Сертке берік сезім

0,,15785222_401,00(деректі әңгіме)

Қолындағы түйіншегінің аузын шорт түйіп, босағаның оң жағындағы кебеженің үстіне отыра кетті. Маңдайындағы шып-шып етіп тұрған бүрге тамшы терін орамалымен сүрте салды да, «нені ұмыттым?» дегендей баяу ғана үй ішіне көз жүгіртті. Бес қанат қараша үйдің ішіндегі азғантай көрпе-төсек пен жиһаз ескілеу болғанымен, мұнтаздай. Ертең отағасы келгенде:  «Мінеки, Арысым, шаңырағыңды жыққан жоқпын», – деп өзінше бір көңілін көтерейін деген оймен жаңа қағып-сілкіп, жинап шыққан. Төрдегі жиырма жыл бұрын келін боп түскендегі ашпалы торғын шымылдық дымы кетпестен, моншақ оюлары жарқырап тұр. Желбіршегі де сол күйі. Тек маңдайындағы үкісін ауыстырған. Ортада тоз-тозы шыққан, шұрық тесік қоңыр текемет. Кезінде жасауымен келген мүліктің ішіндегі қымбаттысы да осы еді. Себебі анасының қолынан шыққан дүние. Әр бір өрнегінде оның аялы алақанының ізі жатыр.
Жанындағы бесатар мылтық пен жолазық салған дорбасын тағы бір қозғап қойды. Іштей алабұртып, жүрегі лүпілдеп соғады. Көңілінде қуаныш пен қорқыныштың сезімі қатар ұялап отыр. Отағасының елге келіп, отбасымен қайта қауышатынын ойлап, сағынышқа толы әкелі-балалылардың құшақтасқанын көз алдына елестеткенде, тұла бойын бір шаттық билеп, жер-дүнияға сыймай кетеді. Ол ұсталып кеткенде кішкентай Сабидолласы жастан асып еді. Содан бері де жиырма жыл өтіпті. Сол жиырма жыл бір ғаріп басына жер бетіндегі тозақтың бәрін көрсетті-ау. Жарынан тірілей айырылып, жарым-жан күн кешсе де, жалғыз баласының маңдайына шаң тигізбей өсірді. Ауыл әйелдерінің: «Қасқа қатын-ау, күйеуіңді енді көресің бе, көрмейсің бе, ол жағы бір құдайға аян, басың жас, көркің барда біреуге тиіп алмайсың ба?..» деген сияқты ақылмақ әңгімелерін естімегенсіп жүре берді. Мәймөңкелеп сөз салғандар да болды. Оларға көңілі түгіл, көзі де түспейтінін айтып, шығарып салып жүрді. Келер күннен үмітін үзбеді, сарғайып жүріп жан-жарын ғана іздеді. Соны ғана күтті. Сарқылмас сезіміне оранған сертін сақтады.
658x0_gulag2Бүгін шыққалы отырған ұзақ жолды ойлағанда, тұла бойын бір әлсіз үрей басады. Елсіз меңіреу жатқан Үстірттің үстімен анау Мақатқа, одан әрі Қостанайдың түрмесіне дейінгі соқпақпен бұл бұрын да барып келген. Енді сол қиындықты тағы басынан бір кешіргелі отыр. Қасында қара болар серігі тағы жоқ. Жалғыз баласы жұмыста. Тұла бойын қанша қорқыныш билесе де, сүйіп қосылған өмірлік жары үшін аттанбақшы. Тек бұл жолы оны Мақаттан қарсы алады. «Бұрынғы жолдың жартысы ғана ғой» деп, өзін-өзі жұбатады. Ол сапарда Шағадамдағы, мына Қаратауды сағалап отырған Қамысбай ағайындарды, Қызылсудағы төркін-жұртын аралап жүріп жолына біраз қаражат жинап алған-ды. Бір құдайдың өзі жар болсын, өздері жарып отырмаса да, бұған ешкім «кет әрі» демей, қалт-құлт етіп жинаған азғантай қаражатын бала-шағасының аузынан жырып, бұның қолына ұстатты. Берерге дым таба алмағандары, жанашырлығын білдіріп, тілеуін тіледі. «Көп түкірсе – көл» деп бекер айтпаған екен. Онда да жол жүрерде осылай түйіншегін түйіп, осы кебеженің үстінде демін басып отыратын. Тек ол кезде көңілінде қуаныш пен қорқыныш емес, күдік пен үміт қалқып тұрып алған болатын. Енді қайтсін? Неше жыл бойы күйеуінің бір дерегін білмей зарықты. Не өлісін, не тірісін естімеді. «Бай баласы», «банды», «контр» деген қайдағы бір адам естімеген жаланы жауып, күйеуі мен қайынағасы Ерғазыны жендеттер үйден алып бара жатқан сәтте, мұның жүрегін біреу тірідей жұлып алғандай болып еді. Оның: «Көп уайымдама, келем ғой», – деген сөзі құлағында жаңғырып тұрып алған. Бұдан кейінгісі есінде жоқ. Талықсып кетіпті.
