Сейітбек Сүлейменов: Жастарды тәрбиелеу сіз бен біздің қолымызда

111Бүгінгі таңда шешуін таппай тұрған мәселе аз емес. Солардың бірі – қоғамдық көліктегі мәдениет мәселесі және автобус парктерін мамандармен қамтамасыз ету. Қоғамдық көліктердің қызметіне жүгінбеген адам жоқ шығар. Таңертең автобус, трамвай, троллейбустарда күнімізді бастаймыз, кешке иық тірестіре әрең тыныстап сол көлікпен үйімізге қайтамыз. «Халыққа қызмет көрсетуші жүргізушілер мен кондукторлардың мәдениеті неге төмен? Қоғамдық көлік қызметінің сапасы қашан жақсарады? Осылар мәдениеттілік, сыпайылық дегенді біле ме екен?..» деген ренішті сөздерді өзіміз де талай айттық, өзгелерден де талай естідік. Кәсіптік білімі бар мамандармен қоғам қашан толық қамтылады?
Міне, осы мәселені шешудің бір жолы ретінде Алматы қалалық әкімдігі былтыр Алматы жолаушылар көлігі және технологиялар колледжін ашқан еді. Жақында осы колледждің директоры Сейітбек Тоқтамұратұлы Сүлейменовпен әңгімелесудің сәті түсті…

