Рза ҚУНАҚОВА: Қарасаздан басталған жол

222Қазақтың белгілі ақын қызы, өмірден ертерек озған Рза Қунақованың Мұқағали Мақатаев туралы ертеректе жазған естелігін қызы Ғалия Жақанқызы Құсайынова редакциямызға жолдапты. Ақиық ақын жайлы ойлы естелікті назарларыңызға ұсынуға біз де асықтық…

* * *

Әлі есімде, университетті бітіріп, «Социалистік Қазақстан» газетінде істеп жүргенмін. Бір күні газеттің әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі, жазушы Жекен Жұмаханов телефонмен шақырды. Кабинетіне келсем, әдеби қызметкері Шәрбану Құмарова екеуі қалың көкшіл дәптерді ашып отыр екен. Жекен ағай мәз, маған қарап: «Сен ақынсың ғой. Мына дәптерде бір керемет дүние бар екен. Мұндай ақынды бұрын-соңды естіген жоқ едім, сен білесің бе?» деп маған қарады.
Дәптердің сыртында үлкен, әдемі әріптермен «Мұқағали Мақатаев» деп жазылған жазу тұр. Оның бірінші бетінде «Аппасионата» деп жазылған. Одан әрі:
Қаланың еңсесін басты да,
Қалғытты боз тұман астына.
Кешең күз. Пешкова пәтері,
Кешең күз. Октябрь. Москва.
Тұлпардай тықыршып көрмеде,
Керемет үн-саз тұр бөлмеде.
Бірде ол жүйкеңе нұр құйса,
Бірде ол мұң салар зердеңе, – деп басталған өлең жолдары кетеді.
111– Міне, керемет! – деп Жекен ағай балаша қуанып, бір қолына дәптерді ұстап, бір қолымен Шәрбануды жетелеп, «жүр, Кенекеңе барайық, мына кереметті көрсетейік» деп есікке қарай беттеді. Жекен ағаның Кенекең деп отырғаны – сол кездегі «Социалистік Қазақстанның» редакторы Кеңес Үсебаев еді. Ол кезде бұл газетте Құрманғали Ұябаев, сатирик жазушы Балғабек Қыдырбекұлы, Ұзақ Бағаев сынды белді де белгілі қаламгерлер жұмыс істейтін. Содан Жекен ағай «Керемет, керемет!» деп, Кенекеңнің кабинетінен бір-ақ шықты.
Ол кісі есіктен сөйлей кірді. Ел көшкендей абыр-дабыр болып келе жатқан Жекен ағаны көріп, Кенекең:
– Не болды, жайшылық па?.. Ой, Жекен, ел көшкендей болдың-ау! – деп біраз ол кісіге «ұрсып» алды. Бірақ оған қараған Жекен ағай жоқ:
– Кенеке, мына кереметті қараңыз. Бір дәптер өлең, бір құдіретті ақын шығыпты, – деп отыра қалып, оқи жөнелді.
Кенекең не ұрсарын, не күлерін білмей:
– Жекен, сәл тұра тұршы, жігіттерді шақырайық, бәрі тыңдасын кереметіңді, – деп, редакцияның біраз қызметкерлерін шақырып алып, «Аппасионатаны» оқуға кірісті. Түстен кейінгі жұмыс күні белгісіз ақынның өлеңін оқумен тәмәмдалды.
Сол кезде газетте бір жақсы дәстүр бар еді. Жылтың-жылтың өткізбей, жақсы дүние болса, орынды аямай, жарқыратып көлемді етіп беретін. Мұхтар Әуезовтың «Дос – бедел дос» пьесасы газеттің ішкі екі бетіне шыққан еді. Көп кешікпей Мұқағалидың «Аппасионатасы» газеттің үшінші бетінде шықты. Әдемі маржандай ірі әріптермен бір бетті толық алған-ды. Дәптерден оқығанды енді газеттен қайта оқып, мәз болып қалдық. Одан кейін көп кешікпей Е.Ібітановтың «Қойшылар» атты поэмасы басылды. Жалпы, қаламгерлердің көпшілігі «Аппасионата» жайлы жылы да жақсы пікірлер айтып жүрді. Біз болсақ, соны жазған адамды көруге асықтық.

