жауапты қызметтер атқаруға дейін жеткізді.
– Алайда, ол қызметтен шығып қалыпсыз. Қазір жұмыссыз көрінесіз. Президент әкімшілігінде жауапты қызметте істеп жүріп қалайша «кеменің сыртында» қалып қойдыңыз?
– 2008 жылы әлемдік экономикалық дағдарысқа байланысты бүкіл елде орасан зор қысқарту үдерісі жүрді. Президент аппаратында қызмет ететіндер саны 50 пайызға дейін қысқарды. Мен де солардың қатарында жұмыссыз қалдым. Ең өкініштісі, зейнетке шығуға небәрі 4-5 жыл қалған еді… Орыстар айтпақшы, «не болса да – жақсылыққа». Өз тіршілігімді өзім жасап, шағын дүкен ашып, соны ермек етіп жүрген жайым бар. Ешқандай өкпем де, шағымым да жоқ.
333– Астанаға көш басын бұрған алғашқы лекпен бірге сіз де сонау 1997 жылы келіпсіз. Сол кезде көңіліңізде күдік болды ма?
– Керісінше, жүрегімде бір серпін пайда болды. Егемен Қазақстанымыздың бас қаласы, Ақмоланың Астанаға ауыстырылуы тек мемлекетімізге ғана емес, сонымен бірге осы ұлы іске қатысқан әрбір азаматқа шабыт, күш пен рух беріп, бір көтеріп тастады. Астана – ел ынтымағының ордасы. Бүгінгі еліміздің жеткен жетістіктеріне бүкіл әлем таңдануда. Елімізді әлі де көптеген ұлы істер күтіп тұр. Әр дәуірдің, әр ұрпақтың өз міндеттері бар. Американ теологы Джеймс Кларктың: «Саясаткер кезекті келер сайлауын ойласа, ел азаматы – келешек ұрпақтың болашағын ойлайды» деген сөзі бар. Астана – болашақты ойлаған ел азаматының нық шешімі. Бұл туралы «Елімнің алтын шаңырағы» деген кітап та жаздым.
– Сіз кітапты қандай мақсатта жазасыз?
– Француз ағартушысы Ш.Монтескьенің бір сөзі бар: «Кітапты тек әншейін оқу үшін емес, ой тастау үшін жазу керек» дейді. Ал А.Герцен айтады: «Адамзаттың барлық ғұмыры кітапта орын тапқан: тайпалар, адамдар, мемлекеттер өмірден озса да, кітаптар – мәңгілік» дейді. Менің кітап жазғандағы басты мақсатым – оқырманға аз да болса ой салу, қоғамның қазіргі заманғы дін туралы, адамзаттың мызғымас құндылықтары мен салт-дәстүрлері туралы фактілермен құлақтандыру. Ұйықтап жатқан адамды ояту. Ал ұйықтап жатпағанның өмірге, рухани бастауларға қызығушылығын ояту. Менің барлық кітаптарым Тәуелсіз Қазақстан туралы. Бұл еңбектер отансүйгіштікпен, үлкен ынтамен жазылған. Егер менің кішкентай кітабымнан оқырман өзіне керекті бір жаңалық пен пайдалы дүние тапса, мен қуаныштымын және бақыттымын.
222– «Әлемдік әдебиеттің игілігі» атты кітабыңызды неліктен тек АҚШ классиктеріне арнадыңыз?
– Бұл кітапты библиографиялық мақалалар жинағы деуге болады. Кітапта Америка Құрама Штаттарының аттары әлемге танымал болған жазушылары мен ойшылдары, олардың өздері мен еңбектері туралы қысқаша әңгімеленеді. Мұндай күрделі әрі ірі еңбек қазақ даласында тұңғыш рет жарық көріп отыр. Бұл кітапты жазғандағы мақсатым – қазақ оқырмандарын әлем әдебиетінен айрықша орын алған АҚШ жазушыларымен таныстырғым келді. Егемен еліміз әлемге танымал болу үшін, өзін әлемдік деңгейге шығару үшін әлем мәдениетін жақсы білуі қажет. Жалпы мәдениет көптеген салалардан тұрады. Соның ішінде білімділік пен талғампаздықты, адамның ой-өрісін кеңейтетін, жер бетіндегі өмірдің мыңдаған қыр-сырын суреттейтін – әдебиет саласы. Америка әлемде әдебиеті едәуір мықты дамыған ел. Сондықтан әлемдік деңгейде мойындалған әдебиетпен қазақ оқырмандарын таныстыруды көздедім.
