Нұрлан Сәдір: Баршылық-ау, менде де мін баршылық…

Нұрлан Сәдір

Нұрлан Сәдір

* * *

Кеше тамыз, жаз бітті,

Күзге бізді сүңгітті.

Табиғатты түрлі ғып

Өзгертеді Бір Мықты.

Зерттесе әрбір тасты егер

– Қайталанбас кестелер.

Құлпыртады қоймасын

Білмесі жоқ Хас Шебер.

Етек пенен балақтан

Тайпа, рулар таратқан

Жоқтан барды жасайды

Жалғыз ғана Жаратқан.

Тозбау – тауға тән қылық?

Уақыт уатар шаң қылып.

Тәуелсіз тек уақытқа

Шексіздік пен Мәңгілік.

Үлкеніне үйір дәм,

Торғайына – түйір дән.

Ырыздығын бұйырған

Аса Қамқор, Мейірбан.

Қалмаса елде пәк, арлы

Түгел жойған шаһарды.

Жаһанды ілген бір сөзге

Арашасыз Қаһарлы.

Күн үстіне түнді үйе

Дөңгеленер дүние.

Махабатқа малсаңшы,

Дүниеңді, Бір Ие!

 

* * *

Биліктен, сірә, безген жөн шырмалмай басың тұрғанда.

Құрығын ұстап құрғырлар асықпай торып жүр маңда.

Ер(і)кі бар жанды еретик, мықтыны мыстан қылғандар

Құнығып қана жүрсіңдер Құрандай сеніп құр лаңға.

Жаны бар,- десем жуандау, тірі жан болдың жалғанда.

Жалмаңдасаң жалмауыз, жалмаңдай бер, жалмаңда.

Араның жүрсе ашылып, аштықтан бір күн өлерсің

Жалтырап қалған жаныңда жалмауыз ғана қалғанда.

 

* * *

Сілкініп, сергіп, түлесем…

Жүзеге асса бұл – мықты ой.

Көмескі болған кеудемнен

қараңғы қашып, орнық, той.

Тарту ғып тәңір ұсынған

тағдырдың мына төрінде

Қамал алар қырықта

зорға отырсам – қорлық қой!

Иімей қойсаң, қу тірлік,

мен емес сенің баспағың.

Минордан гөрі мажорға

құштарлана бастадым.

Бетімді менің балшық қып

жібермей әзір тұрғанда

Жылауық жырдың жағасын

жұлдым да жыртып тастадым.

 

* * *

Ішіме менің үңілме,

Ін еткен оны ілкіден

Іріген менен шіріген:

Масылы түрі іріден,

Пасығы еті тіріден,

Бәрі де жаны сіріден,

Ұяты бар іске ұмтылсам

Соларға келіп сүрінем,

Талпынсам тағы ілінем.

Сабап та көрдім – сынбады,

Қамап та көрдім — қыңбады,

Басында жылы-жұмсақпен

Артынан, тіпті, шындады.

Жан жақын кезде мұрынға

Ашылып рухтың шын бағы –

Осал тұс тәнде ораза

Екенін ақыл ымдады.

Шалалау құлақ тыңдады.

Жасықтау сосын сын қылды,

Сәл уақыт нәпсі шыңғырды.

Қорықа кірген құлақтан

Ақылды көрмей дым құрлы

Жалтағын сылап-сипады,

Жуанын қайта сіңбірді.

Құлықсыз істің құны жоқ,-

Екенін тағы білдірді.

Жуасып қана жыр жүрді…

 

* * *

Оянсам егер ұйқыдан

жанымды тәнім жекпей ме?

Қамшыны аңсап тұрады

елжіреп кеткен ет кейде.

Жидым да жәннәт төсекті,

жуынғанды жөн көрдім-

Азаннан хабар жеткенде

ұйқыдан маза кетпей ме?

Тыңдамай «тыным жоқ» — деген

күңкілдек кейбір үндерді

Куәсің, рухым бір сәтке

тәнімді жеңіп үлгерді.

«Бере ғой» деуге бетім жоқ,

жаутаңдап едім шығысқа

Жасаған жазған құлына

тағы да жарық күн берді.

 

* * *

Түсіме кіріп қорқыттың, бөрі.

Ұлисың менің жанымды тырнап.

«Қайда барсам да Қорқыттың көрі»

Зымыран жастық, барасың зырлап.

Көңілді көрсем көзімді сатып,

Бақытты жандар — жаныма түрпі.

Сүйегім түнде өзіме батып

Езуден кетпей ызалы күлкі…

Бір де бір ісім жүрген жоқ оқсап

Көңілді қоршап қара мұң – шетен

«Бәрі алда» десе сұрамай ноқшап

Сөздерден сондай семіріп кетем.

