Төлеуғали ТАЙТУЛЕЕВ: Бәріміз біріккенде үлкен күшпіз…

01a«Алматы мемлекеттік энергетика және электронды технологиялар колледжі» МКҚК директоры Тайтулеев Төлеуғали Мұхамеджанұлының білім беру саласында еңбек етіп жүргеніне отыз жылдан асты. 1983 жылы Семей  педагогикалық институты  тарих-педагогика  факультетін «тарих және қоғамтану пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша бітірген ол еңбек жолын Аягөз қаласының №5 мектебінде тарих және қоғамтану пәндерінің мұғалімдігінен бастаған. Содан бері оқу-ағарту саласында аянбай еңбек етіп, бала оқытып, шәкірт тәрбиелеп келеді. Техника ғылымдарының кандидаты, жоғары санатты оқытушы,  ҚР Білім беру ісінің үздігі, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері, «Ерен еңбегі үшін», «ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдығы» төсбелгілерімен, Елбасының Ағыс хатымен, ҚР Білім Министрінің, «Нұр Отан» ХДП төрағасының бірінші орынбасары және Алматы қаласы Әкімінің мақтау қағаздарымен марапатталған. «Нұр Отан» аудандық партия бақылау комиссиясының төрағасы, қалалық партия бақылау комиссиясының төрағасы, қалалық партия ұйымы ревизия комиссиясының мүшесі.

