Олжас СЫДЫҚБЕК: Сахнаға шығамын деген ой болған жоқ…

409522_139949742789533_1145157754_nОлжас Сыдықбек – қазақ сахнасындағы пародия саласының белгілі өкілі.  Пародист болып танылғанымен, оның негізгі  мамандығы – журналист. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика  факультетін тәмамдаған.

– Адамның бойынан қандай да бір ұшқын мен жалынды көрсек, оны туып-өскен жерімен немесе шыққан тегімен байланыстырып жатамыз ғой. Сіз қай жердің тумасысыз? Қандай әулеттің баласысыз?
– Алматы облысы, Еңбекші қазақ ауданы, Қырбалтабай деген ауылда туыппын. Бір жасқа келгенімде Кеген, қазіргі Райымбек ауданының Ұзынбұлақ деген ауылына көшіп барыппыз. 1-6 сыныптарды сонда оқыдым. 13 жыл тұрған ол ауылдан әкемнің туған ауылы Райымбек ауданы, Саты ауылына көшіп бардық. Әкем Дәурен туған ауылына әкім болып барды. Сол ауылдан түлеп ұштық. Ауылымның табиғаты керемет енді. Өзен-көлдерінен балық та ауладық. Мылтық алып, аңға да шықтық. Аңның барлық түрі біздің ауылда кездеседі десем өтірік емес. Атам мен апамның баласы болдым. Менен кейін екі қарындасым, бір інім бар. Кітапты көп оқыған адам емеспін, маған ақпарат құлақтан кірген (күлді).Атам мен апамның әңгімелерін тыңдап, ауыз әдебиетімен сусындап өскенмін ғой. Сөйлесе де, ұрысса да апамның мақалы дайын тұратын.
01– Ата мен әженің немерені иеленуі, меншіктеп алуы дұрыс па? Пайдасы неде? Зияны бар ма?
– Әкем жалғыз ұл. Қарашаңырақта бәріміз бірге тұрдық. Сондықтан зиян көрдім деп айта алмаймын. Әке-шешеміздің кім екенін біліп өстік. Ата-әжесі өмірден озып кеткеннен кейін өз әке-шешесіне толық сіңісе алмай, екі арада қалып қоятындар бар… Әке-шешем «менің балам» дегендерін ата-әжеміздің көзінше айтқан емес. Мен сабақ оқымағанда анам ұрысса, әжем «оқымаса, оқымасын, осы аман болсын» деп араша  түсіп жүретін.
02– Бала Олжас жайлы айтыңызшы…
– Бала кезімде көрсеқызар болған сияқтымын. Біздің үйде жем де, шөп те, отын да бәрі болды, таршылық көрмедік. Көршінің балалары таудан отын таситын. Отын жинап жарысатынбыз сонда. Олардікі мынадай, менікі мынадай болды деп өлшеп (күліп). Мен де отын тасимын деп әкеме жылап жүріп есек алдыртқанмын. «Есектен құлап қаласың» десе, тыңдамаймын. Бір күні отынға барып атамның балтасын жоғалтып келдім. «Өткір балтамды жоғалттың» деп атамның ұрысқаны бар. Ат, бәйге дегендерді қатты жақсы көрдім. Әкем қасынан тастамайтын. Шопандар тойы, ат шабыс, тай жарыс, аламан жарыс  деген сияқты той-жиындарда тығылып бәйгеге шауып кететінмін. Бәйге басталып кеткен соң, сірә тоқтата алмайды. Әкем аралап жүріп тауып алса, түсіріп алып қалады. «Жығылсаң не болады? Ат  таптап кетеді ғой. Сен әлі кішкентайсың» деп ұрсатын. Атқа құмарлығым сонша, атқорадан шықпайтынмын. Жүген, ер-тоқым, қайыстың иісін жақсы көріп, иіскеп отыратынмын.
Әкем мен не сұрасам да, сатып әперетін. Бала күнімде әкем Хан Тәңіріне де апарды, тікұшаққа да мінгізді. Ауылға концертпен келген кездерінде Қанат пен Айткүл Құдайбергеновтер, Әбдірахман Асылбеков, марқұм Мәдина Ералиева секілді талай құтты қонақтар біздің үйге келген. Сол кісілер келген кезде әңгімелерін естісін деп, мені дастархан басына отырғызып қоятын. Баланың ой-өрісі кең болсын дегендей, мұның бәрі тәрбие екен ғой…
