Нұргүл Хасанова. Әйел намысы

111Хасанова Нұргүл Қаламғалиқызы 1972 жылы 11 ақпанда Атырау облысының Индер ауданына қарасты Кулагино селосында дүниеге келген. 1989 жылы Жамбыл атындағы орта мектепті бітірген соң Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ Мемлекеттік Ұлттық университетінің журналистика факультетіне оқуға түсті. Оқи жүріп, республикалық басылымдардың тілшісі болды. Университетті бітірген соң бір жылдай Маңғыстау облыстық телеарнасында диктор, редактор болып еңбек етті.
1996-2007 жылдары Ақтау қаласындағы № 8 орта мектепте мұғалім, 2006-2009 жылдар аралығында «Ар.kz» республикалық тәуелсіз қоғамдық-саяси басылымының тілшісі болды. Қазір Ақтаудағы №10 жалпы білім беретін орта мектепте орыс сыныптарындағы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, 1-санатты ұстаз. «Қазақ тілі пәнінің үздік оқытушысы» атағының иегері. Маңғыстау облыстық білім басқармасының және Ақтау қалалық білім бөлімінің «Алғыс хаттарымен», «Құрмет грамоталарымен» марапатталған. ҚР Журналистер Одағының мүшесі.  Нұргүлдің тырнақалды туындысын журналымызда жариялап, оған шығармашылық жолда ақ жол тіледік…

* * *

Әйел намысы

 (әңгіме)

