Бұл күйлерде ғасырлардың үні бар…

1425507_722207051200364_6417894376049200238_nН.Тілендиев атындағы академиялық фольклорлы-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрі қазақтың ұлттық аспаптарынан төгілген ұлттық музыкамызды өзімізге де, өзгеге де паш етіп келе жатқанына 32 жыл болыпты. Күй абызы Нұрғиса Тілендиев осынау шығармашылық ұжымды құрғанда қазақтың көне аспаптарын жаңғыртып, көптен үзіліп қалған сиқырлы үнін қайта жалғауды мақсат еткен еді. Содан бері Нұр-ағаның орындалған арман-мақсаты оркестрдің бұзылмас дәстүріне айналған.

Осы оркестрдің дирижері, халықаралық және республикалық дирижерлар конкурсының лауреаты Мүсілім Әмзенің 14 қарашада өткен «АҢСАУ» атты концертік кешінде дәстүр сабақтастығы үзілмегеніне тағы бір көзіміз жетті. Алмабек Мейірбековтың «Шабыт» күйімен кеш шымылдығы ашылды. Ал сазсырнайдың сырлы үнін оркестрмен үйлестірген Гүлфайруз Далбағай Еркін Нұрымбетовтің «Балдырған» күйін орындағанда сахнадан тазалық пен адалдық, еркіндік пен еркеліктің лебі есті. Дәстүрлі домбыра, қобыз сынды аспаптардан бөлек сыбызғы, сазсырнай, жетіген, дауылпаз, асатаяқ, сылдырмақ, шаңқобыз…. ежелгі аспаптардың әрқайсысы әуенге өзінше әр беріп, қазақ ән-күйін мың құбылтып, түрлендіре түсті.

Дәулеткерейдің «Жеңгем сүйер» күйін тыңдағанда көз алдымызға жеңгесімен әзілдескен қайын інінің еркелігі, шолпысы сыңғырлаған қазақ келінінің сұлу да сабырлы келбеті елестеді. Сирек айтылатын Бақытжан Байқадамовтың «Домбыра», Кеңес Дүйсекеевтің «Сәлем саған, туған ел!» әндерін орындаған Арайлым Ибраева біз үшін жаңа есім болып қалды.

Алмат Сайжанның оркестр үшін жазылған алғашқы туындысы «Хан Кене» поэмасы, Махамбеттің оркестр репертуарына жаңа қосылған «Қайран, Нарын» күйі көптің көңілінен шықты. Евгений Брусиловскийдің «Желдірмесі», Кенжебек Күмісбековтің «Концерттік вальсі», Нұрғиса Тілендиевтің «Аңсауы» – оркестрдің әлеуетін көрсеткен, тыңдарман тарапынан өз бағасын алған туындылар. Бұл күйлер қанша тыңдасаң да жалықтырмайтын, қазақ күй өнерінің алтын қорына қосылған асыл шығармалар.

Ал Айбол Құдайбергеновтің «Ою-өрнегі» жетіген аспабына әдейі арнап жазылғандай. Жетіген үніне оркестр қосылғанда, жантербетер ерекше әуез туды. Үні өзіне еріксіз баурайтын бұл аспапта ойнаған Гүлжанат Көлжанованың шеберлігіне тәнті болдық. Әуенмен өрнек салу деген осы шығар… Шын мәнінде, бұл кеште әр аспаптың әуенмен сурет салғанын көрдік. Дирижер Мүсілім Әмзенің сөзімен айтсақ, «шегіртке шырылы естіледі, таба нан иісі, самауыр түтіні, жоңышқа жұпары» аңқиды, кең дала тынысы көз алдыңа келеді. Бұл – «Отырар сазы» оркестрі орындаған Ермек Өміровтің «Ауыл табиғаты» шығармасынан алған әсеріміз.

Шәмші Қалдаяқовтың «Теріскейі» мен Мыңжасар Маңғытаевтың «Сағыныш» әнін айтқан жас әнші Фархат Кубиевті көргенде, айтулы ардагер әншіміз Нұрғали Нүсіпжанов ағамыздың ізбасарын танығандай болдық.