444…1962 жылдың қаңтар айы болатын. Түскі үзіліске шығып бара жатыр едім. Жекен ағай дауыстап, шақырып тоқтатты. Онда редакция Совет көшесі мен Фурманов көшелерінің қиылысқан жерінде орналасқан. Жайлап басып жүретін Жекен ағай аяңдап келіп, маған:
– Сен сәл тұра тұр, қазір «Аппасионатаның» авторы Мұқағали Мақатаев шығады. Соны көресің, таныстырамын, – деді.
Жекен ағаның бұл хабарына қуанып кеттім. Көзіміз есік жақта, күтіп тұрмыз. Көп кешікпей еңселі бойлы, үстінде қыстық пальтосы, басында тұмақ, қызылшырайлы нарттай жігіт есіктен шығып, жан-жағына қарады да, бізге қарай жүрді. Қасымызға күлімсірей келіп, амандасты. Жекен ағай мені таныстырды. Сонда Мұқағали:
– Бұл қарындасымызды сырттай жақсы білемін. Рзаға ризамын, университетте оқып жүргенде-ақ өлеңдерін оқитынмын. Газет жұмысы ауырлау болар, жазудан қол үзіп кетпе, – деді.
Шынында да, үлкен газеттің жұмысы да үлкен болатыны белгілі. Оны баспасөзде жұмыс істеген әрбір қаламгер жақсы біледі. Содан көп кешікпей Мұқағали сол «жұмысы үлкен» аға газет «Социалистік Қазақстанға» өзі де қызметке келді. Ол жұмыс арасында әңгіме айтып, ара-тұра бізді күлдіріп қоятын. Сосын аудандық «Қызыл шекара» газетіне қызметке ауысады. Ол кезде Нарынқол мен Кеген аудандары қосылып, аудандық газет жабылып қалады. Содан Мұқағали Кегенге барғысы келмей, Алматыға келеді. Аз уақыт болса да, сөйтіп, Мұқаңмен бірге қызметтес болдық.
Ол кейде бізді қасына жинап алып, ақындығы ұстап, өлең оқитын. Өзінің серілігі бар еді, редакциядағы жас қыздар мен жігіттерді театр мен киноға ертіп апарып жүретін. «Тастақта» бір кемпір мен шалдың пәтерінде тұратын. Сонда да әлдекімдей «жоқ, жетпейді» деп зарламайтын, барына мәз болып, достарын да қарық қып жүретін.
– Алматыны жақсы көремін, әсем қала ғой, жылдан жылға көркейіп келеді. Сонау 52-53 жылдары мен диктор болып қызмет істеп жүргенде қалада көз тартар көп қабатты үйлер өте аз еді. Анау малдәрігерлік институт тұрған көше «Бас арық» аталатын. Қаланың шеті еді. Қазір онда биік үйлер салына бастады, сүйікті қалаға мені өлең қайта әкелді, – деп, келгеніне риза болып жүретін.

