Мүсілім Әмзе: Ән тербеп көңілді…

111Оркестр үні алыстан үзіліп естіледі. Жақындаған сайын анық, күшейе түсті. Залдың есігі жартылай ашық тұр. Әрқайсысы орнына жайғасқан. Мен де ортаға қарай аяңдап келем. Ерте келгендер этюд, гаммасымен қолын жүгіртіп жаттығып отыр.

«Армысыз, маэстро!..»

Бас изесіп амандасып жатырмыз. Әнебір екі қыз шүйіркелесе қалыпты. Мына бұрыштағы ағамыз көңілсіз. Біреу нотасын қарап, біреу кешігіп кіріп келеді. Ию-қию тірлік, әйтеуір. У-шу, бейберекет дыбыстар. Сырнайшы «ля» түймесін басқанда ғана оркестр құлақ күйін келтіре берді. Құрмаш үздіксіз шыққан ащы дауыс жаққа жақтырмай қарады да  қобызын алды, енді қияғын алады, сосын шайырын… Күндегі көрініс осы. Жұмысқа дейінгі он-он бес минут айнымай қайталанады.

Бүгін Нұрғиса ағамыздың әндері мен күйлерін қайталап пысықтауға кірісеміз. Келер апта сәуірдің бірі — Тілендиевтің туған күні. Кезекті концертке дайындық. Бұрауын түсіріп болғасын оркестр біршама тынышталды. Әдеттегідей бастадық жұмысты. Аз-кем жаңалықтар айтылды.

«Ал кірісейік онда…»

Әуелгі партитура «Сарыжайлау» екен. Әйгілі ән. Неше шумақ екені, қай жерін қайталайтынымызды айтудың өзі артық. Белгілі бәрі. Қанша рет ойнаған, жаттап алған ән болса да жалықтырмайды. Шаңқобыз бастап, ізінше басқобыз қоштайтыны есіме түсті. Бірте-бірте аспаптар қосыла түсетін. Сосын «дәридәт-дәт-дәт, дәридәт-дәт-дәт» деп сырнай жалғайтын. Сонда да қағазыма мұқият қарап алдым көз жүгіртіп. Сол күйінше тұр. Қолымды шалт көтердім, бәрінің назары мендегі таяқшада. «Лап!» дегенде атыла шабатын жауынгерлер сияқты.

«Ал, баста!..»

Міне, желдіртіп ала жөнелді «Сарыжайлау». Бүкіл әуеннің болмысын беретін ойнақы ырғақ. Иіріп ала жөнелетін сиқырлы саз. Әншінің бастайтын кезі де жақындап келеді.

«Жазира-а-а-а…»

Қобыз үні осы буынды іле қайталай түседі. Әуен елітіп барады, бірақ бақылау да керек. «Кіріспеде асығып ойнайтыны несі екен, мына жерде домбырашылар бәсеңдеу болса деймін… Тағы сан түрлі ой… Қап, зілдей боп сүйретіліп кетті-ау… Жарайды, тоқтағанда айтармын».

