Мұқағалидың кейіпкерлері

4«Су сұрасам, сүт берген, айран берген,
Қартайып қалыпсың-ау, қайран жеңгем!
Қарғаның валетіндей едірейіп,
Қасыңа мына біреу қайдан келген?..»
Мұқағали Мақатаевтың бұл өлеңі ел аузында жиі айтылады, осы бір шумақты жатқа білмейтін адам кемде-кем шығар.
Өлеңді білеміз. Ал осы өлеңнің кейіпкерлерін ше? Ақиық ақын «су сұрағанда сүт берген, айран берген» жеңгесі кім екен? Оның қасындағы «қарғаның валетіндей едірейген» кім?
Жақында Жанат Әзікенов деген кісімен кездейсоқ танысып қалдық. Аз-кем әңгімеден соң Мұқағали Мақатаевтың жоғарыдағы өлеңі ол кісінің ата-анасы туралы екенін түсіндік. Біз Талғарға арнайы іздеп барып, Жанат ағамен жолығып, Мұқағалидың кейіпкерлері туралы бастан-аяқ тыңдап қайтуға уағдаластық. Уәделескен күні Жанат аға да бізді құшақ жая қарсы алды…

P1030959–  Бұл өзі ұзақ тарих, – деп бастады Жанат аға әңгімесін. – Біздің туған атамыз Қайранбай болыс Албанда бақ-дәулеті асқан, ырысы тасыған, кезінде орысқа әскер бермейміз деп, талай азаматты соғыстан алып қалған, “Қарқара көтерілісіне“ демеушілік жасаған кісі екен. Әкем Әзікен – Қайранбай болыстың артында қалған жалғыз тұяқ екен. Әзікен сәби кезінде туған шешеден айырылады. Екінші шешесі суан елінің қызы екен. Әкем төрт-бес жасқа келгенде әкесі – Қайранбай атамыз да қайтыс болады. Сонда Қайранбайдың екінші әйелі «баланы жетімсіретпеймін» деп, бала Әзікенді өз еліне алып кетеді. Содан әкем суан елінде ержетеді. Ол елдің балалары шеттерінен пысық, өнерпаз келеді екен. Солардың ортасында өскен әкем де ән айтып, тай жарысқа қатысып, бәйге алып, көкпар тартып, күреседі екен. Күрестен жеңіп, бәйгеден оза шауып, қысқасы сегіз қырлы, бір сырлы болып ержетеді. Баланың аузында сөз жата ма? Сонда жеңіліп қалған балалар әкеме: «Сен біздің туысқан емессің, суан емессің… сен – албансың… жетімсің… шеше деп жүрген де шешең емес…» деп бетіне басатын көрінеді. Содан есі кіріп қалған бозбала жөн білетін бір кісіден сұрайды, «мен кіммін?» деп. Сол кісі: «Сен – албанда Қайранбай болыстың баласысың, туған шешең сәби күніңде, сәл кейінірек әкең де қайтыс болды… мынау – екінші шешең, сені бағып, ержеткізген біздің қызымыз…» дейді.
6Осыны естіген әкем ойлана келе, өзіне бала кезінен үйірсек қара айғырды жиендік жасап ерттеп мініп, Іледен өтіп, қашуға бел буады. Қыстыңкүні екен, Іле мұз боп қатып жатыр дейді. Не істерін білмей бөгеліп тұрғанда, артынан қуғыншылар да келіп жетіпті. Көктемде, өзеннің мұзы сөгілгенде, бір жарау атты ерттеп мініп, әлгі қара айғырды жетегіне алып, тағы қашады. Іле өзенін «дәрия» дейді екен. Дәрияға келсе, су тасып жатыр дейді. Ымырт та байланып, қараңғы түсіп қалады. Әкемнің көзсіз батырлығы болар, тасып жатқан дәрияға «нар, тәуекел» деп, жарау атқа қамшы басып,  қойып кетеді.  Өзі жап-жас бозбала… Сонда астындағы аты суға кетеді де, жетегіндегі қара айғырдың жалына жармасып, амалдап өзеннің бергі бетіне өтеді. Аман-есен елін тауып келеді, кіші әкелерімен, ел-жұртымен табысады. Арада бір-екі күн өткенде соңынан қуғын келеді.