– Сейітбек Тоқтамұратұлы, осындай ерекше колледждің ашылғанын көпшілік біле бермейді, сондықтан әңгімемізді өзіңіз басқаратын осы білім мекемесі туралы ақпараттан бастасақ…
– «Біз білім беруді жаңғыртуды одан әрі жалғастыруға тиіспіз, дей келе кәсіптік және техникалық білім берудің мазмұнын толық жаңғыртпақ ниеттеміз» деп Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы айтқандай, қазіргі қоғамдағы әр саланы кәсіптік біліктілігі бар мамандармен қамтамасыз етуіміз керек.  Алдымызға қойылған міндеттерді орындау мақсатында, 2013 жылдың 31-ші шілдесіндегі Алматы қаласының әкімі Ахметжан Смағұлұлы Есімовтың қаулысымен Алматы жолаушылар көлігі және технологиялар колледжі кәсіптік білім ордасы болып бой көтерді. Бірінші жылдан-ақ  8 мамандық бойынша 250 білім алушыны мемлекеттік грантқа қабылдау туралы тапсырыс жасалды. Колледжімізге шоғырланған білікті де ізденімпаз, жоғары санатты ұстаздар мен мамандардың қажырлы еңбектерінің арқасында 1 айдың көлемінде мемлекеттік тапсырысты толығымен орындадық. Осындай еңбектері үшін қызметтестеріме үлкен алғысымды білдіремін.
555«Еліңе қажет кәсіп ет, кәсібіңді нәсіп ет» демекші, кәсіптік білімге құштар балалар биылғы тапсырысымызды да толық орындауға жетеледі. Қазір колледждің білім алушысы деген атаққа 550 жасөспірім ие болды. Жұмысшы мамандықтардың қазіргі қоғамдағы орнының ерекше екендігін түсінген балалар саны артар болса, онда келер жылы колледж білім алушыларының саны 1000-ға жетеді деген үміттеміз.
– Жаңа мекеменің ашылуы – жаңа жұмыс орны деген сөз. Қанша адам жұмыс істейді? Қандай заманауи қондырғылар бар?
– Ұжымда барлығы 75 адам жұмыс істейді. Сабақ беретін мұғалімдер квалификациялық талаптарға сай, олардың 25 пайызы1-ші және жоғары санатты, бәрінің де 10-15 жылдық тәжірибелері бар білімді де білікті мамандар. Ғимарат соңғы үлгіде салынған, толықтай жаңа технологияға сай құрал-жабдықтармен қамтылған. Студенттердің жақсы білім алып, өз кәсібін терең меңгеріп шығуына барлық жағдай жасалған. Жұмыс істеп, тәжірибе жинау үшін арнайы орталықтарымыз бар, оқушылар сабақ уақытында да, сабақтан кейін де қалып жұмыс істеуіне мүмкіндіктері мол. Мысалы, бұрын әкелеріміз темір кесу, дәнекерлеу сияқты әртүрлі күрделі жұмыстарды станоктың алдында тұрып, сызғышпен өлшеп, қолмен кесіп жататын. Ал бүгінгі таңда бұл жұмыстың бәрі автоматтандырылған. Тиісті мәліметті компьтерге енгізсеңіз болды, автоматты түрде өзі дайындап шығарып береді. Тек қасында қадағалап қарап тұрса болды.
Білім алушылардың тәжірибесін артыру үшін колледж ғимаратында орналасқан техникалық жөндеу орталығы (толық жабдықтарымен қамтылған), 8 шеберхана (заманауи құрылғылармен жабдықталған), 13 мултемидиялық аудитория орналасқан. Шеберханаларымыз 10-12 адамға арналған. Оқушы аз болса, олардың үйрену, меңгеру мүмкіндігі көбірек болады. Сондықтан студенттерді 10-12 баладан топқа бөлеміз, шеберханаға әр топ кезекпен барып оқып үйренеді. Ал білім алушылардың бос уақытын қамтамасыз ету үшін 400 орынды акт зал, 2 спорт зал, спорт алаңы өз жұмысын атқаруда. Көркем өнердің иелері үшін өткен жылы ұлттық киімдер тіккізіп, ұлттық аспаптар жасаттық.
222– Нақты қандай мамандықтар бойынша мамандар даярлайсыздар?
– Біздің колледждің негізгі бағыты жұмысшы мамандықтар бойынша оқытуға бағытталған. Түлектеріміз қаламыздағы қоғамдық көліктерге қатысты барлық мамандықтарды игереді. Атап айтар болсақ,  «Токарлық іс және металл өңдеу», «Автокөлік құралдарын жөндеу, пайдалану және қызмет көрсету», «Дәнекерлеу ісі», «Қала электр көліктерін пайдалану, техникалық қызмет көрсету және жөндеу». Сонымен қатар «Тігін өндірісі және киімдерді модельдеу», «Шаштараз өнері және сәндік косметика» мамандықтары бойынша қыздарымыз да білім ала алады.
