Ақсәуле ӘЛЖАН: «Кешкі шайдың» неге жабылғанын басшылық біледі

444Өмір-дерек:

Ақсәуле Қанатқызы Әлжан 1984 жылы 14 ақпанда Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген. 2001 жылы Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің тарих факультетіне оқуға түседі. 2003 жылы Елордада жаңадан ашылған «ЭРА ТВ» телеарнасының жүргізушісі болып қабылданады. Оның «Жылы жүздесу» авторлық бағдарламасы 2006 жылы ҚР Президентінің Грантына ие болады. Сол жылдары ҚР Үкіметі жанынан құрылған Жастар ісі жөніндегі кеңес мүшесі атанады.

2009 жылы «Жетінші арна» құрылған уақыттан бастап жаңалықтар, «Кешкі шай» бағдарламасы және «Жас қанат» республикалық жас орындаушылар байқауының тұрақты жүргізушісі. Мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың көптеген алғыс хаттарымен, мақтау қағаздарымен марапатталған.

Жары Әсет Әбдуалиев – «Нұр Отан» ХДП саяси менеджмент мектебінің директоры.  Әлиасқар есімді ұлдары бар.

 

111– Ақсәуле, Журналистер күні құтты болсын!

– Рахмет, бірге болсын! Негізі, өзім журналистика күнін төл мерекем деп қабылдай алмаймын. Журналистика мамандығында оқымағасын ба, білмеймін. Бірақ, әрдайым қолына микрофон алып, шапқылап жүретін, көбінесе, өзінің емес, жұрттың жағдайын жасау үшін тер төгетін, өзге мамандықтарға қарағанда, елеусіз қалып қоятын біздің әріптестерге жылына бір рет болса да, назар аударуға себеп – осы мерекенің барына ризамын.

– Сіз жоғары оқу орнында археолог-этнолог мамандығын оқыпсыз. Журналистикаға бет бұруыңызға не себеп болды екен?

– Кішкентайымнан тарихқа құмар болып өстім. Сондықтан, жоғары білімді тарих факультетінде алмақ болып, оқуға түскенім рас. Үйде бес баласы бар, ауылдың қарапайым отбасынан шыққан 2 курс студентіне білім алудан басқа не керек? Әрине, қосымша қаражат. Әлі есімде, стипендия  2300 теңге болатын. Оның ешнәрсеге жетпейтіні рас. Сондықтан, оқумен қатар жұмыс істеп, аз болса да, тиын-тебен табайын деген шешімге келгенім сол еді, университетте көзіме «Жаңадан құрылған телеарнаға жүргізушілер қажет, кастинг жарияланады» деген хабарландыру түсті. Менің тағдырымды шешкен осы бір жапырақ қағаз. «Жұлдыз» болайыншы деген асқақ арман, арнайы «жоспар» менде ешқашан болған емес. Және осы «жұлдызды өмірдің» «тусовка», «гламур», «қара пиар» сияқты ажырамас бөліктері әлі күнге дейін бойыма жат.

– Небәрі 2 курс студенті бола жүріп, телеарнада журналистік қызметті қатар атқарғаныңыз сіздің пысықтығыңызды көрсететін шығар?..

– Кішкентайымнан «пысық қыз» атанып өскенімді жасырмаймын. Мен үйдегі қыздардың үшіншісімін, менен кейін ата-анам ұлды болды. Інім өскенше, үйдің сыртындағы, аула, қорадағы шаруалар – малды жайғап, қораны тазалау, отын жинап, монша жағу – бәрі менің мойнымда болатын. Сонымен бірге, мектепте үздік, белсенді оқушылардың бірі болдым. Мұның бәрі менің «пысық» болып қалыптасуыма әсер еткен шығар. Университетте де осылай жүруіме мүмкіндік жасаған ұстаздарыма рахмет. Түні бойы бағдарламаны монтаждап, таңғы лекцияда қалғып отыратын кездер де аз болмаған менде.

– Қазақ журналистикасының артықшылығы мен кемшілігін бір шолып өтсеңіз…

– Жақында «Астана» телеарнасында «Кеш емес» бағдарламасында қазақ журналистикасының бүгіні мен ертеңі талқыланды. Сол бағдарламада «Айгөлек» журналының бас редакторы Қымбат Әбілдақызының ашынғаны бар: «Қазақ журналистерінен кімді танисыз десе,  әр сөзіне тер төгетін журналистерді емес, аузына сөзді шайнап салып берген әншілерді айтады» деп. Қазақ журналистикасының бүгінгі жағдайы осы. Бұл салада жүздеген,  мыңдаған адам қызмет етеді, күніне парақ-парақ мәтін жазылады, көптеген сюжеттер мен бағдарламалар жарық көреді, бірақ оның бәрі оқырманы мен көрерменіне жетіп жатпағандай әсер қалдырады. Мұның себептері көп. Олар туралы менен әлдеқайда ақылды, менен әлдеқайда жасы үлкен адамдар айтып та жүр, жазып та жүр. Қайталамай-ақ қояйын.

