Тоғызыншы болып туған қыз…

999

(Алтынай Байтоқанова жайлы естелік)

Дәл осыдан бір жыл бұрын ғой, ҚазҰУ-дің журфагын бітіргеніміздің жиырма жылдығында  кездесіп, арқа-жарқа болып қауышуға бір ғана қадым қалды деп отырғанда Алтынайдан айырылдық. Алтынайдан айырылдық… 

Бұл – 29 наурыздың түні еді. Алтош-ау, сенің бұл өмірден өтіп бара жатқаныңды қайдан білейін, пендеміз ғой. Бірақ, сол түні біреудің түкке тұрғысыз сөзіне  бала кездегідей өксіп-өксіп, өлердей жыладым. Жылап жатып ұйықтап кетіппін. Таң атар-атпаста телефон шырылдай жөнелді. «Алтынай» деп шығып тұр. Сен телефон шалмағалы қаншама күн?! Бейуақытта жүрегім атқақтап, телефонды алғанда өкіл шешең Ольга Алексеевна аңырап жатыр екен.

– Алтынай енді жоқ! – деді боздап.

Мен жын ұрып кете жаздадым. Қапыда қимас дүнием қолымнан түсіп кеткендей, ішім удай ашыды. Өкініштен жер-көкке сыймай, жанымды қоярға жер таппай еңіредім. Алтош-ау, адамда да осыншама көз жасы болады екен-ау. Әлі де жылап жүрміз. Қимай жылаймыз да, тірі жүргенде қадіріңе жетпедік деп жылаймыз ғой.

Ал мен 29 күні түнде өз өміріммен алысып жылап жатқанда сен бақиға аттанып бара жатқан екенсің.

29 демекші, сен үнемі: «Мен 9 наурызда үйдегі 9-шы бала болып дүниеге келгем. Машинамның нөмірі де – 909» деп өміріңдегі тоғыздықтарды санамалап отыратын едің.

444Биыл жылдығыңды өткізу үшін Жезқазғанға қайта барғанда құлпытасыңа «Руы – Тоғызауыл» деп жазылыпты.  Білесің бе, сен 29 жасыңда жаңа өнерге келдің емес пе?! Қазақтың цирк өнерінде болмаған сүдігерлі соқпаққа түстің. Ол былай еді.

…Біздің Алтынай Байтоқанова 2001 жылы Қазақстан мен Ресейдің мәдениеттері арасына алтын көпір салып, Үлкен Қазақ циркіне иллюзия жанрын алып келді. Және жаңа өнерге ұлттық нақыш сыйлады. Ай мен күндей Алтынай қазақтың өнерін Батыс пен Шығыста жарнамалады. Алтынайдың ұстазы – Ресейдегі цирк өнерінің қайталанбас тұлғасы Игорь Кио болатын. Өмірден ерте озған Игорьдің аты аталғанда орыс ағайындар осы күнге дейін тағзым етсе, өкінішке қарай, біз де Алтынайдан қапыда айырылып қалғалы да, міне, тура бір жыл толыпты. Бәрі де көрген түстей…

Осыдан бір мүшел уақыт бұрын Алтынай әзіл-шынын араластырып:

