Бақыт Кенесарықызы: Адал еңбектің әрқашан өтеуі болады

7Бүгінгі дәуір – ғылым мен білімнің дәуірі. Бүгінгі заман – білімдінің заманы. Көзі ашық, көкірегі ояу жанның өңге жұрттан бір саты биік тұратыны – дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Сондай жандардың бірі, өмірінің басым бөлігін ғылымға және шәкірт тәрбиелеуге арнаған – Ө.Жолдасбеков атындағы экономика және құқық академиясының ғылым және халықаралық байланыс жөніндегі проректоры, заң ғылымдарының кандидаты, доцент Бақыт Кенесарықызы Чингаева. Өзі ғалым, асыл жар, ардақты ана Бақыт Кенесарықызымен сұхбаттасқанымызда, қандай салада еңбек етсе де, қазақ әйелі – өзінің мәртебелі «Қазақ әйелі» деген атына лайық болып қала беретініне тағы бір көз жеткіздік…

«Ауылым – алтын бесігім»

– Мен туған өлке – бақ қараған, қыдыр дарыған қасиетті өлке Үржар ауылы, – деп бастады әңгімесін Бақыт Кенесарықызы. – Үржар – Шығыс Қазақстан облысындағы «шөбі майса, жұрты жайсаң», тынысы кең аудандардың бірі. Кәрі Тарбағатайдың ең биік шыңдары – Найзақара, Балатөбе, Жайтөбе, Арқарлы таулары да осы Үржарда орналасқан. Үржардың өңірі – далалы-таулы, жазықты-қыратты, өзенді-көлді, ну орманды… көрікті де көркем аймақ. Сол сұлулығынан халық Үржарға «екінші Алматы» деп ат қойған…
Бақыт Кенесарықызы осындай сұлу табиғаттың баурайында 1964 жылдың 3 маусымында дүниеге келген. Әкесі Кенесары Шыңғайұлы (1923-1970), анасы Бәтен Базарбайқызы (1931-1992) қарапайым шаруа адамдары еді. Олар балаларының жоғары білім алуына бар жағдайды жасайды.
222– Әкем марқұм өмірден ертерек озды, небәрі 47 жасында дүние салыпты. Мен ол кезде небәрі алты жаста екенмін, әкемнің бейнесі еміс-еміс есімде. Ол кісі жұмыстан келгенде, қақпадан кіре бере алдынан жүгіріп шығып мойнына асылатыным, оның «құлыным сол» деп шашымнан иіскеп, маңдайымнан сүйетіні, сосын қолындағы түйіншегін шешіп қолыма кәмпит-пірәндік ұстататыны есімде қалыпты. Көзін көрген кісілер әкемді мейірімді, жұмсақ мінезді, балажан, ерекше еңбекқор, көп сөзге жоқ, өте сабырлы да көркем мінезді адам болған деседі.
Анам жарықтық оқу-білімнің қадірін білетін, көкірек көзі ояу, ақыл-парасаты терең, әйелге тән әдемілігімен қоса, ер-азаматқа лайық кесек мінезді кісі болған. Небәрі 39 жасында жесір қалып, сегіз баланы жалғыз өзі жеткізген. Анамыз бәріміздің жоғары білім алуымызға мүмкіндік жасады…
Бақыт Кенесарықызы ең үлкен екі ағасы – Оспан мен Құмардың шал-кемпірге тән болып, ата-әжесінің бауырында өскенін айтады. Бүгінде ол кісілердің өздері болмаса да, артында қалған ұрпағы бар.
Екі ұлдан кейінгі алты қыздың ең үлкені Төлеухан апай бүгінде 64 жаста.
444– «Шыққан қыз шиден тысқары» деген сөз қате айтылған, – дейді Бақыт апай. – Әке орнына әке, ана орнына ана болып, әулетіміздің бар ыстық-суығын көтеретін, ақылын айтып, жөн сілтейтін – Үржарда тұратын Төлеухан апайымыз. Ол кісінің айтқаны біз үшін заң. Екінші апайым Бақытхан зейнеттік демалыста. Одан кейін Пану, Фарида деген педагогика саласына зор үлестерін қосып жүрген әпкелерім, өзімнен кейінгі медицина саласының қызметкері Раушан деген сіңлім бар. Ұл өсірдік, қыз өсірдік, еткен бейнетіміздің зейнетімен қатар, ұрпағымыздың қызығын, заманның рахатын қатар көріп жүрміз, қуаныш-қайғыда да, той-томалақта да, күнелікті өмірде де қатынасымызды үзбей, жиі хабар алысып тұрамыз. Ауылға да атбасын бұрып тұруға, ата-анамыздың басына барып құран бағыштауға тырысамыз. «Ауылым – алтын бесігім» демекші, қанша шалғайда жүрсең де, туған ауыл, өскен ортаны ұмыту мүмкін емес, – дейді Бақыт апай.