 

* * *

Күйреді кеше тағы бір жоспар,

Күйзелме,-деді рухани достар.

Көлеңке жағын күнімнің ойлап

Көз сығып алды көңілі бостар.

Түзу, тар жол тұр, қисығы – кеп-кең,

Ымында жолдың «кел» менен «кет» тең.

Қолайсыз киім сапарға сынды

Әйтеуір, сені шештім ғой, шекпен.

Торығу төнді тасытып шерді

Күйімді-қаймақ ашытып берді.

Жантайып үйде жатуға біраз

Қадірсіз қонақ — жасықтық келді.

Көңілге қонса шаң, тозаң, көң…Үр.

Қожалақ болса ол несі көңіл?!

Арам тер болып түңілу түгіл

Мен саған әлі ғашықпын, өмір!

 

* * *

Әкеме

Кешір мені! Мен де сені кешірем.

Біздің сезім нәзік жіптен есілген.

Сол жіптерді ашуларға тарттырып,

Басу айтса қалушы едік сарт сынып

Есеңгіреп екі жаққа тараймыз

Батпан жүкті жүректерге арттырып.

Арта берсең адам түгіл есек те…

Мейлі сосын, өз-өзіңді кесекте.

Кешірейік, сен аспаннан, мен жерден

Кешіруге кештеу қалдық десек те.

 

* * *

Кірден әбден күс ең, білек,

Жүрек жүрген есеңгіреп.

Шүкір қазір, қорқам бірақ

«Таз қалпыма түсем бе?»- деп.

Хал көмексіз — мүшкіл. Қайғы.

Уағыз. Үміт ұшқындайды.

«Қосыларсың қатарға», — деп

Бір ой күнде мысқылдайды.

Жаным — көктем, құзыр еді,

Қазір тәнім–күз үреді.

Арқа тұтып бұны арсыз көз

Сөре жаққа сүзіледі.

Рухым әлсіз ұрын сәтте

Ойын ойға болады әпке.

Көлбеңдейді көз алдымда

Күлімдеген король-мәтке.

Жаңа бағыт, жаңа жалау,

Сәулем ертең болар алау.

Бекігенше бек сезімім

Бітпесеңші, Рамазан-ау!

 

* * *

Жол таба алсаң жаның да жай табады.

Бағдар болу — өмірдің заң, талабы.

Отанында оқсатар іс қалмаған

Алуан ағым еліме анталады.

Ақыл-білім іздемей талаптанып,

Динар шатыс дінменен жарақтанып,

Құдай берген жер ғой, — деп мұнайлы елді

Бауырларым барады арабтанып.

Шивасы үшін шақырған бас қиюға

Шерменделер еліме шақ сиюда.

Мантраға малынған аз болғандай

Йога болып қаншасы қақшиюда.

Айналдырған ләззатты бас піріне

Есірткіге арбалса жас тірі ме?

(Боялған боқ боқ күйін жоя алған жоқ)

Көбі бодан Батыстың дәстүріне.

Бәзбіреулер «Көк – Тәңір, бал, құт» — деді.

Көңіл – сатқын, барады балқып шегі.

Құлдырауға түскеннен «Күн — дырау» — деп

Қылбұрауда жатқаның артық-тегі.

Арамзаға табылмай зындан мында,

Арты ойбай дін енуде жылдан жылға.

Алтын толы сандыққа отырып-ап

Бақыр дінге алданып жындандым ба?!

 

* * *

Қоржынымда жанымды селт еткізер болмай жыр

Кеуде – қуыс, қан – суық, басым – ауыр, сондай зіл.

«Ниет түзу болғанмен қауқарсыз,- деп қимылың»

Өз-өзіме көңілім қоңылтақсып толмай жүр.

Ақыл, маған ақырмай қателессем «Тек!» деші,

Жаңа түскен дән-дінім ақырындап көктеші.

Жүрек, жүргіз билікті жалтақтамай жан-жаққа,

Жер иіскеген құйрықтың болмайды Көкте ісі.

 

* * *

Зорлық көріп замана күштерінен

Ұрыламын, тырналам, тістелінем.

Талдап көрдім, түсіндім, бұның бәрі

Жасап кеткен кезінде істерімнен.

Қақтығысқан ойларым қараң-құраң,

Сондықтан ба енбейді бойға Құран.

Қайдан кірсін? Кірленіп, күңкілдеген

Толған болса жүрегім ойларымнан.

Аяп жүрген жоқ Құдай сый құлынан,

Бар нәрседен бір күні кетеді мән.