333–  Бір сөзіңізде «қазақ тілінде жазатындар орыс тіліндегілерді басып озды» депсіз. Қай жағынан басып оздық деп ойлайсыз?

– Бұл твиттерде айтылған ой. Kaznet.me сайты твиттердегі ең оқырманы көп, ең көп «ретвит» жасалған аккаунт иелерінің тізімін жасады. Қателеспесем, сол тізімді Маржан Сұлтанбай, Балғынбек Имашев, Өркен Кенжебектер бастап тұрды. Орыстілді аккаунттардың ішіндегі ең мықтысы – Tengrinews дің өзі қалып қойды олардан. Содан қуанып жазғаным ғой, интернетте, әлеуметтік желілерде қазақтілді оқырмандар орыстілділерге қарағанда әлдеқайда көп екен ғой деп. Бізде осы уақытқа дейін жарнаманың көп бөлігі орыстілді сайттарға беріліп, қазақ тілінде жазатын сайттардың оқырманы аз деп есептелініп келді. Қазір, байқауымша, бұл тенденция өзгерген. Қазақтілді журналистер, блогерлер әлеуметтік желілерде өте белсенді. Оқырмандар да қазақтілді желілерге бет бұрып, оң көзқарас қалыптасып келеді.

– Журналист ретінде өзіңізге сырт көзбен, сын көзбен қарай аласыз ба? Өз кемшілігіңізді неде деп ойлайсыз?

– Сәуле, білесіз бе, мен өзімнің бағдарламаларымды қайталап көре алмаймын. Өзім жүргізген бағдарламаны арнайы қайталауға қойып, жаным құшырланып қарауым – осы салада жүрген 11 жылда бір-екі-ақ рет болған шығар. Әрдайым өзімнен бір кемшілік табам да тұрам. Сөйлеу мәнеріме, сөз саптауыма, тіпті отырысыма дейін көңілім толмай қалатын кездер болады. Ең басты кемшілігім – кейде әңгімелесіп отырған адамды бөліп жіберетінім бар. Жалпы, телевизиялық хабарларда ұзын-сонар монологтарды ұнатпаймын, сондықтан да шығар. Әңгіме «дәмді» болу үшін сұрақ та, жауап та қысқа-нұсқа болуы керек деп ойлаймын.

222– «Жаңалықтарды» жүргізудің қатып қалған талабы, ережесі, шеңбері бар. Ал «Кешкі шай» бағдарламасы мүлде бөлек – еркін сұрақтар, еркін әңгіме… Өзіңізді қай амплуада жақсы сезінесіз, қайсысы жаныңызға жақын?

– Шетелде осыдан бірер жыл бұрын «инфотеймент» деген ұғым пайда болды. Бұл «information» – «ақпарат» және «entertainment» – «көңіл көтеру», «ойын-cауық» деген екі түсінік біріккен кезде туатын ұғым. Негізі, отандық телеарналарда осы екі жанр біріксе, небір қызықты дүниелер тууы мүмкін! Менің жаныма «Кешкі шайдың» форматы жақынырақ. Нағыз қазақтың менталитетіне жақын, Нуриддин Бидосов екеуміздің жүргізуші ретінде ашыла түсуімізге жол берген, ал ең бастысы, тез арада көрермен жүрегін жаулап алған жақсы жоба еді.

– Бағдарлама неге жабылды?

– «Кешкі шай» Мұхтар Құл-Мұхаммед ақпарат министрі болып тұрған кезде, прайм-тайм уақытында қазақтілді жобалар көп болуы керек деген талаптан туындаған хабар еді. Өкінішке қарай, Құл-Мұхаммед мырза министрліктен кеткен күннің ертесіне, бізге арна басшылығы «хабарды жабамыз» деді. Бұл жай ғана сәйкестік болуы мүмкін, ол жағын тек арна басшылығы біледі.

– Мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарын «биліктің қолшоқпары» деп жазғыратындар бар. Бұл туралы ойыңыз қандай?

