Сәуле Әбединова: Әркімнің өз шындығы бар…

_6-7_2012 final.indd– Журналистикадағы өміріңіздің қай кезеңі өзіңізге көбірек ұнайды? Неге?

– Жалпы, мен журналистикада жолы болған бақытты адаммын. Негізгі мамандығым театртанушы. Журналистикаға кештеу келдім – 29 жасымда. «Қазақ әдебиеті» газетінде істедім. Оған дейін бала кезіміздегі «Қазақстан пионері», «Өркен» сияқты газеттерге бірлі-жарым шимай-шатпақтарым шыққанымен, нағыз журналистиканың қыр-сырын «Қазақ әдебиетінен» үйрендім. Өзіңіз білесіз, «Қазақ әдебиеті» газеті – 80 жылдық тарихы бар, «нағыздардың нағызы» істеген, абыздардың ізі қалған киелі мекен. Тіпті, Жазушылар одағына кіруге кәдімгідей именетінмін, әр күні оң аяғыммен аттап, «бісмілләмді» айтып, сол ақ ордада рухы қалған ұлы ақын-жазушылардың есімдерін іштей күбірлеп, әруақтарына бас ие табалдырықты аттайтыным есімде.

Бас редактор Жүсіпбек Қорғасбек бастаған ұжым да ерекше еді. Әмірхан Меңдеке, Тұрсынжан Шапай, Қуанбек Боқаев, Аманхан Әлім, Ғалым Боқаш, Әмірхан Балқыбек, Думан Рамазан, Қасым Аманжолұлы сынды қазақтың тұлғалы азаматтарымен әріптес болғанымды мақтан етемін. Бір жылға жетер-жетпес істесем де, «Қазақ әдебиеті» мен үшін үлкен мектеп болды. Мақала жазуды, редакциялауды маған сол газет үйретті. Түкпірде корректорлар бөлмесі болушы еді, ол жерде Гүлжан апай, Рыскүл апай, Ақмарал апайлар газет беттерін қайта-қайта оқып, қатесін «тазалап» отырушы еді. Ол апайларымнан корректорлықтың не екенін үйрендім. Сол түкпірдегі бөлмеде түс мезгілінде жинала қалып, шүйіркелесіп отырып шай ішетінбіз. Бір сағаттық түскі үзіліс кезінде небір «сен тұр, мен атайындар» жиналып, талай әңгіме айтылушы еді, Аманхан аға өлең оқитын, саяси жаңалықтарға Ғалым Боқаш «қарық» қылатын. Жазғанда сойып салатын Әмірхан Меңдекенің, мақтамен бауыздайтын Тұрсынжан Шапайдың былайғы өмірде юморы өзгеше еді. Марқұм Әмірхан Балқыбектің әдебиетке, өлеңге деген, білімге деген құштарлығы таңғалдыратын. Әзіл-қалжыңдары жарасқан, бір-біріне деген сый-құрметі айрықша орта болды. Бәріміз бір үйдің балаларындай тату-тәтті, бауырмал едік. Күн сайын қазақ әдебиетінің небір мықтылары бірі келіп, бірі кетіп жататын. Сол кезең мен үшін ыстық, сол кезді жиі еске алып, сағынамын. Өйткені ол орта – таза, іштарлық пен көреалмаушылықтан ада, бір-біріне тілеулес орта болды. Сол орта маған адамшылық пен махаббаттың не екенін көрсетті…

– «Ақжүніс» кезіңізді» сағынасыз ба?

