Хан Тәңірдің ақ шыңы да аласа…

731175_1576890303_______________  Қазақ қызы
  Асқар Егеубай
Ұйқыдағы ару емессің,
Джульетта да демеспін.
Теңемен тіпті Ләйліге,
Келгенмен сенің теңескің!

Аңсаған жүз жыл жүз жүрек,
Болмай-ақ қойшы Қыз Жібек!
Теңемен гүлдің гүліне,
Тағдырын шешкен күзгі леп!

Қайтейін текке термелеп,
Асылдың бәрі сенде деп.
Желкілдеп кетпей жамырып,
Жөнімен соққан жел де ерек.

Сезімнің сексен қырысың,
Жанымның жұмбақ сырысың.
Әдебі де бар әдемі,
Қазақтың қара қызысың.

Мейірім толы жанарың,
Мейірдің гүлі қабағың.
Толықсып тәтті күлгенде,
Торғындай толқып қаламын.

Ұсынсаң да еппен кесені,
Инабат лебі еседі.
Сыр бұққан кірпік дірілі-ай,
Көкейден кетпей теседі.

Әдемі ғана күлесің,
Әдеппен қалқып жүресің.
Әдебі қазақ қызының –
Әсемдігі, сен білесің.

Болғанмен сабыр қамал-тау,
Болмайды сезім самарқау.
Биязы мінез астары,
Булығып жанған жанартау!

Өзісің сезім ғажаптың,
Көзісің тәтті азаптың.
Жаралған әдеп, арманнан,
Қара көз қызы қазақтың!

Ешкімге сені теңемен,
Ешкімді басқа елемен.
Қазақтың қызын басқаға,
Теңеуім керек неге мен!

* * *

1412579_592434547470377_1059025392_oҚазақтан туған қыз едім!

   Нұрлан Сәдір
«Өзің жайлы айт» десе, қалдырмай жерге тілегін,
Елдегі ізгі нәрсені моншақтай жіпке тіземін.
«Меншіктеп алды» демесін, «менікі» деп жұртқа ортақты
«Қазаққа болсын» деп жүрген қазақтан туған қыз едім.
Сонымен, керек болса егер, менің де сізге дерегім:
«Алпамыс деген ер еді, қосағы сай-ау» дер еді.
Тегімді ноқшап тексермей, сенсеңіз менің сөзіме —
Батырдың жары Гүлбаршын апа боп маған келеді.

Бүкіл ел – менің жұртым ғой,
(Кезінде тым көп көшкенмін…)
«Теріскей», «Күнгей», «Ілгері», «Құбыла» атты көштенмін.
«Сен қайдан шықтың?» десе егер, жасырып қайтем, шыны сол —
Ақжүністің аузынан жымиған кезде түскенмін.
«Па, шіркін!» деп мысқылдап, сөзіме менің күлсеңіз,
Қазақтың игі жақсысын қазаққа қимай жүрсеңіз,
Әжеме барып шағынам, қағатын шаңын талайдың,
«Домалақ ана – Нұрилә» – әжем ғой менің, білсеңіз.

«Солай да солай, сотқарлар білсін деп, шіркін, әлдерін!..» –
Сыңғырлап күліп қояды Абайдың жары – Әйгерім.
«Кім саған ол?» деп сұрамас, сондай да сауал бола ма?!
Жаны да тәні – «әй, керім!…» – жеңгем ғой менің ең керім!
Достар бар мені оятып, сездірген бойда қан барын,
Қимас боп кеткен солармен бірге атқан талай таңдарым.
Қызғанса қайтем, құрбылар – ығай да сығай шетінен:
Әлия, Мәншүк, Хиуаз – ең сырлас жақын жандарым.

Бұйырған бұндай байлықпен кім тыныш, үнсіз жата алар?!
Өнерде үлгі – Хадиша, Әселхан, Шара апалар,
Фариза, Күләш, Бибігүл – күмәнсіз алтын сапалар
Жетелер мені алға ылғи, апалар берген баталар.
«Өзің жайлы айт» десе тастамай жерге тілегін,
Елде бар асыл, ізгіні әлі де шексіз тіземін.
Меншіктеп алдым, менікі – қазақтың игі жақсысы –
«Қазаққа болсын» деп жүрген қазақтан туған қыз едім!

* * *
1524892_1428674560738500_5622534062294857641_n        Қазақ қызы
  Дамир Әбенов
Бар аруды аялаймын өлеңмен,
Осылайша бiр батамын ләззатқа.
Бар қазақтың қызын жақсы көрем мен,
Жек көруге лайық қыз жоқ қазақта.

Айдай, күндей қазақ қызы, теңесең,
Айтқан адам болмасы анық айыпты.
«Кiмдi?.. Қалай сүйе аламын?» деме, сен,
Шын сүюге барлық ару лайықты.