Ақ Жайықтың жағасында ауыр ойға батқан бір әйел тұр. Қалың ой қамаған қасіретті жүзі солғын тартып, мұң ұялаған жәудіреген жанарлары жасқа толған. Қасында алты-жеті жас шамасындағы, ақ көйлекті, кекілі желбіреген қара бала.
Бір қарағанда, бұл әйел жас адам тәрізді. Керілген кең жазық маңдайлы, қаршығаның қанатындай иілген қара қасты, қарақат көзді, пісте мұрынды, жұқа ерінді, қолтоқпақтай қылып, қос тарам етіп өрген қалың қара бұрымы белінен төмен түскен, ашаң жүзді, аққұба келіншек. Бірақ қайғы мен мұң жапқан қасіретті жанары мен еңсесін езген ауыр ойдың зіл салмағы оны өз жасынан әлдеқайда кәрі қып көрсетіп, анағұрлым жасамыс етіп жібергендей. Түбі жоқ тұңғиықтай терең ойға батқандықтан, арындай аққан асау өзеннің гүріліне де, айнала әлемдегі у-шуға да селт етіп, мойын бұрар емес. Әдемі, жұқа шыт көйлегінің төсіне тырс-тырс етіп жас тамшылайды. Ақша жүзін мөлдір жас жуып кеткен. Ауық-ауық күрсініп қойып, өксігін баса алмай, солқ-солқ етіп жылайды. Есер жел оның ұзын көйлегінің етегін желпіп, қалың қара бұрымымен қақпақыл ойнағандай қайта-қайта жұлқылап өтеді.
Ауық-ауық аздап жел көтеріліп тұрғаны болмаса, айналадағы табиғат көрінісі тамаша: көк-жасыл желекке оранған көркем дүние, әртүрлі құстардың сайрағаны мен әредікте алыстан талып естілетін аңдардың үні бір-біріне ұласып, айнала маңай мазасыз тіршіліктің мағыналы симфониясын шерткендей сан алуан дыбыстарға толы. Дүн-дүние бар сұлулығын бүгін жайып тастағандай. Күн арқан бойы көтеріліп қалған. Өзен жақтан салқын самал еседі. Ара-арасында асау толқындар жағадағы жартастарға соғып, жал-жал болып, аспанға қарай буырқана атылады. Нағыз көкте күн нұрын шашқан, құлпырған күнес көктемнің ешқашан қайталанбас, тамылжыған тамаша күні. Арғы бетте  – өзен жағалауында өзара сирек тіл қатысқан, балық аулағалы келген бірен-саран адамдар көрінеді. Тек қана осынау әсем көріністің антонимі секілді боп, қан жұтқан қайғылы әйел кеудесіне мұң-шерін сыйғыза алмағандай көкірегі жалын ата күрсініп, у-ду думаннан оқшау тұр. Мүмкін бұл сәт ол әйел үшін ең бір қайғылы мезет шығар?!
Иә, шындығында да, бұл – оның жасындай ағып өткелі тұрған жас өмірінің ең бір қайғылы кезеңі, арпалысқа толы ғұмырының ақтық сәттері болатын.
Әйел күні кеше болған оқыс оқиғаны есіне алғысы келмей, осыған дейінгі барлық өткен өмірін кино ленталарындай тізбектеп, көз алдынан өткізе бастады.
Жанар осыдан бес жыл бұрын бар-жоғы төрт-ақ жылға созылған кемді-күн қызық дәуренді бірге сүріп, жұбайлық өмірдің жұптасқан тәтті сәттерін бірге өткізген, қысқа ғұмырында бал жаласқан бақытты шақтарды ғана басынан кешіріп, тату-тәтті тұрып, бір-бірінің бетіне жел болып тимеген, «ищай» десіп көрмеген аяулы жарынан айырылды. Оған дейін қыңқ етіп қиналып, еш жері ауырып көрмеген күйеуі Оспан жиырма бес жасында кенеттен қайтыс болды. Өзі де кең иықты, келісті келген, келбетті де сымбатты, мінезі де біртоға, тұйықтау, жер қозғалса қозғалмайтын сабырлы да салмақты жан еді. Тіл тиді ме, көз тиді ме, әйтеуір аяқ астынан қалпақтай ұшып, жарты күн де төсек тартып жатпастан, мәңгілікке бақиға сапар шегіп кете барды.
Ол байғұс осы Жанармен үйленген кезде қандай қуанды десеңші! Қараторы өңі гүл-гүл жайнап, есі ауысқан адамдай ерсілі-қарсылы сенделіп жүрген де қойған. Әйтсе де, көңіл толқынысын білдіріп, көп үндемеді. Ақ дариядай арнасынан асып, шаттық нұрын шашып, шарасынан шыға тасып, шалқып-төгілмеді. Жүзін бал-бұл жайнатып, жүрегін жарып шыға жаздаған көзайым қуанышын да көп ешкімге аңғарта қоймай, көзіне ғана ұялатып, үнсіз ішіне бүкті…
Көз жұмарында да сөйтті абзал жан. Басын сүйеп отырған жұбайына әлсіз, бірақ салмақты дауыспен:
– Мен бұлай боларын білгенмін, Жанар! Білгенмін… жаным!.. Ақырғы аманатым – анашымды асырап бақ, артымда қалған Мұсатайымды аялап өсір… Қош… қош!.. – деді де, үзіліп кете барды.