– Әркім тәуелсіздігіміздің 10 жылды­ғына арнап қолынан келетін тартуын жасапты. Мені өз елінің патриоты демей көріңдерші, тәуелсіздік мерекесіне өз үле­сімді қосу үшін басымдағы жалғыз баспанамды сатып жібердім, ал, – дейді. Расында да, ол өз арманын іске асыру үшін сол кезде үйін сатып жіберген   болатын. Арман демекші, «кісінің мақсаты», «адамның арманы» дегенде менің есіме үнемі Алтынай түседі. Бала күнінен үлкен сахналардан көрі­нуді, әйгілі өнер адамы болуды ар­ман­даған Алтынаймен біздер бала кү­німізде Алматыда тұңғыш рет оқушылар арасында өткен Республикалық қазақ тілі мен әдебиеті олимпиадасында танысқан едік. Осылайша, Жездіден хат алысып жүріп, бірнеше жылдан кейін біздер ҚазҰУ-дің журналистика факультетінде табыстық. Ақиқатын айтқанда, студенттік жылдарда екеуміз арадан қыл өтпейтін достар болып кеттік деп айта алмаймын. Оң мен солымды танып үлгермеген мен өз тағдырыммен, Алтынай өз өмірімен алысып, күндер өте беріпті.Алма­тыға арман қуып келген барлық баспа­насыз жастар секілді ол да біраз тәлкекті көрді. Университет бітіргеннен кейін Алтынай баласын бағып, табысын табу үшін көрген хикметтерін «көбік сериалдарға» сценарий етіп жазуға болар еді. Алайда, ол кейін сол күндерді еске алуды қаламайтын. Қоңыз теріп кете жаздап жүрген кездерімізде де бір рет еңсесін түсірмегеніне, ешкімнің алдына көмек сұрап бармағанына әлі күнге дейін қайран қаламын. Намысшылдығында шек жоқ. Іші жылап тұрса да бөтен көзге оны көрсетпейтін қайсарлығы тағы бар. Кейін ол өзінің осы күндері туралы «Унесенные ветром» фильміндегі Скар­леттің тапқырлығымен салыстырып, көй­лек­сіз қалғанда пердеге оранып, үлде мен бүлдеге оранып отырғандай, жайнап шыға келетінімен салыс­тырып, рахаттана күлетіні бар-ды.

222Айтқандай, әңгімені Алтынайдың арманы туралы бастап едік қой. Журналистика факультетін бітіргеннен кейін тағдыр бізді тағы да қосты. Қолақпандай дипломымен еш жерден жұмыс таба алмай университет пен жатақхана арасындағы ұзақ жолда жа­бығып келе жатыр екен. Арамыз сал­қын тартып жүрген екеуміз шыжыған ыстықта шүйіркелесе кеттік. Сол күні таң ағарып атқанша бір-бірімізге ішіміздегіні ақтардық. Осылайша, түнді таңға ұрып әңгімелесу әдетке айналды. Біз осылайша жиырма жыл сырласқан екенбіз…

Осыдан кейін ҚазҰУ-дің қайырымды бір комендантына кезігіп, Студенттер қалашығында тағы бірнеше жыл тұрақ­тадық. Ол кезде біздің баспанамыз да,  ақша­мыз да, тұрақты жұмысымыз да жоқ, арман-тілектеріміз ғана бар. Өмір сүру­ге деген ғажайып құштарлық қана бар еді. Бастапқыда ол барлық мекемелерде қысқарту жүріп жатқандықтан, дүңгіршекте сатушы, кеңселерде еден жуу­шы, циркте жарық түсіруші болып істеп жүрді. Өйткені, цирктің қонақ­үйі­нен балалы Алтынайға бір бөлме бұйырды. Алтынайдың еңбекқорлығын, әртүр­лі қызықты идеяларға толы болмысын байқаған цирк басшылығы оны менед­жерлікке, сосын жүргізушілік қызмет­терге ауыстырды. Алайда, осы қызметін жал­ғастыра жүріп, Алтынай өзінің негізгі мамандығы – журналистикадан қол үзіп қал­мау үшін радиода да қатар жұмыс істеді. Сол жылдары жаңадан ашылған Радио-ситиге оны қызметке шақырғанда, қазақ тілінде тартымды бір бағдарлама жасауды аңсап жүретін ол бірден әуе тол­қынында «Алтынаймен бірге» бағдар­ламасын дүниеге әкелді. Бірақ, аз жетістікке алданатын Алты­най ма?! Ұдайы үлкен өнер туралы армандайтын ол құдайдың берген қабілетіне қиянат жасап жүргендей көрінетін. Күндіз-түні тынбай, бірнеше жұмысты қатар алып жүргенде де, әрең де­генде қолы жеткен қаланың қақ орта­сындағы ұядай пәтері, бәрі-бәрі оны алдандыра алмады.

