«Адасқақ» — адасқан салдың әні

222Арқа әншілік мектебінің ірі өкілдерінің бірі, әрі бірегейі Біржан сал Қожағұлұлы.Біржан әндерінің көпшілігі бізге тарихымен жеткен. Әнші шығармашылығын терең зерттеген академик А.Жұбанов өзінің «Замана бұлбұлдары» атты еңбегінде композитордың әр әніне жеке тоқталып, кәсіби мінездеме беріп, оқырманға әннің шығу тарихынан дәйекті мағлұмат беріп отырған.  Біржан шығармашылығында, дәлірек айтсақ өмірінде бір оқиғаның ізімен шыққан екі ән бар, ол —  «Жанбота» мен «Адасқақ» деген әндер. Бұл әндер — әлеуметтік теңсіздікке қарсы, бай-шонжарларға деген наразылықтан туған шығармалар. Әндердің шығу тарихын А.Жұбанов өзінің «Замана бұлбұлдары» атты  еңбегінде былай деп баяндайды.

1965 жылдың жазы. Омбының генерал-губернаторы келеді деп Көкшетау өңірі үлкен дайындық жүргізеді. Қаланың маңындағы көкалға көптеген үйлер тігілген. Ақсарының болысы  Жанбота өзі бірнеше үй тіктіріп, сауын, сойысты дайындатып, өзінше «дала мәдениетін» басқалардан асыра көрсеткісі келеді.

Қоңырқожаның Азнабайы да  Жанботадан қалмаймын деп, бірнеше үйдің керегелерін  қосып тіктіріп, ұзын зал сияқты төр үй жасатып, оның ішін оқалы кілем, шәйі көрпелермен безендіреді. Бұл да өзінше әлемді басқарғандай, әдейі Жанботаның тобы естісін деп, неше түрлі байлық, паңдық араласқан бұйрықтарды әдейі дауыстап оқиды. Осы кезде Жанбота болыстың үйлер тобының бірінен ырғалтып салған әннің үні шықты. Ән үй-үйді аралап өтіп, сонау Көкшенің бауырына , аспапға қарай өрлеп бара жатқандай асқақ. Бұрын-соңды бұл араның жері де, шөбі де, желі де, суы да, адамы да мұндай дауысты естімеген сияқты. Өз адамдарының ішінде осындай  елді елеуреткен, құлақтарын тостырған әншісі болғанына Жанбота да көтерілмесін бе, өзі ісік көзі тіпті ашылмай, одан сайын шіренеді.  Азнабай жақтан көптеген бозбала ығысып келіп, жақындап, құлақтарын тосып, рақаттанып ән тыңдайды.  Жастардың ол мінезі Азнабайға ұнамай, ондай әнші ала келмегеніне өзі де осы бір сәтте ішіне ашуы сыймай тұрады. Сондықтан поштавайын жұмсап, жігіттерін қайырып алғысы келеді. Айдағанға жүре беретін қой емес, қарсыласпағанымен бір шетін қуса, екінші жағы әнші отырған үйге қарай шұбап,  поштавайға жастар әл бермейді. Оны көріп тұрған Азнабай, қолымен белгі беріп поштавайын шақырып алып:

111—  Анау үйдегі әншіні менің қонақ үйіме алып кел, ән салсын, сыйлықты Жанботадан асырамын, ал келмесе аржағының билігі өзінде, — дейді.