Жала жауып тағдырға не қылайын,

Қырсық, кесір бәрі де пиғылымнан.

Кір, дақтарды байқаймын жиі етімнен,

Күйден шығар, жұқпайды күйе түннен.

Күңірену күлумен қатар тұрса

Бәрі-бәрі өзімнің ниетімнен.

 

* * *

Шындық жаққа мен де, шыным, шорқақпын,

Мендейлерден жақындайды Ортақ Түн.

Зор болмасам, қор болғаным деп білем

(Тарс ет, талақ!)

Себебі мен қорқақпын!

Алшаң басып, жалын шашып жүрмесем,

Неге кердім қабырғасын құрсақтың?!

«Тұлмын» — деген керегі жоқ бұлтақтың,

Туа сала сен Алладан нұр тақтың.

Бар құндыңды жұлып алды жуандар,

Себебі сен (ал, шарт етші!) қорқақсың.

Дым білмеген болып ертең егілме

Дүбіріне қатыспасаң бұл шақтың.

Әңгіме айтсам егер бір сәт жалтақсыз,

Туып қалар таяу шақта Ортақ Күз.

Күз дым да емес қаһарланса Ортақ Қыс,

Кінәліміз, себебі біз – қорқақпыз.

Енді бізден қайыр, сірә, шамалы,

Жұбайыңа жүрегі бар ұл тапқыз.

 

* * *

Сәт те жақын сөгетін көбесін күн,

Ал мен әлі келеді шөге тұрғым.

Алдап, қайрап өзімді, көзімді аштым,

Тұрдым міне,

Мақсат не?

Неге тұрдым?

Еміреніп, шуағын егеді күн,

Ал көңілде неғып тұр көне кірбің?

Аттанғанда шаттанбай мұраты не?

Топырақты таптау ма?

Неге жүрмін?

Үйден шықтым,

Қайтадан үйге кірдім,

Іс – нүктесіз, тағы да күні үтірдің.

Жерге тиді жамбасым, бас жастыққа,

Қорыл жақын, қорқамын!

Не бітірдім?!.

 

* * *

Баршылық-ау, менде де мін баршылық,

Олар кеше кіп-кішкентай талшыбық.

Енді, міне, болып шықты бөрене,

Сүйреп келем қара терге малшынып.

Бағым ба әлде, сорым ба әлде бөрене?

Жолатпайды марғасқа мен төреге.

Әр, алтынды тиеген бет, есекті

Бөрене артқан меннен артық көре ме?

Бұл ағашта ағаттық бар, ақсау бар.

Есіл уақыт, еріншектік, қақсау бар.

Сұлу қылам дегені ме салмақты

Құрылып тұр алда өрнегі жақсы аулар.

Кейде ағашым арықтайды, жұқарып,

Инедей бір игі ісімнен мұқалып.

Тек әттең-ай, «көз тиер» деп қорқам ба

Көп алысқа бара алмайды бұл қалып.

Бөренені жағу қайда отпенен,

Жұта алмайды жер-судағы көп терең.

Бар пәлені парша қылып беретін

Бұл жолы дым бітірмейсің доспенен.

Соға алмайсың (ағаш қой ол!) токпенен,

Қайтып келер атсаң егер оқпенен.

Қуам десең күні бұрын сотпенен

Ол сабазың жуандайды өкпеден.

Күл боп ертең кетсін десең бөренең

Құдай сүйген істер керек көптеген.

Қабірстан Күн көруді ойлап ем:

мұңсыз, зілсіз, ызғарсыз

Даңққа қоса дағы бар

болып шықты күн арсыз.

Бұдан көңілім қалғанда

жазба ілінді жанарға

«Біз де Сіздей болғанбыз,

Сіз де біздей боларсыз!»

Төмпешікті тасалап тұрған қайсың?

Елсің бе?

Жаза бастым.

Ғафу ет, қабірстан, сенсің бе?

Келген сайын бір жанға қайтатұғын азайып,

Баяу келіп асығыс кететұғын жерсің бе?

Жақсы-жаман ісіңе жауап берер жақпысың?

Бір алғанды қайтадан шығармайтын сақпысың?

Жалаңаш кеп жалғанға қайтар тағы киімсіз

Сыртқа тастап дүние, бала-шаға, бақ құсын…

Ажал десе әркімнің қабағына қонар мұз.

Әй, адамзат, тоңбауға тозбайтұғын тон алғыз.

Игі іс – ине, сөзің – жіп. Өз тоныңды өзің тік.

Сіз де біздей болғансыз, біз де Сіздей болармыз.

Жар болсыншы Бір Жалғыз.