555…Қалаға келген соң көп ұзамай Майгүл деген сүйікті қызы қайтыс болды. Ақ гүлінің кенеттен солғанына налып, ұзақ уақыт қайғырып жүрді. Достарына мұңын шағып:
– Астанама келгенім маған аса жақпады, бір гүлімнен айрылдым. Балапанын баптаған қырандай, «балаларым қалада оқып, білім алсын деп ойлаған едім. Осыным асылық болды ма, қалай?» деп күрсінетін. Оның өте балажен екенін байқадық, ол Майгүлге арнап бірнеше өлең жазды. Бұл әке жүрегінің перзентіне деген махаббаты, үзілген арманы, күрсіндірер қайғысы екенін мына жолдардан анық көреміз. «Майгүліме» деген бірінші өлеңде:
Бұл өмірге келгенде көктем еді,
Жер гүлін, көк те нұрын төккен еді.
Саялатып сал-самал өпкен еді,
Сол өмірге несіне өкпеледі?!
Түсіме енді ап-арық қызым бүгін,
Қызым бүгін… Жұлынған қызыл гүлім.
Бақшамдағы балбырап пісіп тұрған,
Үзіп кетті, апыр-ай, жүзімді кім? – деген өлең жолдары еріксіз жүрегіңді жүдетіп, жаныңды налытары сөзсіз.
…Кейіннен ол «Жұлдыз» журналында қызмет істеді. Бірде, 1965 жылы қасында бұйра бас, сіріңке қара, арықша бір жігіт бар, редакцияға келді. Ол кезде мен республикалық «Қазақстан пионері» газетінде жұмыс істейтінмін. Әлгі жігітті «сарыағаштық Төлеген Айбергенов» деп таныстырды. Мен Төлегенді өзім көрмесем де, газет, журналға шыққан өлеңдері арқылы сырттай жақсы білетінмін. Төлегенге «Бір өлең оқып жіберші» деп өтініш білдірді.
666Төлеген орнынан тұрып, «Әнші Ғарағаңа» деген ұзақ өлеңін жатқа оқыды. Ол Қазақ ССР Халық артисі Ғарифолла Құрманғалиевке арналған өлең екен. Менің таңқалғаным, өз өлеңін жатқа оқыған ақынды алғаш көруім, әрі ол қысқа емес, ұзақ өлең. Өлең оқылып болған соң Мұқағали тұрып:
– Бұл бір болайын деп тұрған ақын. Ол да Алматыға келгісі келіп, пәтер, жұмыс іздеп жүр. Төкеңнің бір ғажабы өз өлеңін басынан аяғына, соңынан басына қарай жатқа оқи береді. Мұның ана бұйра шашының астында Сократтың басы жатыр. Әй, Төке, балаларға арнап жазған өлеңдерің болса, газетке беріп кет, бұл қыз тартпасында жатқызбай, тез жариялайды, – деп менің атымнан сөйледі.
– Балаларға арнаған өлеңдерім жоқ. Бір шәкіртім журналист боламын дейді менің орныма. Соның бір-екі мақаласын жарияласа болар еді. Соны ала келіп едім. Жараса, соны басуға көмектесер, – деп, Дәулет Исабеков деген баланың жазғандарын өз қолымен берді. Төкеңнің айтуымен Дәулеттің алғашқы мақаласы газетке шықты. Содан кейін-ақ оқушы баламыз бізді мақаламен көміп тастады. Көп кешікпей ол газеттің «Жас тілшісі» деген куәлікке де ие болды. Кейіннен ҚазМУ-дің журфагіне сырттай түсіп, оқып бітірді. Қазір облыстық газетте қызмет істеп жүр. Мұны айтып отырғаным, Мұқағали мен Төлеген өзінен кейінгілерге, жастарға қол ұшын беріп, үнемі қамқорлық жасайтын.