– Бала келді ме?
– Келді, елін тапты… үйірін тапты… – дегенде суандар айтады:
– Жоқ, болмайды, баланы бұлай жібере салғанымыз елдігімізге сын. Жұрт не дейді? Бетімізге баспай ма? Бәлен жыл бағып, ержеткізіп, енді беталды қашырып жібермейміз. Баланың балалығын бетіне баспаймыз… Ел-жұртынан да ажыратпаймыз, тек жөн-жоралғысымен шығарып салуға мұрсат беріңіздер. Бұған дейін де қыз алысып, қыз берісіп, құдандалы боп жүрген ел едік қой… – деп, үлкендер жағы осы келісімге келіп, баланы қайтып алып кетеді. Содан Салпық бидің туған немересі Күлжәмилә шешеміздің бойжетіп отырған шағы екен, екеуін үйлендіріп, келесі күзде еншісін беріп, отаулап, бар жөн-жоралғысын жасап, әкемді кіші әкесі Әбдірахманның қолына өткізіп береді. Не деген көргенділік, тектілік десеңізші!..
9Әкем елге келеді, өз елінің бас көтерер азаматы қатарына қосылады. Кеңестік жүйе орнап жатқан шақ, колхоздастыру, ұжымдастыру науқаны жүріп жатқан кез. «Орыстар басып келе жатыр» деген үрей белең алады. Елдегі баскөтерерлер ұйымдасып, шекара асып, Қытайға қашып жатады. Әкем ағайын екі-үш інісін мықты-мықты айғырларға мінгізіп, «сендер барып орнығып, ол жақтың жайын біліп келіңдер, біз мына жақта дайындаламыз…» деп, Қытайға қашырып жібереді. «Болыстың баласы туысқандарын ұйымдастырып, Қытай асырып жіберді» деген сөз өкіметке жетеді де, ұзын қара плащ киген үш НКВД келіп, бір-ақ түнде әкемді, елдің үш-төрт бас көтерер азаматтарын байлап-матап, алып кетеді. Айдауда жүргенде талай қорлықты көреді – шалшық суды жейдесі-
мен сүзіп ішіпті, қамаудағыларды саз балшыққа үйіріп қойып жатқызады екен… Кейіннен ақталып, елге оралады. Алайда сол айдауда көрген азаптың зардабы болар, соғыс басталған жылдары әкем белінен шойырылып, екі жыл төсек тартып жатып қалады. Сонда бір кемпір жыланның дәрісімен әкемді емдеп жазыпты. Бұл – 1943 жыл екен. Сол жылы әкем Қарасазда «Заготзерно» – астық қабылдайтын қамбаның ұйымдастырушысы әрі алғашқы бастығы болып тағайындалады…
Соғыс жеңіспен аяқталып, елуінші жылдары соғыстың жарасы жазыла бастаған, ел еңсесі көтеріле бастаған кез. Сол жылдары әкем Текес ауылының «заготзерносына» ауысады. Сол ауылда Бүбіш шешемізді кездестіріпті. Екеуі бір-бірін ұнатса керек…
8Анам Бүбіш – Әбікен деген кісінің жалғыз қызы екен. 1921 жылғы еді. Өзі ақжарқын, әдемі, адамдармен жақсы араласатын ақкөңіл жан болған. Менің әкеме тұрмысқа шықпас бұрын, 17 жасында Исабаев Нұрмолда деген кісімен шаңырақ көтерген. Үйленген соң екеуі де Қарасаздың мектебіне мұғалім болып барады. Мұқағалиға да сабақ беріпті. Көзкөргендер: «Нұрмолда мен Бүбіш екеуі бірін-бірі сүйіп қосылған, жарасымды да бақытты жұп болған» деседі. Нұрмолдадан Қозы деген баласы болған – ол ағам 1939 жылғы еді, жақында ғана қайтыс болды, кеше қырқын бердік…
