Жәудір Артықбаева. Жүректегі жанайқай

111Ұлы жол өз үйіңнің табалдырығынан басталары хақ. Дана қазақтың «Сақтықты соқырдан, кішілікті түйеден үйрен» дегені сияқты, түлкінің қылығы мен сайтанның сертін серік еткен құрғақ уәделілер діттеген жеріне жеткеннен кейін, кішіліктен көрі «кісілікке» бой алдырады емес пе? Десек те, біреудің өтірік сөзіне сенгенше, өзіңнің күшің мен ақылыңа сенген мың есе артық. Ендеше, ықылық тисе де «әкім кінәлінің» кейпінен шығып, нағыз ұлтына, бүгінде ұстаздар  қауымына көбірек жүк артылған заман екендігін бір мезет те естен шығармауымыз керек. Таңертеңнен күнкөрістің  қамын жасап, туған ұл-қызына жылы сөзін, мейірімін, махаббатын толығымен арнай алмаған ата-анасын көруге зар болған жас жеткіншектерге жүк арта бергеннен басқа амал жасай алмай отырғанымыз тағы бар. Жігер-күші терісіне сыймай жүргенде, батыстың теріс тәрбиесін телеарналар мен дамыған техника арқылы күнде көріп отырған балаларымызды дұрыс жолға салып отыру – о бастан-ақ ұстаздың  міндеті еді ғой. «Әй» дейтін әже, «қой» дейтін қожа жоқ кезде, бала балалығын жасамай ма? Анасының құрсағынан дана боп туған ешкім жоқ шығар, сірә?..
Ұрпақ тәрбиелеу мақсатында қызмет етіп жүрген баршамыздың есімізде мәңгі сақталатын тағы да халқымның көне заманнан қалған қазынасы – салт-дәстүрі. Бабаларымыздың «Айтушы ақылды болса, тыңдаушы дана болады» дегенінің өзі соның бәріне дәлел болып тұрған жоқ па? «Тәрбиелі адам – тағалы атпен тең» демей ме? Ал тәрбие әр қазақтың отбасынан басталады. Қанша қынжылғанмен, сын түзелмейінше, міннің де түзелмейтіні бізге ықылым заманнан мәлім. «Жеті атасын білген ұл, жеті жұрттың қамын жер. Жеті атасын білмес ұл, бауырдан тартып нанын жер» деген көрегендіктен соң жарытып сөз айтуымыз да қиын.
Десек те, ұлтжанды, ар-намысты ұл-қыздарымыздың бойына тарихы мен әдебиетін негізге ала отырып, тілін, дінін, салтын насихаттау – орта буын, сіз бен біздің міндет. Ал ел намысын қорғауға анау-мынау атты бәйгеге қоса бермейтін халықтың қанынан жаралғанбыз. Бес әріптің басын әрең қосқандарға болашақтың тізгінін берсең, үйіріңнен көз жазып қалғаның емей немене?! Итті де күшігінде үйретпесеңіз, қаңғыбас ит болмасына қандай кепілдік  бере аласыз? Ал шыр етіп дүние есігін ашқан сәби көңіл көп нәрседен дәмелі болары сөзсіз. Тура жолды нұсқап, сауап алғанның бірі болғыңыз келмесе, несін ұстаздық еттіңіз?
Бірінші тәрбиені қашанда әке-шеше, кейінгісін біздер қадағалауға міндеттіміз. «Ақылды әйелдің ішінде алтын бесікті ұл жатар» демекші, енді ғана махаббат сезімінің есігін ашқан болашақ ана, келешектегі келін болатын қызбалаларымызға, туған елдің намысын қорғаушы қас батырларымыз – жігіттерімізге жетістіріп ақыл-кеңес бере алмайтын, өз салтын насихаттау былай тұрсын, өз тілінде ойын көркем тілде жеткізіп бере алмайтын ұстаздардың олқылықтарына жанымыз қатты ауырады. «Сұрамайын десем, тілегім бар, жыламайын десем, жүрегім бардың» күйін кешкен «шолақ қолдылардың» біреуі боп қала бергенше, әркім өз қолынан келген ісінің шебері екенін дәлелдесе, әлі де жел майыстырған талшыбықты тіреу салып түзетуімізге әбден болады.