Жалпы, Мұқағали туралы басқаны қайдам, менің білетінім, ақкөңіл, адал, аңқылдаған жан. Қулығына құрық бойламайтын кейбіреулер сияқты емес еді. Есеппен өмір сүру деген есіне де келмеген. Батырға, ақынға тән аңғалдығымен өмірдің тәттісінен гөрі ащысын көп көрді. «Көкелеп» жүріп, мықтылардың қолтығына кіріп, «ағалап» жүріп, азулылардың алақанының жылуына тап болған жан емес. Өзінің баласындай, уыз сүті аузынан кетпеген балаң жігіттер шаяндай болып шартиып, үстел басында қызметте отырғанда, оған кезінде 80 сомдық жұмыс та бұйырмады.
777Белгісіз себептермен «Жұлдыз» журналынан кетті. Ол туралы талантты ақын өз күнделігіне былай деп жазыпты: «…Адамдардың арасында болған алауыздық мені де шарпымай өткен жоқ. «Жұлдыз» журналының делосын өткізіп беріп, поэзиямды өзіме алып қалдым… Әзірге немен тынары белгісіз, барым менің, балам менің, жақсылығым менің – поэзиям, тек сені сақтап қалсам екен. Сені де өлтіргісі келе ме, қалай? Олай бола қоймас, өмірдің қызығы не маған. Ойлап отырсам, менде бір-ақ арман бар екен. Ол – қалайда халқыма жағыну, ұнау соған. Тек соған ғана жасырмай шынымды айтсам деймін. Халқым, үнімді қалай жеткізем саған? Айналам тарылып, құрсауланып барады. Жағдай қиын, өте қиын… келесі жылы жаңа жинағым жарық көре ме, жоқ па?
Ей, қалам ұстаған, қаламдас бауыр-қарындастарым, халықты ұмытпаңдар! Халықсыз күндерің қараң! Оны сүйем деп байбалам салмаңдар. Оған тек ғашық бола біліңдер! 22 ақпан, 1973 жыл».
Сонау Хан-Тәңірі бауырынан астанам деп Алматыға келгенде оны ешкім маңдайынан сипай қойған жоқ. Көптің бірі болып-ақ жүргісі келіп еді, дастарханнан шеттеткен өгей баладай оны әлдекімдер түрткілей берді. Ақын да басқалар сияқты ет пен сүйектен жаралған адам ғой, ол ашынды, күйзелді, күрсінді. Айналасына жабырқай қарап, «кім менің жанымды ұғады, түсінсеңдерші, ағайын!» деп жаутаңдады да. Амал не, басында үйі, үйінде күйі, кеңседе жұмысы барлар оның бұл қылығына мысқылдай күліп, табалай жүріп, сан-саққа жүгіртті. Оған қол ұшын беріп, тығырықтан шығар жол сілтеудің орнына, керісінше, орға қарай итермеледі.
Біреулер сыйлаған болып сылқия тойғызды, ал біреулер ол үшін жаны қиналған болып, үсті-үстіне алдына түрлісін қойғызды. Жаны жасып, қаны тасып жүрген ақын үшін осының бәрі бірте-бірте айықпас дертке айнала бастады. Бірде кездесіп қалып, хал-жағдай сұрағанда, «ей, ақын қарындасым, несін айтасың?! Мен саған былай деймін:
Ұлы едім Алжанның,
Досымын мен бар жанның.
Жаяу Мұса қазір мен,
Әнші Ақандай сал жанмын,– деп күлгені бар (Алжан – руының аты екен, оны кейде келіндері атамай, «Алсай» деп те атайды деп түсіндірген). Сөйтіп, қысылған сәтінде Мұқаң да өзін сонау бабалары Жаяу Мұса мен Ақанға теңегені бар. Шынында да, өмірде әр заманның өз сері-салдары болады ғой. Оны ешкім теріске шығара қоймас.

