Нұрлан Сәдір: Шынымен, «бар жақсымыз балаларға» ма?!

000000 Осыдан бір жарым жыл бұрын жүрегіме жып-жылы тиген хабар алдым – әке болыппын! Егер осындай хабарды 3 жылдай бұрын алғанда бөпе мен кафенің ортасында қызара бөртіп шауып жүрер ме едім? Алайда Алланың жәрдемімен арақтан аулақтағанымда әке атанған мен үшін арам іздеп алақтамағаныммен, алаңдайтын жағдайлар жеткілікті болды. Жайлап шетінен бастайын…

Қазақта шешуші сәтте қайрат намысын қайраған жігіттер «менің шешем де «ұл таптым» деп қалжа жеген!..» демейтін бе еді? Ал менің ұлымның болашақта бұндай сөз айтуға құқығы шала-шарпы сияқты, және бұған кінәліні табу қиын. Менің әйелім ет жемеді емес жеді, алайда ол оқиға жеңілдегеніне жетідей уақыт өткеннен кейін, яғни әйелдер босанатын үйден шыққаннан кейін болды. Ал «қалжа» деп қалжырап жатқан анаға қуат беретін, буы бұрқыраған жас сорпаны дер кезінде – босанудың бірінші күндері берілуін айтпай ма? Іңгәләр үйінің маңына маңырайтыннан жасалған мәзірдің жолай алмайтынына санитарлық ережелер себепкер-мыс. Санитарлық-эпидемиологиялық ережелердің ауру-сырқаудың алдын алуға, бұл жерде де жас ананың ағзасына, әсіресе асқазан-ішек трактысына артық жүк, жұқпа түсірмеуге бағытталғаны айдан анық.

111111Дегенмен де, ғасырлар бойы шыңдалып, практикалық түрде тексерістен өткен халық даналығы (бұл жерде мен жас анаға жас сорпа беру дәстүрін айтып отырмын) мен бас аяғы бір ғасырдың ар жақ бер жағында қалыптасқан санитария ілімінің қайсысы өміршең? Киіз үйде баласын бағып-қағып өсірген, ыстық-суық, пәле-жала, індет-сырқатқа ұрындырмаған атам қазақтың да медицина ілімінен хабары бар шығар, хабары болмаса атпал азаматтарды қалай асырап-тәрбиелеп шығарады? Егер ұрпағының дені әлжуаз, дымкес, аурушаң болса осынау ұланқайыр жерді қалай сақтап қалды? Ақылға қона ма?

«Қонады. Басқа асы болмағасын жас ананың аузына ет-сорпасын тықпалай берген» деп тағы айта алмайсың. Әңгіме тек құнарлылығы, жеңілдігінде болса, басқа асты былай қойғанда айран, қаймақ, қымыз, ірімшіктің өзі басқа асқа құйрығын ұстатпайды. Гәп басқада сияқты. Жаңа сойылған малдың, әсіресе қойдың сорпасында адамның тәбетін, тонусын, көңіл-күйін көтеретін экстрактивті заттар деген болады. Және ешкім ананың ауызына табақтап сорпа төңкерейін деп жатқан жоқ. Мәселе – сынақтан өткен ананы сергітіп, жаңа бір деңгейге көтеру үшін оған символды болса да сорпадан ауыз тиетін мүмкіндік беру. Мен сөйлесіп көрген әйелдердің барлығы да босанғаннан кейін жас ет, сорпаны қатты аңсайтынын айтады. Бұл тегін нәрсе емес, ағзаның табиғи сұранысы, ананың алажағы.

