Мен сақтаймын сол күнді жүрегіме…

Хамит  ЕсаманӨмір-дерек:

Хамит Ерболатұлы Есаман 1986 жылы 16 тамызда Жамбыл облысы Т.Рысқұлов ауданы Тереңөзек ауылында дүниеге келген. Өлеңдері республикалық түрлі басылымдарда жарияланған. Жас ақындардың ұжымдық жинақтарына шыққан. Республикалық мүшәйралардың жүлдегері. 2008 жылы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Жалын» баспасынан «Ағаштың бүрі» атты тұңғыш өлеңдер жинағы жарық көрген. Қазір Астана қаласында тұрады.

* * *
Жанымның шалды гүлін өрт,
Сәуірде ғана көктеген.
Ғашықтық деген – ұлы дерт,
Ақынға соқпай өтпеген.

Мөлдір де әсем көзіңе,
Көзмоншақ тақсын анашым.
Қарайын сосын өзіңе,
Табайын сұлу жарасым.

Қарлығаш қанат қасыңа,
Қап-қара түнмен сүрмелген.
Байлашы әр тал шашыңа,
Жұлдыздың бәрін бүрлеген.

Қарайын саған еміне,
Қалмады басқа амалым.
Жұпар аңқыған деміңе,
Сіңірші дала самалын.

Сырыңды сенің аштым ба,
Таптым ба тылсым кілтіңді.
Ақ сүттей Айдың астында,
Ақ торғын сезім бұлқынды.

Өртеңді кештім лаулаған,
Сезімнің туын құлатпай.
Дидарың Айдан аумаған,
Жанарың жанған шырақтай.

Сезім ой салсын талайға,
Күн кештім сен деп сертпенен.
Табылмас емі алайда,
Шалдықтым ұлы дертке мен…

    Естелік

Құлын күндер өзіне тартады әлі,
Жүрегімнен мөлдіреп ән тамады.
Есіңде ме, ерке қыз, елік мүсін,
Ең алғашқы махаббат партадағы.

Білесің бе сенде еді бар аңсарым,
Сені ұнатып өткенін балаң шағым.
Аяулы өлең жаздырған түн бойына,
Сыйға берген алтындай қаламсабың.

Сағынамын сондағы шақты-ай керім,
Дертті жүрек оның да таппайды емін.
Естелік боп көзімде қалып қойды,
Етегі желбіреген ақ көйлегің.

Шіркін, қайта сәби боп жаралғанда,
Әй, бірақ жете алмаспыз ол арманға.
Ақ өлең боп төгіліп тұрам ылғи,
Ақ бантигің ойыма оралғанда.

Аппақ ардай сезімнің ұлы атымен,
Сені ғана жан құрбым ұнатып ем.
Сен соңғы рет адамша шаттандырып,
Алғаш рет ақынша жылатып ең.

Хатпен қоса сыйлап ем дестелі гүл,
Артта қалды әдемі кестелі күн.
Мен сақтаймын сол күнді жүрегіме,
Сен де сақта мәңгілік есте, күнім!..

Гүлдің әні

Бүршік атып сұлудың жанарында,
Қауыз аштым көктемнің қабағында.
Әдемі әуен аңқып өн бойымнан,
Аяулы сезім тұнған сағағымда.

Аялаған ақ таңға өзі мұңын,
Ғашықтардың қағады көзі күлім.
Мен олардың мәңгілік сырласымын,
Ақындардың аяулы сезімімін.

Тәтті мұңын аялап қыз келеді,
Мен болармын жанының іздегені.
Көктем менің өмірім бір-ақ мезгіл,
Сезімің үшін келіп үзбе, мені…

Есі қалмай көктемде ебелектеп,
Шырынымды сорады көбелек кеп.
Оның нәзік жүрегі менің ғана –
Тәтті сезімдерімді керек етпек.

Құпиям бар тек қана сіз көретін,
Ақ назын айту үшін қыз келетін.
Мен деген…
Бар болғаны гүл ғанамын,
Көктемде қауыз ашып, күзде өлетін.

* * *
Көрдім сенен мәңгілік өмірімді,
Бөлдім саған сол үшін көңілімді.
Көздеріңнен сүйейін алғаш рет,
Өбейінші гүлшырын ерініңді.

Еркетайым ешқандай қылымсыма,
Жараспайды бойыңа мұның сірә.
Мен сенен тілейінші тәтті сезім,
Сен менен көктеменің гүлін сұра.

Аққудай сылаң қағып сылқым денең,
Сезімің ақ торғындай үлпілдеген.
Көңілімді берсеңші шомылдырып,
Бұлақтың тұнығындай күлкіңменен.

Жүрегімді барады шөл де қысып,
Қалайыншы тіліңнен шербет ішіп.
Ақ қанат өлең саған кетті асығып,
Көңілімді таңертең тербеп ұшып.

        Кеш, мені…

Көңіліме қоңыр мұңның көшкені,
Өміріме салқын самал ескені.
Қардай аппақ көңіліңе кірбің сап,
Гүл орнына мұң сыйласам – кеш мені.

Қыр еркесі-гүл сыйлайын дестелі,
Жыр жазайын сезімімнен кестелі.
Оңашада моншақ үзіп көзімнен,
Қалқам, сені сүйе алмасам – кеш мені.

Сезімдерім болған емес көшпелі,
Енді бүгін сынды көңіл ескегі.
Кешу сұрап оянайын ақ таңда,
Бәрінен де ар алдында – кеш мені.

Аңдамаппын… жазған көңіл не істеді,
Ақ нәзігім аңсарымсың естегі.
Көңіл үшін кешу айтпай сен маған,
Өзің үшін, сезім үшін – кеш мені…

* * *
Мұңды болып бір түнім бір түнімнен,
Көз ілемін әйтеуір ілкі мұңмен.
Соңғы кезде түсіме жиі енесің,
Мұң тамшылап тұрады кірпігіңнен.

Мұң бар ғой жүрегіңде өзге мүлдем,
Менде амал жоқ осыны сезгеніммен.
Әр түні мұңы басым түсімде ылғи,
Өлең оқып жатамын көздеріңнен.

Көздерің шашпайды екен шұғыласын,
Өлең оқып тұрасың мұңы басым.
Әр түні шырақ жағып көз ілемін,
Таба алмай қара өлеңнің құбыласын.

Меніменен мұңайып барады әлем,
Өзің болып түсімде қарады өлең.
Үзілген ғой мендегі шалқыма күй,
Жоғалған ғой сендегі әдемі әуен.

Түс көремін сен жайлы қанша тағы,
Сеніменен ғұмырдың барша таңы.
Он екі айдың еркесі – сұлу мамыр,
Сені ерекше түсімде аңсатады.

«Ақжүніс-Астана» журналы

www.akjunis.kz

Сайтымыздың жаңа мақалаларына жазылыңыз

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Пікір жазу

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

*


+ 2 = 7