– Есіңізде болса, Хабар телеарнасы тоқсаныншы жылдардың соңында, екі мыңыншы жылдардың басында дүрілдеп тұрды. Ең қызықты әрі сапалы бағдарламалар, ең үздік тележүргізушілер мен журналистер сонда болатын. Өздеріңіз білетін жағдаймен мемлекеттің қол астына өткеннен кейін Хабардың жайы бүгінгі күнге түсті. Ел-жұрт «Хабардағыдай өмір сүргіміз келеді» деп әзілдеп айтатындай күйге жетті. Бұл «биліктің қолшоқпары» ретінде сөйлеген телеарнаға көрермен сенімінің әбден жоғалғанын көрсетеді. Бірақ соңғы бір-екі жылда бұл тенденцияның өзгере бастағанын байқап жүрмін. Яғни, Президент әкімшілігіндегілер, яки телеарна басшылығы көрермен жүрегін қайтадан жаулау үшін үлкен бастамалар көтеріп жатқан секілді. Қазақстан телеарнасы да соңғы жылдары өте сапалы бағдарламаларымен қуантып жүр. Ал 24.kz және Балапан телеарналарын сүйсіне қараймын.

– Мемлекеттік саясатқа көңіліңіз толатын және толмайтын тұстарды айта аласыз ба?

– Твиттерде бір айтқыштың «Елбасын сынай беретін көп еркек өз үйлерінде әйелдерін басқара алмай жүр» дегені есіме түсіп отыр. Негізінде, сынаушы көп те, нақты жұмыс атқаратындар аз ғой. Мемлекет саясаты туралы білікті пікір айтатын саясаттанушы маман емеспін, бірақ жай азамат ретінде, өзіндік пікірім бар. Мәселен, жақында ғана қол қойылған Еуразия экономикалық одағының құрылуына қарсы болдым. Ал елорданың Астанаға көшірілуі, «Болашақ» бағдарламасы, немесе электронды үкімет секілді бастамалардың өте жақсы орындалып жүргені көңіл қуантады. Енді білім беру және денсаулық сақтау мен ауыл шаруашылығында орын алып жатқан олқылықтар түзелсе, «Қазақстан – 2050», «Саламатты Қазақстан» сынды бағдарламалар іс жүзінде жүзеге асса, көбіміздің көңіліміз медет табар еді.

– ҚР Үкіметі жанынан құрылған Жастар ісі жөніндегі кеңес мүшесі екенсіз. Жастар мәселесіне қатысты не айтасыз?

– Жастар мәселесіне байланысты айтарым – қазір не көп, түрлі жастар ұйымдары көп. «Жас отаннан» бастап, «Қазақстанның студенттер альянсымен аяқтап». Қазір, міне, елбасының бастамасымен «Қазақстан 2050» жастар қозғалысы дүниеге келді.  Осы айда алғашқы съездері өтті. Мұндай ұйымдардың саны көп болғанымен, бәрі бір-біріне ұқсайды.  Олардың бәріне ортақ бір сипат — бұл қауымдастықтар биліктің айтуымен, үкіметтің жетегімен құрылып отыр. Көп жағдайда бос ұрандату немесе өзін-өзі жарнамалау, ешкімге керегі жоқ, тіпті кейде күлкіге қалдыратын флэш-мобтар, тағысын-тағылар. Егер жастар өз инициативасымен бірігіп, қоғамға пайдалы жұмыс істейік деп шешсе, егер бастамалары олардың шын ықыласынан туған дүние болса, нәтиже мүлдем басқаша болар ма еді?!. Менің жолдасым Әсет – АҚШ пен Ұлыбританияда жоғары білім алған азамат. Одан естіп-білгенім бойынша айтып отырмын, шет елдерде студенттер арасында азаматтық қоғам жақсы қалыптасқан. Егер бір қарияға көмек керек болса, ешкім ұрандатпай-ақ, үндемей барып, шаруасын тындырып береді. Немесе Кампуста бір саябаққа қоқыс төгіліп, шашылып жатса, қатардағы бір студент қолына сыпырғыш алып, алаңды тазалап жүргенін көргенде ешкім таңқалмайды, олар үшін мұндай әрекеттер – қатардағы дүние. Міне, біздің жастардың арасында осындай қарапайым қадамнан бастап, үлкен істерді тындыруға мүмкіндік беретін, «жоғарыдан түскен» емес, жастардың өз қалауларымен, өз орталарынан шыққан ұйымдар болса ғой, шіркін деп армандаймын. Сонда ол студенттер ертең оқу бітіріп, ересек азамат болғанда да, Қазақстанда сөз еркіндігі мен таңдау мүмкіндігі бар нағыз азаматтық қоғам құрар ма еді. Ондай ұйымдар енді-енді құрылып, тың бастамалар қолға алынып та жатқанын соңғы кезде естіп те жүрмін. Ал мемлекет тарапынан күштеп ұйымдар құрудың қажеті жоқ. Мемлекет жастарға кедергі болмасын, «әлеуметтік әділ лифтпен» қамтамасыз етсін, жұмыс орындарын жасасын, жастарға өзге ештеңе керегі жоқ.