Артында аңырап анасы мен қаңырап қара шаңырағы, зар илеп желегі желбіреген жап-жас жары, ештеңенің де мәнін түсіне қоймаған, емшектен енді ғана шыққан жалғыз ұлы – Мұсасы қалды. Оспанның өзі де ешқашан астамшылық көрсетіп, ешкімге артық-ауыс несие сөз айтып көрмеген, аузына берік азамат еді. Жаназасы мен барлық ас-садақалары да өзінің мінезі сияқты тып-тыныш, бірақ қара жамылған қайғылы күйде өтті. Тек түнерген күн қабағы ғана өмірден бір жақсы адамның өткенін сездіргендей қабағын ашпастан қара түнек болып тұрып алды. Барлық садақасында да бауырымен жер сызған қара бұлттар әлсін-әлсін сіркіретіп, сылбыр жауынын сыздана төкті. «Жарықтық, жан баласына жазығы жоқ, нағыз азаматтың ардақтысы еді. Құдайға да жақсы адам керек екен ғой», — деп ауыр күрсінісіп, бастарын шайқасып жатты ауыл жұрты…
«Мен бұлай боларын білгенмін..».
Сол уақытта бұл сөздің астарына онша мән бермеген Жанар енді ғана ойланып, толғаныс үстінде тұр. «Мен мұны білгенміні» несі? Мұнда бір гәп бар. Қайран, жан жарым-ай! Бұл не дегенің?! Не айтып кеттің сен маған? Беймәлім сырдың ұшығын шығардың да, кете бардың ғой. Әлде артыңнан көп кешікпей менің де баратынымды сезгенің бе?!».
Осылай деп егілген әйел күңірене ауыр күрсінді.
Иә, ол уақиға өткелі де бес жыл болыпты. Құдай қосқан қосағы бұл дүниеден өткен кезде ажарына ай қызығып, күн сүйсінгендей, күлім қаққан жанарларынан мейірім шуағы төгілген, небәрі жиырма төрт жастағы келісті келіншек, міне, отызға қарай аяқ басқан, самай шашын ақ шала бастаған бәденді әйелге айналды. Әкесі өлгенде әлі екі жасқа да тола қоймаған баласы биыл, міне, алтыдан асты. Уақыт шіркіннің тізгінін кім ұстап тұра алған?! Дүниенің дүбірлі керуені қоңыраулы көшін бір сәтке де кідіртпей, ұласпалы уақыттың ұзына бойымен суша ағып, желдей жүйткіп, диірменнің тасындай дөңгелене зырылдап, толғауы тоқсан тіршілік тоқтаусыз зымырайды. Жыл өткен сайын өзінің жасына жетпей жасамыс тартып бара жатқанын да, күні кеше талшыбықты ат қып мініп, ауыл-үйдің арасын шаңдатып, шапқылап жүрген ұлының тай-құнанның жалына жабысардай жасқа жетіп, көз алдында өсіп кеткенін де байқамапты Жанар. Күнделікті күйбең тіршілікпен жүріп аңғармапты: аманшылық болса, алдағы жылы азамат болып ат жалын тартып мінетін ұлы алғаш рет мектеп табалдырығын аттайды екен-ау! Әттең, тек сол ақ түйенің қарны жарылған ақжарылқап күнді көруді Алла Тағала мұның маңдайына жазбаған екен де.
Әйел өзегіне әлдебір ащы өксік тығылғандай тағы да ауыр күрсінді. Қасіреттің қара бұрыштай ащы уын уыстап ішкен мұңлы бейбақ «Өледі екенмін» деп өкініп те тұрған жоқ. Тап қазір оның жанына қатты батып тұрғаны – аяулы жарының ақырғы аманатын орындай алмайтындығы ғана. Кезінде қара жамылып, қайғы жұтып отырып, жер басып, тірі жүрсе, сол аманатты орындауға ант еткен. Амал қанша, енді, міне, барлығы да басқаша болып шықты. «Адам ойлап, пішеді, Алла бәрін шешеді» деген осы екен-ау! Бір кездегі жан-тәнімен тебірене отырып ант еткен уағданы шым-шытырық шиырманы көп шырғалаң тағдыр бұзғалы тұр.
«Өмір қандай қатыгез еді! Бар кінә — менен. Не істеп, не қойғанымды да білмеппін ғой. Ол оңбағанның дегеніне көнбеуім керек еді. «Жақыным» деп жүрсем – жаман ойлы, жауыз ниетті жауым, «ақ некелі жарымның ағасы» деп жүрсем – арам ойын ішіне бүккен арсыз екен ғой. Оның алдап-арбап өзіне шақырып, арсыздықпен зорлайтынын білгенде, үйіне аттап баспас едім ғой. Енді не болды?! Зорланған тән, қорланған жан, атталған ар, тапталған намыс… Енді менің бұл дүниені қимайтындай соншама аяулы нем қалды?! Жоқ, енді бәрі бітті! Өткенге өкінгенмен, пайда жоқ, енді ештеңе де өзгермейді. Өкінетінім – асыл жарымның аманатын орындай алмайтындығым ғана. Арманым – сол аманатты орындау еді. Иә, ойлай берсең – өкініш көп, айта берсең – арман көп. Әйтсе де, қатты өкінетінім: негізгі арманым осы еді, сол арманыма жете алмадым-ау! Аманатқа қиянат қылғандай болдым-ау!.. Қайтейін енді, тағдыр салды, мен көндім. Алла Тағала бәрін үйлестіріп әкеліп, осыған дейін жеткізген шығар. Талқанымның таусылған, сызығымның біткен жері осы шығар. Неғылса да, құдіреті күшті Құдайдан мықты емеспін ғой»…
Ауыр қайғы үстіндегі Жанардың ойын ұлының сөзі бөліп жіберді:
– Мама, мама, үйге барайықшы, – деді сәби анасының етегінен тартқылап.
Әйел жауап орнына баласын бауырына тартты да, басынан сипады. Сол сәт көзінен тағы да қос тамшы үзіліп түсті. Мұны байқап қалған сәби үсті-үстіне бастырмалатып:
– Мама, жыламашы, неге жылайсың? Көкемді сағындың ба, не?! Көкемді мен де сағындым! Оны бір рет болса да, көргім келеді. Айтшы, мама, ол қашан келеді? — дегенде, Жанар селк ете түсті де, баласының жүзіне таңдана қарады.
