Ұмытылмас жарқын күндер-ай…

111Менің ойыма биік парасатты, мәдениетті, білімді, сұңғақ бойлы, сұлу торы аттай Мастура түседі…
1990 жылдан бастап Алматы қалалық педагог мамандар білімін жетілдіру және қайта даярлау институтында он жыл бірге қызмет атқардық. Жүрегі қартаймаған, қайраты ортаймаған «Білім беру саласының озық қызметкері» Мастура Салихқызы қызметіне кіріскен күннен бастап өз пәні бойынша мұғалімдердің білім-біліктілігін арттыру жұмысымен айналысты. Еңбек ету жасында көптеген игілікті істер атқарды, озық тәжірибелі ұстаздардың еңбегін көре біліп, көтермелеп, үлгілі ұстаздар қатарына қосу жолында, олардың өсуіне, абыройлы болуына көп еңбек сіңірді.
Адамгершілік қасиетке бай, жақсылық жасауға жаны құмар, үлкенді үлкендей, кішіні кішідей сыйлай білетін, түсінігі терең, жаны нәзік еді. Менен бір жас кіші болса да, «сіз» деп сөйлейтін. Ата-баба жолын берік ұстанған қазақи имандылығы жоғары, мейірімді, кішіпейіл жан еді. Адамгершілікті, сыйластықты, татулықты бағалай білген адал адам еді. Әттең, өмірдің қызығы мен қиыншылығын бірге көріп жүргенде сол өмірдің тым қысқа екенін ойламай, көп нәрсені бағалай алмаған екенбіз.
Мастура Салихқызының өсірген ұлы Ерлан, қызы Гүлнәр өз саласында абыройлы еңбек етумен қатар, әке-шешесінің достары, туыстары, қызметтес болған адамдармен қарым-қатынастарын үзбей, араласып келеді. Бұл да Мәкеңнің ұл-қызына беріп кеткен тәрбиесі.
Топырағың торқа, жатқан жерің жайлы, жаның жаннатта болсын!

Құрманкүл ЕСДӘУЛЕТҚЫЗЫ,
Қазақстан қажылар қауымдастығының мүшесі,
Қазақстан білім беру ісінің үздігі, зейнеткер

* * *

Қайғының орнын сабыр басады,
Шарасыздықтың орнын шүкір басады…

222Ол өмірден мезгілсіз өтті. Оның артында жұбайы, балалары мен немерелері, туыстары, достары, әріптестері қалды…
Әріптесім Мастура ерік-жігері мол, қайсар азамат еді, ауыр сырқатқа мойынсынбай қарсы күресе білді. «Жақсы адам – Алланың нұры» демекші, Мастура Салихқызының өзіне тән қылығы, мінезі, қазақ қызына тән ибалығы, жүріс мәнері, мәдениеттілігі мен парасаттылығы бір көрген адамға ә дегеннен-ақ айшықталып тұратын.
Табиғат сыйға тартқан ажары мен сымбаты, ойы мен бойының тазалығы оны ерекшелендіріп тұратын. Мәкеңнің жолдасы Мансур аға: «Мәкеңнің өзі бір қыз, шашы бір қыз» деп әзілдеп отыратын. Қою қолаң шашы оның әдемі жүзін ерекше нұрландырып тұратын.
Мастура Салихқызы Бекбаевамен таныстығымыз 80-90 жылдары басталған еді. Алматы қаласында қазақ мектептері жаңадан ашылып жатқан кезде қазақтың біртуар ақын азаматы Шона Смаханұлы басқарған бір топ қазақ зиялыларының басқаруымен №62 мектеп – қазақ мектебі болып (қазір ол мектеп Ш.Смаханұлы атында) құрылды. Сол кезеңде үй-үйді аралап мектепке қазақ балаларының тізімін жасаймыз. Оншақты ғана мұғалімбіз. Кішкентай балаларымызды кезектесіп мектепке тастап кезекшілік жасаймыз. Сондай бір кезеңде екеуіміздің балаларымыз ұйықтап, көтеріп келе жатқанда Мәкең «осы кереметтер де өсіп, бізді аялайтын күнге де жетерміз» дегені есімде. Құдайға шүкір, балаларымыз ел алдында ат жалын тартқан жақсы азаматтар болды.
«Қайғының орнын сабыр басады,
Шарасыздықтың орнын шүкір басады…» дегендей, Мастура Салихқызы өмірден өткенімен, оның жарқын бейнесі, көрсеткен үлгі-өнегесі, адамға деген жанашырлығы жадымда мәңгі сақталатыны сөзсіз.
Артыңызда қалған ұрпағыңызға Алла ғұмыр берсін!..