3720E47E-3698-450F-A76F-921B069870EB_mw800_sСол кезеңдерде бүтін елдің көрген күні азапқа айналған-ды. Бірде: «Самның құмындағы үкіметке қарсы шыққан ауылдарды  қырып кетіпті, қашып құтылғандары ен далада аштан өліп жатыр, ит-құсқа жем болған денелерін адам ажырата алмас, қолдан келген бес-алты адамның жүзін жасырдық», – деп,  Дағар ағасы хабар айтып келгенде, осындағы Үлдірік ауылының адамдарының зар илеген дауыстары жан түршіктіріп жіберген-ді. Қалың адайдың қару көтерер еркектері «қызылдардан бала-шағаны қорғаймыз» деп шейіт кетті, олардың есебін бір құдайдың өзі білер. Басқасы Бесқалаға, Түрікменге қарай ауды. Азды-көпті ауылдар осы қасиетті Қаратаудың маңайында, анау теңіздегі Ақкетікті сағалап өлместің күнін кешті. Соңы аты өшкір неміспен соғысқа ұласып, онсыз да қабырғасы сөгілген елдің, омыртқасын үзді. Сөйтіп жүргенде ол туралы бір хабар жетті-ау әйтеуір.
Ия, ия… Сол жаңалығы ғой мұны осындай ұзақ жолға итермелеген. «Мың жасағыр, атын да ұмытып қалыппын-ау. Әйтеуір, Үйшік жақтан келген бір қызметкер кісінің, қайын ағамның үйіндегі дастархан басында өзіне қарап: «Сіздің жолдасыңыз Қостанай лагерь пунктінде», – дей салғаны. Үй ішіндегілер басында ештеңе түсінбей үрпиісіп қалды. Сосын барып кім туралы әңгіме болып отырғанын білгенде, бірін-бірі құшақтап жылап жібергені. Бұл қолындағы шәйнегін алып орнынан тұрды, қайта отырды, қайта тұрды. Абдырады да қалды. Үйдің іші абыр-сабыр, азан-қазан болды да кетті. Майда балалар «сүйіншілеп» сыртқа жүгірді. Әсіресе, абысын екеуіміздің бір-бірімізге қарап біресе күліп, біресе жылай бергенімізді, қайнылары кейіннен келемежке айналдырып жүрді. Содан кейін: «Қалайда Қостанайға барып, қосағымның амандығын өз көзіммен көріп келем», – деп, елді дүрліктірді. Басында ғой «мына тар заманда қайдағы Қостанай, ол саған мына тұрған Қайнар дейсің бе?» деп үлкендердің ұрысатыны. Бұл райынан қайтпағасын, өздері де қоя қойды. Ақыры алыс жолға аттанатын болды. Тек ондағы жылтылдаған үміт жалынын, «тірі ме екен?» деген күдіктің желі өшіре беріп еді-ау. Азабы ауыр ұзақ жол бойы екі сезім бір-бірімен арпалысып, қосағы қамалған түрмеге жетіп, оның амандығын көргенде жүрегі бір басылған-ды. «Әуелі Алла, содан кейін жол бойындағы Қабыл атасының басына барып, Бейнеудегі Атаның мешітіне түнеп, тілеген тілектері, жасаған дұғалары қабыл болды ма, әйтеуір отағасының дін-аман екеніне көзі жетіп келген. Түрменің төңірегінен тәп-тәуір үй жалдап, бір семіз марқаны сойып, дастархан жайып түрменің бастықтарын шақырып жібергені, бір табылған ақыл болыпты. Бағына орай түрменің бастығы жирен мұртты орыс иманды адам екен, мұның тас боп қатқан шерін, май тамызып жібіткендей болды. Оның: «Сіздің осыншама жылдар бойы, қазақтың бір шаңырағын құлатпай, ошақ отын сөндірмей, адалдықтың ақ туын биік ұстап, енді міне, осыншама жол жүріп, күйеуіңізді табуыңыздың өзін ерлікке теңеп, тәнті болып отырмын. Көп уайымдайтын да ештеңе жоқ. Жолдасыңыздың босайтын уақытына бір жылдай бар, сіз маған түсетін стансасын айтыңыз, мен сол күнге аман жетуін өз мойныма алайын», – дегенде, бұл қуанғаннан: «Мақат, Мақат қой, Мақат…», – деп қайталай беріпті.