– «Бақыт Рүстемов әйгілі Дарвин теориясын сынай отырып, ресми баспасөз беттерінде осыдан 23 жыл бұрын батыл және ашық сөз сөйлеген алғашқы қазақ» дейді. Бұл сіздің діндар екеніңізді білдіре ме?
– Діндармын деп айта алмаймын, бірақ жаратушы хақтың барына сенемін. Дінді біраз зерттедім. Кейде «біз туралы, біздің бүгінгі тірлігіміз туралы Адам Атамыз мен Хауа Анамыз не айтар еді?» деп ойлаймын. Қандай баға берер еді? Олардың көптеген сұрақтарына жауап бере алмай, көзімізбен жер шұқып, қызарып, ұяттан өртенетін шығармыз деп ойлаймын. Адам өз кінәсі мен кемшілігін әркезде де біледі, бірақ мойындауға пасық көкірегі жар бермейді. Адамзаттың кінәсі мен күнәсі өте көп, кез-келген адам өз кінәсін сезеді. Түзелеміз десек, әлі де кеш емес шығар? Біз қандайда бір апокалипсиске тап болмау үшін осы бастан ойланып, дұрыс қорытынды жасауымыз керек шығар? Алла тағала бізге жан мен сананы бекер берген жоқ. Сондықтан жарқын болашақ жайлы армандай отырып, өмірден жақсы боп өту керектігін осы өмірдің өзі бізге міндеттейді.
111– Былтыр жарық көрген жатпланеталықтар туралы «UFO немесе адамға бағынбайтын әлем» атты екі томдық кітабыңыз да осындай философиялық ойларыңыздың жемісі ме?
– Көптеген жылдар бойы осы бір оңайға соқпайтын тақырып бойынша сансыз зерттеулер мен ізденістерде болдым. Адам санасына мыңда-ған жылдар бойы сыймай келген тылсым күш мені мектеп жасымнан қызықтырды. Кеңес кезінде бұл тақырып ресми түрде талқыланбайтын. Беймәлім ұшатын объекті (БҰО) – науқас адамдардың ойлап тапқаны, сандырағы деп есептелді. Шет елдерде бұл мәселе «жабулы қазан» сияқты болды. Кіші-гірім жарыққа шыққан дүниелер қолдан-қолға жасырын түрде өтетін. БҰО туралы таным-деректерді анда-санда тек шетелдердегі кейбір баспасөзден кездестіруге болатын. Мен соның бәрін тірнектеп жинап, іздендім, зерттедім. БҰО көрген кісілермен кездесіп, сұхбаттастым. Өзім де көрдім… Кеңес одағында құпия түрде БҰО зерттелді, жан-жақты мәліметтер жиналды, мұны екінің бірі біле бермейді. Бүгінгі таңда ғарышта осындай белгісіз таңғажайыптардың барына ешкім күмән келтірмейді. Қазір оны ғылым ғана емес, саясаткерлер мен дін әлемі де мойындап отыр.
– Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы қарсаңында «Тәуелсіздік және халықаралық публицистика» атты көрмеңіз өткен еді. Жалпы, халықаралық публицистиканың біздің елде маңызы қандай?
– Иә, ол көрме менің өмірімдегі тарихи маңызы бар оқиғалардың бірі болды десем, артық айтпаймын. Көрмеге өз өмір тарихымнан ғана емес, сонымен қатар тәуелсіз еліміздің тарихынан сыр шертетін фото-шежіре, өзге елдерден жинастырған жәдігерлер мен күні бүгінге дейін жарық көрген кітаптарым қойылды. Жұрт жылы қабылдады, ерек-ше қызығушылықпен тамашалады. Мен көп елге бардым. Олардың тілі мен мәдениеті, дәстүрімен таныстым. Өзімізбен салыстырдым. Қазақ құндылығына жетер ел жоқ.
Көрмені «Тәуелсіздік және халықаралық публицистика» деп атауымның өзіндік себебі бар. Халықаралық публицистика – тәуелсіздік алғаннан кейін ғана біздің қоғамымызда пайда болған тың жанр. Оған дейін бізде шетелге емін-еркін шығып, өзге елдер туралы ашық ой-пікірін жаза алатын халықаралық журналистер болған жоқ. Тәуелсіздік таңы атысымен бізде халықаралық журналистер пайда болды. Қазіргі таңдағы қазақ журналистикасының өресі биік, деңгейі жоғары, әсіресе соңғы он жылдың ішінде қазақ журналистикасы деңгейінің едәуір өскендігін мақтаныш етемін. Әлемнің Қазақстанды танып, мойындауының өзі бірінші Елбасымыздың сарабдал саясатының арқасы болса, екінші халықаралық журналистиканың арқасы.