 

* * *

Аласұртып қойса да аласарма,

Мойып, жүнжу жігітке жарасар ма?

Өзі берген қу жанын ұлы күштер

Келіп алсын, шақырса бара салма.

Кеме-амалдан айрылып шара-салға

Ие болсаң тағдыр-су қарасар ма?

Кім біледі, ұруға құштар шығар

Құдай, мүмкін, артынан қарасарда…

 

* * *

Рух шабыттан ісініп тән өкпеден

Кездерім бар: жан – дербес, бөлек – денем.

Сеніп суып, Махаббат менсінбесе

Жүдемеспін – Үмітпен қоректенем.

Көңілімде Түн ұзап, Күн қысқарып,

Көзде сәл от кеудеде тыныс қалып

Медет сұрап Тәңірді мазаламай

Уақыт емші, мен тұрмын жұмыс салып.

 

* * *

Ұйқы басты, қалмады жанымда ырық,

Жылытқанмен бола ма кепкен ойды?

Қараңғыда қаумалап қалың әріп

Қасақана қасымнан кетпей қойды.

Жағалап жүр жыр мені, жасырмайын,

Көзден кетті азайып асыл майым.

Жынды болып кетуге жақын жүрмін

Тыным берші, тірлікке бас ұрайын.

 

* * *

Май түгіл бітпе, құрым ет,

Құнықтым – бітті, құрыдым.

Аяма мені, Құдырет,

Құлқынның мен де құлымын.

Жанарды жалғыз май қаптап

Жоғалтсам жанды тайғақтап

Уа, пірім, мені соттарда

Қаны жоқ, — деген айғақ тақ.

Жас емес көзден қан шықса,

Шырылдап шыбын жан шықса

Жүре бер соры қайнаған,

Құйрығын қысқан қаншықша!

 

* * *

Қара термен жуынған жөн көкірегің кірлесе,

Санаңдағы шаң-тозаңды дұғаменен үрлесе.

Тұрып қалған судай болып тежелгесін дамуым

Ішімде ит өліп жатыр – біреу емес, бірнеше.

Жалғыз маған жұт жетеу де, басқаларға жалқы ма?

Лайықтайды тағдыр жүгін қарап шама-шарқыңа.

Бір заңдылық тауып алдым тарих томын ақтарып,

Сүйіктісін сүмірейту – Жаратқанның шарты ма?

Кінә меннен өлеңім оймақтай ой салмаса.

Қарын-қимыл талақ-ой туа алмаса жармаса.

Маса жырым мазалап, салмақ салып санаға

Ыза қылып ызыңы құлағыңда қалмаса.

 

* * *

Тірлігім түрлішелеу,

кей күні сазды бір ән,

Қорегім қара сөз боп

ертеңі лажды қылам.

Сүйкенсе сәулелі мұң

құлпырып шыға келем,

Қайғының көбі, сірә,

уайымның аздығынан.

Әлі де жалғыз жүрмін,

осыным жосық п(а) екен?

Сипаған алақаннан

қашады шошып шекем.

Сақталу қиын болар,

жылыған сайын райың

Сіңсін деп, Өмір, тұзың

етімді осып кетем.

 

* * *

Құдай берді, құлай берді.

Алу маған ұнай берді.

Шек қайда?

Аз иманым, ойлағаным –

Тек қара бас, тек пайда.

Әдепсіз ой, дәретсіз бой

Қажетсіз ғой, білемін.

Білем және жүрісімді

Жаратпайды жүрегім.

Паналадым оңашаға,

Осы халім тамаша ма?

Кешіп көрдім күнді кеше

Ескіше де жаңаша да

(Ет ширады, сана — шала)

Қырсықтығым – есекке жүк,

Қисықтығым – кесек мүлік.

Есек өлсе түйе алам, — деп

Күнде жүрем есеп құрып.

Ақыл – ойға дұрыс тығын.

Иә, тығыным, тырыс бүгін.

Игіліктің аңсап жүрмін

Тым ыстығын — тыныштығын.

 

* * *

Исатай жасау рецептісі

«Арыстан еді-ау, Исатай!

Бұл фанидің жүзінде

Арыстан одан кім өткен?!»

Туғаннан бері Арыстан

екі жүз жиырма жыл өткен.

Аспаның алуан жұптарды

астына сансыз түнеткен

Перде ғып күнді түнерткен,

түк шықпай бұндай тілектен

Тоқтады.

Ерлер шығады

төменнен емес жүректен…

Ау, мүмкін, еттің аздығы –

бүгінгі жанның жазығы?