– Журналистикада жүрген нәзікжандылардың бар күш-қуаты – қаламының ұшында. Бұл саланың қиындығы  аз емес, әсіресе отбасылы келіншектер үшін екі есе ауыр. Сіз де «қиын емес» деп айта алмайтын шығарсыз?

– Журналистикада, әсіресе, телеарна саласында тұрмыс құрмаған, басы бос қыздарға ғана жұмыс істеу жеңіл дер ем. Ал отбасылы келіншектерге баласын балабақшадан немесе мектептен алудың орнына, немесе, жолдасына кешкі ас дайындаудың орнына сюжет монтаждап жұмыста отыру қаншалықты жеңіл дейсіз… Телеарнада «дедлайн», яғни, эфирге үлгеру – басты талаптардың бірі, сондықтан, таңғы тоғыздан кешкі алтыға дейін бір орында отырып жұмыс істеу – бізге бұйырмаған. Аллаға шүкір, біздің отағасы бұл жағдайды жақсы түсінеді, мені әрқашан қолдап отырады. Ұлымыз дүниеге келгеннен кейін де «декреттік демалыста көп отыра берме, ішің пысады» деп, жұмысқа шығарып жіберген де өзі. Сондықтан, бұл сұхбатты оқып отырған болашақ журналист қыздар болса, тұрмысқа шығардың алдында жолдастарыңмен осы мәселені келісіп алғандарың дұрыс дер ем…

– «…қазіргі заманның қыз-келіншектеріне жақсы білім алуға, жақсы жұмыс жасауға, еркін болуға мүмкіндік беру керек» депсіз. Біздің елде ондай мүмкіндік жоқ па?

– Менің бір таныстарым бар. Әйелі департамент директоры болып қызмет атқарған. Еңбегінің адал әрі сәтті болғаны сондай, оны вице-министр қызметіне дейін жоғарылату көзделген. Ал оның ері, қарапайым қызметкер, келіншегінің бұлайша жоғарылауына көңілі толмай, оның жұмыстан кетуін талап етті. Осылайша, талантты келіншектің карьерасы тоқтады. Біздің қоғамда «әйелдің шашы ұзын, ақылы қысқа» немесе «байтал шауып бәйге алмас» деген ұғымдар қалыптасқаны жасырын емес. Мен осы мүмкіндіктер туралы айтамын.

– Демек, жігіттер өздерін «мықты әйелінің» жанында «төмен» санайтын комплекстен арылуы керек, әйелдерінің жолы ашылып тұр ма, бөгет болмай, керісінше, қолдау керек дейсіз ғой?

– Әрине. Құдай кез-келген адамға ондай талант, ондай мүмкіндікті бере бермейді. Ерлі-зайыптылардың екеуінің біріне алла тағала сол мүмкіндікті беріп тұрса, қуану керек қой. Қолынан іс келмейтін әлдебіреулер отырғанша, іскер, сол саланы жақсы білетін адам отырғаны қоғамға да, мемлекетімізге де әлдеқайда пайдалы емес пе? Кей тұста қайсыбір мәселеге жеке бастың пендәуи төмпешігінен емес, мемлекеттік мүдде биігінен қарай білу керек деп ойлаймын.

– Бос уақытыңызда көркем әдебиет оқығанды ұнатады екенсіз. Соңғы оқыған шығармаларыңыз қандай?

– Кітап оқуға жаным құмар. Әсіресе, тарихи шығармаларды, оның ішінде батыс жазушыларының тарихи туындыларын жақсы көремін. Соңғы оқыған кітаптарым – балалар тәрбиесіне арналған сериядағы Карен Ле Бийонның «Французские дети едят все» және атақты америкалық журналист, тележүргізуші Ларри Кингтың «По правде говоря» өмірбаянын оқыдым. Қазір жерлесім Қадыр Мырзалиевтің 18 томдық таңдамалы туындыларын бастап жатырмын.

– Жазғы демалысыңызды қайда өткізесіз?

– Біз отбасымызбен экзотикалық жылы жақтарға Астанада қар борап тұрғанда барғанды жақсы көреміз. Ал жазда Қазақстанның табиғатынан асқан жер жоқ қой, шіркін! Алыстан арбаламай, жақыннан дорбалап, Бурабайға барамыз ба деген жоспар бар. Ал ұлымыз әжесімен бірге атажұртына, шығысқа, Алакөлге баратын шығар…

 

Сұхбаттасқан

Сәуле ӘБЕДИНОВА

«Ақжүніс-Астана» журналы

 

 

 

Сайтымыздың жаңа мақалаларына жазылыңыз

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

.