– Күнделікті сұранысқа ие керек кәсіптің қадірін біз әлі түсіне қоймаған сияқтымыз. Мың түрлі кәсіптің бәрінде көбінесе өзге ұлттың өкілдері жүреді, осындай оқу орындарында да өзге жұрттың балалары көбірек оқиды. Сіздің колледжде қаракөздер көп пе?
– Жасыратыны жоқ, кеңестік кезеңде кеңестік идеология қазақ балаларын жоғары оқу орындарында да, кәсіптік оқу орындарында да көп оқытпады. Ал тәуелсіздік алғалы қазақтың білім туралы, мамандық туралы ойы басқа арнаға ауысты. Біздің қазақ баласын тек жоғары оқу орнында оқыса деді, заңгер, қаржыгер, саясаткер т.б. мамандықты игеріп шыққанын қалады. Ол баланың оған қабілеті бар ма, білімі жете ме, өзі соны қалай ма – онда шаруасы жоқ. Ал кәсіптік білім беруге аса тырыспады, тіпті, колледжде оқытуды ар санайтындар да болды. Мұндай психология бүгінде біршама өзгерді, көзқарас дұрысталды. Нақты кәсіпті меңгерген баласының жерде қалмайтынын, ешкімге алақан жаймайтынын, сондықтан баланы керек кәсіпке баулу керектігін қазақ түсіне бастады. Тіпті, білдей бір жоғары оқу орнын бітіргені туралы дипломы бар мамандардың қатарында жұмыссыздар өте көп. Бәрі де кеңседе отырып жұмыс істегісі келеді, жақсы жалақы алғысы келеді. Алайда кеңседе істейтіндердің айлығын кәсіптік білім алып, бір салаға машықтанған нағыз маманның айлығымен салыстырсаңыз, кейінгілердің табысы әлдеқайда жоғары. Бүгінгі қазақтың осыған көзі жете бастады. Сондықтан қазіргі таңда кәсіптік колледждерде оқитын білім алушылардың ішінде қаракөз қазақтарымыз да күн санап көбейіп келеді. Тіпті, соңғы жылдары басқаларға қарағанда қазақ балаларының саны көп. Біздің колледжде де солай.
– Колледжде әлеуметтік қамқорлыққа зәру студенттер бар ма? Оларға қандай қолдау көрсетілуде?
– Білім алушылардың 200-ден астамы әлеуметтік деңгейі төмен балалар. Сегіз бала ата-анасыз өсіп жатыр. Әлеуметтік қамқорлыққа ие балаларымыз мемлекетің қолдауымен күнделікті бір мезгіл ыстық тамақ ішеді. Ал ата-анасыз балаларымыз үш мезгіл тамақтанады және шәкіртақысына қосымша көмек қосылады. Демалыс кездерінде олар тамағына бөлінетін қаражатты ақшалай немесе азық-түлік күйінде алады.
444– Колледж бен ата-аналардың байланысы қандай деңгейде?
– Ата-аналармен міндетті түрде байланыс орнатылған. Онсыз болмайды. Колледжде ай сайын ата-аналар жиналысы өткізіледі. Жиналыс барысында білім алушылардың үлгерімі, қоғамдық өмірдегі белсенділігі және басқа да мәселелер талқыланып, шешімін ата-анамен бірлесіп шешу қарастырылады. Сонымен қатар, колледждің және жекелеген топтардың ата-аналар кеңесі құрылған. Өткізілетін іс-шаралар мен сабаққа барысы ата-аналармен келісілген түрде ұйымдастырылады. Өткен жылғы күзде және биылғы көктемде ата-аналардың бастамасымен колледж маңына 250-ден астам ағаштар отырғызылды. Жеміс ағаштарымен өрік, алма, шие бақтары бой көтерді.  Мәдени іс-шаралар ұйымдастыруда да ата-аналардың еңбегі зор болды. Колледжімізде ұйымдастырылған Наурыз мерекесінде ата-аналардың ықыласымен топтар ауыл-ауыл болып бөлініп, үй тігіп, қазан көтерді.
Ал балалардың тәрбиесіне көшер болсақ, баланың аты – бала емес пе?!. Кейбір бала таңертең сабаққа кеттім деп үйінен шығып кетеді де, сабаққа келмей, жол-жөнекей ойын автоматтарына, интернет-клубтарға бұрылып кетеді. Сабақтан қалу, сабақ оқымау тәрізді мәселе туындаса дереу ата-аналарын шақыртамыз. Бәрі де ата-анасын сыйлап өскен, ата-әже көрген қазақтың балалары ғой… Екінші рет сабақтан қалмауға немесе тәртіпсіздік жасамауға уәде береді. Солайша бір-екі рет ата-анасының алдында қызарғаннан кейін, қайтып ондайға бармайды, сөзінде тұруға тырысады, сабақтан тыс әртүрлі үйірмелерге, қоғамдық жұмыстарға белсене араласа бастайды. Мектепте оқып жүргенде «4», «5» деген баға алып көрмеген кейбір балалар мұнда келіп бірінші курсты үздік бітіріп жатыр. Өйткені төмен бағаға оқыса шәкіртақыдан қағылатындарын біледі, сондықтан барынша тырысады.  Осының барі ата-анамен ұстаздардың тығыз байланыста жұмыстар жүргізіп жатқанының нәтижесі.