Сөйтіп, 2001 жылы жыл басында ап­тығып келіп, жаңа идеясымен бө­ліс­кен-ді. Бұрын-соңды Орталық Азия­ның цирк өнерінде болып көрмеген жа­ңа нөмір қалай жасалатыны туралы айт­қанда Алты­найдың көздері жанып кетті. Қуанса жанарынан шоқ ұшқындағандай әсер қалдыратын. Ең бастысы, бұл нөмірді қазақ цир­­кіне алып келу үшін аса қомақты қара­жат керек еді. Сондықтан ол маған сол кезде қолдан келмес шаруа сияқты көрін­гені рас. Кім армандамайды?!

Алайда, Алтынай айтып қоя салатын адам ба, араға санаулы күндер салып: «Нартәуекел, мен сол нөмірді жасау үшін пәтерімді сатамын. Басқа жерден қаржы көзі табылмай тұр. Басымда баспанам жоқ, балалы жұмыссыздардың күнін кешкенде де аштан өлген жоқпын. Кейін өмір бойы өкініп жүргенше бағымды сынап көрейін де…» деп қарап тұр.

Оның бұл шешіміне талып қала жаздадық. Басынан кешкен талай тау­қы­метіне куә болған біздер бір бөл­мелі пәтерін екі бөлмеліге енді ғана кеңейтіп, жаны жайланғандай болған Алтынайға үйіңді сатпа деп өлердегі сөзімізді айтқанымызбен, ол айналасы бір айдың ішінде пәтері мен бар іске татыр дүниесін сатып, жаңа нөмірді жасау үшін Мәскеуге ұшатын болды. Халықаралық әуежайдан ұшаққа шығарып салу үшін бірнеше достар барып, көңілдендіріп тұрдық та, ол тір­келуден өтіп ұшу залына беттегенде жүрегім дүрсілдеп, көзіме жас келе бастады. Ол да осыны алыс­тан сезгендей дауысы дірілдеп:

– Айнаш! – деді қол бұлғап. Неге екенін білмеймін осыдан кейін ет-бауырым езіліп, көзімнен жас парлап кетті.

555– Жаным-ау, бір жапырақ болып қайда кетіп барасың? Не деген тынымсыз жан едің? Енді сенің жаныңа не керек? Жаратқан Ием, қарғадай бір қызға қамқор бола гөр! Ұры-қарыдан, жаман адамдардан сақта! Арманына жеткізе гөр! – деп іштей Аллаға жалбарынып аспанға біртіндеп көтеріліп, ұзап бара жатқан ұшақтың артында қала бердік.

Осыдан кейін де шетелдерге Алты­найды жүз рет шығарып салып, жүз рет қарсы алдық. Күліп-ойнап кетеді де, артынып-тартынып елге оралатын. Бірақ, сол күні неге егіліп жыла­ғанымның мәнін енді түсіне бастаған сияқтымын. Осы өнердің жолында құрбан боларыңды қу жүрек сезді ме?

Сонымен, біз күткендегідей Ресейдің кісісі құмырс­қ­а­­­­­дай құжынаған мегаполис қаласында арман қуған қа­зақтың бір жапырақ қызы адаспай, араға айлар салып, жадап-жүдеп қайтып келді. «Қалай?..» деген біздің күдігі мол сұрағымызға ол нөмірдің бейнетаспаға жазылған алғашқы сұлбасын көрсетті.

Осылайша, Алматыдағы Үлкен Қазақ циркі тамаша нөмірмен толықтырылған еді. Бүкіл Орталық Азияда бұрын-соңды бол­маған бұл жаңа цирк өнерінің сиқыр­лы-трансформациялық үлгісін елімізге әкелген, бұрын өнер әлемінде аты естілмеген Алтынай Байтоқанова еді. Алтынайға алғашқы кішкентай кө­рер­­мендері, тіпті, ересектердің өзі де таң­даныс білдіріп, нөмірдің құпиясын ұға алмай: «Сіздің сыңарыңыз жоқ па? Көз алдымызда тұрып көйлектеріңізді қалайша ауыстырып үлгересіз», деп қызығушылық білдіретін. Сахнада ауыстыратын сиқырлы көй­лек­терінің жетіншісі – ол билеп жүріп, бір мезетте еліміздің көк бай­рағына оранады да, ту тарқатылғанда жарқырап жалау түстес көгілдір көй­­­лекке малынып шыға келеді. Көрер­­мендердің ризашылықпен қол соғатын тұсы да осы сәт!