SONY DSC

SONY DSC

– Төлеуғали Мұхамеджанұлы, 50 жылдықты қандай жаңалықтармен қарсы алып жатырсыздар?
– Биылғы ең үлкен жаңалығымыз – «Институционалды» және «Арнайы мамандандырылған» аккредиттеуден өттік. Бұл өте ауқымды, қиын процедура, одан кез-келген оқу орны өте алмайды, өйткені оның талаптары жоғары, көп дайындықты қажет етеді. Одан бұрын «Сапа менеджменті» сертификатын алдық. Оған да жан-жақты дайындалғанбыз. Сол сертификатты алғаннан кейін ғана институционалдық аккредиттеуден өтуге болады. Оқу орындарының аккредиттеуден өтуін мемлекеттік бағдарлама да, білім актысы да міндеттейді. Бірақ, өкінішке қарай, аккредиттеуден өту мәселесі біздің Қазақстанда жолға қойылмаған, тіпті, кей оқу орындары оның не екенін түсінбейді. «Аккредиттеу деген не? Одан қалай өтеді? Оның маңызы неде?» деп сұрайды. Бұл мәселе елімізде енді-енді ғана қолға алынып жатыр.
IMG_2245– Расында, ол не? Оқу орындарының аттестациядан өтетінін білуші едік…
– Бұл да аттестацияның бір түрі сияқты, бірақ мүлде басқа деңгейде. Талабы өте жоғары. Мұны мемлекеттік орган емес, «Білім беру сапасын қамтамасыз етудегі Қазақстандық тәуелсіз агенттігі» (БСҚҚТА) деп аталатын тәуелсіз мекеме қарайды. Аккредиттеу – бұл тұтас оқу орнының немесе жеке білім беру бағдарламаларының белгілі бір стандарттарға және өлшемдерге сәйкестігін бағалайтын процесс. Аккредиттеудің институционалдық, арнайы, ұлттық және халықаралық түрлері бар. Институционалдық деген – ұйымды тұтас аккредиттеуден өткізу. Институционалдық аккредиттеу процедурасы Қазақстан Үкіметінің «Білім ұйымдарын аккредиттеу ережесін бекіту туралы» қаулысына сәйкес және ҚР Білім және ғылым министрлігі бекіткен «Білім беру ұйымдарын аккредиттеуді ұйымдастыру және өткізу нұсқаулығына» сәйкес жүргізіледі. Ол бірнеше сатыдан тұрады. Аккредиттеуден өту үшін құжаттар тапсырылған соң БСҚҚТА-нің эксперттік комиссиясы құрылады. Ол комиссия оқу орнын бірнеше рет келіп тексереді де, лайық деп таныса аккредиттеу туралы материалдарды Аккредиттік кеңеске жібереді. Кеңес құрамына Парламент Мәжілісінің депутаттары, ЖОО ректорлары, ғылыми ұйымдардың өкілдері, жұмыс берушілер және қоғамдық өкілдер кіреді. Түпкілікті шешімді Аккредиттік кеңес шығарады. Ол кеңес аккредитациядан өтетін оқу орнын 5 жыл мерзімге аккредиттеу туралы немесе, керісінше, аккредиттеуден өткізбеу туралы шешім шығарады.
Аккредиттеуден өту – ол колледждің білім сапасын, статусын көрсетеді. Әзірге Қазақстан бойынша біздің колледж қатарынан екі аккредиттеуден – институционалдық және арнайы аккредиттеуден өткен алғашқы колледждердің бірі.
IMG_4517– Оқытушылар құрамы, ұжымыңыз жайлы не айтасыз?
– Колледжде еңбек ететін қызметкерлердің 30 пайызы жас мамандар, яғни, 25-30 жас аралығындағы жастар. Олардың жұмысқа деген қызығушылықтарын көргенде қуанамын. Бір байқағаным, олар балаларды жақсы көреді, өз білгендерін үйретуге бар жанын салады. Бұл педагогикадағы ең басты қасиет. Жыл сайын жас мұғалімдерді шет елдерге стажировкаға жіберіп тұрамыз. Жастар ғана емес, басқа мұғалімдер де шет елдерге әртүрлі іссапарларға, халықаралық конференцияларға барып тұрады. Менің ойымша, адам әркез білімін жетілдіріп, өсіп отыруы керек. Егер адам оқимын, өсемін деп талпынып тұрса, біз оны қолдаймыз. Білімді, білікті маманға әркез көмектесеміз.
IMG_0754– Энергетика саласының мамандары ретінде сіздердің мекеменің студенттері, оқытушылар ЭКСПО-2017 көрмесіне қызығушылық танытып жүрген шығар? Ғылыми жобалар жасап жүргендер бар ма?