Күйші Жанғали Жүзбаев Сүгірдің «Бозінгенін» ғана тартып, сахнадан тез кетіп қалуының себебін түсінбедік. Ат арытып сонау Астанадан келгенде, тым болмаса, екі-үш күй шертуі керек еді. Көрермен мықты күйшісін сағынып-ақ келген…

10295358_691728937600713_7528654913057199298_oБұл концерттен дирижер Мүсілім Әмзенің әркез шығармашылық ізденісте жүретінін, үнемі бір бағдарламаны айналдыра бермей, әркез оркестр репертуарын жаңартып, өзгеше үн, жаңаша әуез, тосын бояу қосуға тырысатынын байқадық. Сөзіміз дәлелді болу үшін бір мысал айта кетейік. Халыққа бұған дейін дәстүрлі әнші ретінде танылған ҚР еңбек сіңірген қайраткері Еркін Шүкіманның опера арияларын орындауы – бұл кештің ең үлкен жаңалығы болды. Ол Ақан серінің «Көк ала тай» әнін, италиан тілінде Гаэтано Доницеттидің «Махаббат сусыны» («L’elisir d’amore») операсынан Немориноның романсын оркестрмен қосылып айтқанда, зал дүр сілкінді. Расымен, бұл бір тосынсый болды. Бұрын опера айтып көрмеген, биік ноталарды еркін алатын кең тынысты тенор Еркін Шүкіманның дауысы нағыз операға лайық дауыс екен. Техникалық шеберлігі жағынан да кәнігі опера әншілерінен бір мысқал кем емес. Көрермен ұзақ қол соғып, сахнадан жібермей қойған соң, әнші суық тиіп, аздап тамағы ауырып жүргенін айтып, «артық-кемі болса, кешірім сұраймын» деді де, қолына домбырасын алып, халық әні «Назқоңырды» шырқады. Еркін концертті шырқау биігіне көтеріп тастады. Осымен концерт бітіп те тұр еді. Сол нүктеден түсірмей, сол ырғақты сақтап, Н.Тілендиевтің адуынды күйі «Махамбетпен» аяқтауға болар еді. Бірақ Кенжебек Күмісбековтің «Дала сыры» поэмасы концерт динамикасын түсіріп алғандай болды. Сөз жоқ, бұл күйдің кереметтігін ұзақ сипаттауға болады. Дегенмен, Еркін Шүкіманнан бұрын ойнау керек пе еді деп ойладық. Концерт дәстүрлі «Махамбет» поэмасымен аяқталды. Лық толы зал әнге әсерлене қол соғып, күйге айрықша қошемет білдірумен болды. Жеңіл-желпі той әндері мен шоулардан шаршаған халықтың мазмұнды, мағыналы, ойлы, салмақты шығармалар тыңдап, мейірі қанды. Осы орайда дирижер Мүсілім Әмзенің бағдарлама түзудегі кәсіби шеберлігіне, биік талғамына риза болдық.

Бұл концерттен ұлттық фольклорымыздың сарқылмас құнарын тағы бір таныдық. Көнеден жеткен ұлттық музыкамыздың асыл мұрасымен қауыштық. Түрлі аспаптан төгілген әуен бірде майда қоңыр самал боп есіп, жаныңды рахатқа бөлесе, енді бірде арындап аққан өзендей жандүниеңді бұлқытты. Ақынды арқаландырып, ақынжандыны шабыттандырды. Қазақ деген халықтың музыка мәдениетінің тамыры тым тереңде жатқанына, оның ұрпақтан-ұрпаққа аманат болып, жалғасын тауып келе жатқанына көңіліміз марқайды.

Расында, бұл күйлерде ғасырлардың үні бар…

Сәуле ӘБЕДИНОВА

«Ақжүніс-Астана» журналы

 

 

Сайтымыздың жаңа мақалаларына жазылыңыз

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Пікір жазу

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

*


9 − = 6

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <s> <strike> <strong>