06Анда-санда болмай тұрмайтын аурухана ішіндегі жұқпа (внутрибольничная инфекция) дегеннен үркіп қалғандардың мүмкін сүйікті мақалы – «Ауызы күйген үріп ішеді» шығар. Оларға айтарым – «Қорыққанға қос көрінеді». Көрсеткіштеріне көлеңке түсіріп алам ба дегендердің қазір сөзі жүріп тұрғанымен, күндердің күнінде бойы бусанған жас ананың буы бұрқыраған жас сорпаны рахаттана ұртап отырғанын көретініміз хақ. Оған шейін қалжаға жарымағандардың обалы – ережелерді елдің ерекшеліктерін елемей бұрқыратып бекіте бергендерге. Алпамыс-Қобыландылар махаббат, уыз , әлди, бесіктерден бастау алады. Қалжа – бұл тізімнің қақ төрінен орын алмағанымен, өз орыны бар дүние.

Хош, қалжаны біраз қаужаладық, енді бірер сәтке әңгімені анадан балаға ауыстырайық. Қашаннан бері екенін білмеймін, бізде «кіндік шеше» деген ұғым бар. «Кіндік шеше» деп нәрестенің кіндігін кесетін кісіні айтады да, бұл тұлғаны таңдауға үлкен мән, көңіл бөледі. Кіндік шеше баласы бар (көп баласы болса тіпті жақсы), төрт құбыласы мен ақыл-есі түгел, тәрбиелі, ел-жұртқа сыйлы адам болуы керек. Ал кіндік кесу деген орасан маңызы бар (ешқандай мысқылсыз) процеске ала-құла кісі қатысып кетсе оның қаралығы не шалалығы балаға жұғатындығына халқымыздың басым көпшілігі бек сенімде.

333Сонда «кіндік шеше» деген кім? Әйелдер босанатын үйдің дәлізінде шампан-шокалады бар пакетті шаранасы бар «конвертке» ауыстырушы біздің адам ба? Әлде ана мен шарананың арасындағы матери (мүмкін басқа да бір) байланысты қайшының қас-қағым қимылымен тәмам қылушы ма? Өкінішке орай, жоғарыда келтірілген тұжырымдамаға сүйенсек нағыз «кіндік шеше» –  шекесінен шертіп жүріп таңдап алған абзал адамымыз емес, көкірегі түгілі көзіне үңілуіміз неғайбыл кәдімгі акушерка. Акушеркаларды таңдаған кездегі негізгі талаптар: кәсіби медициналық білімі мен денінің саулығы екенін білеміз. Алайда, оның кәсібилігі кәміл, қол-аяғы балғадай болғанымен, руханияты инедей болса қайттік? «Өй, кіндігін кім кескенде тұрған не бар?» деп қол сілтейін десең, «халық айтса, қалт айтпайды» деген мақал сілтемек болған қолыңды тұсайды. Бұл жерде мен білетін үш түрлі жол бар: Бірінші – халық даналығына сенбеу немесе сенсең де «жұртпен бірдейміз ғой енді» деп ешнәрсені өзгертуге ниеттенбей, можантомпай отыра беру. Екінші – ел арасынан кіндік шешелікке өзіміз таңдап алған, медициналық тексерістен өткен кандидатымызға неше түрлі дезинфекциялық сақтық шараларынан өткеннен кейін кіндікті өз қолымен кесуге мүмкіндік беру. Үшінші – жұмыс жасап жүрген акушерлердің қатарынан кіндік кесуге лайық деген адамды таңдауға мүмкіндік беру. Бұл жерде акушелерді жұмысқа алған кезде кәсібилік, саулық сияқты талаптардан басқа, белгілі бір рухани талаптар қоюды ескеру керек болады.