– Иә, халықаралық деңгейде ұйымдастырылып жатқан ЭКСПО-2017 көрмесіне біздің студенттердің де, ұстаздардың да қызығушылығы зор. Олар әртүрлі жобалар жасап, байқауларға қатысып жүр. Мемлекет басшысы Н.Назарбаев Халықаралық көрмені «Жасыл экономика» аясында өткізуді тапсырды. Біздің колледж энергетика саласының мамандарын даярлайтындықтан, бұл тақырып бізге өте жақын. Осы бағытта біз былтыр екі цехты іске қостық. Оның бірінде студенттер жарықдиодты лампаларын жасап шығаруды үйренеді. Екіншісінде күн сәулесінен энергия алатын панельдер жасаймыз. Жақында қалалық білім басқармасынан осы өнімдерді өндіріске шығару үшін рұқсат алдық. Біздің колледж мемлекеттік мекеме болғандықтан қосымша қалай қаражат таба аламыз деген мәселені де ойластыруымыз керек. Бұрын бұған рұқсат бермейтін, тек бала оқытумен ғана айналысатынбыз. Ендігі жерде өнім өндіріп, қаражат табуға рұқсатымыз бар. Мысалы, күн панельдеріне қазірдің өзінде сұраныс түсіп жатыр…
IMG_6281– Бітіруші түлектерді жұмысқа орналастыру мәселесі қалай жүзеге асып жатыр?
– Біздің колледж республика бойынша дуалды жүйе бойынша жұмыс істеуді бастаған ең алғашқы оқу орындарының бірі. Елбасымыз Н.Назарбаевтың тапсырмасымен білім саласына дуалды жүйе енгізілген сәттен бастап біздің колледж республика бойынша эксперимент алаңы ретінде осы жүйемен жұмыс істеуге кірісті. Дуалды жүйе бойынша оқытатын оқу орындарының бағдарламасы мүлде басқаша. Дуалды жүйе деген – теорияны тәжірибемен ұштастыру. Бұл орайда оқу орнының білім беру жүйесінде өзіндік қағидаттары болу керек. Мысалы, Германия, Сингапур сияқты елдерде солай. Ол елдерде студенттер жарты күн оқыса, жарты күн жұмыс істейді. Ал бізде тәжірибе сабағы 1 курстың екінші семестрінен басталады да, аптасына 1 курста – 1 күн, 2 курста – 2 күн, 3 курста – 3 күн жұмыс істейді. Біз тек жұмысшы мамандарды ғана емес, орта буындағы менеджерлерді, басқару саласының мамандарын, есепшілерді, коммуникация саласының, тағы басқа салалардың мамандарын даярлаймыз, сондықтан теориялық білім оларға көбірек керек. Көптеген мекемелерде біздің түлектер орта деңгейдегі басқарушы звенода еңбек етеді. Олар теория жағынан да біледі, тәжірибе жүзінде де өз жұмысын атқара алады және басқара алады. Біздің түлектер колледжді бітірмей тұрып-ақ еңбекке араласады, яғни өздері тәжірибеден өткен мекемелерден олар жалақы алады. Егер олар өздерін болашақ жақсы маман ретінде көрсете білсе, онда колледжді аяқтағаннан кейін ондай мамандарды сол мекемелер қуана-қуана жұмысқа қабылдайды. Біздің түлектердің жұмыссыз қалуы мүмкін емес, егер олардың білімі, қабілеті жақсы болса, тәртібі дұрыс болса, жұмысқа орналасу жағынан еш мәселе туындамайды. Сондықтан дуалды жүйенің білім саласына да, еліміздің әлеуметтік әлеуетін арттыру жолында да берері көп.
P1010410– Колледжді бітірген соң жоғары оқу орындарына түсіп, білімін жетілдіргісі келетін талапкерлер көп шыға ма, әлде өндіріс орындарына жұмысқа орналасқанды жөн көре ме?
– Көбінесе біздің колледжді бітірген түлектер еңбек етіп, табыс тапқанды, ата-анасының бір жағына шығысып, отбасына көмектескенді жөн санайды. Дуалды жүйе бойынша өздері іс-тәжірибеден өткен әртүрлі мекемелерге, ірі компанияларға жұмысқа орналасады. Дей тұрғанмен, бітіруші түлектердің арасында жоғары оқу орындарына түсіп, колледжде алған білімін одан әрі жетілдіргісі келетіндер де болады. Ең бастысы, олар өзге мамандыққа бармай, осында алған өз мамандықтары бойынша оқуын жалғастырады. Біз соған қуанамыз. Тіпті, жоғары оқу орнын бітірген соң магистрлік, докторлық атақ алғандар да бар. Негізінен, біздің түлектердің басым бөлігі кәсіптік мамандықтары бойынша еңбекке араласады. Біздің қоғамға да бұл өте керек. Жоғары оқу орнын тәмамдап, білдей дипломмен жұмыс таппай жүргенше, нақты кәсіппен айналысқан әлдеқайда тиімді екенін қазір ата-ана да, оқушылар да түсіне бастады. Ол маман иелері қай кезде де сұранысқа ие, оларда әркез тұрақты жұмыс, тұрақты айлық болады. Ал жұмыс тұрақтылығы дегеніміз – берекелі өмірдің кілті емес пе?!.
IMG_6551– «Электроника, электронды технология» шет елдерде жақсы дамыған ғой, колледжде халықаралық байланыс жағы қалай?
