Рамазан Стамғазиев: Бізде сан да бар, сапа да бар

111– Рамазан аға, шығармашылығыңызда не жаңалық? Көрінбей кеткен сияқтысыз…
– Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясында және Жүсіпбек Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжінде ұстаздық қызметтемін. Шәкірт тәрбиелеп жүрген жайымыз бар. Магистратураны бітірдім. Екі жыл бойы іздендім. «Жетісу өңірінің Хан Тәңірі аймағы бойынша әншілік мектебі» деген тақырыбым болды, соны зерттедім. Шалтабай, Көдек, Қапез, Ырыскелді, Сәдіқожа деген авторларды алдым. Тарих қойнауында жатқан нәрселерді ақтардым. Екі жылдық шаруа шаш етектен. Қырғыз, Қытай асып кеткендері бар екен. Арасында сол жақтарға кетіп қалдым. Архивтерді қарадым. Кезінде қарауға болмайды деген Қапездің құпия істерін қарап шықтым. 1937 жылы атылды деп жүрміз ғой, 1939 жылы атылған деген анықтаманы кездестірдім. Көдектің екі әнін таптым. «Ал, дариға», «Қыздар-ау» деген екі әні Тілеулес Құрманғалиевтің орындауында дәтүрлі өнердің қоржынын толықтырып жатыр. Ырыскелдінің ешкім білмеген төрт әнін алып келдік. Сөйтіп ғылыми жұмысқа көп көңіл бөлдім-ау. Сахналық, экрандық, эстрадалық жүйе дегендер дәстүрлі өнердің форматын қабылдай бермейтіні және бар. Концерттік бағдарламаларға тұтас эстрада әншілерін қойып қойған. Біздер қайда шығатынымызды білмей қалдық… «Мәдениет» арнасы бар делік. Бірақ оны кім көріп жатыр? Облыстарға, ауыл-ауылдарға тарай ма?.. Бір-екі хабарымыз бар, оның өзі аздық етеді. Кезінде «Бір әннің тарихы», «Інжу-маржан» деген хабарлар болды, сондай бағдарламалар керек. Бізді жоғалтып жүргендері содан. Өзім үшін емес, кейінгі буын үшін қорқамын. Экраннан көрінсе дейсің. Насихат жоқтығынан, тапшылық дүниеден көп әнші халықтың көзайымына айнала алмай жүр. Экраннан көрінбей жүргеніміз болмаса, елдің ішіндеміз. Жақында Қытайдың Үрімші қаласына барып, концерт беріп қайттық. Ол жақта қазақы әуенге жаны құмар орта бар. Сосын онда фонограммамен ән айтқызбайды екен. Әншінің әншісі ғана сахнаға шығады. Әншінің әншісін мойындайды. Заң шығарып қойыпты. Осы жолы құжатымызды қабылдарда сондай шарттарын айтты. Фонограммамен айтсаңыз, ақша төлейсіз. Ақшаңыз көп болса, әрбір әнге төлеңіз де айта беріңіз, мархабат! Оның алдында Баянауылға барып келдім. Жақын арада Семейге кетіп барамын.
222– Өзге елдердегідей, бізде де фонограммаға шектеу қоюға қалай қарайсыз?
– Қытай елінің фонограммаға шектеу қойғанына қатты қуандым. Бізде фонограммамен ән айтып жүріп, атақ алғандар бар. Бізге де сондай жүйе енгізсе дейсің. Шынайы таланттар қасқайып тұрар еді. Одан қатарымыз кеміп қалмайды. Шынайы таланттар келер еді. Көбі сүзгіден өтер еді. Бізде әнші, күйші, сыбызғышы, жетігенші, қобызшы деген дарындылар толып жатыр. Мемлекет тарапынан оларға қолдау керек. Дәстүрлі әншілердің конкурсы жылына бес-алты рет болады. Сондай-ақ, облыстарда өтетін конкурстар бар. Халықаралық «Бозторғай», «Шабыт» фестивальдері бар. Қай кезде, қандай конкурста, кімдер алып жатыр? Қай