Болат Аюханов: Шығармашылық жұмыс өз деңгейінде бағаланбайды

300px-Bulat_AyukhanovҚазақстанның халық әртісі, профессор, ҚР мемлекеттік академиялық би театрының негізін қалаушы әрі тұрақты жетекшісі Болат Аюханов бізге берген сұхбатында өмірі мен өнері жөнінде кеңінен сыр шертіп, жаңалықтарымен, жоспарларымен бөліскен болатын…

Өмір-дерек:
Болат Ғазизұлы Аюханов 1938 жылы 13 қыркүйекте Семей қаласында туған. 1964 жылы А.В.Луначарский атындағы Мәскеу театр өнері институтының балетмейстерлік факультетін бітірген. Балет режиссері, балетмейстер. Өнертану профессоры (2003). Халықаралық ақпараттандыру Академиясының академигі (2004). «Менің балетім» (1988); «Сезім биографиясы» (2000), «Балет витражы» (2005) кітаптарының; 100-ден астам рецензиялардың, мақалалардың, сұхбаттардың авторы. 2003 жылдан бері ҚР Мемлекеттік академиялық би театрының директоры. «Болеро», «Қазақ сувенирі», «Батырлар», «Қыз Жібек», «Гамлет», «Кармен-сюита», «Шыңғысхан» және басқа қойылымдарға қатысады. «Біздің жеріміздің байлығы» («Свердловскфильм», 1960), «Ей, дұшпан, тоғызыншы ұлдан қорық», «Түнектің әміршісі», «Айдай сұлу Айсұлу ертегісі туралы», «Қайсар», «Мадам Вонг қазынасы», «Несібелі», «Репетиция», «ІІІабыт» кинофильмдеріне түскен. Режиссерлік-қойылымдық жұмыстары: 30 балет, 150 концерттік номерлер. ҚР Мемлекеттік академиялық би театрының негізін қалаушы, Қазақстан республикасының халық әртісі, «Құрмет белгісі», Еңбек Қызыл Ту ордендерімен марапатталған. ҚР Мемлекеттік және «Платиналық Тарлан» (2000), «Алтын Адам» (2008) сыйлықтарының лауреаты.