ok1Қаңғыбастау болыппын. Әкем қалай жұмысқа кеткенін аңдып отырып, артынан мен де «жұмысқа кеттім» деп кетеді екенмін. Түскі асқа, кешкі шәйға келеді екенмін кәдімгідей (күліп).  Көрші балалармен ойнап, немесе жалғыз өзім трактордың, ескі мәшинелердің кабиналарында жүре береді екенмін. Қайтар кезде қайдағы жоқ тот басқан, түкке керегі жоқ ескі-құсқы темір-терсекті «керек болады» деп үйге алып келіп, жинай беретінім есімде. Ал атам «үйді қоқысқа толтырдың» деп ұрсып, қайта лақтырады. Кішкентай кезімде нағыз шаруаның адамы болған екенмін ғой деп қазір қалжыңдап қоямын. 1-4 сыныптарды тек қана беске оқыдым. Сосын төрттер араласа бастады. Қабілетті болдым. Гуманитарлық сабақтарды өте жақсы көретінмін. Ән айттым, мерекелік кештердің бәрінде жүрдім. Волейболдың құрама командасында болдым. Күреспен де  айналыстым.
– Кішкентай кезіңізде жоғалып кетіпсіз ғой? Қалай жоғалдыңыз, айтып беріңізші…
– Иә, мектеп табалдырығын аттай қоймаған кезім. «Балдырған» деген велосипедімді мініп алып, төмен қарай түстім. Әкем фермада жоқ  екен. Қайта жоғары шықсам үйге барамын ғой, бірақ төмен түсіп, үлкен трассаға шығып кетіппін. Трассада КамАздар өтіп жатыр, шоферлері – орыс.  «Орыс келе жатыр, алып кетеді» десе, жүрегіміз зу ететін кез. Сондай үреймен өскенбіз ғой (күліп). Сол орыстарды көріп, велосипедті тастап айдалаға  қашқанмын. Сөйтіп қой бағып жүрген кісіге жолықтым. Жылап келе жатқан мені ол кісі «айналайын» деп жұбатып, бетімнен сүйіп, «үйіңе алып барамын» деп есегінің алдына отырғызып алды. Үйіне келдік. Қараңғы түсті. Кемпірі екеуі «сен апарып берге» салып біраз отырды. Түнге қарай үйге әкелді. Түстен кейін үйдегілер мені іздеген. Велосипед қалған, бала жоқ деп атам келген. Баланы кім алып кетті деп бүкіл ауыл дүрбелеңге түскен ғой. Түн ішінде әкемдер төмен жақтағы бейіттердің басына барып, бірнеше мәшиненің жарығын жағып, бейіттердің араларын іздеген.
ok2Тағы бір «жоғалғаным» –  1991 жылы Мұқағали Мақатаевтың 60 жылдық тойының кезі. Мыңға жуық қазақ үй тігілген. Ат шабыс, айтыс, концерт болып жатыр. Анама екі рет балмұздақ алдырттым, үшіншісінде тамағың ауырады деп алып бермей қойды. Соған қырсығып, оларды қорқытамын деп, шын адасып кеттім. Ата-анамды да, біз түскен үйді де таппай қалдым. Олар тойға барған құрлы болмай, берекелері кетіп, мені іздеумен күнді өткізген. «Сен қайда қарадың?» деп екеуі бір-бірімен ұрысқан. «Қайсы үй еді?» деп өзім де қара терге түсіп іздегенімді білемін. Үйдің бәрі бірдей. Бәйге де, бәрі біткен кезде табылғанмын ғой…
– Бозбала Олжасқа ауыссақ…
– Біз де қыздарға хат жаздық. Стандарт шаблондар болатын еді ғой:
«Қиылған қасың,
Нешеде жасың?
Жүруге бола ма,
Бос болса басың?» деген сияқты. Қыздың аты мен жазып отырған жігіт аты өзгереді, басқасы бірдей. Сосын қыздың атын жазасың да, «оқу барысы, жүрек қағысы, аяқ алысы, махаббат қайғысы қалай болуда?» деп атыңды жазып, қол қойып, үшбұрыштап бүктейсің. Өзің апарып бермейсің, біреуден беріп жібересің (күліп). Атын атап, түсін түстегім келмейді. Балалық. Махаббат деуге келмейтін болар… Қызды шығарып салғанға мәз болдық. Әйтеуір, хаттарым жауапсыз қалған емес. Сосын бір қызға бір баланың атынан хат жазып жіберетінбіз. Мысалға, момын, жуас баланың атынан, оған мүлдем қарамайтын қызға. Үлкен үзілісте ана қыз келеді де, қидаланып жыртылған  хатты баланың бетіне шашып кетеді. Бала қызарады, біз оған күлеміз…
