Гүлсара ЕРМҰХАНОВА: Өмірлік ұстанымым — шынайылық пен ізденіс

Гулсара Тилеумухановна

Гулсара Тилеумуханкызы

Гүлсара Тілеумұханқызы Ермұханованың педагогика саласында еңбек етіп жүргеніне қырық жылға жуық уақыт болыпты. Алматы қаласы Әуезов аудандық білім бөлімі бастығының орынбасары қызметіне дейін қарапайым мұғалім, сынып жетекшісі, онан соң тәрбие ісінің меңгерушісі, оқу-тәрбие завучы сияқты педагогика саласының басшысы өтуі тиіс барлық кезеңнен абыроймен өтті. Қиын да қатал өмірдің сан-алуан баспалдақтарынан сүрінбей өтіп, өз орнын адаспай тапты. Өмірге деген көзқарасы өте терең, жан-жақты білімді де білікті басшының сөз саптауы да, әңгіме айтуы да, өзін-өзі ұстауы да ешкімге ұқсамайды, өзінше ерекше. Екі тілге бірдей суша ағып тұрған Гүлсара Тілеумұханқызы сөйлегенде жан-жағына «позитив» — жақсы энергия шашып тұрады, мінезі де ашық-жарқын…

Әңгімесін өзінен сұрап білейік…

Тұлға болу неден басталады?

– Менің өмірлік ұстанымым – шынайылық пен ізденіс және де тоқырап қалмай алға ұмтылу. Кәсіп таңдау мен мінез-құлқымдағы қасиеттерім үшін отбасыма, ең алдымен әкеме қарыздармын. Әкем – ақжарқын да шынайы, сонымен қоса жауапкершілігі өте зор кісі.
Педагог болуды армандаған жоқпын: билегенді ұнаттым, тәп-тәуір көркемсөз оқитын өнерім болды, әдебиет пәнінің оқытушысы Тамара Владимировна Те деген ұстазымды «құдайдай» көрдім, солай бола тұра, арманым – Любовь Шевцова сынды әртіс болу еді. Менің, тіпті сол кезде Ленинград мәдениет институтына жолдамам да болды, алайда дәл осы сәтте жақындарым маған қарсы «соғыс ашты», олар менің «жер түбіне» кетуімді құптамады. Ал туған жерім Атырауда көп таңдайтындай мүмкіндік те болған жоқ, жалғыз ғана жоғары оқу орны – педагогикалық институт болды, сонда білім алуыма тура келді. Алайда, мен өмірімнің осы арнаға түскеніне ешуақытта да өкінген емеспін.
Институтты тәмамдап, өз «Барсакелмесіме» оралдым. Туған ауылымды әзіл-шыны аралас осылай атайтынмын. Өйткені үлкен әлемнен бөлініп қалғандай томаға-тұйық, өз тіршілігі өзінде, темір жолдан да, күре жолдардан да қашықта, жол-жөнекей кездескен көлікпен немесе қаладан күніне бір-ақ рет қатынайтын автобуспен ғана баруға болатын мұнайшылар мекені еді…

Өз мектебіме оралған соң, менде бұрын байқалмаған, ұстаздыққа деген ерекше бетбұрыс пайда болды, кенеттен мен өз қалағанымды таптым. Ұстаздық – жан қалауым екенін ұқтым, өзге дүниені ұмытып, бар жан-тәніммен кірістім. Мектеп – аулымыздағы жалғыз мәдениет ошағы еді, мұғалімнің міндеті тек оқыту ғана емес, балаларды ойлануға, шығармашылыққа дағдыландыру, оларды өмірге баулу екенін түсіндім. Меніңше, мұғалімге қажет ең басты қасиет – балаларды сүю, онсыз ол маман ретінде де, адам ретінде де таныла алмайды…

Осылайша, жас маман — Гүлсара мамандықты емес, мамандық оны таңдады, және де бұл таңдау өте сәтті болды! Гүлсара сабақ үстінде қанаттанып кететін, ол оқушыларымен пікір сайыстыра отырып, оларды сендіре білді, шәкірттерінің жүректерінде алау тұтатты. Еркін де ашық-жарқын оқушыларымен ол өзін самғау биіктегі құстай сезінді, енді шәкірттері оны «құдайдай» көретін болды: жас та әдемі, «сіз» деп тұратын апайының алдында әр оқушы өзін «Тұлға» сезінуді үйренді. Ұстаз Гүлсара үшін шәкірт — Тұлға ретінде айрықша маңызды. «Мұғалімнің шәкіртті билеп-төстеуі дұрыс емес, ол шәкіртінен жоғары да, төмен де тұрмауы тиіс, екеуі тең дәрежеде болуы керек» деген тұжырымды ұстанады.