Поштавай қамшысын қолына алып, барлық сұсын сыртына шығарып, әнші отырған үйге қарай  адымдайды. Бірақ ол өзінше айла қолдануды көздеп, жақындағанда аса бір мейірімді адам болып, миығынан күліп, үйге сәлем беріп кіріп келеді. Отырғандар ығысып, қазақ әдетінше орын береді. Ән арасында  поштавай бір тізелеп, қамшысын таянып, Біржанға Азнабайдың тапсырмасын айтты.  Оған әнші қозғала қойған жоқ. Ойткені ол сәтте  оның басында жаңа ғана орындаған әннің мазмұны, сонымен байланысты ойы әлдеқайда алыста тұр еді.  Ол күлімсіреп, поштавайдың айтқанын естімеген адамдай тағы бір әсем әнді бастап кетті.  Поштавай амалы жоқ, әннің аяғын күтті де,  келген жұмысын қайталады, қолындағы қаруы – қамшысын қатты қысыңқырап, күшінің де бар екендігін отырғандарға сездіріп қойғысы келді. Әнші ешқайда да бармайтынын , мал, олжа, сыйлық іздеп жүрмегенін, тек мына мияқты халықтың топтасқан жерінде өнерін көрсетуге келгенін айтады. Тілін алдыра алмаған поштавай сол кезде аңдаусыз отырған әншінің басына қамшымен бір-екі рет тартып қалды. Отырғандар ду түрекеліп, оның қолын ұстап,  әншінің домбырасына жабысып  тартып алғысы келіп тұрған қолын босатып алады.  Өзінше «әлі де көрсетемін көресінді»  деп, неше алуан күштердің шетін көрсетіп, поштавай келген ізімен кейін қайтады.

Әнші ойда жоқта мұндай іске душар болғанына таң қалып, домбырасының  сағасынан ұстай-мұстай, жанталаса орнынан тұра береді. Жүрген жерінде аттан қыз-келіншек көтеріп алатын, халқына сыйлы алтын басына мынандай жаман поштавайдың әңгір таяқ ойнатқанына қатты налып, тілі күрмелгендей, біраз уақыт сөзге де  келе алмайды.  Өзіне-өзі зорға келіп, бір жаман түс көріп оянғандай болған әнші, домбырасының қолында қалғанын көріп, қаруы белінде қалғандай кейіппен айналасындағыларға біраз қарайды.  Поштавай шығып кеткеннен кейін әнші де жүгіре басып далаға шығып, домбырасын сол ұстаған бойы, әншейіндегідей ұлықсат сұрап сызылып тұрмай,  Жанбота отырған үйге кіріп келді де, домбырасын қағып-қағып жіберіп, ең сағадағы пернені басып тұрып, ызалы дауыс, ащы үнмен, киіз үйдің түндігін бүлкілдеткендей екпінмен:

Жанбота, осы ма еді өлген жерім,

Көкшетау боқтығына көмген жерің.

Кісісін бір болыстың біреу сабап,

Барма еді статьяда көрген жерің?

Жанбота, өзің болыс, әкең Қарпық,

Ішінде сегіз болыс шенің артық.

Өзіңдей Азнабайдың поштаваый

Қолымнан домбырамды қалды тартып.

Тартса да домбырамды бергенім жоқ,

Есерді поштавайдай көргенім жоқ.

Қамшымен топ ішінде ұрып еді,

Намыстан, о дариға, өлгенім жоқ, — деп болған істі баяндап береді. Айналада отырған жұрт әншінің асқақтаған әніне, тасқындаған өршіл үніне, тек үлкен жүректен ғана шыға алатын музыкалық айбарына риза болады.  Әннің әр жерінде бір бозарып, қуқыл тартып, бір қызарып ісініп отырған Жанботаға көздері түскенде, әннің әсерінежандары жай тапқандай болып отырысты. Сүйектен өтетін сөз бұл арада асқақ әнмен ұласқанда болыстың сүйегімен қоса жұлынын суырып алғандай болды.

Тұтасып кеткен мойнын бұра алмай, барлық кеудесімен бұрылып қараған Жанботаның  көзі әншіге осы кезде аса ұнамады.  Өйткені Жанботаның жыландай ысқырған айбатының қаhары тентектік істеген поштавай, оны жіберіп отырған Азнабай болмай, көзін ашпастан теңкиіп отырып:

—   Жетер! Қақсама! «Бас жарылса бөрік ішінде» деген емес пе, — деп, Жанбота әншіге ақырды.