_MG_7541– Пародиямен таныстығыңыз қалай басталды?
– Көршінің әйелі мұғалім болатын, соны айнытпай салатынмын. Содан басталды-ау. Бәрі күлкіге қарық болатын. Сосын Әлімжан деген ата болды, соны салатынмын. Мектеп директорын салдым сосын. КазГу-ге келіп деканды салдым. Солай жалғасып кетті. Менде сахнаға шығамын деген ой болған жоқ. Мүмкін емес сияқты дүние еді. Осы жолға мені тағдыр әкелді. Сұранып жүріп, арнайы қалап, не болмаса сахнаға шығудың жолын қарастырған адам емеспін. «Терісқақпайдағы» Ұлан, Асқар деген ағаларым кездесті. Жүрсін, Бекболат ағаларымды салып, сахнаға шықтым. Басқа салатын ешкімім жоқ, ауылға қайтамын дегенімде, гастрольге алып кетті.  Қайтып келгеннен кейін Мейрамбек, Сәкен, Тоқтар ағаларымызға пародия жаздық. Сонымен бітті дегенде кейін тағы кейіпкерлер қосылды. Сахнадан кете алмай қалдым. Құдай осы жолды нәсіп еткен шығар, тәубә!
DSC_2897– «Мейрамбек Бесбаев» болып талай қызды алдапсыз…
– Ондай кездер де болған. Бір жолы бір аруды алдадық. Атын айтпай-ақ қояйын, қазір сахнаға шығып жүр. Мейрамбекті салып жүргенімді білетін адамдар кездесіп қалды. «Жақында клипі шыққан әнші қыз бар. Сол  қызға звондашы, телефоныңды мына кісі берді деп айт», – деді олар. Мен оны танымаймын. Звондадым.
– Алло. Бұл – Мейрамбек қой, –  дедім Мейрамбектің даусын салып (бізге де салып берді – Э.Ә.)
Үндемей тұр. Сенбеді. «Номеріңді мына ағаң беріп еді» деп едім, сенді.
– Иә, Мейрамбек аға, тыңдап тұрмын.
– Не ғой… мына клипті қашан түсіргенсіңдер? – Клип көріп отырғандай айттым (күлді).
– Қыста түсіргенбіз, аға.
– Жақсы екен. Менің хабарласып отырған жағдайым – жақында жаңа жоба шығармақпыз. Эстрадаға жаңадан келіп жатқан қыздармен дуэт айтып шығамыз. Саят бір қызбен, Ұлықпан бір қызбен, Сәкен бір қызбен шығады. Сен менімен дуэт айтуға қалай қарайсың?
– Әрине, аға.
– Сен онда келе аласың ба? – (Сағат түнгі он бір жарым)
– Дәл қазір ме?
– Иә. Себебі, шығармашылық құрам отыр еді. Сені көрсін. Сен келе қал. Мына жерде стилист, визажистер отыр. Бір жағынан камерадан көріп алайық…
Әңгімеміз осылай өрбіді. Ол қыздармен бір жерде отырған. «Қыздар, жүріңдерші, Мейрамбек аға шақырып жатыр» деп оларды ертіп, біз отырған жерге келген. Таныстарын көріп, мені көріп: «Сіз ба маған звондаған?» дейді. «Мен емес, Мәкең менің телефонымнан звондаған» дедім. «Қайсы ал Мейрамбек аға?» дейді. «Қазір ғана аяқ астынан кетіп қалды…» деп таныстары «алдап», шығарып салды. Бәрібір сенбей кетті. Бір аптадан кейін Мәкеңмен тойда кездесіп қалып, оқиғаны айтып бердім. Сөйлесесіз бе деп нөмірін тердім де, тұтқаны бере салдым. Мәкең «алло» деп бастай беріп еді: «Түу, Олжас, қойшы, ойнамашы» дейді.  «Бұл мен – Мейрамбек қой» десе де, сенбеді. Мәкең де сендіре алмады. Сөйтіп қызық болған.
– Еркін Нұржановты да алдапсыз ғой?
– Арнайы жоспар болмаған, аяқ астынан дауысымды өзгерте салдым Жүрсін Ерман болып:
– Алло, Еркін ба?
– Иә. Кім екен?