Алғашқы белестер

222Қажырлы, жаңашыл да бастамашыл қыз көп ұзамай тәрбие ісінің меңгерушісі болды да, содан кейін оқу және тәрбие ісін басқарды. Сондай-ақ, өз пәнінен сабақ беруді де жалғастыра берді, өйткені шәкірттерінсіз өмірін елестете алмайтын. Оларға кейіп тұрып та, өзінің махаббатын сездіре білетін, сондықтан болар, оқушылары ата-аналарына айтпаған құпия сырларымен бөлісетін. Шәкірттерімен рухани бірлікті сезіну, олардың шынайы қарым-қатынасы – ұстаз бақыты. «Бала жаны таза да нәзік қой, олар кез-келген жасандылықты тез-ақ аңғарады, олар – менің бақытым, өмірім» дейді жомарт жанды ұстаз.
1990 жылы әріптестері оны мектеп директоры етіп сайлады, ол өз ұжымының бұл шешіміне қуана қоймады, мүмкін «шешімдерін өзгертер» деген үмітпен екі күн жұмысқа да шықпады. Гүлсараға ұстаз ретінде өз ісі ұнайтын, ал директорлықты ол «қағазбастылық» деп түсінетін. Ол қарсыласқанымен, көпшіліктің: «Саған сенеміз, Гүлсара, және де мектебімізді ең жақсылар қатарына алып шығуыңа көмектесеміз» деген өтінішін орындамасқа да шарасы жоқ еді. Ол кезде де мектептерде шешілмеген мәселелер жетіп артылатын, дербестік атымен жоқ, есеп-қисабы орталықтан жүргізілетін, қажет заттар үшін 100 шақырымдағы облыс орталығына баруға тура келетін. Экономикалық та, қаржылық та мәселелерді шеше жүріп, Гүлсараға еріксіз мықты шаруақор басшыға қажетті қасиеттерді де меңгеруге тура келді, алайда мұның бәрі оны сүйікті ісінен – оқушыларынан, сабақ беруден алыстатты. Бәріне қолын сілтегісі келгенімен, тағы да сол әріптестерінің сөзін жерге тастай алмайтын, осылай 4 жыл өте шықты, мектеп аудандағы ең мықтылар қатарынан көрінді.

Мектеп өз үйіңдей болғанда…

111– Театры, мұражайы, бай кітапханасы жоқ ауыл үшін мектеп – ең алдымен, мәдениет ошағы. Ауыл мектебі мұғалімдерінің алдында қашан да мынадай орасан зор міндет тұрады, ол – балаларға орта білім беру ғана емес, олардың бойына мәдениеттің ұрығын себу, оларды айналасымен дұрыс қарым-қатынас жасауға, сыпайылық пен әсемдікке баулу. Сонымен қатар, ауыл балаларын тәрбиелеудің оңай жағы да бар, себебі, әдетте олар еңбекқор, тұрмыс қиындығында мінез-құлқы шыңдалған, жастайынан өз бетінше әрекет етуге дағдыланған. Ауыл тұрғындары, негізінен, қазақтар ғой, ал қазақ отбасында жасы үлкенді сыйлау, оған қарсы келмеу – ғасырлар бойы сақталған дәстүр.
Мектебіміздегі кадр тапшылығы, қай жағынан болмасын, жұмысымызды қиындатты.10-15жыл бойы тарихшылар мен математиктер жетіспеді, жас маман ауылға келсе де ұзақ тұрақтамайтын, жақсы өмір іздеген олар кетіп тынатын. Болашақ педагогтарды мектебімізге тарту үшін өзім бітірген институтыма барып, оларға ауылдағы түрлі игіліктер туралы айтып, жас жігіттерге ауылымыздың сұлу қыздарын сипаттап, ал жас қыздарға жігіттерімізді мақтап, олардың отау құрып, бақыт табатындарына көздерін жеткізуге тырысатынмын…
Тынымсыз еңбектің арқасында мектеп оқушылардың шын мәніндегі екінші үйіне айналды. Алтын ұяларында олар ұстаздарынан психологиялық кеңес алатын, өмірдің түрлі қиындықтарын жеңуді үйреніп, «үлкен өмірге» дайындалды, бойларында биік талғам қалыптастырды.
– Мектеп үйін жинақы да таза, ұядай жылы етуге күш салдық, Теңізде «Патша ұңғымасында» құмның қатты ысып балқуынан пайда болған, түрлі пішінді керемет тастар бар, соларды тасып әкеліп, олардан пейзажды вестибюль бұрышын, сұлу табиғат көрінісін жасадық. Оның төмен жағынан қолдан жасалған «үңгір» пайда болды, кіре берісінде оқушылар үйлерінен әкелген түрлі аңдардың тұлыптары қойылды, сырты боялған кәдімгі үлкен шараға су толтырып, айналасын түрлі өсімдіктермен көмкеріп, жасанды көлдің көрінісін бердік. Мұның бәріне балалар қызыға кірісетін, қысқасы, балалардың қиялын өсіретін түрлі ұжымдық шаралар біздің ісіміздің ажырамас бір бөлшегі болды. Мектебіміз қарағанда көз қуанатындай кішігірім гүлзәрға айналды. Шәкірттеріміз жылы да көркем ұяларынан кеткісі келмейтін. Оқу үлгерімінде де жоғары көрсеткіштерге қол жеткіздік. Мектептің шегі мен шеті көрінбейтін шаруасын атқара жүріп, Гүлсара Ермұханова егіз ұлдары – Тұрған мен Нұрланды өсірді. Олар кейде анасына: «Сіз бізден гөрі мектептегі балаларыңызды жақсы көресің…» деп бұртиятын.
«Өз мектебімде басталған ұстаздық, одан кейінгі директорлық – менің ең ұлы университетім болды» деп еске алады сол бір жалынды жас шағын Гүлсара апай.