– Сағынамын деп те, сағынбаймын деп те айта алмаймын. Ол да бір өткен кезең деп қана еске аламын. «Ақжүніс» – мен эфирден көрінуді, жұлдыз болуды мақсат етіп, танымалдылықты көксегеннен пайда болған дүние емес. Құдай тағала өзі қиюын солай қиыстырып әкелді де, мені эфирден бір-ақ шығарды. Демек, «Ақжүніс» қазақ қоғамына, қазақ әйеліне дәл сол кезеңде өте керек дүние болды және сол дүниені мен жасауға міндетті едім. Әрине, «сегіз қызым бір төбе, Кенжекейім бір төбе» демекші, «Ақжүністің» мен үшін орны бөлек. Себебі, «Ақжүніс» – нағыз халықтық сипат алған бағдарлама болды. «Ақжүніс» маған көп нәрсе үйретті, көп нәрсе берді… Ол кезең туралы, сол кезде жасаған бағдарламаларымыз туралы, кейіпкерлеріміз туралы таңды таңға ұзатып әңгімелеуге болады. Мен бір-ақ нәрсе айтайын:«Ақжүніске» шыққан көптеген қонақ, көптеген әнші сол бағдарламаның арқасында танымал болды, олардың ары қарай жоғары өрлеуіне менің «Ақжүнісім» алғашқы баспалдақ болды. «Ақжүністің» тақырыбына лайықтап жаңа ән жаздық» деп келген қаншама әншінің әлеуметтік тақырыпта жаңаша ізденуіне түрткі болды. Тіпті, жай ғана аудиторияда, массовкада отырып, ерекше пікірімен көзге түскен жап-жас студенттердің арасында да жолы ашылып, ары қарай тележүргізуші болып кеткендері баршылық. «Талант іздейміз» деп жаһанға жар салмай-ақ, келген таланттардың аяғынан тартпай, жылт еткен бірдеңесі болса, шығаруға тырыстым. «Ақжүністен» дипломдық жұмыстар жазған студенттер де болды. Арнау өлеңдер де, тіпті, Оразақын Асқар ағамыз «Жұмбақ қыз» деген поэма да жазды. Олардың бірде-бірі арнайы тапсырыспен жазылған жоқ, өз жүректерінен туған шынайы шығармалар еді. Шығармашылық ұжымдағы, техникалық ұжымдағы әріптестерімнің де кейбірі «Ақжүністің» арқасында көтерілді. Қысқасы, «Ақжүніс» тек маған ғана емес, талай қазаққа «ақжолтай» хабар болды. Сол үшін де кейде кеудемді мақтаныш сезімі кернейді – жұртқа сәл де болса пайдам тигеніне көңілім марқайып, іштей қуанып қаламын…

– Қазақ қоғамындағы барлық мәселеге журналистерді кінәлау үрдісі тенденцияға айналып кетті. «Дұрыс жаза алмайсыңдар, дұрыс көрсете алмайсыңдар, шындықты жаза алмайсыңдар» деген сөзді күн сайын естіп қаламыз. Неге бәріне журналист кінәлі?

– Өйткені журналист елдің алдында жүргендіктен, тырнақтай кемшілігі көзге тез түсетін болар. Әрине, бәріне журналист кінәлі емес. Небір мықты журналистер бар, құдайға шүкір. Соңғы кездері бір байқағаным, журналистердің атына кір келтіретіндер көбінесе телевизия саласында жүргендер. Онда да «тележурналистің» рөлін ойнап жүрген әнші-биші, актер-актрисалар. Жазып бергенді суфлердан ежіктеп әрең оқып тұрған адам жазуды қайдан білсін? Жалпы, газет мектебінен өтпеген адамды тележурналистикаға маңайлатудың керегі жоқ. Иә, жанрды ажырата алмайтын, қазақтың төл сөздерінің немесе қайсыбір сөз тіркестерінің мағынасын, тіпті, қалай жазылатынын білмейтін журналистер де бар. Сауатсыздарымыз да толып жатыр, оны мойындауымыз керек. Мұны енді әрбір журналистің өз ар-ұятына, сол журналисті жұмысқа алып отырған басшының арына қалдырайық…

Ал шындықты жазу, шындықты көрсету – тек журналистке қатысты мәселе емес. Жалпы, шындық дегеннің өзі абстракциялық ұғым емес пе? Әркімнің өз шындығы бар. Журналистің қолында тұрған ештеңе жоқ. Басылым немесе телеарна бар, оның қожайыны бар, бағыт-бағдары, мақсат-мүддесі бар. Болды. Журналист сол мүддеге жұмыс істеуші қара жұмысшы. Істегің келсе – істейсің, тапсырманы орындайсың, істегің келмесе – орныңа істейтін адам табылады. Түптеп келгенде, бар мәселе идеологияға келіп тіреледі…

– «Өтпелі кезеңде» өмір сүргеніңізді қалай бағалайсыз? Осы өтпелі кезең өтіп бітті деп ойлайсыз ба?

