Әріпті жаңа таныған бала ғылымның не екенін қайдан білсін?!.

Наргиз Шерниязова: – Сәуле апай, сіз оптимистсіз бе, әлде пессимистсіз бе?
– Пессимист адамға ұқсаймын ба?.. Сүрінсем де, жығылсам да, ешқандай қиындыққа мойымай, «тек қана алға!» деген қағидамен жүремін. Тек жақсылықты ойлаймын, жақсылықтан үміттенемін. Ойлаған жоспарым жүзеге аспай қалса, сарыуайымға салынбаймын, сәтін күтемін. Жанталасқанды ұнатпаймын. Ой-санам, парасат-пайымым, түсінік-қиялым өзімнен 10 жылға алға озып кететін кездер жиі болады, бірақ өзім асықпайтын, өте баяу адаммын…

Светлана Қариева: – Сәуле замандас, әйелдің түріне қарап оның қаншалықты бақытты екенін түсіне аласыз ба?
– Адамның түріне қарап бақытты, бақытсыз екенін ажырату қиын-ау. Дегенмен, әйелдің көзі нұрланып, от шашып, ажарланып тұрса, демек, бақытты деген сөз. Жанар оты көлеңке тартса, онда, бақытты деуге келмес… Кей адамдар жүрегі қан жылап, жаны қиналып жүрсе де, сырттай ештеңе де сездірмейді. Сондықтан, сырт көзге бақытты көрінген әйел өте бақытсыз болуы мүмкін. Немесе, керісінше, сыртқы кейпіне қарап, «мынау бір бақытсыз сормаңдай-ау» деген адамың төрт құбыласы түгел, өз өміріне риза, бақытты жан болып шығуы да ғажап емес…

Дәулет Серікбаев: – Сәуле апай, сіз өлең жазасыз ба? Алғашқы жазған шығармаңыз есіңізде ме?
– Біздің кезімізде оқушыларға 8 сыныпқа дейін шығарма жазғызбайтын. Бастауыш сыныптарда диктант, 4 сыныптан бастап мазмұндама жазғызып, баланы қатесіз жазуға, мазмұнды баяндауға үйрететін. Бұл – баланы шығармашылыққа баулудың, сауаттылықты қалыптастырудың мықты мектебі деп ойлаймын. Ал қазір 1 сынып оқушыларына «ғылыми жоба» жазғызады. Әріпті жаңа таныған бала ғылымның
не екенін қайдан білсін?!. Мұғалімдері өздері жазып беріп, «ғылыми жоба жазып, жүлделі орын алды» деп баланы да, өздерін де, өзгелерді де алдайды…
Сұрағыңызға келер болсам, шығарманы алғаш рет 8 сыныпта жаздық. Қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беретін Гүлтас Құрманбаева апайымыз тақтаға үш тақырып жазды. Алдыңғы екеуі мектеп бағдарламасы бойынша, ал үшіншісі – «Мен Рейганмен кездессем не дер едім?» деген еркін тақырып еді. Сол шығармам маған сыныпта да, мектеп бойынша да біраз «бедел» жинап берді. Сол шығармадан кейін-ақ Гүлтас апай мені олимпиадалардан қалдырмайтын. Тіпті, қазақ тілі мен әдебиетінен өткен тұңғыш республикалық олимпиадаға қатысып, 2 орын алғанмын. Мектепте шығарманы өлеңмен жазуға талпындық. «Жаныңда жүр жақсы адам» деген шығарма, тіпті,  «Ауған жеріндегі жас қазақ» деген поэма да «жазып» тастағаным есімде. Қазір есіме түссе күлкім келеді… Өлең деген – құдірет, ақындық деген – қасиет, ол кез-келгенге қона бермейтінін ерте ұқтым. Ұйқас іздеп, буын қуалап өлең жазғанша жазбаған артық деп шештім.

Құрметпен,
Сәуле ӘБЕДИНОВА

«Ақжүніс-Астана» журналы

Сайтымыздың жаңа мақалаларына жазылыңыз

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

1 пікір

  1. рысжан :

    Сұхбатты жақсы берипти

Пікір жазу

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

*


8 − = 4