Бәрін нөлден бастадым…

5551994 жылы оқуға түспек болған ұлдарын ертіп Гүлсара Тілеумұханқызы Алматыға келеді де, ұлдарымен бірге осы әсем де шулы шаһарда қалады. Балаларын өмірінің мәні деп түсінетін ол үшін ұлдарын мұнда қалдырып, ауылға қайту қиын болды. Алып шаһарда бәрін де басынан бастауға тура келді. Сол жылдары Алматыда жетіспей жатқан қазақ тілі пәнінің мұғалімі болып, №9 мектепке орналасады. «Нөлден бастау деген осы емес пе? Себебі, орыстілді көптеген қандастары сияқты, ол да қазақ тілін тұрмыстық деңгейде ғана білетін, оның үстіне қазақ тілін орыс сыныптарында оқытудың әдістемелік негізі де жасалмаған кезең еді. Ұйқысыз түндерді өткізуге, үздіксіз оқып, сабаққа дайындалуға тура келді. Ол қандай шаруа атқарса да, нашар немесе орташа істей алмайтын, тек қана мінсіз істеуге өзін міндеттейтін. Табиғаты солай. 1996 жылы ұлы Жамбылдың 150 жылдық тойында оның шәкірттері аудандық, қалалық байқауларда 1-орын алды. Бұл оның қазақ тілі мұғалімі ретіндегі алғашқы жеңісі болатын.
– 1998 жылы Мекебай Қуанышбайұлы мені аудандық білім басқармасына бас маман етіп шақырды. Мен мансапшыл емеспін, келіспес бұрын біраз ойландым. Он ағайынды отбасында өскен біз бір-біріміз үшін жауапты болуға бала кезімізден дағдыланғанбыз, дегенмен 3000 адамның тағдыры үшін жауап беру – оңай міндет емес. Қиын боларын білсем де келістім, қиындықтан бой тасалау – менің қасиетім емес. Ауылдан келген маған үлкен қалада басшылық қызмет істеу өте қиын болды, алғашқыда көп нәрседен қорқатынмын. «Дұрыс сөйлемей қалсам қайтем, түсінбей қалса немесе түсіндіре алмай қасам ше?.. деген тәрізді толып жатқан қорқулар болды бойымда. Бірте-бірте істің байыбына бара түсінгенім – бар уақытым «қағаз жұмысы» мен жоғарыдан берілетін тапсырмаларды орындауға кетеді екен. Бір жылдары «оптимизацияға» ілініп кеткен аудандық әдістеме кабинеттері қалпына келмеген, мұғалімдердің өзара тәжірибе алмасып, үйренетін орындары да жоқ еді, мұндайда сырғытпа жауаппен жүре берудің де ұят екенін сездім. «Педагогтар қалай өспек?» деген сауалмен бас қатыра жүріп, аудандық оқу бөлімінде 5 әдістемелік бірлестік 777– оқу-тәрбие жұмыстары бойынша меңгерушілердің – завучтардың, орыс мектептеріндегі қазақ тілі мұғалімдерінің, бейнелеу өнері мен сызу, музыка және еңбекке баулу пәндері оқытушыларының басын қосатын бірлестіктер құруға қол жеткіздік. Ал бұл бірлестіктердің қайсысы болмасын