(Ол кезде «бір қой – бір ердің, —

демей түстік азығы»)

Солай-ау деуге, қой түгіл

қоғамды жейтін «жайсаңның»

Гендерге сәйкес бикесі –

қозғалтпас кендір- қазығы?

Арыстан табар әр жүкті,

ол кезде, бәлки, дін мықты?

Аруағын ердің асырар

сол діннің мәнін кім ұқты?!

Ақылын қайдам, сақалы

сан орап алар көп қазір,

Аузынан Алла түспеген

туады неге ынжықты?

О заман ауа тап-таза,

қазір ғой газдан жөтелген,

Сондықтан бәрі «қырлысын»

денсаулық үшін көтерген.

Іш-сыртын сылап, сипаған

кей кезде неге ит адам?

Келбетін күткен көкемнің

«ішінде неге ит өлген?»

Исатай жасау амалын

іздедім, бірақ таппадым.

Табар ем көзім ашылса,

саңылау қазіп шап-шағын.

Жұқсайшы,– деймін, бабадан

бір тамшы қойған ат үшін

Жақия деген ұлымның

жалаған кезде қаспағын.

«Арыстан еді-ау, Исатай!

Бұл фанидің жүзінде

Арыстан одан кім өткен?!»

Туғаннан бері арыстан

екі жүз жиырма жыл өткен.

Ғайсаның атын иемденген,

келгенін айтып шыр еткен

«Бодан» деп бізді басынған

сол кезде қатты дір еткен

Ер мен жырлар туады

жүректен шыққан тілектен…

 

* * *

ҚЫЗ БЕН МҰЗ

(Желтоқсанның қаһарман қыздарының құрметіне)

 

Ақ тағынан ағамды алды –

алаң бүгін алаңдаулы.

Көнбіс, көптен бұғандаулы,

айта ала ма бодан дауды?

Жетер жаттың басынғаны,

намысы бар жасың, қані?!

Қан төгілсе қымтайын,- деп

аспаннан қар жаман жауды.

Алаң қатты бағылуда,

алаңға жұрт ағылуда.

Өшті,- деген намыс оты

жүректерде жағылуда.

Бар екен ғой қан бойымда,

құрбан жаным бұл ойында.

Деп кемпір-шал «а, Құдайлап»

тәубе қылып, аһ ұруда.

Тақ таңғаны сүйген бе еді?

Халық оған үйленбеді.

Ордалықтар күйбеңге енді:

жарлық, жасақ, сүймен келді.

Тиеп алды «темір атқа»

тоқпақ, темір тигендерді

Шыбын жанын шындық үшін

шүберекке түйгендерді.

Тәнін темір жаншып болды,

рухты реттеу мансұқ болды.

Шарасы мен шеңгеліне

жендеттердің қан шып толды.

Көкжалдарын жайратқасын,

іске қосты жайлап басын,

Көк бөріні өрбітетін

қауіп енді қаншық болды.

Кімге бүйтіп шүйліккен ең,

жақпай қалды билікке нең?

Қарсы алады қала сырты

қарындасты «сыйлықпенен».

Зорлап, қорлап бұрымдыны,

ал рухына «Қырғын күні»

Бұйрық берер күші болмай –

ісі болды құйрықпенен…

…Қыз астынан бу атады,

құздар қызды жұбатады:

«Ертең Сізге таң атады,

шуақ мұзды қиратады.

Куә болар мұнда біз бар,

қуаратын қара жүз бар,

Ынтық болмай Сіздерге ызғар,

ышық Сізді ұнатады»

Көккөз көсем, көк мұз, көтен –

бір диалог алабөтен.

Тағылмаған жала да кем,

жала сияр дала да кең.

Жалап кеткен жатырын мұз

қуанта ма батырын қыз?

Әлі құрып түні бойы

әлди енді сала ма екен?

Қыздан ерлік ел күтеді,

ер мен етек бірге тегі.

Әр қыз бізге жалғыз еді,

әр қыз бізге бір құт еді.

Қызуыңнан, қарындасым,

тоқыраудың тоңы кетті,

Құрсағыңа ұл бітпесе

жүрегіңе нұр бітеді!

Сайтымыздың жаңа мақалаларына жазылыңыз

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

5 пікір

  1. рысжан :

    жақсы жазыпты

  2. жазира :

    жаксы жазыпты окуга болады

  3. айжан :

    керемет жазыпты

  4. Болат :

    жақсы жазыпты,қаламынан жалнды жырлар төгіле берсін…

  5. Биб!ш :

    «Ер(і)кі бар жанды еретик, мықтыны мыстан қылғандар»— еретик деген соз бар ма ед! б!зде

Пікір жазу

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

*


8 + 2 =

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <s> <strike> <strong>