Кез-келген сабақтың  соңындағы бірер минутында әр мұғалім тәрбие жайында әңгіме қозғап, сұхбаттасып, сыр бөліссе, сол жас жүректілердің әрқайсысы сізді өзінің екінші анасындай көре алатынына, бауыр басатынына мен куәмін. «Балажанды биелер құлындарын теппейді, балажанды адамнан бала айналып өтпейді» және «Бала жасындағысын ұмытпас, қадірлі қасындағысын ұмытпас» дегені тағы бар. Жас күнінде көргенінің барлығы келешекте сабақ болатын балаларымызға  намыс пен отансүйгіштікті үйреткенді алдымызға үлкен міндет пен ауқымды мәселе деп қарастырсақ, шешімін таппас іс қалмас.
«Адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң»  дегеніндей, болашағымыз – балаларымызды  бабаларымыз салып беріп кеткен түзу жолмен ертіп, жетектеп жүргісі келетін патша пейілді ұстаздарымыз жақсылық егіп, алғыстарын орсын деген ниет біздікі. Болашағын ойлаған әрбірімізді қынжылтқан мәселелерге назар салсақ, олар мыналар екен: жастардың рухының жоғалып бара жатқандығы, немқұрайлылық пен намыссыздық, сауатсыздық пен жауапсыздық, сөз қадірін ұқпау, салтына және  халқына деген сүйіспеншілігін өзімшілдік пен өрескелдіктер жаулап алғаны ғайыптан тайып келген түсініксіз жаудың тәсілдері секілді. Алқымнан алған ашкөздіктің тек жас балаларымыздың ғана емес, сонымен қатар, соларға жол сілтеуші аға буынның да демін тарылтып бара жатқанына қарап, Алладан тек сабыр тілеуден басқа амалың қалмай тұратын сәттер де кездеседі. Салт сыйламаған нәзік жүректілеріміз, яғни қызбалаларымыз шетелдіктерге, яғни  бөтенге жүрегін сатады да, ал қасқыр мінез болуға лайықты азаматтарымыз, яғни жігіттеріміз намысын естен шығарып,  еңкейгеннің жүгін көтеріскеннің орнына күшін, білегін сатады да жүреді. Намысы жоқтығы – құдайдың берген қуатын ақшаға сатып, құлдыққа да бас ұрғаны ма сонда? Көптің бетіне топырақ шашу мақсатында емес, ішімізді өртеп бара жатқан осы бір келеңсіздіктерге сөз де арнадым, өлең де арнадым. Бірер адамның «әттеген-айымен» түк те қолдан келер шара жоқ. Біздің мақсат – бірігу, біріктіру. Өйткені, «көп түкірсе ғана көл болады» емес пе?
Өз анасын қадір тұтпаған адам құдайды қайдан танысын? Ананың уыз сүтімен баланың бойына даритын ауыз әдебиетінің кілті – бесік жырынан бір ауыз өлең шумағын жатқа білмеген жас қыздар мен жігіттің қанаты саналатын ат әбзелдерінің атауын атап бере алмаған берекесіздерді де көріп жүрміз. «Күл болмасаң, бүл бол!» деп қарап тұра алмаған соң, жанайқайымыз жүректен жылаңқы сөз күйінде бұралаңдап шыққаны бар емес пе? Мұның бәріне сабақ үстінде қойылған сұрақтарымыздың соңында жікке бөлініп, пікірталастырып шыға келетін, сөзге тоқтау дегенді білмей өсіп келе жатқан біздің жабайы бұтақтарымыздың берген жауаптары куә бола алады. Дұрысы мен бұрысын ажыратып, деректер мен мысалдарды да сол баяғы ауыз әдебиетімізден, салт-дәстүрлерімізден мысал қылып айтып, әрең тоқтататынымызды айтқым келіп отыр. Көбінесе ақталғысы келген студенттеріміздің айтары –  мектеп қабырғасын орыс тілінде аяқтағандығын, ол жерлерде өз туған тіліндегі қазақ тілі мен әдебиетіне мүлде назар аудармағандықтарын, ауыз әдебиеті мен салт-дәстүр жайлы ата-ананың да жарытып еш мәлімет бере қоймағандықтарын естігенде мен жыламай, кім жыласын? «Жетімге жеті бидай да тамақ» дейді емес пе? Техниканың дамыған заманы бола тұра, «есектің жүгі жеңіл болса, жатаған келедінің» кейпіндегілер де табылады. Әр студенттің бойында қалыптасатын жақсы-жаман қасиеттерге әр маман иесі, яғни пән мұғалімі өзін  жауапты сезінсе болар еді. «Баланың тентек болары – үйінен, ал ердің тентек болары – биінен» демекші, тауға талпынған бала қыранның бой түзейтін бір жақсы ағасы болса екен… «Заманы бірдің амалы да бір» болатыны секілді, бірігіп тіксек, тон келтелік етпейді ғой.
