Қазақ әйелі туралы айтқанда абайлап сөйлеу керек

222Жадыра ЕСЕНӘЛИЕВА: – Сәуле замандас, Елбасымыздың «Қазақстан-2050» бағдарламасы туралы ойыңыз қандай? Осы ертегіге сенесіз бе?

– Мен, жалпы, ертегіге сенетін адаммын… ертегінің де шындыққа айналатын кездері болады… Сауалыңыз сарказмға толы екен. Арамызда қара басын алып жүре алмағанына Елбасын кінәлайтындар аз емес. Бәзбіреулер бір әйел, екі баласына бас бола алмай жүріп, Елбасын сын садағына іледі. Меніңше, ол кісіні сынап-мінеу үшін сол кісімен деңгейлес болу керек шығар… Бұл сұрақты қандай мақсатта қойып отырғаныңызды да білмеймін, дегенмен, жауап беріп көрейін…
Елбасы Н.Ә.Назарбаев бұл Стратегияны не үшін қабылдады? Ол кісінің өз сөзімен айтсақ, «қазақстандықтардың ел болашағының тұтқасын нық ұстауы үшін қабылдады». Қазақта «Үш күндігін ойламаған әйелден без, үш жылдығын ойламаған еркектен без» деген мақал бар. Ал бір елдің тұтқасын ұстап отырған азамат неше жылды ойлауы керек? Ұзақмерзімді жоспарсыз ел болу мүмкін бе? Бүгінде көптеген табысты елдер – Қытай, Малайзия, Түркия ұзақмерзімді жоспар бойынша жұмыс істеуде. Бұл туралы Елбасының өзі де айтты: «Егер ел өз бағыты мен баратын айлағын білмесе, ешқандай жел оңынан соқпайды. 2050 Стратегиясы айқын шамшырақ секілді басты мақсатымыздан көз жазбай, азаматтарымыздың күнделікті тіршілігінің мәселелерін шешуге мүмкіндік береді. Бұл біздің 30-50 жылда емес, жыл сайын халық тұрмысын жақсартатынымызды білдіреді…» Халық тұрмысын, ел жағдайын көздеген бағдарламаға мен неге қарсы болайын? Ал өз тұрмысымызды жақсарту, ең алдымен, өзімізге байланысты…

Ерлан СЕРІКБАЙ: – Сәуле ханым, «байтал шауып бәйге алмас», келісесіз бе?

– «Қазақтың қайғысы не десең, мақалдарынан танырсың…» деген Абай атамыз бірталай мақалды тізіп, «бұл мақалдардан не шықты?..» дейтіні бар емес пе? Абай атамыз айтқандай, қазақтың мақалдарының бәрімен келісе бермеймін. Бірақ мен келіспейді екен деп ол мақалдардың мәні де өзгеріп кетпейді…
Елбасы Н.Назарбаев: «Қоғамның даму барысын өмірде – нәзік, көңілде – биік, ал істе– мығым әйелдер қауымынсыз көзге елестету мүмкін емес. Шығыс халықтарының арасында, жалпы мұсылман елдерінде әйел затын бөлекше бағалайтын, қарындасты қатты қастерлейтін халықтың бірі де, бірігейі де біздің қазақ» дейді. Өзіңіз де жан-жағыңызға бағамдап көз салыңызшы… не байқайсыз?..
Қазақ әйелдері туралы сөз болғанда, ең алдымен лиро-эпостық жырлардағы әйел кейіпкерлер ойға оралады. Құртқа мен Жібек, Айман мен Шолпан, Ақжүніс пен Назым, Баршын мен Баян образдары – қазақ әйеліне тән ақыл-парасат пен көрегенділіктің, сұлулық пен нәзіктіктің, тапқырлық пен айлакерліктің, адалдық пен тұрақтылықтың символы.
Қазақ қызы өз үйінде ерке, еркін өскен, ән айтып, айтысқа түскен. Пәрәнжі-сәтір кимеген, сөйте тұра еркіндік пен есерліктің ара жігін ажырата білген парасатты, тапқыр, төзімді, өнерлі болған, атқа мініп, жауға шапқан. Әйел – мәңгілік тақырып. Әйел – мәңгіліктің символы. Әйел – сұлулық. Әйел – Ана. Әйел – Жар. Әйел – қыз. Әйел – қарындас. Әйел – әже, келін, жеңге, абысын. Әйел – Ерлік… Қазақ тарихы мен мәдениетін зерделесек, сан ғасырлар бойғы күресте елдігін ерен еңбегімен, асқар парасатымен, шексіз шыдамдылығымен және сүйіспеншілігімен сақтай білген, ұлттық рухты ұрпағының бойына ақ сүті арқылы, бесік жыры мен туған тілі арқылы сіңіре білген Әйел-Аналар аз емес. Қазіргі таңдағы ана тілінің тағдырында да, бүгіні мен ертеңінде де бағзы замандардағыдай аналардың алатын орны, атқаратын рөлі ерекше. Қазақ әйелдері туралы қазақтың белгілі ақын-жазушылары да, зерттеуші-ғалымдары да аз айтып, аз жазған жоқ. Сондықтан, қазақ қызы туралы, қазақ әйелі туралы сөз айтқанда абайлап сөйлеу керек.

Құрметпен,
Сәуле ӘБЕДИНОВА

«Ақжүніс-Астана» журналы

Сайтымыздың жаңа мақалаларына жазылыңыз

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Пікір жазу

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

*


− 3 = 3