Қайыркен КУНАПИНА, әріптес құрбысы,
тарих ғылымының кандидаты

* * *

Нағыз ұстаз еді…

333Ұстаз дипломын алу бір бөлек те, ал сол мамандықтың үлкен биігінен көріну – екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс. Мастура Салихқызының ерекше бір қасиеттері бар еді. Негізі ол кісіні 1977 жылдан бастап өмірінен озған уақытқа шейін білдім. Одан бөлек, Гүлнәр деген қызы, Ерлан деген ұлы екеуі Ғабит Мүсірепов атындағы №86 мектепте оқыды. Ұстаз ретінде бір-бірімізбен сыйлы қарым-қатынастан бөлек, ол кісінің бала тәрбиесіндегі, жанұясындағы ата-ана ретіндегі ерекше қасиеттерін таныған адамдардың бірімін. Негізі, өзі бір сымбатты, ұзын бойлы, дене бітімі ерекше, түрі де керемет әдемі, әсем, қазақтың сұлу қыздарына айтатын барлық сөзге лайық кісі еді. Жүрісі, сөйлеген сөзі де байыппен, ақылмен, сондай бір әдемі мағыналы, мәнді сөздер айтатын еді. Киген киімі де өзіне қонымды, жарасымды, талғамы жоғары болатын. Ол кісі келе жатқанда жігіт тұрмақ, қыздардың өздері ғашық болатын. Және ол кісінің білімділігі өз алдына, жұмыс істеген мектептердің барлығында Мастура апай – білімді де, білікті ұстаз деген атқа ие болған кісі.
Балалары – Гүлнар мен Ерланға керемет тәрбие берген асыл Ана еді. Ұстаз жұрттың баласына біліммен қоса тәрбие береді ғой. Егер ұстаздың өз жанұясында тәрбие, білімге құштарлық болмаса, бұл ұстаз үшін үлкен сын. Мастураны ол жағынан бақытты ана деп санаймын. Балалары мектепте үздік деген бағаға оқыды. Қоғамдық жұмыстарға белсене қатысатын.
Балаға тәрбие әкесі мен шешесінен – екі жақтан да беріледі ғой, әкесі де үлкен ғалым. Ал үйдің тыныш болуы, жылулы болуы берекелі болуы отанасына байланысты. Мастура Салихқызы өте білгірлікпен, ақылдылықпен отбасының ұйтқысы болы білді деп ойлаймын. Өйткені жолдасының докторлық қорғауы, ұзақ жыл жақсы жұмыс істеуі, балаларының тәрбиелі, тәлімді, білімді болып өсуі – сол кісіден жұққан үлкен қасиет. Мастураның қызы Гүлнар – ашық мінезді, елмен тез тіл табысады, жаймашуақ, барлық уақытта күліп-ойнап жүреді. Ұстаздарына деген ілтипаты, құрметі ерекше, кез-келген шәкіртте ол бола бермейді. Қазір өзі балалы-шағалы болып отырған ана. Бірақ ешуақытта мектебін естен шығармайды, өзіне дәріс берген барлық апайларын ұмытпайды. Бұл да анасынан көрген тәлім-тәрбиесі. Ата-анасы мектепке, ұстазға деген құрметті балаларының бойына дарытқан.
444Жалпы химик ретінде қала көлемінде өте атақты мұғалім болды. Кейбіреулер ол кісіден жасқанатын, қаймығатын, себебі бетке тік айтатын. Қай уақытта өзің білімді, білікті, шығармашыл болсаң, батыл боласың ғой. Сол Мастураның бойында батылдық басым болатын. Қоғамдық жұмысқа да өте белсенді, жүрген жері той-думан. Ол кезде Алматы қаласының бетке ұстаған жалғыз қазақ мектебі – №12 мектеп, қазіргі Шоқан Уәлиханов атындағы біздің қара шаңырағымыз. 1977-1978 оқу жылында Шона Смаханұлы ағамыздың арқасында, сабылып жүріп, есіктің бәрін қағып жүріп, елді ұйымдастырып жүріп, бірнеше мектепті ашты. Мастура Салихқызы №86, №145, №62-ші мектепті де, қазіргі Шона Смаханұлының атындағы мектептің де ашылуына бірден-бір үлкен ықпал еткен азамат. Ең алғаш екінші мектеп ретінде 1977-78 оқу жылында №86 мектеп ашылды. Мен содан бір жыл бұрын ғана Тараздан көшіп келген едім. Қазақ мектебін таппағандықтан, орысшамыз шамалы болса да, орыс мектебінде сабақ беріп жүрдім. Сол Ғабит Мүсірепов атындағы мектеп ашылғанда қуанышымызда шек болған жоқ. Сол кезден бастап Мәстураның қандай ұстаз, қандай ана екенін, қандай құрбы екеніне біраз қаныққан кісінің бірімін. Жалпы, қазақ мектептері ашылған кезде мұғалім табу да, оқушы табу да қиын болған. Себебі, қазақ жанұяларының балалары орыс мектебіне баратын. Қазақ мектебінің көбеюіне, қазақ мектебінде білімнің бар екеніне көз жеткізген, қадір-қасиетін көтерген Мәстура Салихқызы сияқты білімді, білікті ұстаздардың қосқан үлесі зор деп санаймын.
Мәстура, өкінішке қарай, өмірден ерте озды. Әлі де болса беретіні көп еді. Бірақ Аллаға қарсы шыға алмайсың, пешенесіне жазылған жасы шығар. «Орнында бар оңалар» деген. Құдайға тәуба, қызы бар, ұлы бар, олардан тараған ұрпақтары бар. Өсіп-өніп отыр. Сол кісінің берген тәлімін, тәрбиесін жалғастырып, туыс-туғанына да, құрбы-құрдастарына да сыйлы болып жүр.
Жатқан жері жарық болсын. Артындағы ұрпағы аман болсын деп ұстаз ретінде де, ана ретінде де тілек айтқым келеді. Біз Мастураны ешқашан ұмытпаймыз.

Аягүл МИРАЗОВА,
Қазақстанның Еңбек Ері,
Ы.Алтынсарин атындағы
№159 гимназия директоры

«Ақжүніс-Астана» журналы

Сайтымыздың жаңа мақалаларына жазылыңыз

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Пікір жазу

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

*


1 + = 7

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <s> <strike> <strong>