Тек ерлік қана сай маған!..

222ТӘУЕЛСІЗДІК ТАРИХЫ

Семсерін қайрап сайлаған,

Сертінен ешбір таймаған,

Түркінің күллі даласын –

Баһадүр бабам жайлаған.

Қарсы келген дұшпаны,

Қарс айрылып жайраған.

Тоныкөк, Білге, Күлтегін,

Тағылымға терең бойлаған.

Тұлпарга мініп Ер Түрік –

Көзінде жалын ойнаған.

Ел десе, байтақ жер десе,

Есесін берген қай бабам?!.

Егемен жұртым, ендеше,

Тек Ерлік кана сай маған!

Мен ақ алмастай өткір ем,

Ерліктің биік шоқтығы ем.

Қазығын қаққан хандықтың

Жәнібек, Керей тектіден.

Қасым хан салған қасқа жол –

Қасиет көзі деп білем.

Есім хан салған ескі жол –

Өсиет сөзі деп білем.

Тәукенің жеті жарғысын –

Жеті қазынам деп білем.

Ақтабан болып шұбырдық,

Ордамды жайпап от кілең.

Бірліктің мәнін ұғындық

Теңселген шақта тепкіден.

Абылайды асқақ тұғыр қып

Хан сайладық  тектіден.

Үш жүздің басы біріксе

Билеген жер мен көкті кең.

Алты Алаштың рухымен

Алты құрлыққа жетті дем.

Бірлігім тұрса бекем боп,

Басынар дұшпан жоқ, білем.

Керуен де керуен жылдардың

Көшіне қолым бұлғармын.

Отырар, Түркістан болып,

Ұлы далада бүр жардым.

Фараби менен Йасауи

Ілімін жиып нұрландым.

Ұлтымның мәңгі бағына

Ұлы Абай болып туғанмын.

Ғасырдың ғажап таңынан

Ыбырай үнін тыңдармын.

Игі жақсылар жолының

Игілігінен үлгі алдым.

Бабамның, дархан даламның

Бақытын мәңгі жырлармын.

Ғасырдың бастап ұлы әнін

Ұлт үшін туды ұланың.

Әлихан, Ахмет, Міржақып

Алаштың бастап ұранын.

Жалқыға көнбей, жағынбай,

Жалпыға теңдік сұрадым.

Өлмейтін рухым, жыр-әнім,

Сөнбейтін сәуле, шырағым ­–

Ерлікті аңсап, өрлікті,

Кеңдікті сүйген қыранмын.

Қазынамды ұрлап жау жеді,

Халықта дәрмен бар ма еді?

Бодандық басты бұғаулап,

Күндер де өтті-ау әр нелі.

Көрсек те қайғы-қасірет

Өлмейтін рухым мәңгі еді.

Тәуелсіздіктің жолында

Бабамның кетті бар кегі.

Қасқайып тұрды қамал боп,

Қалғанша соңғы әл-демі.

Желтоқсандағы ерлігім –

Елімнің жаңа дәурені.

Жастығым жақты қайтадан

Солардан қалған сәулені.

Толысқан шақта тасынбай,

Адасқан шақта ашынбай.

Алладан басқа ешкімге

Ұлт едік өскен бас ұрмай.

Намысым менің – наркескен,

Жарқ ете қалса жасындай.

Тәуелсіз таңым бағалы,

Бабамнан қалған асылдай.

Егемен ел боп жеттік-ау

Аңсатқан алтын ғасырға-ай.

Жалпақ әлемге жар салам,

Жан қуанышымды жасырмай.

Танитын талғам болса егер –

Тарихым менің осындай!

ЕРКІНДІК

Еркіндігім.
Қасиеттім.
Қастерлім.
Өзің барда өзегімде жоқ шер мұң!
Кеше сенің келбетіңді арман ғып,
Боданына бұғауландық басқа елдің.
Бабалардың басын тігіп бәйгеге,
Аналардың жанарына жас бердің!
Уа, Еркіндік,
қош келдің!

Өзегімді өртке ораған қоғамда,
Өз үйіме өзім өгей болам ба?!
Алшаң басып жүре алмаса алты алаш
Азаттығым! Қадірің де жоқ онда!
…Саған жету қиын болса қаншалық,
Сақтап тұру қиынырақ одан да!
Алла берген азаттықтың әр сәті-
Аманат қой
Маған,
Саған
Оған да!