* * *

999Мен ақынның ширек ғасыр бірге өмір сүрген жары Лашын жеңгейге бірер сұрақ қойдым:
– Сіз Мұқағалидың қандай қасиеттерін ұнаттыңыз?
– Әрине, ақынның жары болу оңай емес. Оның жанын түсіну қарапайым адамға қиын, әрине. Расында да солай. Ол әкесіз туған сәби сияқты көбіне шетқақпай көріп жүрді. Біздің Алматыдағы жағдайымызды ешкімге бермесін. Сөйтсе де, қанша қиындық көрсе де, ол бәріне төзді, шыдады. Қажып, мұңайып, шаршап, өмірден түңіліп кеткен сәттерде мен көбіне басу айтып, «әй, сен бірінші бізге – семьяңа, екінші халқыға керексің. Сабыр, Мұқаш» дейтінмін. Бірақ ол арнасынан асқан өзендей асып-тасып кететін. Өмірде жоқ болса да, бар етіп, семьясын зор етіп, бүкіл дүниені тар етіп өтті ғой.
– Мұқаңның жақсы көрер нәрсесі не?
– Шахмат. Әбдіке, Сыдық деген туыстары бар. Солармен ұзақ таңға шахмат ойнап, рахаттанушы еді. Олар үйге келгенде бүкіл Қарасаз көшіп келгендей мәз болатын. Ол жұмыссыз қалғанда да осы Әбдіке мен Сыдық бізден қол үзбей, үнемі көмектесіп жүрді. Мен оның дертін кейін ұқтым. Осыншама өнерімен, дарынымен ол өмірге сыймай жүрген екен ғой.
– Мұқаң нені ұнатып, нені ұнатпаушы еді?
– Оның ұнатпайтын нәрсесі – семьясымен ажырасып, балаларын «тірі» жетім, жарын «тірі» жесір етіп жүрген адамдарды өте жек көретін. Өйткені, «бала әке-шешесімен бақытты. Жар – құдай қосқан қосағымен, бала-шаға құстың қос қанатындай ата-анасымен бақытты» дейтін.
– Ақынның жары ретінде оның қандай қасиеттерін жоғары бағалайсыз?
– Бірінші, оның жарына, семьясына адалдығын ерекше бағалаймын.
333Ол – қардай ақ, сәбидей таза жан. Ешқашан өтірік айтпайтын. Семьясы үшін жанын қиюға әзір еді. Тапқан табысын үйге әкелетін. Жағымпаз, жылпос, екіжүзді адамды жек көретін. Сол оның түбіне жетті. Біз бір-бірімізді сонша құрметтеп, сыйлаушы едік. Ол мұңайып ренжігенде, мен не істерімді білмей, тұнжырап отырушы едім. Бірақ ол:
«сен – Лашын, мен – қыран, тыңда, кәне!..» деп, өлең оқитын:
Бүгінде, кешеде, өткенде,
Іздесең, қателік көп менде.
Сірә да соқпай бір өткен бе…
Сен бірақ түңілме, жек көрме!
Лайсаң жауындар, дауылдар,
Болмай ма күншуақ көктемде? – деп, арқамнан қағып, еркелеткенде еріксіз тұңғиық ойға бататынмын. Оны мен түсінгеніммен, қаламдастары түсінбей кетті. Оның жақсылығына қуанбады, сүйсінбеді, кемшілігіне күйінбеді. Сол үшін Мұқағали налыды, шаршады…
Өзінің баласымен жасты дүмбіл ақындардың көлемді жыр жинақтары шығып жатқанда, жасы қырыққа жеткенше «жас ақын» атанып, әр жинағы пышақ қырындай болып шыққан ақын өзін кімге көрсете алмақ? Бұл бір Мұқағали Мақатаевтың ғана басындағы трагедия ма? Жоқ. Ол – Төлеужан Ысмайылов, Төлеген Айбергенов сияқты жыр тарландарының басынан өткен дерт. Тоқырау заманындағы тоғышар, күндес, қызғаншақ кейбір қаламдастар әкелген дерт еді бұл. Тоқырау заманында тойынып, көзіне шел біткен шенпаздар өзінен басқа ешкімді көрмеді, көрсе де, көргісі келмеді.
Бүгінде жырсүйер әр адамның аузында ән болып, той-думанда дастарханға, кешке сән болып жүрген Мұқағалиды кезінде әлдеқайдан ауып келген келімсектей санады-ау! Сонда да ол бүгін уақытпен үндесіп, заманамен жарысып, өлсе де, тірі дұшпандарымен алысып, бізбен бірге болашаққа бара жатыр. Әттең, уақыт та, замана да емес, адамдар берген кеселден ол айықпады. Жаны жасыды, қаны тасыды…