«Май сасыса тұз себер, тұз сасыса не себер?» деген мақалды әнші осы арада есіне түсірді де, жазықты поштавай емес, өзі болып шыққанына қатты күйінді. Бірақ «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоғын» білетін әнші, тағы домбырасын қағып, байсалды пішінмен, не де болса бетіне баса кетейін дегендей:

Созады Біржан даусын  қоңыр қаздай,

Басқаға бір өзіңнен жүрмін жазбай.

Бас қосқан мәжілісіміз болады деп,

Жанбота, мазамды алдың ала жаздай.

Айтады Біржан өлең ентелетіп,

Біржанды халқы қойған еркелетіп.

Есерге поштавайдай көз алдыңда,

Біржанды қоймақ па едің желкелетіп, — деп, созып келіп, қайырмасында тағы самғап аспанға шығып, аяғын жүз құбылтып, құйқылжытып «айтпағым осы» дегендей, домбырасын алып, үйден тез басып шығып кетеді. Бұл ән алдыңғы әнге қарағанда  сабырлы, байпты келеді. Біржан мұнда  Жанботаны жібітем деген  ойдан аулақ, оның шамасын көрген сөң, айналада отырған халқына шаққан мұңы сияқты. «Бай байға құяды» деген нақылды білетін біржан, Жанботаның әнші үшін Азнабаймен ала көз болғысы келмейтінін бірден сезді. Жанбота Біржанды садақаға шалды да жіберді. Біржан алдыңғы өзі ән салып отырған үйге қайтып, киімін киіп кеткелі жатқанда, отырғандарға тағы бір қарап, ойына келген бір-екі ауыз сөзін айтты:

Бұрынғының биіндей би қалмады,

Бүгінгінің биінде ми қалмады.

Хатым-құран болмаса молдалардан,

Өлікке тамнан басқа сый қалмады.

Бұрынғының жақсысы тамам болды,

Ендігінің «жақсысы» жаман болды.

Арғымақтың аяғын арқан шалып,

Есек озып бәйге алған заман болды, — деп, өзінің жайбарақат, жанға жайлы келетін бір әнімен осы екі шумақты айтты да, сол кеткеннен Біржан кете барды. Әділ билік іздеп барған Жанбота анандай болған соң, поштавай сияқты «күші адал да, еті арам» есектерге жаза болмай, Біржандай арғымақтың аяғын арқан шалған заман өзінің бұйрығын іске асырды. Бірақ Біржан айтарын айтып кетті, сөзбен лағнет таңбасын басып кетті.

Бірінші ән, оны тудырған оқиғаның кейіпкерінің атымен «Жанбота» атанып кетті. Ал, екінші сазды, салмақты әнін Біржанның өзі «Адасқақ» атандырыпты. Оның себебі – Жанботадан әділдік күтіп, оған барып Азнабайдың поштабайының қылығын айтып арыз-әнінің лебізі мен мұңын шаққанының адасу екенін, әлі де кімнің дос, кімнің ел екенін біле алмағанына ызаланып қойса керек.

Бұл әндерді осы күнге жеткізген Қали Байжанов, Жүсіпбек Елебеков деген әнші-аталарымыз. Ал қазіргі күнде арқа әншілік дәстүрін насихаттап жүрген әншілердің барлығының дерлік репертуарында кездесетін әндер.

Бағлан БӘБІЖАН

Сайтымыздың жаңа мақалаларына жазылыңыз

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

2 пікір

  1. Нұрлан Сәдір :

    Баяндалған оқиға елдің сол кездің өзінде орыстана, отарлана бастағанын көрсетеді. Әйтпесе, ел еркесі ақын-салдың бұлай таяқ жеуі мүмкін болмас еді. Жалпы, бұл мақаладан біраз нәрсені біліп қалдым

  2. KenntupeTror :

    Pharmacy Online Med cialis buy online Generic Viagra India 100mg

Добавить комментарий для Нұрлан Сәдір Cancel

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

*


− 6 = 1

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <s> <strike> <strong>