Саясатқа сермей алмай семсерді,
Езгі күнге тері қылдым еңсемді!
Желтоқсанда жалын атып жастығым,
Құрсау болған темір қоғам теңселді!
Есте даңқы қыршындардың қалды ма,
Сексен алты ерлігім бе-ей, ең соңғы!?
Уа, еркіндік,
Құның немен өлшеңді!?

Уа, еркіндік!
Құның немен өлшенді?!
Сені көксеп
Боздақтарым өлсе өлді!
Сенсің менің ең ғажайып өлеңім,
Ең шуақты,
Ең шырайлы,
Ең шерлі!
Әр таңыңды сүйіншілеп тұрайын-
Құдай берген ғұмырымда өлшеулі!

Қалқаман САРИН

* * *

Қастан пиғыл, айнала іш тарлықтан,
Айыпты боп байтақ жер мен байлықтан.
Түнек, тозақ көп торлаған қазақпыз,
Тарих-тағдыр тәлкегіне шалдыққан.

Өртте қалып, жанып түгел кетпеген,
Тасқын алып, жайпап бір-ақ өтпеген.
Білмепті әлем біздей қайсар ел барын,
Нәубет, зұлмат таусып бәрін бітпеген.

Көз жасқа да, төккен қанға бір қайтым,
Ата-баба ақ арманын ақтайтын.
Таң шақырып қопарылған желтоқсан,
Көгімізде күн туғызды батпайтын.

Зарықтырған тәуелсіздік күні бұл,
Шаһит болған миллиондардың құнын біл.
Қорғап, өрен, кірпік қақпау борышың,
Бұған намыс, жан мен арды бағындыр!

Арғынбай ЖҰМАЖАНҰЛЫ

* * *

ЕГЕМЕНМІН

Жығылмаймын,
Жаудан қашып тасаға тығылмаймын.
«Елім-айлап» «Алқакөл сұламада»
Ағарғанша табаным шұбырмаймын.

Жыламаймын,
(Түгесіліп біткен-ау, сірә, қайғым).
Сар далада сандалып баяғыша
Ешкімнен бостандықты сұрамаймын.

Сатылмаймын,
Шекара асып қарамды батырмаймын.
Қырылмаймын аштықтан иен далада,
«Халық жауы» атанып атылмаймын.

Тапталмаймын,
Орнамайды басыма жаттан қайғым.
Жарымды жесір қылып, балам жетім,
Енді ешқашан майданға аттанбаймын!

Жасқанбаймын,
Келімсектер қаптатып ластанбаймын.
Өз денеме өзімнің басым сұрап,
Желтоқсанда қара мұз жастанбаймын.

Ұғайын дәл,
Ешкімге дес бермейтін сыңайым бар.
Атейстік қоғамды құлатқанбыз,
Жүректе иман, төбемде Құдайым бар.

Естідің бе,
Сөйлеп тұрмын тек қана өз тілімде.
Өз еркім тек өзімде, өзгеде емес,
Расымен, жағдайым «бес» бүгінде.

Төбеден нұр
Құятын Жаратушым жебеген мың.
Ешқашан да ешкімге бас имеймін
Себебі мен қазақпын!
Егеменмін!

Ғабит КӘДІРБАЕВ

* * *

ЕЛІМ МЕНІҢ

Сөзін жазған: Нұрсұлтан НАЗАБАЕВ

Әнін жазған: Бекболат ТІЛЕУХАН

Арайлап таңым, асқақтап тауым,
Ән ойлап көгім, күй тартты көлім.
Қол жетті міне аңсаған күнге,
Жасай бер, жаса, қазағым менің.

Қазақстаным – жасыл орманым,
Қуанышымды жасыра алмадым,
Аңсаған бабам, аңсаған елім!
Бостандық еді-ау асыл арманың.

Қайырмасы:
Елім менің аңсаған,
Тас бұғаудан босаған.
Құтты болсын отауың-оу,
Берік болсын-оу босағаң.

Бабамның қаны, анамның жасы,
Сіңген бұл далам, қымбатсың маған.
Береке-бірлік қамалдың басы,
Ұрпаққа мәңгі тіл қатшы далам.

Күйінсін жауың, сүйінсін досың,
Жиылсын қауым, құйылсын көшің.
Ертеңің үшін аянба ерім,
Ояншы, елім, жиылсын есің.

Қайырмасы:
Ұрпақ үшін, ел үшін,
Ата мекен жер үшін.
Береке мен бірлігің-оу,
Таси берсін-оу өрісің.

Сайтымыздың жаңа мақалаларына жазылыңыз

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Пікір жазу

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

*


4 − 1 =