Адамның жаратылысы қызық қой, біреулер ішіп-жегеніне, біреулер күнінің өткеніне мәз. Енді біреулер зымырап өтіп жатқан уақытпен алысып, арман-мақсаттарын жүзеге асырумен әлек. Ал менің сол тұста ұққаным, кісі дегеніне жету үшін ғайыптан бір ғажайыпты кү­­тіп отырмай, тәуекелді желқайық етіп, Алтынайша жүзіп кету керек екен.

Осылайша, жаны бір сәтке де байыз тауып көрмеген Алтынайдың бала күнгі бір арманы орындалды. Өзінің әдемі бір әлемін ашты.

Кейде ұзақ түндер ойлана келе Алты­найдың осы өнерді таңдауының сырын балалық шағының түкпірлерінен де іздеймін. Көпбалалы отбасында туған, атасы мен әжесінің қолында өскен, ата-ананың мейіріміне толық қанбай, жақындарының қамқорлығын аңсаған ол оны өз өмірінен де таба алмай, сол өлшеусіз ықыласты өнерден іздегені ақиқат. Сөйтіп, әлемге Алтынайдай жаратылысы бөлек жан бар екенін көрсеткісі келді. Сан алуан көйлекке малынып, жасырынып жатқан сұлулығын паш етті. Ұсқынсыз үйрек балапанының кейін сыланған аққуға айналатыны жайлы ертегідей, қазақтың ару қызы өзін өзі жасады.

777Ол сөзсіз талантты еді. Қандай тірлік­­ті қолға алса да түбіне дейін жеткі­зіп, мінсіз болып шыққанын қалайтын. Оның ісмерлігі мен сурет салатын өнері бар екендігі өзіне ғана аян. Кейін иллюзиялық шоуды жасағанда да оның құпиясын ашып алмау үшін ғажайып көйлектерді өзі тікті. Әрбір тасына дейін өзі қадады. Әлі есімде, бірде кештетіп үйге келіп, әңгімелесіп отырып,  жұдырықтай ғана жіптен қырқына шықпаған менің Құралайыма әп-сәтте әдемі шұлық тоқып тастағаны бар. Бұл оның көп қабілетінің бірі ғана болатын. Көз майын тауысып, таңды таңға ұрып, таңғажайып маталардан өнер жасады.

Тамаша аудармалар жасады. Кейінгі жылдары айтулы мәдени шаралардың сценарийлерін жасап жүріп, әйгілі хит әндердің қазақша мәтінін жасады. Өлеңді ақындық қабілеті бар, тіл байлығы бар адам ғана нәшіне келтіріп, буынынан ауытқымай аудара алатыны ақиқат қой. Алтынай түн ортасында кейде оятып, аударған әнін айтып бергенде, ұйқыға бір табан жақын мен ашуланып тұрғанымды ұмытып кетіп, кейбір жолдардың түпнұсқадан да жақсы шыққанына қайран қалып, қосыла қуанатын едім.

Екі тілге де жүйрік Алтынай Швей­царияда, Италия мен Түркияда келісімшартпен айлап өнер көрсетіп жүріп, осы елдердің тілін де тез меңгерді. Сол баяғы еңбекқорлық, сол баяғы намыс. Ең болмаса, өз елінің атын, қай­дан келгенін, өзінің нөмірін таныс­ты­руды үйренемін деп жүріп, бірнеше тілді қоса меңгеріп алды.

Қызық, өзімен сыралғы емес адамға ол бір қарағанда бас­қаша да болып көрінетін. Әрине, Алтынайда мінез болды. Егер ол мінезсіз болса бұл биікке шыға алмас еді. Аң­қылдап-жарқылдап отырса да, айналасындағылардың қас пен қабағындағыны аңғарып, алыстан ойлап отыратын. Әйтпесе, отыз жасында адам мұн­дай өнерге келе ме? Цирктің кез кел­ген жанры адамдардың балалық ша­ғын ұр­лайтыны ақиқат қой. Цирк май­тал­ман­дары күндіз-түні жаттығып, машық­танып, жастық шағын сарп етпей ме? Осылайша, Алтынай басқалардың онда­ған жылдар бойы жасай алмайтынына талантымен, қажырлылығымен бірнеше жылда жетті. Оншақты жыл ішінде өнер­дегі танымал адамдардың біріне ай­налды. Бірегей ешкім қайталамайтын өнер жасады.