Тiл айтады сол дидарды көз көрген,
Жүрегiмнен самғағанда жыр құсы.
Ажарлыны iздеме сен өзге елден,
Қазақ қызы – сұлулықтың үлгiсi.

Қазақ қызы – ары таза, жаны да,
Инабатты. Ешкiмнiң жоқ таласы.
Әр бақытты еркектердiң жары да,
Тәрбиелi өскен әр баланың анасы.

Қазақ қызы…
мұнша сұлу болар ма?!.
Бақытың ол, байлығың ол – қолдағы.
Ғашық болып қалу да оңай оларға,
Назарыңды аударсаң бір болғаны.

Бар аруды аялаймын өлеңмен,
Осылайша бiр батамын ләззатқа.
Бар қазақтың қызын жақсы көрем мен,
Жек көруге лайық қыз жоқ қазақта.

* * *
10847976_1511045659172481_8208024451032999607_n          Мен – қазақтың қызымын!

                                    Айбат Баймағанбетов
Мен – Ақжайық қызымын, Қыз Жібекпін!
Арды биік қоятын елден шықтым.
Мен – Мәншүкпін, қасқайып қарсы тұрып,
Жауға оғын жаудырам пулемёттің.
Ақұштаппын – жанымнан жыр ақтарам,
Сәуле шашып баршаға шуақтанам.
Фаризамын – қаймыққан талай даңғой,
Әділдіктің ақ туын құлатпағам.
Әлиямын!  Жалынмын жалындаған,
Қас дұшпаннан қаймығып тайынбағам.
Бибігүлмін – бұлбұлдай ән сап кетсем,
Тебіренбей тұрмайды сайын далам.
Мен – Сарыарқа қызымын шалқып өскен,
Бар дәмдісін анамның қалқып ішкем.
Мен – Майрамын, сызылтсам сыбызғы үнді,
Таң тамсанып, талайлар танған естен.
Мен – Оңтүстік қызымын, Әселханмын,
Елім десең беруге даяр жаным.
Мен – Қазақтың қызымын қарапайым,
Жаннан артық қоятын аппақ Арын!

* * *

10460596_1428610287424420_4017244733467981790_oХан Тәңірдің ақ шыңы да аласа…

                                Олжас Отар
Жүрегімнің қақпай кіріп есігін.
Сен тербеттің сезімімнің бесігін.
Көп жұлдыздың ішіндегі Ай ару,
Көңілімде бір өзіңнің есімің.

Күннің нұры шашқандай боп шуағын.
Жүгіреді тамырымда бір ағын.
Шаттығым боп өзің жүрсең қасымда,
Өмірімде көрместеймін, сірə, мұң.

Сұлулығың сұқтандырған талайды,
Атқан таңнан айнымайтын арайлы.
Жүз бойжеткен жүзі алаулап тұрса да,
Жүрек шіркін сені ғана қалайды.

Жан жылуым, мəңгілігім, сыңарым,
Бақытты бол, бақыт құсым, жыр-əнім.
Саған деген сөндірмеймін ешқашан,
Мөлдір, таза махаббаттың шырағын.

Ай сүйсіне қарағанда көркіңе,
Сезім шіркін қоймады ғой еркіме.
Жүрегімді толқытқанда бір арман,
Сенің күлкің дәру болар дертіме.

Күннің көзін қызықтырып келбетің,
Түрлендіріп жібергендей жер бетін.
Тұнып жатқан тұңғиықтың түбінде,
Сенсің менің жарқыраған меруертім.

Жұлдыздар да жымың қағып қараса,
Сені көріп қуанардай балаша.
Сендегі адал ар иманның алдында,
Хан Тәңірдің ақ шыңы да аласа.

* * *

   Қыз-сезiм
Ғабиден Қожахмет
Армандардың айдынын алса кемең,
Жүрек, шiркiн, соғады қанша елең.
Артық па екен, бiлмедiм, емес шығар –
Арналса да қыздарға қаншама өлең.

Жыр дегенiң сезiмтал тамшы ғана,
Сол тамшыда жатады ар-шұғыла.
Қыз болмаса жақсы жыр жазыла ма,
Болмаса олар әдемi ән шыға ма?

Бас иiп табиғаттың iзгi арына,
Әсемдiктiң көз салдық бiз бағына.
Қазақтың ән өнерi, жыр өнерi,
Қарыздар ғой алдымен қыздарына.

«Ақжүніс-Астана» журналы

 

Сайтымыздың жаңа мақалаларына жазылыңыз

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

2 комментария

  1. жумбак адам :

    керемет олендер

  2. Abdominal Bleeding With Amoxicillin Zithromax At Walgreens How Long Does Keflex Last cialis price Combo Packs Viagra Cialis

Пікір жазу

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

*


− 2 = 2