Сіз біздің жүрегіміздесіз, әке!

10945025_906626476048198_8810674907595047145_n…Әкемнің жылы мейірімімен қараған мөлдір көзі ерекше тазалыққа тұнып тұрған, маңдайы ашық, жүрегі кең жан еді. «Пошақаным, қошақаным!..» деп еркелетуші еді бала кезімде. Әкемді еске алғанда бар болмысыммен, жүрегіммен сағым әлеміне еніп кеткендей боламын. Қайран тазалық, қайта айналып келмейтін тамаша еркелікке қанған балалық күндерім!..
Марқұм әкеміздің аты Қуанар еді. Қысқа өмірі оны қаншалықты қуантқанын білмеймін, бірақ әкеміздің бізді қуантқаны, әркез қуантқысы кеп тұратыны есте. Бала күнімнен әкеме жақын өстім. Әлі есімде, кішкене күнімде әкем ұйықтатпаса жатпайтынмын. Әкем өте балажан еді, баланың тілін жақсы табатын. Мені үй шаруашылығына мақтап, еркелетіп әдемі жұмсайтын. Әкем жұмыстан қайтқан кез мен үшін ең қызықты, ең бақытты кез еді. Әкем жұмыстан шығатын уақытта 4-5 метр жерден алдынан шығып күтіп алатынмын. Мен үшін әкемнің «Орал» мотоцикліне мінген қызық еді, соған мәз болатынмын. Кей күндері жұмысына апарып, кері үйге әкеп тастайтын.
Өмірдегі ең қасиетті сезім – ананың балаға деген мейірімі мен ерекше махаббаты. Ананың түн  ұйқысын төрт бөліп баққан еңбегін Меккеге үш арқалап апарсаң да қайтара алмайсың. Баласы қиналғанда жүрегі ауыратын анамыздың еңбегін, қанша жақсылық істесек те, қайтара алмайтынымыз ақиқат. Аппендицитпен емханаға түсіп ұзақ жаттым, 2 сыныпта оқитын кезім. Соқыршегім жарылып кетіп, өлім аузынан қайтқаным бар. Әкем Калининград қаласында оқуда болған. Реанимация бөлімінде жатқанда әкем мен анам маған хат жазып қалдыратын. Сол хаттар әдемі естелік болып бүгінге дейін сақтаулы…
10968458_906626059381573_7974900800717106090_n«Пошақан! Здравствуй! Мен келдім, сенің қасыңа мені жібермейді. Сен жылама. Мен күнде келіп тұрамын, сен жазылғанша. Жыламасаң тез жазыласың. Заколка болған жоқ. Ободок әкелдім. Целую! Папа…»
«Ақ пошақан! Милая моя дочка, как спала? Слушайся врачей. Скоро пойдем домой. Звонили папа, ақкөке, Жолдыбай ата. Целую! С праздником! Папа, Мама…»
Әкем өте ұқыпты, жұмысына жауапты, талапшыл болатын. Жұмысында беделді, абыройлы еді. Қолынан келген жақсылығын адамдардан аяған жоқ. Газ компрессор станциясының бақылау, өлшеу аспаптары және автоматика саласында басшылық қызмет атқарды. Қызмет барысында жұмысына адал болды. Әкем қайтқан соң әкемнің құрдасы әрі досы Нағашыбай аға біздің үйдегілерден рұқсат сұрап, немересіне әкемнің атын қойды. Әкемнің аты көпшілікке ұнайтын болар, атын еншілеген ауылда екі бала бар.
Әкеміз ел-жерді аралап, іссапарға шығатын. Барған жерінен туысқандарға, бәрімізге базарлық алып келетін. Өзі шебер еді, қолынан іс келетін. Бұл қасиетін өз әкесінен алған болар, өйткені атамыз ұста болған кісі екен. Атамыз соғысқа кетерде әкем 1 жаста болыпты. Сонда атам соғысқа аттанарда әжеме: «Менің сендерге қалдырып кеткенім жетеді, аш қалмайсындар…» деген екен. Әкесінен дарыған қасиет болар, әкемнің жасап беріп кеткен ең үлкен сыйлығы – тобылғыдан жасаған тәспі. Айта берсек, әкемнің бойында алланың берген қасиеті көп. Кім әкесін асыл көрмейді?! Кітап көп оқитын, бала күнімде шешендік сөздерді оқығанын маған айтып отыратын. Қазақтың асыл қасиетін әңгімелеп отыратын, құлағында қала берсін деген ниет болған шығар. Тарихты өте жақсы білетін, қай саланы сұрасаң да жауап беретін. Домбыраны әдемі тартып, ән айтатын, өзі де аздап жазатын. Бастауышта оқитын кезім, бормен жазатын тақта жасап бергені есімде. Үйде сол тақтаға жазып, мұғалім болып ойнайтынмын. Қазір ойлап қарасам, не сұрасам да, әкем қолынан келсе өзі жасап беретін немесе сатып алып беретін. Ауырған кезімізде уайымдап қиналатын. Анамызға адал жар, ағама, маған ардақты әке бола білді.
Әкемнің өмірден өткеніне қаңтарда 17 жыл болды. Өзі жоқ болса да, жүректе ізгі бейнесі мәңгі сақталады. Әкеміздің жаны жәннатта болғай деген ізгі перзенттік тілек. Әкеміз көрмеген қызықты анамыз көріп, құдайым анамызға ұзақ ғұмыр берсін!..

Гауһар ҚУАНАРҚЫЗЫ

«Ақжүніс-Астана» журналы

Сайтымыздың жаңа мақалаларына жазылыңыз

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Пікір жазу

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

*


− 5 = 3

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <s> <strike> <strong>