қажет-ақ, неге десеңіз, завучтар – мектептің «әдістемелік миы», олар өз кезегінде мұғалімдерді үйретеді, ал қазақ тілін оқыту әдістемесін қалыптастырып, үздіксіз дамыту – қашанда ең көкейкесті мәселе. Ал аталған бағыттағы пәндер бойынша әр мектепте бірді-екілі мұғалім болады да, олардың әдістемелік бірлестіктері жоқ болғандықтан, бір-бірінен үйренуге де мүмкіндіктері болмайды.
Мен ең шығармашыл, өз істеріне берілген завучтардан әдіскерлер таңдадым, олар: Татарченко С.А., Казиева А.Х., Иващенко Н.А., Назарова Л.М., Звягинцева Н.Н., Л.Д.Афанасенко сынды білікті мамандар. Директорлар арасында да маған демеу болып, қолдау танытқан кісілер аз емес, атап айтар болсам, В.Н. Кривобородов, С.М.Назарбаева, Н.В. Хобина, З.Ж.Мағзұмова, Л.П. Бекмағамбетова, С. Х.Сатубалдина, Е. Н.Сакенова, В.Г. Ковалик, С.Ағабекқызы, Ш.Умаров т.б. Бұл кісілермен бірге жұмыс істеудің нәтижелі болатынын білемін, өйткені олардың бәрі де өз мамандықтарын шексіз сүйетін тәжірибелі де білікті басшылар. Өмірдің өзі нәтиже талап етеді, кез-келген істің өлшемі – нәтиже. Бүгінде қашықта орналасқандықтан кейде аудан көлемінде атқарылып жатқан іс-шаралардан тыс қалғандай болып жататын №149, 41, 157 мектептердің соңғы жетістіктері көңіл қуантады, ал үнемі өсіп отырған гимназия, лицейлер туралы әңгіме басқа.
Біздің жұмысымыздың қорытындысы пәндік олимпиадалар мен ғылыми жобалардан көрінеді. Дарынды балаларды биіктерге жетелеу қашанда көп қажыр-қайратты, уақытты талап етеді. Жалпы білім беретін мектептердің оқушылары гимназия, лицей шәкірттерімен тең түсе алмайды, себебі, оларда пәндерді тереңдеп игеруге мүмкіндік жоқ. Осы тұрғыдан келгенде, ауданда дарынды балалармен жұмыс істейтін «Таң Шолпан» орталығы құрылды. Орталық жұмысының мақсаты – барлық мектептердің мүмкіндіктерін біріктіре отырып, дарынды балалармен арнайы жұмыс істеу. Олармен ең мықты, талантты ұстаздар мен пән мұғалімдері жұмыс істеді, ЖОО ұстаздар шақырылды. Аудандағы барлық мектептерден ең талантты, өзін жақсы көрсете білген оқушылар осы орталыққа келіп, білімін одан әрі дамытты. Өкінішке қарай, қаржыландыру болмағандықтан орталық небәрі үш-ақ ай жұмыс істеді. Алайда, желтоқсан айында орталық жұмысының оң нәтижесі көзге көріне бастады – қалалық пән олимпиадаларында оқушыларымыз жоғары көрсеткіштерге жетті. Демек, мектеп оқушыларымен осындай жұмыстар жүргізу керек, осындай орталықтар керек деген сөз…