Соғыс басталғанда Нұрмолда Бүбіш шешемізді екі жасар баласы Қозымен төркініне апарып: «Соғыстан аман оралсам, бала-шағамды өз қолыңыздан алып кетемін, оған дейін сізге аманат…» деп қайын атасы Әбікенге табыстайды. Жарын күтумен арада көп жылдар өтеді, бірақ Нұрмолда соғыстан қайтып оралмайды. Жалғыз баламен жиырмаға толмай жесір қалған анамыз өмір қиыншылығын, тұрмыс тауқыметін көп тартады…
Содан Текеске қызметі ауысып барған әкеме тағдыр қосып, 1956 жылы әкем Әзікенмен отасыпты. Шешеміздің соғыстан оралмаған бірінші жолдасы Нұрмолдадан Қозы деген ағамыз болған дедім ғой, ол көкем нағашы атасы мен апасына бауыр басып кетеді…
Ол уақытта ауылда слет деген болатын, әртүрлі той-томалақ, бәйге, көкпар жиі өтіп тұратын. Сондай мерекелерде әкеміз алған көкпарын анамыздың аяғына әкеп тастайды екен. Анамыз марқұм айтып отыратын: «Топ ер жігіттің арасына мысықтабандап кіріп барып, қарулы қолымен көкпарды тартып алушы еді…» деп.
2Ал енді Мұқағали неге әкемді «қарғаның валетіндей» деп жағымсыз кейіпкер етіп суреттейді? – деп сабақтады Жанат аға. – Бір жолы жұмыстан қайтып келе жатсам, Сара деген апамыз бақшасының шетінде сәкіде отыр екен, «Әй, Жанат, мен сені күтіп отырмын. Бері кел, Мұқағалидың мына екі томдық кітабына сенің шешең жайлы жазған өлеңі шығыпты… шешеңе оқып бер…» деп қолыма ұстатты. Тура сол бетін қайырып қойыпты. Келіп, шешеме оқып бердім.
Сонда Бүбіш шешемнің айтқаны: «Мен келін боп түскенде Мұқағали 10-11 жастағы бала еді. Бірінші жолдасым Нұрмолда Энгельс колхозының бас агрономы болатын, Мұқағалидың әкесі Сүлеймен колхоздың бастығы еді. Екі үй қоржын тамның екі жағында көрші отырдық, «сенікі-менікі» деген жоқ, бір тамақты бөліп ішіп, бір нанды бөліп жеп, тату-тәтті өмір кештік. Нанды Мұқағалидың үлкен шешесі Тиын әжей екі үйге бірдей пісіретін, Мұқағали таудан рауғаш, жуа теріп келетін, оны Тиын әжей нанға қосып, күлше пісіріп беретін.
Мұқағали мені жеңге деуші еді… Кейін Әзікеңмен отасқанда Текеске көшіп кеттік. Арада біраз жыл өткенде, Текесте азық-түлік дүкенін ұстап тұрғанымызда, кешқұрым болатын, дүкенге Мұқағали келді. Алматыдан күн сайын кешке екі-үш автобус келеді, адамдар бірден дүкенге бұрылады, әйтеуір, сауда жасаушылар көп. Менімен сөйлескісі келді ме екен, бірдеңе айтқысы келді ме екен, маған қарайлап, біраз бөгелді. Мен Мұқағалиға көңіл бөле алмадым, не дұрыстап жағдай сұраса алмадым… бір жағынан әкеңнен батпадым. Әншейінде жора-жолдастарымен «тойлатып» кететін әкең қыздиып желкемде тұрып алды. Бір қарасам, Мұқағали булығып, шашын артқа қайырып қойып, шығып бара жатыр екен. «Әй, Мұқағали!..» деп тоқтатқым келді, бірақ әкеңнен батпай, үнсіз қала бердім. Сол кезде шыққан өлең ғой, құдай біледі…» деп, шешем солай жорамалдады.