333– Мемлекетіміз эксперимент ретінде бірнеше колледжге дуалды жүйені енгізді. Сіздер бұл жүйеге кірдіңіздер ме?
– Иә, біз осы жүйе бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Біздің серіктес компанияларымыз ретінде 3 автопарк, 1 трамвай депосы, 1 толлейбус паркі бар. Елбасымыз Н.Назарбаев айтқан дуалды жүйенің берер нәтижесі орасан зор болмақ. Оқи жүріп теориялық білімді тәжірибемен ұштастырып отыру, ол үшін салалық ірі компаниялармен, мекемелермен келісімшартқа отырып, бірге кәсіби білікті маман даярлап шығару – бұл ерекше құптап, қуантатын идея деп ойлаймын. Өйткені, оқуын тәмамдап, қолына дипломын алған бала ертең «енді қайда барам, қайда жұмысқа тұрамын?» деп қиналмайды. Ол студент бірінші курсқа келген күннен бастап-ақ тәжірибені қатар алып жүреді. 1 курста – аптасына 1 күн, екінші курста – 2 күн, 3 курста – 3 күн оқу-тәжірибе жұмысына барады. Әрі сол істеген жұмысына қарай ол жерден айлық алатын болады. Өзін жақсы көрсете білсе, оқуын аяқтағанда сол компанияда маман боп қалады.
Алматы қаласындағы жолаушыларды тасымалдайтын үлкен мекеме «АлматыЭлектроТранспен» бірлесіп жұмыстар жүргізу мақсатында меморандумға қол қойдық. Осындай мекемелердің қолдауымен және негізгі жұмыс орындары қалада болғандықтан, біздің түлектеріміз толыққанды жұмыспен қамтылады деген үміттеміз.
– Бүгінгі таңда қоғамдық көліктердегі қызмет сапасы сын көтермейді. Жүргізушілердің мәдениетсіздігі, кондукторлардың дөрекілігі туралы талай айтылды да, жазылды да. Көлікті қалай болса солай жүргізу, жол бойы жарысу, клиентке таласу, жол-көлік оқиғаларына себепкер болу сияқты көптеген кемшіліктерді тізіп шығуға болады. Тіпті, 80 теңге үшін жас баланы немесе балалы келіншекті қыстың қақаған аязында автобустан түсіріп кеткен оқиғаларды да естіген шығарсыз… Сіздің колледж осы мәселелерге көңіл бөле ме? Тек білгір маман ғана емес, мәдениетті маманды тәрбиелеп шығу оқу бағдарламасына енгізілген бе?
– Ондай мәселе бары рас. Дегенмен, мәдениетсіз деп көпке топырақ шашуға болмайды. Қоғамдық көлік жүргізушілерінің ішінде де көптеген танымал, көп жылдық өтілі бар жүргізушілер де баршылық. Бірақ қаламыз ұлғайып, қатынастар кестесі үлкейіп жатқан шақта маман тапшылығы байқалып та тұрады. Қала әкімдігінің осы колледжді ашудағы мақсаты да сол – қоғамдық көоік қатынастарын реттеу, білікті кадр тапшылығын жою. Қоғамдық көліктегі жүргізуші мен тексеруші біздің таңғы көңіл-күйімізді қалыптастырушы. Мысалы, адам жұмысқа таңертең жақсы көңіл-күймен бармаса еңбек өнімділігі болмайды. Сондықтан колледжде бұл мәселеге міндетті түрде көңіл бөлеміз. Осы балалар бітіріп шыққаннан кейін олар қызмет көрсетудің не екенін білетін нағыз кәсіби мамандар болып шығады. Біз осы саланың мамандарын оқытып жатқандықтан тәртіп пен мәдениетті бірінші орынға қоямыз. Оны өзімізден бастаймыз. Бірінші күннен бастап балаларды тәртіп пен мәдениетке баулимыз. Колледждің жалпы аумағы төрт гектар жерді алып жатыр. Осы аумақта темекі тартуға, насыбай атуға, басқа да тәртіпсіздіктерге тыйым салынған. Ал он сегіз мың шаршы метрді алып жатқан ғимараттың іші толықтай бақылау камераларымен жабдықталған. Ең бастысы – білім алушыларды мәдениет пен көркемдікке шақыратын ән, би, күй, көркем сөз үйірмелері, футбол, волейбол, баскетбол, шахмат, тоғызқұмалақтан секциялар жұмыс істейді. Осының бәрін көріп өскен ұрпақта тәртіп бұзу туралы ой бола қоймас деп ойлаймын.
– Жолаушылар көлігіндегі қызмет сапасын жақсартудың қандай жолдары бар деп ойлайсыз?