– Бұл кезең әлі өтіп біткен жоқ. Керісінше, бұл тек басы сияқты сезіледі. Қытайдың жаман қарғысы бар екен, «өтпелі кезеңде өмір сүр» деген. Осы кезеңде өмір сүруді маңдайымызға жазыпты. Ғасыр алмасқан, қоғамдық формация алмасқан, құндылықтар алмасқан қиын бір кезеңге тап болғанымыз рас. Тығырыққа тірелген заман. Былай жүрсең – өгіз өледі, былай жүрсең – арба сынады. Тек қазақ қана емес, жалпы адамзат қауымы өтпелі кезеңнің дағдарысына тап болды. Тек экономикалық дағдарыс емес, саяси дағдарыс, рухани дағдарыс, тіпті, адамзат физикалық тұрғыда да, физиологиялық тұрғыда да дағдарысқа ұшырады. Адамзат пайда болғаннан бүгінгі кезеңге дейінгі уақытқа ой жүгіртсек, адамзаттың бұл кезеңнен өтуі заңдылық сияқты. Адамзат тек өз қажеттілігін өтеу үшін ғана өмір сүреді. Мысалы, алғашқы қауымдық құрылыс кезінде адамзатқа не қажет болды? Тастан, темірден құрал-сайман, қару-жарақ жасап үйрену қажет болды. Содан бері адамзаттың қажеттілігі тек ұлғая берді, соған орай ой-өрісі де дами берді. Бүгінгі мына біздер адамзаттың «байлық-байлық» деген ұрпағымыз. Қисынға жүгінсек, бұл кезең де өтеді. Техника, автокөлік, ұялы телефон, байлық… мұның бірін де адамзат қажет етпейтін кезең туады. Ол кездің адамдары қажеттілігін басқа нәрседен іздейтін болады. Мүмкін, «вундер-киндтер» кезеңі келер… Меніңше, алла тағала өзі елеп-екшеп, сосын «пенде» деген жаратылысына үкімін шығаратын шығар. Не тәубемізге келтірер, не жер бетінен тып-типыл жойып жіберіп, бізден де гөрі ақылды, бізден де гөрі мейірімді, нағыз өзіне ұқсас бір тіршілік иесін қайта жасап шығарар…

– Біздің баспасөзді қимайтынымыз дұрыс па? Газет пен журналды ұмытып, шынында да тек электронды журналистикаға бет бұрғанымызды заман қажет етіп тұрған болар…

– «Қидым…» деуге әлі ерте. Кітап, газет, журналдың иісін иіскеп отырып оқитын алдыңғы буын, біздің буын барда, баспасөз өлмейді. Ал ұрпақ алмасып, кейін таза «компьютербасты адамдардың» кезеңі басталғанда, олар өзіне керегін таңдағанда, мүмкін, баспасөз өлуі ғажап емес. Тек олар дұрыс таңдау жасасын деп тілеймін. Ал бізге «электронды журналистикаға бет бұрайық» деп, асығыс шешім қабылдап, барлығын «талақ» етуге болмайды. «Қазықтың ұшы болма, басы болма, ортасы бол!» деген қазақтың саясатын ұстану керек. Қазықтың басы болсаң – тоқпақ тиеді, ұшы болсаң – жерге кіресің. Техниканың заманы деп, баспасөзден бас тартсақ – тарихымызды, шежіремізді құрбандыққа шалғанымыз. «Біз барлық нәрседе алда жүруіміз керек» деген нәпсіге еріп, далақтап шаба жөнелуге болмайды.

Иә, бүгінгі дәуір – техниканың, технологияның заманы, «ноу-хаудың» заманы. Электронды журналистикадан ұтарымыз көп. Ал баспасөзден басыбайлы бас тартсақ – ұтқызарымыз көбейе түседі. Былтыр Мұхтар Құл Мұхаммед Қазақстанның Мәдениет және ақпарат минситрі болып тұрған кезде ол кісінің қабылдауында болдым. Сонда осы мәселені көтердім. Ол кісі құптады. Бұқаралық ақпарат құралдарын жаппай интернет-ресурстарға көшіріп, баспасөз өнімдерін жою туралы мәселеге тек баспасөз маңайында жүрген біз секілді журналистер ғана емес, жалпы қазақ қоғамы алаңдаулы. Интенет-ресурстар дами берсін, оның пайдасын да, рахатын да бүгінгі күні біз көріп отырмыз. Ал баспасөз өнімдерін тоқтатпай шығара берсек, пайдасын болашақ ұрпақ көреді. Өйткені бүгінгі баспасөз – ертеңгі күні тарихқа, шежіреге айналады. Ал бүгінгі интернет-сайттарды 50 жылдан соң, 100 жылдан соңғы ұрпақ көзбен көріп, қолмен ұстап, іздегенін тауып, бүгінгі дәуірдің тыныс-тіршілігі туралы оқи алар ма екен? Өз тарихымызды түгендеу үшін өзге елдерге сұрау салып жүргеніміз жасырын емес. Кейінгі ұрпақ та сол кепті басынан кешпес пе екен?