Адам қандай кәсіппен айналысса да оның шыңына жету керек деп есептейтін Алтынай Қытайда өткен Иллю­зионистердің халықаралық фестивалінде Гран-Приді де жеңіп алды. Әлемнің түкпір-түкпірінен «сен тұр, мен атайындар» келіп жатқанда оның жүрексінсе де жеңілмегенін көріп таңғалмау мүмкін емес еді. Бас жүлдені жеңіп алғанда қуана-қуана sms-тер жіберумен болды.

Алайда, мен үшін сол жолы жұмбақ болып қалған жағдай бар. Ел өнері үшін ерекше оқиғаны жерде қалдырмай, баспасөз мәслихатын ұйымдастырып, сүйінші сұрамақшы болғанбыз. Ол бірақ, ұшаққа отырар алдында өте көңілсіз хабарласып: «Өзіміздің тамақты сағындым. Журналистер де, ешкім де керек емес. Достарға да бүгін келмейді екен деп айтарсың» деді.

888Сонымен бүкіл Қытайды таңдан­дырып келген қызымызды екі-үш адам ғана қарсы алдық. Түнделетіп келген Алтынай фестиваль туралы, қиын болғаны жайлы қызықты әңгі­мелеп отырса да, көңілі пәс болды. Алып келген жүлдесін, дипломын, суреттерін тамашалап көріп отырдық. Әлемдегі ең әйгілі Монте-Карлодағы иллюзионистердің «Магия жұл­дыздары» деген фестиваліне шақырту алыпты. Ал бұл Алтынайдың екінші арманы болатын. Кез келгенді есігінен сығалата бермейтін аса беделді фестивальға қатысу осы өнердің шыңына шығудың белгісі болатын. Бұл фестивальға алып Ресейдің өзінде арнайы шақырту алған өнерпаз саусақпен санарлық еді. Бірақ, өмірі  шаршамайтын Алты­най сол түні шаршадым деп жатып қалды. Таңертең ол маған түнімен жылап шыққандай көрінді және неге екені, бұл жайында тіс жарғысы келмеді. Одан кейін көңіл күйін қайта бұзбау үшін қазбалап сұрауға батпадым. Не­ден көңілі қалды екен деген сауал маған көпке дейін тыныштық бермеді. Ешнәр­сесін жасырмайтын Алтынайдың бір сыры ішінде кетті. Бас жүлде алып кел­гені туралы баспасөз мәслихатын ке­йінге ысыра берді, ешкімді көргісі келмеді.

Дегенмен, Алтынайдың осы өнердің иесі мен киесі бар екендігіне уақыт өте келе көзі жете бастады. Бір жағынан Алтынай осынау соқпаққа кездейсоқ түсті деп те айтуға келмес. Өз өмірін өзі кейде саралап, салмақтап отырған кездерінде санасының түкпірінде бір тылсым осы өнерге біртіндеп жетелеп келгенін де түсіндірмек болатын.

Бірде тығырыққа тіреліп, қиналғанда Жамбыл бабаның басына барып қайтайықшы дегені. Шетелге де кете алмай, Алматыдан үй ала алмай әрі-сәрі болып жүрген кезі. Сөйтіп, Астанадан келген досымыз Жаннаны алып, Ұзынағаш жаққа тартып кеттік. Сүліктей қара көліктің рөлінде өзі. Сұрастырып жүріп, Жамбыл атаның басына да жеттік-ау. Алланың құдіреті, жылдың қай мезгілі екені дәл есімде жоқ, тура атамыз жатқан жерге келгенде аппақ қар жауып кетті. Әйтпесе, бұл қар жауатын мезгіл емес бола­тын. Алтынай аспаннан үлпілдеп түсіп жатқан қарға қолын тосып: «Құ­дайға шүкір, жолымыз болады екен!» деп қуанды. Сол жерде дұға білетін кісілерге құран оқытқызып, кері қайтуға жиналдық. Таңғаларлығы, қар Жамбыл ата мен Нұрғиса Тілендиев атамыздың айналасына ғана жауып тұр. Қақпадан бері шыққанда бәрі сап тыйылды, қар түгілі аспанда бұлт та жоқ.