07Келесі бір мәселе – бесік туралы. Обалы не керек, соңғы кезде бесік жайлы, оның көл-көсір пайдасы жайлы аз жазылып жүрген жоқ. «Ал жақсы» деп қарманғанда қолымызға ілінетіні – көбінесе қолдан-қолға өткен, көнетөз, ресурсы сарқылуға таяу дүниелер. Жәдігерлік құндылығы үшін қанша жақсы көргеніңмен, жапырағыңды жайғастыруға жарамсыз болғасын базар жағалап көрсең, таңдау жоқтың қасы, барының өзіне көңілің толыңқырамайды. Бесіктен көрі оның карикатурасы дегенге саяды. Білгіштердің айтуына сенсек қазір халықтың басым көпшілігі байлықты барынша батырып жинау сатысынан өтіп, енді сол жиған-тергенін игеріп-сіңіруге кіріскен сыңайлы. Бұл сатыдан бізден біраз бұрын өткен Батыс елдері қаржысына пәтер-мотор алып, Ақ, Қара, Сары, Өлі-тірі теңіздерді аралап болғаннан кейін долларын денсаулық саласына салуға кіріскен екен. Яғни, оларда «денсаулық индустриясы» басталып та, бел алып та үлгерді. Біз де бұдан көп алыс емес сияқтымыз. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген мақалды жұрт негізінен тәрбиеге ғана теліп, тура мағынасына мән бермей жүрген сияқты.

555Эргономика деген ғылым бар. Бұл – қоршаған ортада адам баласына жұмыс істеуге, демалуға, жалпы айтқанда өмір сүруге қолайлы жағдай қалыптастыру ғылымы. Мысалы, оқушы отыратын үстел мен орындықтың биктігі, олардың бір-біріне қарағандағы орналасу тәртібі, балтыр мен санның арасындағы бұрыш, тағы басқалар жүйеленеді, олар балалар мен жасөспірімдер гигиенасына қатысты санитарлық ережелермен бекітілген. Оқу процесі оқушының отырысы омыртқасына, көз, қол, жүйкесіне артық салмақ түсірмейтін қалыпта (позада) жүргенде ғана тиімді және (назар аударыңыз) зиянсыз өтпек. Сонда оқушының 4-5 сағаттық оқу ортасына осындай орынды көңіл бөлеміз де, одан гөрі нәзік, қалай қисайтсаң солай кететін талшыбық сәбидің шаңырағы – бесікке қатысты ешқандай талаптар жоқ. Бесік жасағанда, ең болмаса, мыналарды ескеру керек сияқты: сәбидің бойы, ананың бойы, бесіктің материалының гигиеналық тұрғыдан алғанда қауіпсіздігі, табан бұрышы (бесіктің шайқалу амплитудасына әсер ететін фактор ретінде), бесіктің бояуы, түбек тұратын ойықтың диаметрі, т.с.с. Ал қазір менің көзіме түсіп жүрген бесіктерге қарасам қарным ашады: бойы 1,5 мен 2 метр анаға биіктігі бірдей бесік, біреуінің табаны орнықсыз – қол тиіп кетсе теңселе жөнеледі, екіншісі, керісінше, шайқау үшін кәдімгідей күш салу қажет, келесісінің сыры сын көтермейді – қабыршақтанып түсейін деп тұр, күн, кішә, пештің назары түссе елжіреп-ақ кетейін деп тұр. Мүмкін біздің ата-бабаларымыз шетінен шебер, бесаспап болған шығар да әрбір «аллабергеніне» жеке «отау» құрып беретін болған, не әр ру-ағайынның ісмер-ұстасы жапырақтарына жақсылап тұрып үй тұрғызып берген, әлде мүмкін қолда бар бесіктердің банкысы болған да әркім өз қажеттілігіне қарай бір-екі жылға алып, артынан банкке қайтадан қайтарып отырған. Әр сәбиге дерлік сәйкес келетін әмбебап бесіктер де болуы мүмкін. Әйтеуір әжелеріміз бен аталарымыз үшін «әлди қоныс» мәселесі ондай өткір тұрмаған сияқты. Демографиялық дүмпу болмағанымен тықыл тіркеліп отырған шүкір сәтте бесікке қатысты мынандай ұсыныстарым бар:

7771. Көнекөздердің көргенін, дәрігерлердің білгенін, археологтардың ілген-тергенін пайдаланып бесік туралы барынша толық мағлұмат жинастыру. БАҚ-ты кеңінен пайдаланып олардың беттерінде ата-әжелеріміздің, ғалымдардың, дәрігер, ұста, этнографтардың, басқа да мамандардың пікір-ұсыныстарына орын беру.