Мұқағалидың әкемді жағымсыз кейіпкер етіп суреттеуі – танымай тұрғандықтан емес, таниды. Өздері 50-ші жылдары көрші тұрған болса, оның үстіне әкемнің жалғыз баласы Тоқтархан Мұқағалидан бір-ақ жас кіші,  екеуі жуа, рауғаш теріп тел өскен екі үйдің баласы… Үшіншіден, әкем Әзікен Мұқағалидың қайын ағасы Әбдімүтәліп Әзімжановпен жақсы жолдас болған. Оның үстіне «Заготзерноның» бастығы болған әкемізді барлық ауыл таниды ғой. Аядай ғана ауыл – жұрттың бәрі бірін-бірі таниды, танымауы мүмкін емес. Мұқаңның реніші – бала күнінде, көрші отырып бір нанды бөліп жеп жүрген шағында «су сұрағанда сүт берген, айран берген» жеңгесінің, енді арада біраз жылдар өткенде ауылына ақын боп келіп тұрған Мұқағалиға көңіл бөле алмағанынан шығар. Екінші жағынан, әкеміз Мұқағалиға қайын аға боп келеді, сол «құқығын» пайдаланып шымшып тиіскені шығар. Сондағы ақынның шеберлігін қарамайсыз ба:
«…Жол көрсеткен сақшының таяғындай,
Бағып тұр қимылыңды мұртыменен…» дейді.
Мұқағалидың кез-келген өлеңі – әуені табылса – әнге сұранып тұр. Алайда, дәл осы өлеңі ешқандай әнге келмейді, бұл – әуенге қосып айтатын өлең емес, бұл – тағдыр, өмір, тарих…
Шешем Бүбіш Әбікенқызы, тумаса да туғанынан артық етіп сегіз ұл, үш қыз өсіріп, олардың бәрінің де өмірден өз орындарын адаспай тауып, үлкен азамат атанып, дүниенің бір кірпіші болып қалануына, тәлімді ұл, тәрбиелі қыз боп қалыптасуына бар күш-жігерін сарп етті. Әзікен әулетінің үрім-бұтағын көркейтіп, саясын сан адам паналайтын мәуелі бәйтерекке айналдырды. Ұрпағының алдында аналық парызын артығымен өтеді. Анамыздың қайтқанына наурызда 8 жыл болады, 2008 жылы 86 жасында дүние салды.
Бұл әңгімені тізбектеп айтып отырған себебім – тек қана «Мұқағалидың атын жамылып, өз атын шығарғысы келеді» деген ой тумаса екен. Мұқағалидың кейіпкерлері – анамыз Бүбіш те, әкеміз Әзікен де адал өмір сүріп, маңдайына жазған тағдырын кешіп, оншақты ұл-қыз өсіріп, ұлын – ұяға, қызын – қияға қондырып, өмірден абыройлы өткенін баяндағым келді…
Жанат аға осылай деп әңгімесін аяқтады.
Ал мен «тумаса да туғанынан артық қып» оншақты баланы өсірген Бүбіш Анамыздың аналық жүрегіне іштей басымды идім.
Жанат ағаның «тумаса да туғанынан артық қып» деген сөзінің астарында талай тағдыр, талай тарих жатқаны анық…
Ол енді басқа әңгіме…

Сәуле ӘБЕДИНОВА

«Ақжүніс-Астана» журналы

 

Сайтымыздың жаңа мақалаларына жазылыңыз

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

1 пікір

  1. Осындай қазақтың қазақылығын көрсететін тарихи әңігмелер көп болсын. Ол кезде қазақтың ынтымағы зор еді ғой. «Тумаса да туғанынан артық қып», берекенің ұйтқысы болған аналар қаншама?! Шіркін, қазіргі ұрпақ соны білсе ғой.

Пікір жазу

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

*


3 + = 12

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <s> <strike> <strong>