«Анам – менің идеалым»

1971-1981 жылдар аралығында Үржар ауылында М.Горький атындағы онжылдықты бітірген соң Бақыт Кенесарықызы «дәрігер болсам, жиі ауыратын анамды өз қолыммен емдеп жазсам» деп армандайды. Бірақ ол кезде дәрігерлік оқуға түсу қиын еді. Оның үстіне, анасының қасынан, ауылынан алыстап кеткісі келмеген Бақыт арманға тек алыстан қол бұлғап, аудандағы 1 жылдық бухгалтерлік курсты оқиды. Өндіріс бухгалтері деген мамандықты алып шыққан соң, туған ауылында бухгалтер болып жұмыс істейді. Бес жылдан соң басқа мамандықта бағын сынап көргісі келген талапшыл қыз Талдықорғандағы Заң техникумына құжат тапсырады.
333– Анам әркез: «Адал болыңдар, дұрыс жүріп-тұрыңдар, кісінің ала жібін аттамаңдар, қолдарыңнан келсе жұртқа жақсылық жасаңдар, жақсылық адамнан қайтпаса да, құдайдан қайтады, шыншыл да шынайы болыңдар» деп құлағымызға құйып отыратын. Есейе келе, адалдық, шындық туралы көбірек ойланатын болдым. Адвокат, прокурор немесе соттың оқуын оқысам деген арман пайда болды. Заң саласына жоғары оқу орнына түсу өте қиын еді, сондықтан екі жылдық заң техникумына құжат тапсырдым. Жолым болып, оқуға қабылдандым. 1987-89 жылдар бұл оқуды оқып, қолыма дипломымды алған соң Үржар аудандық әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінде зейнетақы тағайындау маманы болып жұмыс істедім, – деп еске алады Бақыт апай.
Өз мамандығы өзіне ұнайтын, жұмысына да көңілі шат еді. Алайда…
1991 жылы анасы Бәтен қызына «Ленинская смена» газетінен бір хабарландыруды көрсетеді. «Қызым, Талдықорғанның Заң институты талапкерлерді қабылдайды екен, осы оқуға тапсырып көрсең қалай болады?.. Жоғары білім алғаның жөн болар еді…» деп кеңес береді. Көреген анасының ақылына құлақ асқан жас Бақыт арман арқалап Талдықорғанға келеді. Қалаған оқу орнына қиналмай түсіп, 1997 жылы «құқықтану» мамандығы бойынша білім алып шығады. Студенттік жылдары біліммен қатар коғамдық жұмыстарды да қатар алып жүреді. Әртүрлі іс-шаралардың ұйымдастырушысы, жақсылықтың ұйтқысы болып жүріп, білімі мен еңбекқорлығының арқасында, жолдастарына деген адалдығының арқасында студенттер арасында да, оқытушылар арасында да беделі жоғары болады.
– Заманға сай білім алып, өмірден өз орнымды адаспай тапқаным үшін анама қарыздармын. Дұрыс жол көрсетіп, бағыт-бағдар берген анам менің идеалым болып қалады… Оқу оқимын, ғылым жолын қуамын деп жүріп тұрмысқа кештеу шықтым. Анам жарықтық жасым ұлғайған сайын: «Жалғыз қалма, тұрмысқа шық, теңіңді тап…» деп жиі айтатын. Бұйрық солай шығар, 1995 жылы 31-ден асқанда тұрмыс құрдым, 32 жасымда ана болдым. Әлішерім биыл 18-ге толды, Жетісу мемлекеттік институтының заң факультетінде оқиды…

«Ғылым – инемен құдық қазғандай»