pic-2882-1343642883Енді, міне, сол күнге де құдай жеткізді. Бүгінгі бағыты сол Мақат. Сарғыш дорбасын ердің басына байлап, иығына бесатарын асып, күрең бестіні мінді де, біссімілләсін айтып, жолға шықты. Ирелеңдеген ақбауыр аждаха жыландай көлденең жатқан Маната тауы бұлыңғыр тартып алыстан көрініп тұр. Көзге көрінгенімен, біраз жер. Сол Манатадан тауды қиялап Қырға шығады.  Одан әрі Уәлі, Қатша, Тәңкі, Манашы, Күйкен, Қарақұм асып Жемге жетеді. Бұл бұрынғы берекелі уақыттағы елдің көш жолы. Қыстан шыққан ауылдар амал туа осы жолмен Арқаға жайлауға көшетін. Жарықтық сол көштің бейнеті бес қабат болғанымен, бір ғанибет кез екен-ау. Ырғалып отырып жайлауына жеткен ауылдардың қоныс тойын жасап, жастар жағы ән салып, әзіл-қалжың сөз сайыстырып, арқа-жарқа болып жататын. Өтіп кеткен дәурен-ай!.. Кейін қызыл үкімет келіп, ол кезеңнің бәрі де әдіра қалды ғой. Енді, міне, сол Үстірттің үсті өлі даладай, жым-жырт. Өткеннің белгісіндей тек бозторғайдың шырылдаған үні естіледі.
Кенет ойына баяғы Қайнардағы Көрпе ауылы орналасқан Ошақ төбенің түскейіндегі сайда екеуінің кездесетін күні түсті. «Ой, заман-ай, сағымдай елес болып ол күндер де артта қалды-ау. Сонда біз сезімге берілген албырт жас екенбіз-ау… Мына қолымдағы күміс жүзікті сол күннен бері саусағымнан шешіп көрмеппін. Сол кеште ғой осы жүзікті оның маған сыйлап, айтатынын айта алмай, ұялшақтап төмен қарай беретіні. Сондағы бар сөзі: «Орта Аққұдыққа қоныс ауыстырып жатырмыз, бұйырса екі-үш күннен соң айналып соғам», – дегенде, оған келіскенін білдіріп жымиып бұл да басын изеген. Ыстық сезімін үнсіз білдіріп, үнсіз түсінетін. Ал ол үнсіздіктің астарында үлкен мән жатыр еді. Себебі мұның басы байлаулы, біреудің айттырулы қалыңдығы. Әкесі Жолымбайдың көзі тірісінде уағдаласқан құдалары да Қамысбай ауылының Нияз тақтасынан. Сәркен атты күйеу жігіттің әкесі Сүгір қалыңмалын өтеп қойған. Ал бұл сол Қамысбай руының Жамансары бөлімінен. Екеуі де бір рудың жігіттері. «Махаббат» деген ұлы сезімге мойынсұнып, ата-салттан аттап кетсе, арты жақсылыққа апармайтынын екеуі де іштей біледі. Бір рулы ел бүлінеді. Сол отырғаннан күн бата екеуі қимай қоштасқан-ды.