– Халық арасында «балетті тек түсінетіндер ғана түсінеді, опера, балетке тек арестократтар ғана барады…» деген ұғым бар. Расында, қарапайым халық өкілдерін балетке жиі келеді деп айта алмаспыз. Өзіңіз көрермендеріңізді «балеттің не екенін білмейтін қара халық» деп, немесе «өнерді түсінетін тектілер» деп бөлесіз бе?
– Мен үшін көрерменнің бәрі бірдей. «Анау – кедей, мынау – ауқатты көрермен» деп бөліп-жару менде жоқ. Болат аюхановпенБәзбіреулердей адамдардың әлеуметтік жағдайына қараудан аулақпын. Білесіз бе, бізге олардың ыстық ықыласы, залдағы құрмет-қошеметінен басқа ештеңе керек емес. Сондықтан қай тап өкілімен жүздессем де өзімді біркелкі ұстаймын, мен үшін адамдардың бәрі тең. Мейлі, ол ауылдық немесе қалалық болсын.
– Кәсіби сахнада жүргеніңізге елу жылға жуықтады. Сіздің ойыңызша, бұрынғы көрермен мен бүгінгі көрерменнің айырмашылығы бар ма?
– Бар, әлбетте. Уақыт өткен сайын барлығы да өзгереді. Жасыратыны жоқ, театрға не үшін келгенін білмейтіндер кездеседі. Олар басқалардың мазасын қашырып, берекесін алады. Ондайларды суқаным сүймейді. Жалпы алғанда, бұрын да осындай жағдайлар орын алып тұрған. Сол себепті, етіміз үйренді ғой…
– Ал балетке қызығушылығы бар қауымның қатары бүгінде қаншалықты?
– Негізінен, бұл өнер түрін еуропалықтар жете түсінеді ғой. Өзіңіз білесіз, балет біздің ділімізге соншалықты жақын емес. Дегенмен, біздің өнерімізді тамашалауға ынтық жандардың саны аз деп айта алмаймын. Өзіндік аудиториямыз бар.
– Енді өзіңіз басқаратын мемлекеттік академиялық би театрына келсек. Өнер ошағының бүгінгі хал-жағдайы қалай?
– Жаман емес. Үкіметтің тікелей қарамағындағы театр болғандықтан, сұранысымыз бірден болмаса да, бірте-бірте орындалып жатыр. Шетелдерге гастрольге шығып тұрамыз, қажетті жабдықтарды алып жатырмыз, әртістерге мүмкіндігінше көңіл бөлінуде. Бір айтарым, 47 жылдық тарихы бар театр – баланың ойыны емес. Талай сыннан өткенбіз. Әлі де әр концерт сайын емтихан тапсырғандай боламыз… Біз әлемнің жетекші он театрының қатарына кіреміз. Осының өзі біраз нәрседен хабар беріп тұрған жоқ па? Сахнада өзім билемесем де шәкірттерім үшін әрдайым ерекше қобалжып тұрамын. Концерт аяқталып, сахнаның шымылдығы жабылғанда терең демалып, құдайға шүкіршілік етеміз. Өнер деген – осы…
q7– Өзіңіздің қарамағыңыздағы қыз-жігіттерге тоқталсаңыз. Ең талантты деп кімді атар едіңіз?
– 75 жылдық ғұмырымда көзімнің жеткені, бойында қабілет-қарымы, өнері жоқ адам болмайды. Тек жалқау, ештеңе істегісі келмейтіндер кездеседі. Айтайын дегенім, мендегі жастардың бәрі де талантты, бірінен бірі өтеді.
Ұжымда 38 адамбыз. Олардың барлығының жоғары білімі бар. Өнерге және өз жұмысына жеңіл, салғырт қарайтындар, дайындық барысында «сағыз шайнап» іштері пысып тұратындар бізде тұрақтамайды. Әлгілермен сөйлесуге де уақытым тапшы, оларға жай ғана сұқ саусағыммен есікті нұсқаймын (күлді).
– Әртістердің дені шәкірттеріңіз бе, әлде басқаның да тәлім-тәрбиесін көргендер ұшыраса ма?
– Жоқ. Жасырмаймын, негізінен алғанда өзімнің оқушыларыммен жұмыс істегенді қолай көремін. Бәрін басынан үйрету кім-кімге де қиын ғой. Содан болса керек, бұл жағынан жұмысымды қиындатпауға талпынамын. Бүгінге дейін 250-ден аса жаспен көрген-білгеніммен бөлісіппін. Олардың біразы қазіргі таңда жетекші балет әртістері. Арасында қызметтегі ауыртпалықтарға шыдамай, басқа салаға кеткендер жоқ емес.
– Өнер иелерінің жалақысы жөнінде бірер сөз…
– Көпшілікке белгілі ғой, шығармашылық жұмыс һәм еңбек ешқашан өз деңгейінде бағаланбайды. Десек те, осының өзіне қанағат етеміз.
Жұмысқа жаңадан қосылған мамандар шамамен 400-500 АҚШ доллары көлемінде еңбекақы алады. Кейін еңбек өтіліне қарай қосымша қаражат және тағайындалады. Өз басым аш-жалаңаш, әлеуметтік жағынан қиналып жүргендерден сахнада анау айтқандай бірдеңе шығады деп есептемеймін. Сондықтан басшы ретінде де, аға ретінде де оларға қамқорлық жасауға ұмтыламын. Олар көріп жүрген ауыртпалық бізге де таңсық емес. Тап осы күйде жерге топ ете қалғанымыз жоқ, кезінде біз де жас болғанбыз. Өзіміздің де басымыздан талай жайттар өткен…
– Бұл ретте жиі ұйымдастырылатын гастрольдік сапардың өзіндік материалдық игіліктерін әртістер көре ме? Дүниенің төрт бұрышын түгел аралаған сіз үшін ел-жер көру енді қызық емес шығар…
– Неге? Бұрын жүріп өткен жолыма қайта оралу – мен үшін қашанда қызық. Таныс адамдарды көресің, өткенді еске аласың дегендей. Аймақтағы концерттерде билеттің бағасы соншалықты қымбат емес. Расын айтсам, өңірлердегі кештерден тапқан-таянғанымыз жол шығынымызды өтесе, соның өзі біз үшін үлкен олжа. Кейде ол да болмай қалады.
– Күнделікті дайындық, гастрольден қолыңыздың тие бермейтіні түсінікті. Дегенмен, бос уақыт табыла қалса, не істейсіз?
– Кітап оқимын. Балаларыма көңіл бөлемін. Сосын ас әзірлегенді ұнатамын. Қысқасы, бәрі көңіл күйге байланысты дер едім.
– Кітап демекші, үш еңбектің авторы екенсіз…
– Бірден айтайын: мен жазушы емеспін. Бар болғаны өнерде, соның ішінде балетте көрген-білгенімді, түйгенімді кейінгі ұрпаққа жазып қалдыру – парызым деп білемін. Менің ойымша, біліп жатсаң, бағыт-бағдар берген дұрыс.
– Болат Ғазизұлы, алдағы жылдарға жоспар құрып, «биыл осындай, келесі жылы анандай жұмыстарды бітіруім тиіс» деп, бәрін алдын-ала бағамдайсыз ба?
– Ол енді Үкіметтің бізге қарастырған қаржысына сәйкес жасалады. «Көрпемізге қарай көсілеміз». Әйтпесе, көкейде талай-талай шығармашылық армандар бар ғой. Әттең, қол қысқа…
Бүгінде менен 2017 жылға дейін атқарылатын жұмыстардың жоспары талап етіліп жатыр. Мен болсам, оған аман-есен жетсем екен деп ойлап жүрмін (жымиып). Бірақ, біздер, талап-тәртіпті бәрінен жоғары қоятындар, жоспарды қалай да тапсыруға дағдыланғанбыз. Нәтижесінде, бекітілген жоспарды жүзеге асырғанша асығамыз.
– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен
Айбек ТАСҚАЛИЕВ

«Ақжүніс-Астана» журналы

Сайтымыздың жаңа мақалаларына жазылыңыз

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Пікір жазу

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

*


3 − = 2

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <s> <strike> <strong>