Сәл бері шыққанда алдымыздан дүр­кіреп жылқылар кесіп өтті. Алтынай бұған тағы қуанды. Алматыға келгенде зарықтырып күткен қуанышты хабар да келіп жетті. Қай мемлекет екені дәл есімде жоқ, бір елдің продюсерлерімен сәтті келісімшартқа отырып, Италияға аттанып кетті. Қайтадан баспаналы болу үшін баласын тұмсығымен тістелеп, кете барды. Бұл жылдары бізде өнердің кез келген түрі арзан еді. Мүйізі қарағайдай жазушылар қаламақы алмайтын, маңдайға біткен өнер жұлдыздары той жағалауға мәжбүр болған кезеңдер…

Өмірі қанша қиын болса да Алтынай жарқырап жүретін. Айналасындағыларды күлдіріп, шаттандырып отыратын. Қалжыңқойлығы керемет. Аяқ астынан импровизация жасап, спектакль қойып жіберетін. Үйге кіріп келгенде мереке-базар қосыла аттаушы еді. Менің балаларым Алтынайдың әрбір сапарын сағына күтетін.  Аяз Ата ертегінің есігін ашып кіріп келгендей, базарлықтың түр-түрін ұстатқанда балаларым: «Алтынай тәте менің дәл осы нәрсені алғым келіп жүргенін қайдан біліп қойған» деп сыйлықтың өзіне емес, керек нәрсесін айтқызбай алып келген тәтелеріне таң қалысып жататын. Аңғарымпаздығы ғой.

Ол күлдіріп отырып жылататын, жылатып отырып күлдіре алатын…

Алтынай бұл өнерге тым кеш кел­геніне өкінетін де еді. «Он жасымнан, тіпті, он сегіз жасымнан келгенде тау төңкермесем де, соған жуық істерді атқарған болар ма едім», деп күрсінетін. Шетелдерде 30-ға жуықтаған адамдар бұл өнермен қош айтысып жатса, ол жиырма тоғыз жасында келді.

Ұлтшылдығы бір бөлек. Еуропаны аралап жүріп, Шығыс пен Батысты шарлағанда адам өз ұлтымен ғана қадір­лі, өз болмысымен ғана бөлек екенін сан рет ұғып, оларды ешнәрсемен таң­ғалдыруға болмайтындығына көзі жеткенде қазақ болып қана ерекшелене алатынын білді.

«Менің өнерім – қазақтың құда қор­жыны сияқты, ашқан сайын ішінен інжу де, маржан да, түрлі-түсті мата да, бәрі шығады. Ал бұл өз ұлтыңның барын көрсетудің таптырмас жолы» дегенді ұдайы айтып отыратын.

Айтқандай, Алтынай 2010 жылы Иллюзионистердің халықаралық фести­валінде Гран-Приді жеңіп алып, елге келгеннен кейін қытай халқының рухымен таныс оралмандар оған хабарласып, миллиардтан аса халқы бар Қытай жеріне барып алтын алып қайтқаны үшін алғыстарын айтып: «Олар анау-мынау сиқырға таңғала бермейді, оларда ондай сиқыршыдан көп нәрсе жоқ. Өздерінің ашпайтын жаңалықтары да, таппайтындары да жоқ, Сіздің мұныңыз ерлік болды» деген пейілдеріне балаша қуанып, мерейі өсіп жүрді.

Айналып келгенде, Алтынай жаны қалаған жолды тапты. Қандай қиындық көрсе де, ол үшін ешкімді кінәлаған жоқ. Ешкімге міндет артпады, кісіге алақан жаймады. Керісінше, кейін көп адамға көмектесіп жүретін. Жақсы көретін адамына үйіндегісінің жартысын көтертіп жіберетін жомарттығы бар еді.