Күлтегіннің тасқа басылған мұрасы бүгінгі біздің ұрпаққа жетті. Тасқа басылғанның аты – тасқа басылған, ал техниканың аты – техника. Бүгінгінің тарихы мен шежіресі талай ғасырлар кейін өмір сүретін ұрпаққа баспасөз арқылы таңбаланып қалмаса, интернет-ресурстарының ғасырларға жетеріне ешкім кепілдік бере алмайды. Техника ай сайын дамып жатқан мынадай заманда сіздің бүгінгі техникаңыз келер ұрпақ түгілі 5-10 жылдан кейін-ақ жоғалады… Сондықтан, баспасөзді шама келгенше тоқтатпай, кейінгіге аманаттау біздің ұрпақтың міндеті.

Қазіргі заманның жасын тәрбиелеп отырған анасыз. Қазіргі жастарды көріп жүрсіз. Ойыңыз, көзқарасыңыз қандай? Олардың заманын өзіміз қатігез, жүрексіз жасап берген жоқпыз ба?

–Өздерінен кейінгі жастарға көңілтолмаушылық әр кезеңде де болған. Менің жастарға аса өкпе-ренішім жоқ, өз заманының жастары деп қана қараймын. Ел болған соң, жас болған соң – аласы да, құласы да болады. Қателесу де – жастыққа тән мінез. Қателеседі, сүрінеді, қабынады, жығылады, қайта тұрады. Біз және біздің алдымыздағы ұрпақ сезімнің, жүректің адамдары болған тәрізді. Романтиктер кезеңі келмеске кетті-ау… Бүгінгі жастар, бізге қарағанда ширақ, бізге қарағанда ақылды, бізге қарағанда білімді. Жастарды қоғам қалай тәрбиелесе, олар сондай болып қалыптасады. Оларды ата-анадан бұрын, ортасы, қоғамы тәрбиелейді. Бүгінгі жастарға ата-ананың сөзі өтуі қиын…

– Болашақ қандай болып елестейді? Үміт не дейді?

– Өткенге көз жүгіртсең, бәрі тайға таңба басқандай анық. Ал ертеңгі күн – құпия. Ертең не болады? Арғы күні не болады? Адамзат баласы сол ертеңді өмір бақи қуып келеді. Ертеңгіні бүгін біліп қояр болса, өмірдің онша қызығы болмас еді. Мына ғасыр – қазақты дүниежүзі халықтарымен жарыстыратын ғасыр. Ақыл-ойдан, парасаттан, білім мен біліктен болатын жарыс. Интеллектуалды ұлт болу деген не? Бұл қазақша айтқанда, парасатты ел болу деген сөз ғой. Біз мұндай мақсатқа қалай жетеміз? Егер біздің алдымызда нақты мақсат болмаса, біз ұлт ретінде өспес едік. Ұлт ретінде өсу дегенді ұдайы есте ұстау керек. Мәселен, ХХ ғасырдың бас кезінде Ахмет Байтұрсынұлы:«Біз ұлт жұмысына жегілуіміз керек» деді. Ол үшін қазақты басқа халықтармен жарысуға шақырады. ХХ ғасырдың басындағы қазақ оқығандары ұлт пен ел үшін қаншама қыруар іс тындырды. Алаш зиялыларын біз неге ардақ тұтамыз? Олар шетінен мемлекетшіл болды. Ұлтшыл болды. Ұлт пен мемлекеттілік негіздерін бір деп білді. Осы жерде мен жапон халқының өршілдігін алға тартқан болар едім. Олар жаһандық соғыста оңбай жеңілгеннен кейін, әлемге білектің күші жүрмейтінін білді. Сосын білімнің жолын қуды. Озық технологияларды меңгерді. Сөйте тұра, өзінің ұлттық қалыбын, қасиетін сақтап, дамыта білді. Соның арқасында жапон елі өркениет көшін бастап отыр. Менің үмітім айтады, «қазақ елі ұлт ретінде өсіп, қалыптасып, жапондар секілді дамиды» дейді. Жақсылықтан үміт үзгім келмейді. Ол күнді біз көре алмаспыз, мүмкін біздің ұрпағымыз көрер…

Сұхбаттасқан

Есей ЖЕҢІСҰЛЫ

«Рейтинг» газеті

«Ақжүніс-Астана» журналы

 

Сайтымыздың жаңа мақалаларына жазылыңыз

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

3 комментария

  1. Kamagra Oral Jelly Cape Town viagra cialis Donde Puedo Comprar Aciphex En Mexico Cytotec Et Saignement Zithromax Pediatric Dosing Chart

  2. cialis online prices
    [url=http://cialisrxgn.com/#]buy cialis online[/url]
    viagra gold cialis generic
    buy cialis online

  3. brother puts viagra in drink
    [url=http://chviagranrxusa.com/#]cheap viagra online[/url]
    can women take viagra
    cheap viagra

Пікір жазу

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

*


+ 1 = 2