мектептің түлектері? Ұстазы кім? Осыны журналистер халыққа дәріптеу керек. Әйтпесе халық қайдан біледі? Ол сайыстарға Жапониядан немесе Қытайдан, Америкадан келіп қатысып жатқан жоқ қой. Өзіміздің қаракөздер. Сырнаймен, жетігенмен тамаша ән салатындар бар. Сапта тұрған, артымыздан еріп келе жатқан жастар жетерлік. Бір Алматының өзінен Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық Консерваториясын, Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясын, сондай-ақ Жүсіпбек Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжін жылына қаншама тамаша талантты балалар бітіреді. Олар қайда? Не істеп жүр? Тағдырлары не болып жатыр? Соның есебін ешкім беріп те, алып та жатқан жоқ.
– Концерттеріңізде көбіне қандай әндерді орындайсыз? Дәстүрлі әнді ме, әлде эстрадалық әндерді ме?
– Қазір көбінесе лекция-концерт түрінде өткізіп жүрмін. Баратын жеріме барынша ізденіп, үлкен дайындықпен барамын, өзім орындайтын әрбір әнге қатысты білген нәрселерімді әңгімелеп айтып беремін. Әндердің тарихын айтуға тырысамын. Репертуарым жан-жақты, халық әндері де, халық композиторларының әндері де, Абай, Шәкәрім, Жамбыл, Біржандардың да әндері бар. Біздікі дәріптеу. Абай еліне барып, олар естімеген әндерді айтқымыз келеді. Кейде батыстың әнін Арқаның мақамына салып, алып барамыз.
background with seamless floral pattern in blue– Шетелдік сахналарда ән салған кезде не ойлайсыз?
– Шетелге барып-келгеніме емес, қазақтың әнін айтқаныма, елімнің атынан ән салып тұрғаныма қуанамын…
– Шетелдік сахналарға шығару үшін таңдау жүргізеді ғой, иә?
– Иә. Маңдайыңнан шертіп тұрып таңдайды. Қазақстанның өнерпаздары деп алып шығады. Үкілеп қосқан бәйге ат секілдісің ғой. Ән тұрмақ, киіміңнен бір артық жіп шықпау керек. 1-2 сағаттық концерт жоқ. Санаулы минуттар беріледі. «Мынау қазақтың әні ғой» деп таңданса дейсің!.. Ұтымды, қазақы, диапазонды әндерді таңдап аласың. Көбінесе Біржан мен Ақанның, Жаяу Мұсаның
әндерін және халық әндерін айттым. Домбыраның мүмкіншілігін көрсетіп қалуға тырысасың. Еуропа-
ның халқы жәй халық емес. Көңілдерінен шығу қиын. Халық таңданса ғана қол соғады. Таңдайды. Бізде қайыршылық басым. Оң жақ, сол жақ, қол соғыңдар деп сұрап аламыз ғой. Мәскеудегі залдарда белгілі бір ноталарды алғанда, залдағы аспашамдар дірілдейді. Классика өнерінде тыңдармандар партитураларды алып келіп, тексеріп, қарап отырады. Қай жерден қате жіберер екен дегендей. Белгілі ноталарды алғанын білсе, ананы жауып тастап қол соғады. Оларға аудармашы әннің бағытын айтып береді. Қиялмен елестетіп, әннен әсер ала алса ғана тұрып қол соғады. Музыканың құдіретімен жеткізе білуің керек. Сөйтіп, кей әншілердің бағы жанады. Дегенмен, олардың әнді тыңдай білу, түсіне білу, өнерді бағалау мәдениеті өте жоғары. Ал бізде даңғаза мәдениет. Біздегі жағдайға қарның ашады, жаның ауырады…
444– «Дәстүрлі әннің айтушысы бар да, тыңдаушысы жоқ» деген пікірледі естіп қаламыз. Осы сөзбен келісесіз бе?