Тағы да Мұқаңның күнделігіне жүгінейікші:
«Жұмыссыз жүргеніме жаңа жылда бір жыл толады. Қайтіп, қалай жан бағып жүргеніме таңданамын. 7 желтоқсан, 1973 жыл».
«Әзілдегенсіп, жаны ашып, жақын тартқансып, ақыл айтқансып, арыма тікенектей қадалатын әріптестерімнен түңіле де, құтыла да алмай-ақ қойдым. Байқағаным – менің ардың-күрдің қызынып жүретінімді қалайды екен бұлар! Сау жүрсем, сақтана бастайды. Ой, … зұлымдар-ай! Неғылған іштері тар! Аңдып жүргені, сәл адаса қалсам, аяйтын түрі жоқ. Оңашада сырласқан болады да, екі адамның басы қосылса, көзімді бақырайтып қойып, әзілдегенсіп, білдірмей, жамандай бастайды. Бассыздар-ай, мен соны түсінбейді деп ойлайды-ау шамасы. 19 желтоқсан, 1973 жыл».
Міне, осы жолдарды оқығанда, жүрегің ауырады. Мұқаң өте дұрыс байқаған. Мұқаң келе жатса, мүмкін, оның мысы басар, кейбіреулер кісімсіп, ақылгөйсіп, өздерінше әлдеқандай болатын. Маңғаз, сері Мұқағали ондайларға көз қырын да салмастан, апайтөсін керіп, алшаңдай басып, олардың қасынан өте шығатын. Ондайда ақын Мұқағали ашынып:
Ұлымын мен Алсайдың,
Жақсылықты аңсаймын.
Кім көрінген ақыл айтар,
Соны ойласам, шаршаймын,– дейтін. Бұл – ақынның жүрегінен шыққан шын сөзі. Өтірік мүсіркеп, жалған жаны ашыған әріптес, қаламдастары оның қатты налып, өміріне де, өзіне де разы болмай жүрген сәттерінде, көңілін көтеріп, қолтығынан демеуге жарамады-ау! Ол жан азабында, тән дертінде жүріп Дантені аударуға кірісті. Бір қыс отырып, оның «Тамұқ» деген тарауын аударды. Бірде Мұқағали:
– Дантені де қазақша сөйлеттім, атаңа нәлеттер соны да түсінбейді ғой! – деп ренжігені бар.
…Егер адам баласының өміріне көз жүгіртсек, небір дарын, талаптылар, білгірлер өткен екен. Бірақ, олардың өмірі қашанда қысқа болған. Сол сияқты, тірісінде емес, өлгесін «қазақтың Маяковскийі, Есенині» атанған Мұқағалидың да ғұмыры қысқа болды.
Өлім, өлім, өлім деп,
Неғыламыз күрсініп.
Өлген адам көмілмек,
Тірі адамға тіршілік.
Өлім, өлім, өлім деп,
Өкінеміз несіне.
Өлген адам көмілмек,
Тірі адамға несібе, – деген сөзі – шындық. Ол өлген соң біраз уақыттан кейін Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығына ұсынылды. «Ол өмірде жоқ» деген сылтаумен берілмеді. Өлгендерге сыйлық берілмесе, «қырғыздың Жолан Мамытовы, орыстың В.Высоцкийіне неге берілді?» деген ой көкейімнен кетпейді. Амал не, «өлі арыстаннан тірі тышқан артық» деген рас екен, өмір ешқашан ұлыларды, дарындарды еркелетпеген.
…Міне, қашанда дарындар, біртуарлар өмірден ерте кетеді. Олардың даңқы қайтыс болғаннан кейін ғана шығады. Сол сияқты, жол басы да, жыр басы да Қарасаздан басталған Мұқағали Мақатаев бүгінде ән болып аспанда қалықтап, жыр болып жұлдыздармен сырласып, сонау поэзия әлемінде шырқап барады. Асқар тау алыстан көрінер. Оның дауысы бүгінде ел ішіне толық жетеді. Оның жыры әрбір адамның жүрегіне жол тапқан жалынды жыр, өлмес өлеңге айналды. Әттең, бүгінгі халқының өзіне деген құрметі мен сүйіспеншілігін көрмеді-ау, ақиық ақын!..

Ақпан, 1991 жыл. Алматы

«Ақжүніс-Астана» журналында 2014 жылдың ақпан айында жарияланды.

Сайтымыздың жаңа мақалаларына жазылыңыз

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

6 комментариев

  1. рысжан :

    Керемет жазылыпты.жаксы естелик

  2. viagra cheap online canada
    viagra without a doctor prescription
    generic viagra mail order

  3. where to buy viagra online uk
    viagra generic
    order viagra without rx

  4. viagra buy south africa
    viagra pills
    buy viagra in australia

  5. cialis buy no prescription
    cialis price
    buy cialis brisbane

  6. Enriqueexaph :

    fast cash lenders [url=http://onlineloan.us.org]loans online[/url]

Пікір жазу

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

*


5 − 3 =