– Сіздің үйіңізді достарыңыз «халықаралық достық үйі» дейтін көрінеді…
– Иә, біздің үйді жақын жора-жолдастарым «Астанадағы халықаралық мәдени өмір орталықтарының бірі» дейді. Ал шетел елшілері «Бақыттың үйі – Әлем халықтары достығының үйі» деп әзіл-шыны аралас айтып жатады. Бұл үйден шетелдік меймандар үзілмейді. Куба, Венесуэла, Румыния, Вьетнам, Латвия, Жапония, Оңтүстік Корея, Иран, Болгария, Куба Елшілері мен Өкілдері, олардың зайыптары, Куба ғарышкері Армандо Тамайа Мендес, атақты Куба жазушысы Арнальдо Кристобаль, есімі әлемге әйгілі Ресейдің теле-радио журналисі Кипрас Мажейка, Голливуд жұлдызы Керри Тагава, Украинаның атақты ақыны Наталья Вареник т.б. көптеген көрнекті тұлғалар қонақта болды. 2011 жылы туған күніммен құттықтауға араб дүниесінің әр аумағынан: Палестина, Египет, Ирак, Ливан, Иордания Елшілері және басқалар келді. Арнайы шақырумен Сауд Арабиясы королінің қабылдауында болдым. Бұл мен үшін үлкен құрмет.
– Шет елдермен тығыз байланыста жұмыс істедіңіз. Әр елде кем дегенде бір-бір досыңыз, танысыңыз бар шығар… Айтыңызшы, қазақ жетімектерін шетелдіктерге асырап алуға бергеніміз жөн бе?
– Жоқ, мен бұған үзілді-кесілді қарсымын. Балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан қаракөз сәбилерді шетелдіктерге беруге тыйым салатын кез жетті. Біздің елімізде балалар үйінің (жетімдер үйінің) болуына біз кінәліміз. Бұл біздің қателігіміздің нәтижесі. Біз осы қателігімізді, кемшілігімізді түзетуіміз керек. Ол сәбилердің бәрі – өз балаларымыз. Шетел асқан әрбір нәресте үшін Құдай алдында біз жауап беретін боламыз. Егер ол балалардың өмірі бақытсыз болса, онда біздің күнәміз де еселенеді. Олар бізді, өз туған елін, жерін, Отанын ешқашан кешірмейтін болады.
– Сіз үшін бақыт деген не?
– Өз есімім Бақыт болған соң, бұл туралы көп ойланамын. Бақыт – кішкентай қуаныштардан құралмай ма? Ал ең үлкен бақыт – адамға қызмет ету. Азға қанағат ете білген адам ешқашан таршы-лық көрмейді. Азға – қанағат, барға – тәуба, жоққа – сабыр етіп өмір сүрген жанмын. Бақталастық пен көреалмаушылық, өтірік пен жалақорлықтан өзімді алшақ ұстап, адалдық пен әділдік басты бағытым болды. Бірнеше рет өмір мен өлімнің арасында болған сәттерімде адами принциптерімнен адаспадым. Үлкенді-кішілі қызметтерде жүрдім – елімнің қалтасына, халқымның несібесіне қол сұқпадым. Бұл ісіме замандастарым мен әріптестерім куә…

Сұхбаттасқан  Сәуле ӘБЕДИНОВА

«Ақжүніс-Астана» журналы

Сайтымыздың жаңа мақалаларына жазылыңыз

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

2 комментария

  1. сайран :

    бұлда жақыс жазылған

  2. Айзат :

    Курметти редакторлар жане окырман кауым! Келешек урпакка тарбиелик мани зор Зейнеп Ахметованын «Бабалар аманаты» окинишке орай шектеули тиражда сатылгандыктан, казирги танда китапка кол жеткизу киын-ак. Сондыктан сиздерден отиниш. Калай тапсырыс беруге болады осы китапка???

Пікір жазу

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

*


− 3 = 2