– Әрине, шет елдермен байланысымыз тұрақты деуге болады. Біз жыл сайын әртүрлі деңгейдегі жобаларға қатысамыз, сол жобалардың аясында шет елдерге іссапарларға жиі шығамыз. Мысалы, биыл ҚР Білім және ғылым министрлігі «Институционалды даму жоспары» деген тақырыппен байқау жариялады. Оған республика бойынша біраз колледждер қатысып, жеңімпаз атанды. Олардың ішінде біздің колледж де бар. Бұл жоба бойынша «Әлемдік даму банкі» әр жеңімпаз колледжге мамандықты дамыту үшін 380 мың АҚШ долларын бөлген болатын. Сонымен бірге, Алматы қалалық әкімшілігі, әкімнің орынбасары Аманжолова Зәуреш Жұманәліқызы және Білім басқармасының басшысы Шимашева Рахат Сейдахметқызы қолдап, оған қосымша жергілікті бюджеттен 30 пайыз қаражат бөлінді. Ол қаражаттарға жаңа технологиялар сатып алдық, шеберханаларымызды, кітапханамызды жаңғырттық, кітап қорын көбейттік. Шет елдерде білімді жетілдіру үшін де сол қаражаттан бөлінді. Сол сияқты, Жапония, Түркия, Қазақстан елдері арасында бірлескен жобаға қатысып жатырмыз. Яғни, жыл сайын байқауларға, жобаларға қатысып, әртүрлі гранттарды жеңіп аламыз. Ол қаражат әртүрлі құрал-жабдық сатып алуға, шеберханаларды жетілдіруге, аудиториялар мен кітапханамызды толықтыруға т.б. мақсаттарға жұмсалады. Әсіресе студенттер мен мұғалімдердің білімін дамытуға көп көңіл бөлеміз. Мысалы, соңғы 3 жылда біздің колледжден 38 адам шет елдерге барып, әртүрлі оқу орталықтарында, білім жетілдіру орталықтарында әрі оқып, әрі тәжірибе алмасып қайтты. Атап айтсақ, АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Германия, Австрия, Венгрия, Румыния, Чехия, Түркия, Белоруссия, Ресей, Малайзия, Сингапур, Жапония. Мысалы, Түркияға біздің үш қызметкеріміз үш жылдың ішінде 4-5 рет барып келді.
KMS_6744– Халықаралық байланыстың пайдасы неде?
– Ата-бабамыз айтқан ғой, «Көп білген жақсы, көп білгеннен көп көрген жақсы» деп. Мысалы, өзім алғаш рет шетелге барғанда, білім беру саласында талай жылдық тәжірибем бола тұра, «қалай болар екен, не көремін, не үйренемін, өз білімімді көрсете аламын ба…» деген қорқыныш болған. Алайда, ол үрейдің бәрі бекер екен. Шын мәнінде, білімің мен тәжірибеңді жетілдіруде халықаралық байланыстардың пайдасы зор. Екіншіден, ол жақтан оқып үйренгеніңді жұмыс барысында жүзеге асырасың, өзгелерге айтып, үйретесің. Мысалы, Сингапурдағы оқу орындарын көргенде көңілің толады. Келген соң, «неге біздің оқу орнын да солай жасамасқа?..» деп ойладым. Дәл олардай қаражат бізде жоқ, әрине, дегенмен, бар қаражатқа қолымыздан келгенше біраз іс тындыруға болады. Меніңше, колледждегі студенттер де, мұғалімдер де өздері оқып жүрген, еңбек етіп жүрген осы оқу орнына өз үйлеріндей қарауы керек. Ол үшін оларға жақсы жағдай жасауымыз керек, жайлы, қолайлы атмосфера тудыруымыз қажет. Ұжымдағы әрбір қызметкер үшін де, студенттер үшін де бұл колледжде оқу зор мақтаныш болуы керек. Олар жүрген жерінде айтып жүрсе, «Біз энергоколледжде оқимыз!» деп. Мысалы, Сингапурде сондай идеяға жұмыс істейді, олар «Біз – сингапурлықтармыз!» деп мақтанады. Алақандай ғана аралда орналасқан, территориясы небәрі 20х40 шақырым мемлекет ЖІӨ бойынша дүниежүзінде 1 орынға шығып отыр. Ұстаздар мен студенттердің қарым-қатынасы мүлде басқаша. Бір-бірімен тең дәрежеде сөйлеседі. Колледжде мұғалім болу үшін міндетті түрде өндірісте 5 жыл жұмыс өтілің болуы шарт. Содан соң кәдімгідей үлкен байқау – кастинг арқылы колледжге жұмысқа қабылданады. Ол жақта мұғалімдердің беделі өте жоғары, жалақысы да өте жақсы. Сондықтан көпшілігі мұғалім болуға тырысады. Білім сапасына деген талап та жоғары, колледждің материалдық-техникалық базасы да бай. Осы секілді, олардан үйренетін дүние көп. Олар өзі оқитын, еңбек ететін оқу орнын мақтанышпен айтады. Біз де сондай жағдай тудыруға тырысамыз, сондай деңгейге жетсек деп, сол мақсатта жұмыс істейміз. Германиядан, мысалы, дуалды жүйені үйреніп келдім. Небір мықты, білімді адамдардың лекциясын тыңдадым, олармен көп әңгімелестім, көп сұрақ қойдым, өзімді толғандырған көп мәселелерге жауап алдым. Олардан көп нәрсе үйренуге болады. Мұғалімдердің өскені жақсы, білім деңгейлерінің көтерілгені жақсы.