1302994451_2097Ал сол кездегі бүкіл адайды шулатқан бұлардың әйгілі хикаясы келесі күні басталды ғой. Сол күні Қамысбай ауылының ақсақал-дары келіп: «Марқұм Жолымбай құданың жылын күттік, басын қарайтамыз дедіңдер, қызымыз кішкентай, інісіне қарайлап отыр дедіңдер, сонымен араға біраз уақыт түсіп кетті, енді айып болмаса, қалыңдығымызды сүмбіле туа алып кетеміз», – депті. Ағасы Есіркеп те келісіп, ұзатылатын күнін белгілеп қойыпты. Бұл хабарды жеңешесінен естігеннен кейін басы мең-зең болып отыра қалды. Осылай боларын жүрегі сезіп жүрген. Бұдан кейінгі күндер  жан дүниесін азаптаумен болды. Түнімен жастығын көз жасымен сулап, таңды көзімен атырды. Сүйіктісімен келісілген күнді тағатсыздана күтті. Ол келіп осы қорлықтан құтқарып алатындай үміттенді. Құдайынан: «Оны тезірек кездестіре көр, мына қапастан мені алып кетсінші, мына қыз баланың бағын байлап тастайтын надан тордан мені шығарып алсыншы», – деп жалбарынды. Әйтеуір бұл хабарды ол да естіпті. Құдалар келіп кеткеннен кейінгі үшінші күн дегенде жетті-ау. «Бүгін түнде алып қашуға бел будым», – деп жеңешесінен сәлем айтып жіберіпті.
Қасындағы Қонысбай деген туысымен өткендегі сайда тығылып жатады. «Қырсыққанда қымыран іріп», тезек теруге шыққан кішкентай қыздар бұларды көріп, ауылды шулатады. Ұрылар деп ойлаған ағалары қаруланып, оларды ұстап, аяқ-қолын байлап алып келеді. Жолда Қонысбай шыдамай: «Біздің аңдығанымыз сіздердің жылқыларың емес, анау ақбоз үйдегі сұлу қыз», – деп айтып қояды. Содан Басшы ағасы бастаған кілең көрпенің намысқой жігіттері: «Ата-салттан аттаған арсыздар, біреудің айттырулы қалыңдығында не шаруаларың бар, сендердің жазаларыңды беру керек», – деп бұларға бір-екі қамшы сілтеп алады.
Дымнан хабарсыз үйде отырған бұған немере ағасы Мырзаш келіп, «дыбысыңды шығарма!» деп, есікті таспен бастырып тастады. Бір бәленің болғанын сезіп, жабығынан далаға қарап еді, анадайда аяқ-қолы матаулы, киімдері жыртылып, қансырап отырған екеуді көрді. Үйдің айналасына адам көп жиналып қалған екен. Ешқайсысында үн жоқ. Тек Басшы ағасының ызғарлы дауысы ғана шығады. Әсіресе оның: «Өлтіру керек!» деген өктем дауысы құлағына естіле берді. Сондағы мұның зәре-иманы қалмай қорыққаны-ай. «Жеткен жерім осы екен, сүйіктімнен айырылдым…» деп жылай беріпті. Бір кезде барып есін жиып, «Мөңке» деп сыбырлап, керегенің көзінен інісін шақырып алды.
– Тез ұш, Жұмағазы кәкенің үйіне бар, мына хабарды жеткіз, тоқтату сол кісінің қолынан келер бұл айқайды.
Мөңке апасының түрін көріп шошып кетті. Сасқалақтап тұрды да, жүгіре жөнелді. Бұл енді сыртқа құлағын тосса, Есіркеп ағасының дауысы естілмейді. Ол неге үндемейді? Бейне бір  Есіркеп ағасы «Тоқтатыңдар!» – дейтіндей дәмеленді. «Мөңке қайда жоғалып кетті?.. Жұмағазы кәкеге хабар жетті ме екен?.. Сырттағы екеуінің жайы не болмақ?..»