– Бұл – Жүрсін Ерман деген қазақ қой. Осы сендер адам танымай кетесіңдер.
– Ассалаумағалейкум, аға. Мен телефонымды жоғалтып алып едім…, (анау-мынау деп ол өтірікті соқты (күліп)).   
–  Еркін, менің сөзіме жазылған «Жалғыз ұлға» деген Жарылқасын Дәулет ағаңның әнін айтып жүрсің бе?
– Иә.
– Жақсы ән ә! Сол әнді Бақытжамал жақсы көреді. «Жалғыз ұлыңа арнаған бір әнің бар. Соған бір бейнеклип түсіріп берсеңші. Қайда кетпей жатқан ақша?» деп сол құлағымды жеп қойды. Соның сәті келіп тұр. Клип түсіріп берейін.  Телеарнадамын, үште кел.
– Жақсы аға, барамын. Өзім де сізге кіріп шыққалы жүр едім…
Жүрсін ағаның қызметі радиодан телеарнаға ауысып жатқан кезі еді. Еркін ұшып отырып «цумнан» барып 200 долларға қалам сатып алыпты. Үштерге таман звондадым да: «Қазір жиналыс болайын деп жатыр. Ертең тоғызда келші», – дедім. Келісті. Кешке жақын: «Еркін, таңертең емес, түске жақын келші. Телеарнада жұмыс қауырт болып жатыр», – дедім. Түске жақын тағы да звондап: «Мені Ермегияевтар түскі асқа шақырып кетіп барамын, түстен кейін келші», –  деп тағы создым. Сосын ұмытып кетіппін. Ол түстен кейін телеарнаға барып кіреді, қабылдау бөлмесіне барады. Жүкең жоқ. «Бағана ғана сөйлестім ғой» деп, менің номерімді көрсетеді. Хатшы қыз Жүкеңнің Астанаға кеткеніне үш күн болғанын, ондай номері жоқ екендігін айтады. Сосын маған звондап: «Адам емес екенсің» дегені бар (күліп).  Қаламсапты маған бере сал енді десем, бермей жүр…
– Пародия жасауға кейіпкер табу сіз үшін қиын ба?
– Саяси тұлғаларды неге жасамайсыңдар деген сұрақ көп қойылады. Оларды да, министрлерді де, облыс әкімдерін де көпшілік тани бермейді. Сосын айналып келіп өнер адамдарына соға береміз. Мен Астанада мұражайда қызметтемін. Бір апайды салып жүрмін. 500-ге жуық адам қызмет істейді онда, бәрі таниды. Жаңа жылдық отырыста салғанмын, бүкіл мұражай ұжымы күлкіден қырылып қалды. Күнде таңертең жұмыс басталарда қыранның ұшқанын көреміз. Күнде соны қарап тұрамыз. 1-2 адам кешігіп қалса: «Қайда жүрсіңдер? Ұшып кетті ғой анау, ұшып кетті…» дейтінін айтып пародия салғанмын. Сол сияқты өз ортасында қызық пародиялар болады. Сахнаға алып шығайын десең, халық білмейді. «Сенің тізіміңде біз бармыз ба?» деп жүргендер бар. Кейіпкерлеріммен ақылдасқан емеспін. Ренжігендер де болған жоқ.
– Мұражайда қандай қызметтесіз?
– Былтыр ашылған Ұлттық мұражайдың ақпараттық-имидждік орталығының жетекшісімін, негізі мамандығым журналист қой.  Мұражайдың сайты, баспа секторы, журналы, баспасөз қызметі дегендер біздің орталыққа қарайды.
– Өзіңіз түскен бағдарламаларды үйіңізде көп көрсетпейді екенсіз. Неге?
– Өзімді теледидардан көргенді аса ұнатпаймын. Үйде болсам арнаны ауыстырып жіберемін. Үйдегілер өзің көрмесең, ана жаққа бар деп қуып жібереді. Өзім түсіп келген бағдарламалардың қашан болатынын да үйге айтпаймын…
– Әдемі әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Эльенора ӘМІР

«Ақжүніс-Астана» журналы

akjunis.kz

Сайтымыздың жаңа мақалаларына жазылыңыз

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Пікір жазу

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

*


9 + 4 =

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <s> <strike> <strong>