– Кеңестік кезде қоғамдық көлікте жолаушылардың өздерін қалай ұстауы жөнінде Ереже, қалалық мәслихаттың шешімі ілулі тұрушы еді. Өзге жолаушыға кедергі жасамау, қасыңдағы дәл өзіңдей жолаушыны құрметтеу, жүргізушінің ойын бөлмеу, оған кедергі келтірмеу, жасы үлкен адамдарға, балалы жолаушыға орын беру сынды ережелер тайға таңба басқандай жазылып тұратын. Ережені бұзған адам әкімшілік жауапқа тартылатын. Мас адам көлікке отырғызылмайтын. Дауыстап әңгімелесу де мәдениетсіздікке саналатын. Қазір адамдар бір-бірімен айғайлап сөйлесу былай тұрсын, бір-бірімен ерегесіп, жаға жыртысып, боқтасып жататындар да аз емес. Жастар жағы үлкен адамға орын берудің орнына бетіне бажырайып бір қарап, құлаққап киіп ән тыңдап отыра береді немесе ұялы телефонмен айғайлап, ұзақ сөйлесуді әдепсіздік деп ойламайды да. Жүргізушілердің ішінде де әдепке жат қылықтар жасайтыны аз емес. Өзінің сүйікті әуенін бүкіл салонға айғайлатып қою, кір, лас киіммен қалай болса солай жүру, жолаушыларға дөрекі сөйлеу… Көпке топырақ шашудан аулақпын, бірақ мұндай құбылыстар жиі кездеседі. Жүргізуші, кондуктор, жолаушылардың арасында тұтанып кететін «өртті» басатын бір амал қарастырған жөн. Ең бастысы, қоғамдық көлікте жүру тәртібінің этикетін қалыптастыру қажет. Бүгінгі таңда нақты шаралар да қолға алынып жатқанын айтқым келеді. Мысалы, қалалық автопарк басшылары қызметкерлер арасында арнайы тренинг өткізеді, үстінен арыз-шағым түскен жүргізушілерді біздің колледжде арнайы дайындық курсынан өткізіп, қайта емтихан қабылдайды.
– Бала тәрбиелеуде қандай қағиданы басшылыққа аласыз?
– Балаға тым қатал болмау керек деп ойлаймын. Баланы қызықтыра білсек, дұрыс бағыт бере білсек, сонда олар қызығып оқитын болады. Бала бос жүрмеу керек, бос жүрген бала барып бірдеңеге ұрынады. Мысалы, үйінде шаруасы бар бала «осындай жұмысым бар, әке-шешеме көмектесемін» деп сұранып кетеді, ал жұмысы жоқ баланы колледж қабырғасындағы әртүрлі үйірмелерге тартамыз. Сағат 14.30-да сабақ бітеді, содан 17.00-ге дейін баланы бос қалдырмаймыз. Көркемөнерпаздар үйірмесі бар, онда студенттер ән айтып, би билейді, музыкалық аспаптарда ойнайды. Немесе спорт үйірмелеріне – футбол, волейбол, теннис, тренажер залына барады. Олармен тәрбие жөніндегі орынбасар немесе мұғалімдер жұмыс істейді. Әрине, біз талантты әртіс дайындап шыға алмаспыз, алайда «бұлақ көрсең көзін аш» дегендей, студенттер арасынан өнерлі балалардың қабылетін ашып, олардың өнерін шыңдауға мүмкіндік береміз.
– Осындай заманына сай мекемені басқарып отырған басшының өзі қайда туып-өсті екен, қандай мамандықты оқыды екен… өзіңіз туралы да айта отырсаңыз…
– Мен 1965 жылдың 28 ақпанында Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданының Қаратал ауылында көп балалы отбасында дүниеге келгемін.
1987 жылы Алматы кинотехникумын (қазіргі Алматы мемлекеттік политехникалық колледжі) бітіргеннен кейін,  жас маман  ретінде осы ұжымда қызметке қалдырылып, еңбек жолымды зертханашы қызметінен бастадым. Қызмет ете жүріп, Алматы энергетика және байланыс институтын, Қазақ жол қатынастары университетін тәмамдадым.
Негізгі бағытым шәкірт тәрбиесіне арналғандықтан оқытушылық қызметтен бастап, бөлім меңгерушісі, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметтерін атқардым. 2009 жылы ғылыми диссертация қорғап, техника ғылымдарының кандидаты атағына ие болдым.
Былтыр осы оқу ордасы ашылғанда Алматы қаласы білім басқармасының шешімі бойынша, бұйрық алып жаңа колледждің директоры қызметіне тағайындалдым.
Бір ұл, бір қыз тәрбиелеп, немерелер сүйіп отырған жайым да бар.
– Сөз соңында оқырмандарымызға қандай тілек айтасыз?
– Елдің болашағы ізденімпаз, салауатты өмір салтын насихаттайтын, білімді, жігерлі жастардың қолында. Ал ондай жастарды тәрбиелеу сіз бен біздің қолымызда. Елдің ертеңіне бей-жай қарамай еңбектенейік және еңбегіміздің жемісін көрейік!
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Сәуле Әбединова

«Ақжүніс-Астана» журналы

Сайтымыздың жаңа мақалаларына жазылыңыз

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Пікір жазу

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

*


2 + = 11

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <s> <strike> <strong>