IMG_1329– Шет елдерге барғанда тіл жағынан қиналатын шығарсыздар? Әркез аудармашы қастарыңызда жүретін шығар?
– Аудармашы міндетті түрде болады. Өз басым, неміс тілін білемін, сондықтан Германияға барғанда тіл жағынан қиналмаймын, кейде, тіпті, өзім аудармашы болып кетемін (күлді)...
– Сіздердің колледждің материалдық-техникалық-кадрлық базасы қандай деңгейде? Маман тапшылығы деген мәселе бар ма?
– Маман тапшылығы сезіліп қалатын кездер болады. Мысалы, кейде арнайы пән мұғалімдері жетіспей жатады, алдыңғы буын ұстаздар зейнет жасына жетіп, демалысқа шығады, ал олардың орнын басатын оқытушылар аз. Кейде техникалық білімі бар мамандарды жұмысқа алып, оларға педагогиканы үйретуге тура келеді. Бірақ, біздің колледжіміздің ел арасында атақ-абыройы жақсы болғандықтан шығар, университет бітірген жас мамандар «осы колледжде жұмыс істегім келеді» деп, ең бірінші бізге келеді. Өзіміздің түлектеріміздің арасында да, белгілі бір мекемеде жұмыс істеп, немесе өз мамандықтары бойынша жоғары оқу орындарында білімін жетілдіріп, сонан соң осы колледжге қайтып келетіндер бар.
Колледжіміздің материалдық-техникалық базасы жөнінде айтар болсам, сырттан келген адамдар біздің құрал-жабдықтарымызға қарап, жаңа технологияларымызға қарап таңқалады, риза болмаған адамды көрген жоқпын. 54 аудитория, 22 лаборатория, 7 шеберхана бар. Олардың бәрі де заманауи құралдармен жабдықталған. Одан бөлек, жарықдиодты лампасын және күн сәулесінің энергиясын қабылдайтын панель шығаратын шеберханаларымыз бар. Биыл дәнекерлеу ісін үйрететін толық жабдықталған полигон алдық. Мұндай құрал-жабдық Қазақстан бойынша ешбір оқу орнында жоқ деуге болады.
Изображение 056– Басшы ретінде неге көп көңіл бөлесіз? Білімге ме, тәрбие-тәртіпке ме?
– Басшы ретінде, әрине, басқару жүйесіне, сапа менеджментіне көп көңіл аударамын. Сен өзіңді қай кезде жақсы топ-менеджермін деп айта аласың? Егер сені айтқызбай түсінетін, жақсы басқара алатын менеджерлер дайындай алсаң, сонда ғана өзіңді мықты топ-менеджермін деп санай аласың. Яғни, қызметкерлер басшы бар кезде жұмыс істеп, басшы жоқ кезде «еркінсіп» кетпеуі керек. Басшының жоғын білдірмей, әркім өз бағытында жұмыс істесе, әркім өз міндетін жақсы біліп қана қоймай, мінсіз атқарса – онда сенің мықты басшы болғаның. Ол үшін, әрине, білім де, білік те, тәртіп те, бірлік те, ауызбіршілік те, ұйымшылдық та керек. Мен бастықпын деп паңданып, тәкаппарланғанды ұнатпаймын, оқушылармен де, қызметкерлермен де тең дәрежеде қарым-қатынас жасаймын…
020– Сізге дейін бұл колледжге тек өзге ұлт өкілдері басшылық етіпті. Колледж тізгінін қолыңызға алғалы 7 жылдан асыпты. Алғаш келген кезіңіз бен бүгінгі кезді салыстырғанда айырмашылық бар ма?
– Айырмашылық жер мен көктей. Бұл менің сөзім емес, осы колледжді бітіріп кеткен түлектердің, осында жылдар бойы еңбек етіп жүрген қызметкерлердің сөзі. Жылда әртүрлі байқауларда, спартакиадаларда әркез жүлделі орындарды иеленеміз, материалдық-техникалық базамыз өте биік деңгейде. Биыл көктемде қала әкімі Ахметжан Смағұлұлы Есімов келген болатын, ол кісі колледжге өте жоғары баға берді. Көптеген түлектеріміз жоғары оқу орындарын, магистратураны оқыды. Екі PhD докторы, үш ғылым кандидатымыз бар. Тізе берсек, жетістіктеріміз аз емес. Осының бәрі ұжымның, әріптестерімнің, студенттердің арқасында. Бәріміз біріккенде біз үлкен күшпіз. Біз жылда алдымызға бір үлкен мақсат қоямыз да, сол мақсатқа жету жолында аянбай еңбек етеміз. Құдайға шүкір, еңбегіміз жеміссіз емес.
– Әңгімеңізге рахмет! 50 жылдық мерейтойларыңыз құтты болсын! Табыстан табысқа жете беріңіздер!..

Сұхбаттасқан
Сәуле ӘБЕДИНОВА

«Ақжүніс-Астана» журналы

Сайтымыздың жаңа мақалаларына жазылыңыз

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Пікір жазу

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

*


− 5 = 1