Өмірі де, өнері де, мінезі де өте күрделі еді…

Алтош-ау, Алтош, сені ойласам әлі күнге дейін жылаймын. Осы жолдарды жазып отырып та жыладым. Шешем өлгенде де өстіп жыламап едім.

Ол кезде ақымақпыз ғой. Қазір де ақылды болып жүргеніміз шамалы…

Өлгендер қайтып келмейтіне көзіміз жетті. Сағынғаннан жылаймын… Қайтып енді көре алмайтынымды ойлап жылаймын… Қадіріңе жете алмадық деп жылаймын…

Сенің жансыз денеңді күндіз-түні құшақтап отырып Жезқазғанға өзім апарсам да, жыл өткен соң барып қабіріңе қайта топырақ салсам да, өлгеніңе сенбеймін. Жабығып отырғанда телефон шалатын сияқтысың, күйзелгенде кіріп келетін сияқтысың.

Ажалмен амандастырып, сені Жезқазғанға әкетіп бара жатқан азапты жол әлі есімде. Жастығыңа куә болған, қуантқан да қамықтырған, отбасың мен ошақ қасың қалып бара жатқан аласапыран Алматыдан сені шығарып салуға көз көргендердің бәрі келді. Оны сезіп, көріп те жатқан шығарсың. Өнерде үзеңгілес болған, кейде бақталас, кейде тағдырлас болған танымал жандардың барлығы Алтынайдан айырылып қалғанына сенбеді.

Сені туған жеріңе алып бара жатқан қара көлік қозғалғанда жиналған жұрт, көз жасын жия алмаған көп қол шапалақтап жіберді. Бұл саған жасалған соңғы қошемет еді. Әрине, өнер адамдары арасындағы мұндай дәстүрді кейін күстаналағандар да болды. Ол кезде есеңгіреп тұрған ел ненің дұрыс, ненің бұрыс екендігін қайдан білсін?!

Біз білмеймін тылсым көп. Неге екенін ұқпадым. Балқаштан кейін жүрісі мандымаған көлікте сен Алматыдан кеткің келмей бара жатқандай көріндің. Тағдырыңды тұғырға көтерген бұл қалада қимайтының да көп екендігі ақиқат қой. Ілбіген көлік ақыры Қарағандыға кіргенде сынып тынды. Ой, Құдайдың құдіреті, мәйіт таситын біздің қара машина осы қаладағы бір Жерлеу бюросының маңына барып бұзылып, мүлде тоқтап қалды. Сенің ару денеңді Қарағанды мешітіне апарып, ақ көлікке ауыстырдық. Жаңа жүргізуші де жөн-жосықты білетін мұсылман азаматы екен. Сен сол кезде маған терең тыныс алған сияқты көріндің. Біреу білер, біреу білмес, соңғы жылдары сен имандылыққа бет бұрған едің. Намаз оқып, садақаңды беріп, ораза ұстап жүретінсің.

– Сонда концерт пен концерттің арасында тоңқаңдап намаз оқып жүресің бе? – дейтін құрдастық күпірлігіме:

– Жоқ, а, бәрін жиып оқимын. Нұрлан қажыдан сұрадым. Дәрет алып, таза жүрсем, ниетімді таза ұстасам болады екен, – деп сабырлана жауап бергенсің. Мен тағы да қоймай:

– Кемпір болғанда оқимыз ғой, – десем:

– Өзің кемпір болғанда оқырсың, – деп күлгені бар.