Қолына қамшы берсең, «құдаймын» дейтін құрдымға кетуге шақ қалғандардың арасынан азаматтарын аман алып қалу да бізге жүктелген міндеттер. Жай ғана сабақ үстіндегі  кішігірім тапсырманы қазақтың әдет-ғұрпы мен салт-санасына жақын мысалдардан іздесеңіз, барымызды сақтаймыз. Заманына қарай адамы да солай деп оңай ақталу – ұстаз қателігі. Заманды заман қылар – адам. Қарны ашса бір-біріне тап беретін аңнан адамның айырмашылығы – ақылында емес пе еді? Халық ауыз әдебиетіне сүйене отырып, халықтың шығармалары, ауызша сөз өнері, халық даналығы саналатын – фольклор терминінің мағынасын тереңінен мысалдар арқылы ашып беріп отырсаңыз және қазіргі музыка өнеріндегі реп-рок, хип-хоп мәнерін сол халықтың ауыз сөз өнерімен салыстырған кезде түкке тұрмайтын мардымсыз, мағынасыз сөздер екендігіне айқын дәлелдер болатын айтыс өнерінің майталмандарымен таныстырсаңыз, ең жеңіл әдіс-тәсіл таба білгеніңіз. Студент бойындағы өзі сүйетін дизайнерлік қабілетін байқасаңыз да, оны қазақ халқының этномәдениеті, яғни  түрлі көркем өнерін биімен, ою-өрнегімен, тоқыма, киім үлгілерімен салыстыртып, соны негізге ала отырып жасап келулеріне арнайы тапсырмалар берсеңіз, орындау мақсатында ол да өз қиялын өрбіту арқылы сіз күткеннен де ғажап туындылар жасап келуі мүмкін. Шөліркеген талдың тамырына су құйғандай сауап алар едіңіз. Өз ұлтының ұлағатын, эпостық, лиро-эпостық жырларынан мағлұмат алмаған ұрпақтың әлем мойындайтын жұлдыз болуын армандамай-ақ та қойғанымыз мақұл. Практикалық сабақтар барысында этномәдениеттің іргетасын қалаған халық әндерін ұстаздың өзі орындап бергенінен артық қандай әсер болсын?!. Біреуге айтқан ақылың өз бойыңнан табылған дәлелден асқан не бар? Орыс тіліндегі мектепті бітіріп келген студенттің өзі әнді қосылып шырқау барысында, сізден тағы да басқа халық әндерін үйретуіңізді сұранатынына да көзім жетті. Барлық тапсырманы да өз шығармашылығымен ұштастыруды талап етіп, ақыл-кеңес беріп отырсаңыз сізден жақын адам жоқ болары да анық. Мақсат – бар маман иелерін әдебиетші етіп шығару емес әрине. Дегенмен, болашақтың тізгіні үйренушіден гөрі, үйретуші адамға көбірек қатысты екені айтпаса да түсінікті.
Сондықтан салтын сүйген, халқын құрметтеген жастарымызды бөтеннің қорасынан қой ұрламай, өзіндегі барына егелік етуіне толықтай ықпал етуші де бола аламыз. «Көне киім жаңаны сақтайды, ал кәрі кемпір баланы сақтайды» демекші, үлкеннің сөзіне тоқтап, ақылын алдымызға ту қылып тіккен елімізге, кішілерден ілтипат, ал үлкендерден бата-тілек алуды үйретсек, үйдің мықтылығы да ағашынан болатынын білеміз. «Тігісі сай келмесе құрақ болмас, ағысы сай келмесе бұлақ болмас» дегендей, үлкен мен кіші арасында үйлесім таппаса, үйреткен ғылымнан не пайда?..

«Ақжүніс-Астана» журналы

Сайтымыздың жаңа мақалаларына жазылыңыз

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Пікір жазу

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

*


+ 2 = 7

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <s> <strike> <strong>