Өзіңе де, өзгеге де адал бол…

666– Ұсыныс, бастама төменгі жақтан болуы тиіс. Біз әдіскерлермен жыл сайын сауалнама арқылы мұғалімдер мен директорлардың сұраныстарын және әртүрлі мәлелелерін зерттейміз, сосын сол сұраныстардың негізінде жылдық жұмыс жоспарын құрамыз. Мектептердешығармашылық атмосфера қалыптастыруға, қызметкерлердің кәсіби және жеке тұлға ретінде өсуіне жағдай жасауға ұмтыламын. Әркез ұжымдық ауызбірлікте жұмыс істеудің мәні зор деп есептеймін. «Жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас» деген бар емес пе?!. Бүкіл ауданның білім саласы мәселелері түгілі бір мектептің мәселелерін жалғыз шешу, қандайда бір бастамаңды, идеяңды жалғыз жүзеге асыру мүмкін емес, ол үшін команда керек. Мен сондай ұжым құруға тырыстым.
Жұмысың табысты да нәтижелі болу үшін жоғары шығармашылық әлеует, жұмысқа деген ынта-ықылас керек. Өз жұмысыңнан жаның рахаттанбаса, психологиялық тұрғыда ғибрәтланбасаң, өз күшіңе өзің сенбесең, онда ешқандай шаруаң нәтижелі аяқталмайды. Кезінде Атырау облысында мектеп директоры болып қызмет істеп жүргенімде айтулы мерекелердің бәрін міндетті түрде ұжымдастар мен олардың отбасылары бірге бас қосып атап өтуді дәстүрге айналдырған едік. Осы дәстүрді әлі де жалғастырып келемін. Ауданымызда «Элита» клубын ұйымдастырғанбыз. Клуб мүшелері әртүрлі мерекелік іс-шараларды өткіземіз, тауға шығамыз, табиғат аясында мәдени демалыстар ұйымдастырып, салауатты өмір салтын насихаттаймыз.
Әуезов ауданында білім саласы бойынша бұған дейін аз жұмыс жасалған жоқ. Қиын да күрделі талай істер жүзеге асырылды. Дегенмен «болдық, толдық» дейтіндей қанағаттанарлық сезім менде жоқ, әлі де көп шаруалар атқарып, алға даму, өсу қажеттілігін сезінемін. Менің арманым – Қазақстанның басқа өңірлерінің және Ресейдің бізбен көршілес облыстарындағы мықты педагогтармен тығыз байланыс орнатсақ деймін. Жалғыз ауданның немесе қаланың шеңберінде қалып қою – көкжиегі кең білім саласы үшін тарлық етеді. Алға даму үшін осы саланың білгірлері мен біліктілері бас қосып, тәжірибе алмасып тұрса, артық болмас еді.
Менің жұмыс үстелімде алақандағы жүректің суреті кескінделген кәдесый тұр. Бұл – «Ұстаз» аудандық пофком төрайымы Мағдаш Тауфиққызының сыйлығы. Сол жүректі сыйларда: «Мен мұны саған жайдан жай сыйлап тұрған жоқпын. Бұл – халыққа берген сенің жүрегің. Әркез осылай өзгелердің жолын жарық қылып, адамдарға әрдайым қуаныш сыйла» деп еді.
Мен өзімді өмір бойы мынадай сөздермен қайрап, алға жетелеп келемін:
Жүзіңді дауыл шарпыса – еңкейме, қарсы тұр,
Басыңды қайғы шарпыса – берілме, бекем бол.
Алдыңнан есік жабылса – қақ та кір,
Қорқақтар үнсіз бұққанда – сөзіңді айт, жасқанба,
Жүрегіңді қуаныш кернесе – ән салуға қысылма,
Ең бастысы – әрдайым өз өміріңе қожа бол!
Өмірде осы қағидаларды басшылыққа аламын. Адам баласының басты міндеті – жеке тұлға болып қалыптасу, өмірден өз орнын табу. Бұл – үнемі алға жылжып, дамып, өсіп отыру, жаңалықтардан тыс қалмай, әркез өз қалыбыңда болу деген сөз. Өмір тоқтағанға дейін ізденіс тоқтамау керек. Ал сенің ой-пікірлеріңді, бастамаларыңды өзгелер қолдау үшін әркез шынайы бол, өзіңе де, өзгеге де адал болу керек…

Сәуле ӘБЕДИНОВА

«Ақжүніс-Астана» журналы

Сайтымыздың жаңа мақалаларына жазылыңыз

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

6 комментариев

  1. Жадыра :

    Оте жаксы пикир калдырыпсыз.рахмет.

  2. айжан :

    жақсы жазылған

  3. Cialis 20mg De cialis Doctor To Prescribe Metformin Cheap Doryx No Prescription Needed Gynecomastie Steroides

  4. VadimFinna :

    online 7 mg

    8c5f tarif online andorre

  5. NordFinna :

    campioni di online

    0da9 comprar online segur

  6. ZorinaFinna :

    chicago online prom week

    e4fd quando il online non basta

Пікір жазу

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

*


− 1 = 5