2.Мәліметтерді жинап, қорытып, иінін қандырғаннан кейін ресми (мысалы Мемлекеттік стандарт, гигиеналық талаптар ) бекіту.

3.Бесіктерді дайындауға жеке шеберлердің қатысуына жол берумен қатар бұл істі мемлекет назарына алу. Яғни, бесікті барлық талап, стандарттарды сақтаған түрде жасайтын, (тегін, жалға беру, ақылы) таратумен айналысатын мемлекеттік мекеме құру.

2222222Алланың жәрдемімен бесігімімізді түзелік делік. Дегенмен қанша жылы-жұмсақ болғанымен, бір жылдың әр жақ бер жағында қозы-құлыншақтарымыз қайырлы қонысымен қош айтысып, қыбырлау-жыбырлау, жорғалау, еңбектеу сияқты ерен еңбектеріне кіріседі. Қолы мен аузы қатар қимылдайтын қарақтарымыздың алақандай азқазандарын аспен толтыру, бір қарағанда, аса қиын шаруа емес сияқты: жатқан-тұрғанда кашасын, кірген-шыққанда кәмпит-печеньесін, тіпті тоймай жатса майқұйрыққа бір-екі шапалақ беріп жіберсе жетіп жатыр. Алайда, тәй-тәйы пай-пай болып, қыраулы күні тымаудан, дәрі-егістен, жылаудан аман жүріп, әрбір әріпті айлап-жылдап үйренбесін десек, қарынның квартиранттарының санына ғана емес, сапасына да көңіл бөлу керек болады.

Барлық балалар үшін жауап бермей-ақ, өзім куә жағдайларға сүйенсем, балалардың негізгі ассортименті: нан, май (кейде сары май, кейде сормаңдай маргарин), макарон-вермишель, кәмпит-печенье, варенье. Бұл тізімдегі сабаздардың толыққанды белок, витаминдерден жұрдайға жақын екендігі жайлы жауыр болған әңгімені айтпай-ақ қойдым. Басқаны былай қойғанда күректей дипломы мен күймедей кабинеті бар менің өзімнің де айтылған ассортиментке қосарым аз ғана. «Балалар тағамы» деп аталғанымен банкаларындағы бағалары «бағландардан» басқасының бәрін қорқытатын дүкендер жайлы әңгіме қозғаудың өзі артық. Байығанша байға шықпаймын» деген замандасымның сөзін тағы қайталай алмаспын – жас болса келіп қалды, қалтаны қампайтатын шағымды күтіп жүргенде құрсақты томпайтатын қабілетімнен айрылып қалу қаупі де жоқ емес. Сонымен, барымен базар. Баратын жерім де базар. Базарды біраз аралап, үсіп қалған алманың түсіп қалған түрінен төрт жүз грамдап тасумен аллабергенімді алдап жүре берейін. Бірақ бұл іс пе? Іс болмаса, амалымыз мынау:

051) Жеу. Бұл жерде әңгіме алманы емес, адамды жеу туралы. Жоқ, шошымаңыз, тірілей емес… Бәрібір шошыттым ба. Жарар онда, шынында да, адамның ақысын жеу, қанау оны тірілей жеуден кем емес шығар. Сондықтан бұл жолдан құдайдың өзі сақтасын.

2) Коммерциямен айналысу. Мен сияқты мемлекеттік қызметкерге бұл тағы болмайды. Бірақ шешімі жоқ мәселе тағы болмайды. Мен «өзім шамалас» деп орта есеппен отыз мыңдай кірісі, бір әйелі мен бір жарым баласы (әйелім екіншіге жүкті) бар батырларды айтып отырмын. Көп жасамағанымен көпті көргендер күн көру емес өмір сүру жолын ұқтырып газетке жазса, қолда бармен кодексті қиратпай, баптарды бұзбай баланың бір уыс қарнын құнарлы тамақпен қалай толтыруға болатыны туралы газет бетінде ой бөліссе сансыз сауапқа ие болар еді.