– Келіспеймін. Тыңдаушылар бар. Қызылордада болған бір концертімде екі апамыз тоқтатып алып: «Балам, сен маған Кененнен айт, Естай мен Мәдиден айт, Дәнештен айт. Сен өзің Нартайдан не білесің, а?..» деп сұрағандары бар. Санап отырып сұрағандарын айтып бердім. Кейде осылай концерттік бағдарламаларымыз өзгеріп жатады. Концерттен кейін шықсам, қызметтік есік жақта күтіп тұр екен. Амандастық. Әнімді, сахнадағы тұрысымды, сөз саптауымды, әнші мен көрерменнің байланысы туралы пікірлерін айтып, аналық ақ баталарын берді. Олар кезінде театрда қызмет атқарған апалар екен. Ол кісілер Жүсіпбекті, Манарбек пен Ғарифоллаларды көрген екен. Сол кісілердің сахнадағы бейнелері жайлы, әндері жайлы, халықпен қалай әңгімелесетіндеріне шейін айтып берді. Ондай адамдардың көзін көрген жандарды табу қиын ғой қазір. «Олар сөйтетін еді» деп айтатындарының өзі сабақ. Мысалы, «Ғарекең ән айтқанда тыңдаушы жұрт аузына кіріп кететіндей отыратын. Көзбен әннің мінезін беретін, орнынан тұрып кететін…» дегендерін естіп отырып та тәжірибе жинайсың. Соны балаларға үйреткіміз келеді. Сол үшін де балаларды театрға қуалаймын. Актерлердің қалай ойнайтынын көріп келіңдер деймін. Олар тек жаттап алған мәтінді ғана айтып қоймайды, әр сөздің мағынасын ашады, кейіпкердің образын сомдайды. Опера театрына қуалаймын. Сахнада алпыс адам ән айтады, одан бөлек, қырық адам оркестр шұңқырында отырады. Бір әнші қанша адаммен жұмыс істейді деген сөз! Оны кім жасай алады? Ол тек шебердің шеберінің қолынан келеді.
Дәстүрлі әншілердің табиғаты мүлде бөлек. Талантына дауыс бояуын қосып, ұлттық нақышты бұзбай, үш нәрсені қауызға сыйдырып айтады. Бір әнді неше түрлі ырғақпен, неше түрлі темппен айта береді. Он түрлі қылып та айта алады. Стандартқа бағыну деген жоқ. Мысалы, дәстүрлі өнерде бір әнді алты-жеті әнші орындауы мүмкін. Әрқайсысы әртүрлі орындайды. Өзінің жандүниесін, өзінің болмысын, өзінің табиғатын, домбырада ойнау техникаларын қосады. Бірақ халыққа өнерлері жетпей жатыр. Себебі, орта жоқ. Айтатындар бар, айта алатындар бар. Көрсететін жер жоқ. Қазір оларға, әдемі бөлмені алып, акустикасын реттеп, видеоға түсіріңдер де, ғаламторға салыңдар деймін. Бітті. Шартарапқа тарайды. Сол видеолар арқылы өзге елдерден шақыру алып жатқандар бар. Біз де шеберлік кластарын, конференциялар өткізіп жүрміз. Дәстүрлі музыканың тағдыры жайында конференция өткіздік, 12 мемлекеттен өкілдер келді. Олардың барлығы сол видеолардан көрген.
– Қандай жетістіктерге қуанасыз?
– Мен тағы дәстүрлі өнерді айтамын ғой… Бізде сан да бар, сапа да бар. Домбырасы мен қобызын көтеріп, сырнайын арқалап жүргендерді көрудің өзі – жетістік. Күйбең тіршілікпен эстрадаға кеткен жоқ олар. Болмаса базарға кеткен жоқ. Мемлекеттік гранттар аз бөлінсе де, ақылы болса да оқуға түсетіндер бар. Осындай жалынды жастар барда қазақ өнері ешқашан өлмек емес. Себебі, қазақ деген жұрт тұр ғой. Кеудесінде бір тамшы қазақ деген қаны барда, жаны барда дәстүрлі өнердің мәңгілік жасайтынына сенемін. Жетісу, Батыс, Арқа, Сыр, Алтай мектептерінің өкілдерінің мол екеніне қуанамын, шүкіршілік етемін.