Алтош-ау, Алтош, тәулікке жуық қаралы жолда мына кәллаға бар өміріміз сыйды ғой. Қоштасуға келген жұрт жаурап қалмасын дедің бе, Алматыдан шыққанымызда күн жарқырап тұр еді. 30 наурыз болатын. Алматыдан ұзаған соң ауа-райы алай да бұлай болып өзгере бастады. Қара аспан түнеріп төпелеп жаңбыр жауып кетті. Жаңа ғана көктем еді. Машинаны көл қылып жуып келе жатқан нөсер сенің көз жасыңдай көрінді. Содан кейін Жезқазғанға бұрылар жолда жездең қалғып кетіп, Қарағандыға кіріп кетіппіз. Бір қара түнек. Осылайша қайта таң атып, бәрі жайма-шуақтана қалған сияқты болған. Жезқазғанның жолына түскенде қарыс қадым жолды көрсетпейтін тұман басты.   Артынша тағы да ағыл-тегіл болып еңіредің ғой, Алтош. Мұндай да жаңбыр болады екен. Бір кезде бораған қар басталды. Бір жерде омбылап қалатын сияқтымыз. Шынымды айтсам, табиғаттың төрт түрлі мінезін көрсеткен бұл жол – сенің ұзақ та әрі қысқа, күрделі де қызық, ешкімге ұқсамайтын өмір жолың сияқты көріне берді.

«Арман-ай, арман-ай! Бір күнгідей болмады-ау, Өмірің сенің Алтынай, Арман қуған е-е-й, Алтына-а-а-й» деген мұңды ән болушы еді. Сенімен бірге келе жатқан досымыз, тай-құлындай тебіскен курстасымыз Ләззат Әміржанова ыңылдап осы әнді айтып, жылап келеді.

Енді Алла бізге жоқтау айтқызбасын! Мен бірінші рет жоқтау айттым, Алтынай. Адам жоқтаймын деп жоқтамайды екен. Ішіне өкініш сыймағанда, қайғы көкірегіңді қарс айырғанда қасірет сыртқа өзі шығады екен. Қырық жасыңда, өміріңнің қырқасына енді көтеріліп, халықтың көзайымына айналып келе жатқаныңда сені жоғалтамыз деп ойлаппыз ба?! Осы жасымызда мыңдаған шақырым жерге жас мәйітіңді көтеріп апарымыз деп ойладық па?

Сен, әрине, бұған дейін де сырқаттанып жүрдің ғой. Ауырсаң да қиналсаң да орныңнан тұрып, шапқылап кететінсің…

Сені ауруханада соңғы рет көргенімде екеуміз 4-5 сағат отырып, әбден сырластық. Жібергің келмей, Жезқазғаннан жездең беріп жіберген қымызды ішкізіп, қасыңдағы бос төсекке жатқызып қойдың. Мен әбден бапталған қымыздан басым айналып, жаныңда жатсам:

– Сені өстіп мас қылып қоймаса кетіп қаласың. Тұрсаң болды қазір ГАИ ұстап алады. Жат осылай! – деп күлдің. Түріңе қарасам қордың қызындай албырап отыр екенсің. Сосын мен де қарап қалмай:

– Жұмыс-жұмыс деп өлесің бе? Емделіп, демалып ал. Сені өстіп жатқызып қоймаса жансебіл болып жүре бересің, – дедім. Соның алдында ғана бір жекеменшік ауруханадан қашып шыққандай болғансың, соған ренжідім.

– Мен жатып қалсам баламды сендер асырайсыңдар ма?..– деп ренжідің.

Осыдан кейін Алтекең әңгімені алыстан бастады. Балалық шағын айтты, курстастарды еске алды. Бірінші курсқа қабылданған кездегі қызықтарды айтып, күліп отырған ол мұңая қалып, ақымақ болыппыз ғой деп, жастықта жаңылыс басқан жерлерін санамалап отырғандай болды. Содан қайтадан ортақ достарға оралып, әрқайсысы жайлы уайым білдіріп, өкпелесіп қалған жақын бір құрбымыз жайлы сырластық. Алтынай:

– Қандай жындымыз иә, өмірден міні жоқ адамдар іздейміз. Дос дегенді қандай кемшілігімен болса да қабылдау керек екен… – деп күрсінді.

Осылай жатқанымызда түн болыпты. Бұл біздің соңғы көрісуіміз екен ғой. Соңғы рет сырласып отырмыз деп ойладың ба сен?!. Соңғы рет сені көріп отырмын деп ойладым ба мен?!.

Бақұлдасып отырғанымызды білдік пе, қошақаным-ау…

Айнаш ЕСАЛИ

 

Сайтымыздың жаңа мақалаларына жазылыңыз

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

.