Сорпа орнына суп сораптаған сәбиімнен келешекте Қобыланды қимылды талап етуге құқығым бар ма? Анда санда «Асан-Қайғы менің атам емес пе екен?» деген ойға қаламын. Себебі, бюджетімнің бүйірін шығарған жағдайдың өзінде мәселемнің түпкілікті шешілуі қиын сияқты: қыс-көктемде сөрелерді аралап көріңіз-бір-бірінен аумайтын жалт-жұлт еткен жемістер. Япырмау, тіпті жұмыртқаның өзі бірі-үлкен, бірі-кіші, бірі- сопақ, бірі-шатақ болатын еді. Ал бұлар – біп-бірдей. Көп білетін құрбымның айтуы бойынша, бұлар – генетикалық модификацияланған өнім, қазақшасы –жасанды жеміске жақын. Көкем-ай, сонда өліп талып ақша тапқанда жалғызыма жегізерім жасанды жеміс болса жетіскен екенмін. «Генетикалық модификация » деген не пәле, оны немен және неге жейді? – деген сұрақтарға әлгі танысым жауап бермеді. Мүмкін, шындығында көп білгесін шығар. Бірақ ұққаным – өліден гөрі тірі, тіріден гөрі – өлі өнім тек жемістің қатарында ғана емес ет беретін, сүт беретіндердің қатарында да аз емес көрінеді. Бұған да көндік. Менің бір мың болғыр досымның «алсаң алманың мыжырайғанын ал, оның әкесі де шешесі де – алма, ал құрт түскен болса тіпті жақсы, бұл оның химикаттан дін амандығы» деген құнарлы кеңесімен қаруланып, қабағымды түйіп алып жүріп жатырмын.

04Томпаңдағыштарымыздың тамақтан кейін тәуір көретіндері не? Ойын, әрине. Енді маған жақсы атты болу қиын шығар, бұл мәселенің де біраз шаңын шығарайын. «Қайда барсаң да Қорқыттың қөрі» дегендей баратын жеріміз — баяғы базар. Бір қарасаң бәрі толып тұр. Бір жасқа дейінгі балаңызға сылдырмақ керек пе, мінекиіңіз. Тек бұл бұйымның бояуы сәбидің сілекейіне төзімді ме, бөлшектері түгел бекітілген бе, жырмайтын түрі жоқ па? – деген сауатсыз сұрақтарыңызды қоймаңыз. «Мэйд ин Шинаның» шыныққан саудагері үшін сылдырмаққа талап біреу – сылдырмақ сылдырлауы тиіс. Болды. «Несі бар, тауықсыз да таң атқан» сылдырмақтың ролін тіс-тілге жүктеп өзіміз сыңғырлап, шырылдап алты айға дейін алтынымызды алдауға қабілетіміз жетіп те қалар. Бірақ енді сағаттап сарбаз болып саңкылдау, машина болып зырылдау, қуыршақ болып қыңқылдау менің қолымнан келмей қалады-ау, келсе де оған уақыт қайда?