– Дәстүрлі өнер өкілдерінің эстрадаға ауысып кеткендері аз емес. Олар туралы не ойлайсыз?
– Айыпты емес. Себебі, эстрада да жай жанр емес. Айта алатындар бар, айта алмайтындар бар. Саят Медеуов, Өмірқұл Айниязов, Қарақат Әбілдина, Клара Төленбаева секілді өнерпаздар эстрадамен шықса да, дәстүрлі өнерді ұмытқан емес. Осы аға-әпкелеріне еліктеген жастарды көрген кезде қуанасың. Ұштастыра білгеніне рахмет айтасың.
– Тойға шығасыз ба? Дәстүрлі ән өкілдеріне тойға сұраныс бар ма?
– Жиі шығамын, жасырмаймын. Қазіргі кезде тойда «Арнау» айту деген үрдіс пайда болды. Қыз ұзатқанда сыңсу айтылады. Дәстүрлі әншілер де тойдан табыс тауып жүр. Ақшамен өнерді парықтай алмайсың. Және секеңдетіп билету үшін бармаймыз. Сахнаның әншілері рухани азық береді.
– Самайыңызды қырау шалып қартаймасаңыз да, аға буынға қосылдыңыз. Бақыт деген не екен, біле алдыңыз ба?
– Өзіміз үлгі тұтқан ағалардың қатарына қосылғаныма қуаныштымын. Мені аға тұтып, ақыл сұрайтындар бар. «Осы біледі-ау» деп келетіндеріне қуанамын. Бір саты жоғары тұрғанымды сезінемін. Дүниенің төрт бұрышын көрдім. Әлемнің үлкен сахналарында ән айттым. Абай, Жамбыл, Мұхтар Әуезовтердің ЮНЕСКО көлемінде тойланған тойларында болдым. Жақсы адамдармен кездестім. Талай ұстаздың алдын көрдім. Адам – мәңгілік емес. Сол үшін де білгенімді үйретіп келемін. Ең кереметі де осы. Балаларымды тәрбиеледім, келін алып, қыз ұзаттым. Ата болып жатырмыз. Бақыт деген осы екен. Тәуба!
– Соңғы жаңалықтарыңызбен бөліссеңіз?
– Ербол Спаналиевтің «Қоңыр әуен», Ербол Ақбасовтың «Сары дала» деген әндерін репертуарыма қостым. Қытайдан келген «Киелі көш» деген ән және бірнеше халық әндері де ән қоржынымда. Елге есеп беру ойымда болған. Бір шаруалар болды және қызымды ұзатамын деп уақыт тапшы болып қалды. Келер жылдың еншісінде болар, бұйыртса.
– Қызыңызды ұзатқан кезде қандай сезімде болдыңыз?
– Жүрегім қопарылды. Жандүниемді суырып алып кеткендей күй кештім. Алайда, бойжеткен қызың өмірсерігін тапқанын сезінгенде, ертеңгі күні бір шаңырақтың түтінін түтетіп, отанасы болады деген ой келгенде астаң-кестең болған көңілің бір уақытта сабырға келеді екен. «Басыңа бас қосылсын» деген қазақтың ақ тілеуі бар, ортамызға бір адам қосылғанын көргенде тәубе дейсің. Себебі, балаларың өскенше осы сұрақтарға жауап іздейсің ғой. Іштей түйін түйіп жүресің. Сол сұрақтарға жауаптың шеті көрінген кезде қуанасың.
– Балаларыңыз бақытты болсын! Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
Эльенора ӘМІР

«Ақжүніс-Астана» журналы

Сайтымыздың жаңа мақалаларына жазылыңыз

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

1 пікір

  1. Achat Tadalafil Canada Centurion Laboratories Hydrochlorothiazide Hypertension Renfrewshire cialis Levaquin Us Worldwide Comprar Propecia Online Xl Pharmacy

Пікір жазу

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

*


4 − 4 =