«Япыр-ау, мынау ересек адамша сөйлейді ғой. О, қу дүние, баянсыз сұм жалған! Баланы да жасына жеткізбей жан дүниеңді көзіңнен түсінетін «көреген» етіп, мезгілінен бұрын «қартайтқаның» ба?! Кішкентай ботақаным менің! Осы сен бұл өмірден қайғының не екенін білмей-ақ өтші. Анаңның көз жасын көрмеші. Жоқ, мен енді жыламаймын! Тәуекел! Енді мен ол қарғыс атқан үйге қайтпаймын».
Кенет, әйел өз ойынан өзі шошып кетті. «Иә, Алла, бүгін маған бірдеңе көрінген шығар. «Қарғыс атқаны» несі?! Мен ол үйде төрт жыл бойы түтінімді түтетіп, өзім сүйіп қосылған ақ некелі жарыммен бір төсекте бірге жаттым емес пе?! Мен ол үйде осы құйтақандай ботақаным – әрі тұңғышым, әрі кенжем Мұсажанымды таптым емес пе?! Ащы-тұщысы аралас, сенім мен сезім алма-кезек, алшылы-шікті арпалысқан сегіз жыл ғұмырымды сол үйде өткіздім емес пе?!. Қой, Құдайға күпір болмайын, сөзімді қайтып алдым. Кешіре гөр, кең дүние, Жасаған Ием!».
Әйел осыдан кейін де бірінен кейін бірі тізбектеліп келіп, салмағымен жаншып, сансыратқан, санасын найзалап, шаншудай қадалған ауыр да шұбалаң ойлардан серпілуге тырыспады. Қайта өткен күндеріне шолу жасап, өмір жолдарына тағы бір мәрте көз жүгіртіп, осылай ойға берілу өзіне де жақсы тәрізді…
– Жанар! Жанар!
– Мұсатай, құлыншағым менің! Қайдасыңдар, сендер?..
Үзіліп-үзіліп естілген, үрей мен қорқыныш тұнған айқай-үндер мен алаңдаушылыққа толы дауыстар ақырындап, бірте-бірте жақындап келеді.
«Жоқ, енді тұрыс жоқ. «Өзекті жанға – бір өлім». Мен – қарабетпін. Ел-жұртқа не бетімді айтамын?! Күніне мың рет өлгенше, бүгін бір-ақ рет өлейін. Қош бол, Мұсашым!.. Жоқ, сені арқа тұтар панасыз, аялап сүйер анасыз етіп артыма тастағанша, әркімнің есігін күзетіп, әркімнің қас-қабағына қарап, жаутаңдаған сорлы бала атантып, тұлдыры жоқ тұл жетім қылып қалдырғанша, өзіммен бірге ала кетейін… Қош, әжетай!.. Жазғыра көрме мені!.. Қош!..»
Осылай деп күбірлеген әйел тағы да өз ойынан өзі шошып кетті.
«Қой, Құдай сақтасын! Мен не деп тұрмын?! Өзімнің өмірімді қиғаным аздай, өзегімді жарып шыққан жалғызымды жазымға қалай қиямын?! Астапыралла! Кешіре гөр, кең Құдай! Кешір мені, ұлым! Мен – арсыз жауыздың ермегіне айналып, аяқ асты болып тапталған ар-намысымның құрбанымын. Оны өскесін, өзің түсінерсің. Әжең мен анау немере тумаластарың тірі болса, сені ешкімге жаутаңкөз ете қоймас. Анаңның адам алдындағы да, Құдай алдындағы да ауыр күнәсін кеше гөр, жапырағым! Қош, құлыншағым! Қош, жарық дүние!.. Қо-ош!..».
Әйел баласын бауырына қыса, соңғы рет қайта-қайта аймалап, асығыс құшып сүйді де, бар пәрменімен жарқабақтан секіріп, өзенге қойып кетті. Бала бар даусымен шыңғырып жіберді.
Осы кезде аттылы-жаяу алқынған бір топ адам да келіп жетті. Ақ жаулығы ағараңдаған әйел осының алдында ғана біресе тыншып, біресе толқып ағып жатқан арынды өзеннің сол сәтте аспанға шапшыған асау, долы толқындарының иірімінде ақ көбік суға бір батып-бір шығып, ағып кете барды. Көз алдарында болған мынау жантүршігерлік сұмдық оқиға барлығының да төбе-құйқаларын шымырлатып, тұла-бойларын тітіркентіп жіберді. Келінінің жаңа ғана жарқабақтан ұшып өлгенін өз көзімен көрген қара кемпір есінен ауысқандай есеңгіреп, аз-кем уақыт мелшиіп, жүрелеп отырып қалды да, ойбайлап дауыс салып, өкіріп жылап жіберді.
– Қой, бәйбіше, сабыр ет! — деп жұбатты оны біраздан кейін жанарынан аққан жасы сақалын жуған қапсағай денелі қария. – Жылама!.. Қайта қуан, мына Сәрсен сияқты екіжүзді, қарабетке қор болмай, әйелдік намысын таптатпағанына. Ол байғұс осы сұмырай қайнағасының алдауына түсіп, арбалып қалды ғой. Сен келініңді қарғама, бәйбіше. Одан да мына залымды қарға! Жанар келіннің өлімі – нағыз қыранның өлімі… Уа, халайық! Түкіріңдер бетіне мына оңбағанның!.. Ата-бабаның әруағы атсын, ар-намыстың киесі ұрсын сен найсапты!..
Сөйдеді де, шал топ адамның шетін ала сүмірейіп, өңі өрт сөндіргендей қап-қара болып, түтігіп тұрған жігіт ағасының бетіне бір түкіріп, ауылға қарай асыға адымдады…
…Өзен буырқана түсті…

1992 жыл, 19 қыркүйек.

«Ақжүніс-Астана» журналы

Сайтымыздың жаңа мақалаларына жазылыңыз

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Пікір жазу

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

*


2 + 5 =