Қой, көршінің баласынан қалмасын – қайдасың қара базар?!. Ал базарда қаптаған Қытай ойыншықтары, Қазақстандыкі жоққа жақын. Және қарап тұрсаң Қытай ойыншықтарының дені – агрессия, соғыс құралдары: пистолет-мылтық, қылыш-пышақ, пиротехника. Соңғысының үні үлкен кісіні үркітуге жеткілікті. Тисе көзіңді шығарып, маңдайыңды ісіретін, тимесе жүрегіңді ұшыратын ойран ойыншықтарға кезінде Республикамызға әкелуге тыйым салмақ ниет, талпыныстар да болған. Бірақ түк шықпады, бұл заңды да. Ойыншықтың артында орасан зор ақша, алпауыт елдің мүддесі тұр. Бұл Қытай қайткенде де саудасына зиянды тыйым, заңдарды шығартпауға тырысады, шыққан күннің өзінде шекарадан өтудің амалын табады деген сөз. Иә, мойындауымыз керек: ойыншықтың Отандық өндірісі жоқ, ал сұраныс бар кезде бұл ойыншықтарды біздің сөрелерімізден, балаларымыздың қолынан көргеніміз көрген. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дейді атам қазақ. Қаршадайынан қарумен ғана ойнап өскен баламыз басбұзар, дөрекі болып қалыптасып кетпей ме? Қалқаларымыздың қолына құлыншақтың орнына қылыш-пышақ ұстататындай Қазақстанға қандай қырықпышақ қауіп төніп тұр? Тіпті қауіп болған жағдайдың өзінде робокоп, Бэтман сияқты бәлелер бойымызға Отансүйгіштік ұрығын еге ала ма? Қазақы ойыншықтар қайда? Мақұл, мен ұлым үшін Тарғынды тастан, Сырымды саздан соғып талпынып-ақ көрейін. Бірақ бұл туындысымақтар батыр бабаларымыздың рухы түгіл кескін-келбетін келтіре алмай келемеж қылмасына кім кепіл?

01Неге мен тек ұлдар туралы айтып кеттім? Қыздарымыз немен ойнайды? Сауда сөрелерінде сол сирақтары сыйдиған, шаштары сап-сары, көздері көкпеңбек Еуропатектес қуыршақтар орналасқан. Ойыншықтың, ойынның ұрпақ тәрбиесіндегі орынын, ұлтымыздың келешегі үшін маңызын ешкімнен кем білмейтін мемлекет тұтқасын ұстаған атпал аға-апаларымыз неге үнсіз, қимылсыз? Егер бұл мәселеге Білім министрлігінің қатысы жоқ болса, онда Ойын министрлігін құру қажет. Себебі дұрыс ұйымдастырылған ойынның маңызы білімнен ешбір кем емес. Жанарым солғын тартты ма екен, дүкендерден Қобыланды, Алпамыс сияқты эпостары бар кітап, кассета, диск, мультфильм, киноларды көре алмай жүрмін. Балаларға арналған қазақша тақпақ, ойындары бар дүниелер де көзіме түспей қойды. Жалпы қазақ баласына, соның ішінде көп қабатты үйде тұратын қала баласына жас ерекшеліктерін ескерген түрде қандай ойын ұсына аламыз? Бұрын қазақ балалары қандай ойын ойнаған, олардың ішінде қазіргі заманға лайықтылары бар ма? Өз басым, компьютер ойындарға үзілді-кесілді қарсымын деп айта алмаймын. Алайда, баланың қимыл-қозғалысқа деген табиғи сұранысын компьютердің өтей алмайтыны айдан анық. Компьютер, кинофильмдердің адамның арман-қиял, жалпы творчестволық ойлау мүмкіндігін дамытуда роль ойнай алмайтынын ғалымдар мойындап отыр.

Кино демекші, ұл-қыздарымызға лайық, бойында ұлттық рухы тұнып тұрған, Вандам-Арнольдтерді ысырып тастап, еліктеуге тұратын тұлғалары бар туынды қайда? «Көшпенділер» ме? Оны да көрерміз…

Мақала жазылып бола бергенде екінші ұлым дүниеге келді…

Бергеніңе шүкір, Алла!..

 2005 жыл

 

Сайтымыздың жаңа мақалаларына жазылыңыз

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

3 пікір

  1. рысжан :

    жақы жазылған бәрі балалар үшін екені рас ау

  2. сайран :

    рас ғой балалар үшін бәрі соны түсінсе балалары

  3. What Is Keflex For cialis Lioresal Vente 10mg

Пікір жазу

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

*


2 + = 8

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <s> <strike> <strong>