Қиял деген әп-сәтте басқа әлемге ала жөнеледі. Осы ән жайлы ілгеріде ойлағаным сап ете қалды есіме. Ән атаулының құрылымына «Сарыжайлаудың» мүлдем кереғар жазылғаны қызық. Шумақтан гөрі қайырмада шарықтайтын қалып мұнда жоқ, керісінше, бастала салысымен аспандап шыға келеді. Бір ойды аяқтай келе, жеріне жеткізейін дегендей қайта әуелейді. Алғашқы келген ойдың бірі осы еді. Екінші рет «кең өлкем» деп асыққан көңіл жоғарыда «әлдилей бер, сен деп келем, аңсап келем» деп шиыршық атып тұрып алады. Төменге «сағындым» деп құлдилап барып, «шөлдедім» деп басылады. Қайырмаға қалай жеткеніңді білмей қаласың. Енді, ән қайырмасын ентігі басылсын, демін алсын деп орта регистрге әдейі көшіргендей. «Саумал бұлақ балдай дәрім» деп еркелеп барып сағынышын басады. Осы тұста музыканттардың бәрінде өзгеше хәл. Бастарын жеңіл теңселтіп, іштей қайталап отыр. Келесі кезек біздің ойын еді. Шумақ алдындағы бір қайыру. Екінші, үшінші шумақтар кетеді ізінше. Ән үзілмейді, әуелеп барып жалғаса түседі. Манағы шырқау биікке қайта шығарады. Ғажайып әлем. Желпіген самал жел. Кең дүниенің үстінде еркін қалықтаған қыран құстай қиянға көз тастайсың. Тағы ой алысқа жетелейді. Арман-мұрат дегеннің дәл осындай заңғар да таза болуы тиіс екенін ұғындыра түскендей. Көз ұшындағы әлдебір шыңырау құзға…

Тоқта, қай жерге келдік? Мәссаған, соңғы қайырым! Екі рет қайталанатын тұсы. «Сағындырған Саржайла-а-а-а…» Шарықтап тұрып алатын кезі. Күтеміз әншіні. Бізде артық дыбыс жоқ. «…уы-ы-ы-ым» дегенде біз де қосыла кетеміз. Көбіне осылай Нұрғали ағамыздың нұсқасымен аяқталады. Ойнақ салған ырғақ күшейе түсіп соңғы қағыспен бітер еді. Шіркін, осындай өлмейтін бір ән жаза алсаң не арман бар!

Ғажап ән, сұлу саз. Мұқағали ақын «Туған жердің жерұйық екенін, кең өлке, ата қоныс, жасыл мекенге жер жетпейтінін» есіңе салады да тұрады. «Бұлағың саумал, самалың салқын, сая табарым сенсің, беу, туған жер! Қасыңда өтер ұланыңды әлдилей бер!» дегенде, тіршілікте көңілің толмай, жаныңның рахатын күйттеп шетке кеткің келетін кезді бетіңе басып тұрғандай өз-өзіңнен қарадай қысыласың. Алғашқы дыбысы естіле салысымен асқақ көңіл күй мен рухыңды өр қалпына келтіретін не құдірет екен?! Табиғат суретін сөзбен салып, жаныңды шаттыққа бөлеген жырға лайықты ерекше әуенді қалай тапты екен?! «Сарыжайлау» ешқашан ескірмейтін, қайта тыңдаған сайын бойыңа жаңа күш құятын, сөз бен әннің тамаша үйлесімінен туған кемел туынды, тұтас дүние! Тек түсініп айтар әнші кезіксін!

…Үзілісте сыртқа беттеген әріптесім ыңылдап, әндетіп барады. Жақындай түстім. Мені байқар емес.

«…Төліңнен айналайын жаңа туған,

Айналайын еліңнен дара туған,

Сарыжайлауым!»

 Мүсілім ӘМЗЕ, 

дирижер

«Ақжүніс-Астана» журналы

Сайтымыздың жаңа мақалаларына жазылыңыз

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

5 комментариев

  1. Дәулет Серiкбаев :

    Иә қосылып әндеттiң келiп кетедi екен әннiң құдiретi осы,әрiптесiң сiздi байқамаса әндi жүрегiне жеткiзген екенсiздер.

  2. Ардақ :

    Керемет мақала керемет ән

  3. Нұрлан Сәдір :

    Әнді бұлай талқылау үшін әсер алу керек, кәсіби болуың да шартү Өз басым ән-күйден хабарым аз болғасын бұлай жаза алмас едім

  4. Бағлан :

    Интересно,,,,, новизна….Стиль все на месте. Нан болуға жарарлық, болашақта

  5. рысжан Муратбеккызы :

    Керемет ан!барлык макаланы жаксы жазып жеткизеди супер

Пікір жазу

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

*


4 + = 6