5551998 жылы институтты бітіргеннен кейін Бақыт Кенесарықызы ғылыми-педагогикалық еңбек жолын бастайды. 1998-2000 жылдары Қазақ еңбек және әлеуметтік қатынастар академиясының Талдықорғандағы филиалында заңнан дәріс оқиды. Ал 2000-2003 жылдар аралығында Халықаралық заң және нарық академиясының Талдықорған филиалында заң кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарған Бақыт Кенесарықызы кәсіби білігі мен жан-жақты білімінің арқасында осы академияның директоры болып тағайындалады. Одан соң 2006 жылы Қазақ құқықтану және халықаралық қатынастар институты заң факультетінің деканы, ал 2007-2011 жылдары Ө.Жолдасбеков атындағы экономика және құқық академиясының жеке құқық кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарады. Бақыт Кенесарықызы қай жерде, қандай қызметте болмасын, тек адал еңбек етуді өзінің басты қағидасы санайды. Қай жұмысқа да үлкен жауапкершілікпен қарап, іскерлік көрсете біледі.
– «Ғылым – инемен құдық қазғандай» деп тегін айтпаған. Бұл сөздің мәнін ғылым жолын таңдағандар жақсы біледі, – дейді ғалым апай. – Әйел адам үшін екі есе ауыр. Тіреп тұрған «тәте, көкем» жоқ, сондықтан өз бетімше талпынып, тырысып, көбірек білсем, көбірек оқысам, бірдеңеге қол жеткізсем деп мақсат еттім. Жолдасым – Төлеген Бидахметұлы 30 жылдан астам уақыт Қазақстан Республикасының Ішкі істер органдарында қызмет атқарып, бүгінгі күні құрметті зейнеткер атанды. Ғылымға жету жолында маған әркез қолдау көрсете білді, «әйел адамға осының керегі не?..» деп бір рет те ренжіген емес. Еңбектің қиындығымен қатар, рахаты да болады, белгілі бір белесті еңсергенде, істеген жұмысыңа өзіңнің көңілің толғанда, содан жаның рахат табады.
666Күндіз-түні оқып, зерттеп, еңбек еткенінің нәтижесі де жаман болған жоқ. Төккен маңдай тердің өтеуі – ғылым жолының ең бір жауапты кезеңі – кандидаттық диссертацияны жақсы қорғап шыққаны еді. 2007 жылы Бақыт Кенесарықызы әл Фараби атындағы Қазақ ұлт-тық университетінің диссертациялық кеңесінде ҚР ҰҒА академигі Салахиден Нұрсарыұлы Сабикеновтің жетекшілігімен «ҚР Еңбек туралы» заңының конституциялық-құқықтық негіздері» тақырыбында ғылыми еңбегін зор абыроймен қорғап шықты. Соның нәтижесінде Бақыт Чингаеваға заң ғылымдарының кандидаты деген ғылыми атақ берілді.
Бақыт Кенесарықызы студенттер мен магистранттарды оқытып қана қоймай, олар лицензия алу үшін құжаттарды әзірлеу барысында өлшеусіз үлес қосты. Педагог-ғалымның ғылыми-педагогикалық, ұйымдастырушылық және қоғамдық еңбектеріне зер салсаңыз, «талантты адам барлық нәрседе талантты» деген қағидаға көз жеткізесіз. Кафедра ісі болсын, факультет немесе академия жұмысы болсын, әр кезде жаңашыл идеялар мен игі бастамалардың ұйытқысы болып жүргені. Қандай мәселе болмасын, ұқыптылық пен жауапкершілікті басшылыққа алады.
Бүгінгі таңда Бақыт Кенесарықызы жеке құқық кафедрасын басқарады. Бұл кафедра осы Академияның талантты түлектерінен құралған. Әріптестер әркез ғылыми-әдістемелік ізденіс үстінде жүреді, олардың бір-біріне деген достық, әріптестік қарым-қатынастарының арқасында кафедра жұмысы да ауызбіршілік пен ұйымшылдыққа, татулыққа негізделген.
111– «Бірлік бар жерде тірлік бар» деген емес пе? Менің әріптестерім осы қағиданы басшылыққа алып жұмыс істейді, бір-біріне қолдау таныту, бір-бірімен тәжірибе алмасу біз үшін қалыпты жағдай. Сондай ынтымақтың арқасында жұмысымыз да алға өрлей бермек, – дейді Бақыт Кенесарықызы.
Білім және ғылым саласына қосқан зор үлесі үшін Бақыт Чингаева көптеген алғысхаттармен, грамоталармен марапатталған, заң саласындағы бірнеше сертификаттың да иесі. Ғалымның ғылыми еңбектерін тізіп шығу мүмкін емес, өйткені ондай жұмыстары өте көп. Заң ғылымының дамуына үздіксіз үлес қосып жүрген Әйел-Ана-Ғалым Бақыт Кенесарықызының өмір жолы көпке үлгі боларлық.

Сәуле ӘБЕДИНОВА

«Ақжүніс-Астана» журналы

«Ақжүніс-Астана» журналы

Сайтымыздың жаңа мақалаларына жазылыңыз

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

1 801 комментарий