Қиян ой  шартарапқа жүгірді. Жүрегі де дүрсілдеп жиі соғады. Бір уақытта үйдің оң жағынан: «Бәріңді Жұмекең шақырып жатыр», – деген оның үлкен баласы Әбілмажанның дауысы шықты. Сол кезде барып Есіркеп ағасының: «Ана қызды шығарыңдар!» – деген гүр ете түскен үні естілді.
«Е, бәсе, Есағам бар екенсің ғой, манадан мені ойлап отқан болдың ғой», – деді бұл ішінен. Сөйткенше болған жоқ, сарт етіп сықырлауық ашылды да, ішке Басшы ағасы кірді. Түрі сондай сұсты болып кеткен екен. Өзіне бір қадалып қарады да, үндеместен сыртқа шығып кетті. Артынша үйге жүгіріп жеңгесі келді. Түрлі әңгімемен мұны жұбатып жатыр.
– Атам «алып шық» деді. Жүре ғой. Үлкен кәке бұл айқайды естіп, өзіне шақыртқан екен. Тұра ғой, Еркеқыз, – деп жеңешесі қолтығынан сүйеп тұрғызды.
Манағы жиналған жұрт енді Жұмағазы кәкенің үйі тігілген төбеге жаяу шұбырды. Топтың алдында аяқтары аяқтарына соқтығысып, бастары салбырап, сүйіктісі мен оның серігі келеді. Айналасын ауылдың жігіттері қоршап алған. Қастарында өңкей құрт-шабақ балалар шулап жүр.  Ендігі мұның бар сеніп келе жатқан тірегі – келіндер мен балалар жағы  «Үлкен кәке» атап кеткен Жұмағазы атасы. Ол – осы көрпе ауылының иманжүзді, беделді ақсақалы. Көш пен қоныстың да, дау-дамайдың да билігі сол кісіде болатын. Оның сөзін ешкім жерге тастай алмайтынын да, айтқан кесімінен аттап кете алмайтынын да бұл біледі. Есіркеп ағасының да «Үлкен кәкеге» деген құрметінің шексіз екенін талай көрген. Ендігі қалған бар үміті сол кісіде.
Жұмағазы ақсақалдың үйіне осы маңайдағы көрпе руының үлкендері түгел жиналыпты. Керегені жағалай бәрі отыра қалған. Ортада екі кінәлі. Бастары мүлдем салбырап кеткен. Бұл солардың артына келіп отырғалы жатыр еді. Төрде отырған бурыл сақалы төсіне түскен, сары өңді Жұмағазы ақсақал бұған қарап: «Батша, бері кел, қай қазақ қыз баласын босағаға отырғызып еді, қасыма отыр», – деп, сол жағындағы бос орынды көрсетті. Осы сөздерге мұның іші жылып қоя берді. Барып айтқан жеріне отырды.  Үлкен кәке «сөйлеңдер!» дегендей ишара білдіріп еді, жағалай отырған адамдар бірінен соң бірі даттап, бірі ақтап самбырлай жөнелді. Бұл олардың сөзінің ешқайсысын естіген жоқ, екі құлағы бітеліп қалғандай, бар көңілі мен екі көзі алдында қансырап отырған сүйіктісінде болды. Дау ұзаққа созылып жатты…
Тек бұның ойын Жұмағазы ақсақалдың: «Қызым өзің айтшы?» – деген дәл құлағының түбінен шыққан сөзі бұзып жіберді. Байқаса, бұл басын кәкесінің кең иығына сүйеп алыпты. Басын ақырын көтеріп, көзіне түскен маңдай шаштарын саусақтарымен кейін тарап, айналасына қарады. Үй ішіндегі адамдар тым-тырыс өзіне қадала қарап отыр екен. Сондағы айтқан сөздері әлі көкірегінде сайрап тұр. Орнынан тұрып, тамағын бір кернеп алып: «Уа, ағайындар, ауылдың игі жақсылары! Әкем Жолымбай бұл дүниеден өткенде осы отырғандарың бәрің барсыңдар, қазаның артының қайырын берсін, артында қалған қызы мен ұлына қайырлы болсын деп тілемеп пе едіңдер? Қайда сол тілеген қайырларың? