Азияда жазылған алғашқы «РЕКВИЕМ»

111Таяуда Жамбыл атындағы Қазақ Мемлекеттік филармониясында белгілі композитор Балнұр Қыдырбектің «Реквием» шығармасының премьерасы өтті. Жаһандық күрделі жанр бойынша қазақ тарихында ғана емес, мұсылман әлемінде алғаш рет жазылған азалы музыканы Мемлекеттік симфониялық оркестр, Б.Байқадамов атындағы хор капелласы, Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера-балет театры және «Astana opera» театрларының солистері орындады. Осынау айтулы оқиғаның ортасында ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед болды.

Мемлекеттік симфониялық оркестріне Халықаралық конкурстардың лауреаты Ерболат Ахмедияров дирижерлік етті. Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера-балет және Astana opera театрларының солистері: Жадыра Аманова (сопрано), Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дина Хамзина (меццо-сопрано), Дархан Жолдыбаев (тенор), ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Талғат Күзембай (баритон) қазақ реквиемін келістіре орындады. Сағаттан астам уақыт бойы шығарма үздіксіз орындалып болғаннан кейін сахнаға ҚР Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед көтеріліп, композиторды толымды шығармасымен құттықтады.
– Қадірлі классикалық өнердің, музыка өнерінің жанашырлары! Біз бүгін ерекше бір оқиғаның куәсі болып отырмыз. Өйткені, бұл қазақ топырағындағы, түркі әлемі ғана емес, күллі мұсылман дүниесіндегі реквием жанрында жазылған алғашқы күрделі шығарма деп ойлаймын. Дайын шығарманың сыншылары да көп болады. Бір жағынан, ертең исламға қызмет ететін дінбасылары мұны қалай қабылдайды? Екінші жағынан, ислам дінін сынайтындар оны да сынайды. Бірақ, өнердің ұлы миссиясы – соны халыққа жақындатуда. Бүгін мен жеті атамыздың ғана емес, қазақ халқының 2,5 ғасырлық музыкалық шежіресінің куәсі болдық деп айта аламын. Мұнда 250 жыл бұрынғы тарихи тұлғалар қайта оралып, біздің ұрпаққа сабақ болатын ғибраттарын айтты. Бұл өзі өте күрделі жанр, – деген Мұхтар Абрарұлы реквием жанрының ерекшелігі мен шежіресіне аз-кем тоқтала отырып, қазақ опера тарихында да осындай азалы сарындар болғандығынан нақты мысалдар келтірді.
– Алайда, дәл осындай күрделі шығарма күйінде, бейнелі түрде бізге жеткізілмеген болатын. Сондықтан жаңа музыкалық шығарманың ғана емес, үлкен жанрдың да тұсауы кесілді деп айта аламын, – деген ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед композиторды шын жүректен құттықтады.
Өз халқымыздың жөн-жосығына салғанда реквием жанрын – жоқтау деп те айтуға болар еді. Қазақтың тарихында сай-сүйегіңді сырқыратып, төбе құйқаңды шымырлататын азалы әуендер бар. Сондықтан да бұл жанр ұлттық болмысымызға жат емес және үрдісіміздегі бар дүние деп қабылдауға болады.
Музыка зерттеушілері тарапынан композитор Балнұр Қыдырбекке әлі талай баға беріле жатар. Қалай десек те, әлемдік дәрежедегі қазақ музыкасының жетістігі ғана емес, бүкіл түркі дүниесінің мақтанышы, қазіргі табысы – тұңғыш реквием тұсауын кесті.
222Реквием – көпбөлімді траурлық хор музыкасы, замана өте келе солистер қосылып, оркестрдің сүйемелдеуімен орындалатын шығармаға айналғанынан хабарымыз болса-дағы, осы уақытқа дейін реквием жазудың қағидалары, яғни канондық реквиемдердің құрылымы жайлы бас қатырып көрмеген екенбіз. Өмір бар жерде өлім бар, ажалды Құдайдың ісі деп қабылдайтын діннің қай ағымында болсын азалау бар. Бас-аяғы бір Аллаға ғана мәлім мәңгілік шексіздікте бізге бел-
гілісі католиктік реквиемнің пайда болуына францискандық монах Томмазо да Челано ХІІІ ғасырда жазған секвенция «Dies Irae» негіз болған деседі. Бертін келе оған Introitus, Kyrie, Offertorium және Sanctus қосылған. Канондық реквиемнің құрылымы 1570 жылы Пием V папаның бекітуімен толық қалыптасып үлгеріпті. Сол сияқты алғашқы авторлық реквием мәтіні латын тілінде XV ғасырда жазылған Гийом Дюфаидікі делінсе де, өкінішке қарай біздің заманымызға жетпеген. Біздің кезімізге дейін сақталғаны кіші Дюфаидің замандасы Йоганнес Окегемнің полифониялық стильде жазылған акапелласы. Бұл жоғарыда айтылған 1570 жылы бекітілген католиктік реквиемге дейін жазылған.
Қысқасы, реквием жанры XIV ғасырда Италияда пайда болып, үлкен мемлекет, қоғам қайраткерлері, императорлардың қазасы шығарылғанда айтылған. Бізге жеткен ең алғашқы үлгісі – ол XV ғасырда өмір сүрген композитор Окегемнің шығармасы. Еуропаның ұлы композиторларының барлығы бұл жанрда бір-бір дүние жазған. Реквиемнің жоғарғы шыңы саналатын Моцарт, Берлиоз, Верди туындылары бұл жанрды католиктік собордан біржола концерттік сахнаға шығарды. Композиторлық талантымен емес, Моцартқа деген бақталастығымен тарихта аты қалған Сальеридің де «Кіші реквиемі» бар.
Балнұр Қыдырбектің «Реквием» шығармасы бейбітшілік, бірлік, рухани келісім идеяларын дәріптеп, дін және дінаралық қарым-қатынастар толеранттығын көздейді. Шығармада жанр канондары – католиктік месса сақталған. Бірақ мұнда буддалық хорды, православты знамендік әуенді естуге болады. «Реквием» исламдық «Құлху-Алла» сүресімен басталып, біздің заманға дейінгі ІІ ғасырдағы сақ әдетімен аят түсіріліп бітеді. Шығарманы толық қамтитын екінші идея – ол уақыт тоғысындағы ұрпақтар сабақтастығы, өз халқына қызмет ету идеясы. 250 жыл бойы ел тәуелсіздігі, жеке қазақ мемлекетін орнату идеясы атадан балаға ауысып, бір әулеттің алты ұрпағының өмірі үлгі ретінде алынады. Шығарма 7 бөлімнен тұрады. Шығармада ұмытылған Жетісу композиторлары Дәурен сал Құдабайұлы, Шүкітай Әбдікерімов, Пышан Жәлмендеұлы, Иса Тергеусізұлы, Бейсебай Қаратаев, Тәбия Қаражанова, Омарқұл Итаяқовтың әндері мен мақамдары қолданылған. Мәтін ретінде Қазыбек Тауасарұлы, Сүйінбай Аронұлы, Жамбыл Жабаев, Тұманбай Молдағалиев өлеңдері алынған.
Біз Балнұр Қыдырбектің «Реквиемінде» осы күрделі жанрдың құрылымы толық сақталғандығын атадық. Концертті жүргізген Қуат Бағысбек жеті бөлімді қысқа сипаттап өтті. Сонымен тұла бойымызды тітіркенткен мұңды әуен төмендегідей төгілді.
Бірінші бөлім Reguem – аты аңызға айналған ұлы бабамыз XVIII ғасырда Қазақ мемлекеттілігінің орнатуға өз үлесін қосқан ақын, елші, қоғам қайраткері, Ұлы жүз әскерінің қолбасшысы Қазыбек Тауасарұлымен басталады.
Екінші бөлім Gloria – Қазыбек бектің тұңғыш баласы, жекпе-жекте жоңғар батыры Боралдайды өлтірген Қасқары батырға бағышталып, бұл бөлімге Сүйінбайдың өлеңі негіз болған.
Үшінші бөлім Credo – Жетісудің айтулы ұлдарына ұласып, Дәурен сал және Тайбағар биге жалғасып, Сүйінбай баба, Жамбыл атамыз тенор, баритон, сопрано әншілердің дауысымен сахнада салтанат құрады.
Төртінші бөлім Sanctus – Бейсебай мен Оразды сахнада сөйлетті. Бейсебай Қаратаев – Қазыбек бектің шөбересі, Ораз Жандосов – шөпшегі. Екеуі де 20 ғасыр басындағы Қазақ мемлекеттілігін орнатуға белсене қатысқан қайраткерлер.
Бесінші бөлім Et resurexit – бертінгі заманға жақындап, Балғабек Қыдырбекұлы – Қазыбек бектің шөбелегіне келеді. Жазушы, журналист, мемлекет қайраткері, 1991 жылы Қазақстан Тәуелсіздігін жариялағандардың бірі.
Алтыншы бөлім Lacrimosa – «Шәхинұр» болып шырқайды. Шәхинұр Балғабекқызы – Қазыбек бектің ұрпағы, музыкант, пианист. Тәуелсіз Қазақ елінің игілігін көре алмай арманда кеткен жанның бірі делінеді.
Соңы Benedictus – «Ақ бата». Сақ әдетімен аят түсіріп, Тәңірге құлшылық етіп, «Қазақ Еліне, Қазақ жеріне, Қазақстан халқына Тәңірім, бақ-дәулет, береке-байлық, бейбіт өмір бере гөр!» деп хор солистері күңірене шырқап, тарихта жасаған жеті ата арқылы аза бойымызды қаза етіп, тыңдаушылардың рухын оятты.

Айнаш ЕСАЛИ

Суреттерді түсірген
Берсінбек СӘРСЕНОВ

«Ақжүніс-Астана» журналы

Сайтымыздың жаңа мақалаларына жазылыңыз

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

1 пікір

  1. Cialis 10 Mg Effetti Cialis 20 Effetti Collaterali cialis buy online Comprare Levitra On Line Viagra Nebenwirkungen Symptome

Пікір жазу

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

*


6 + 5 =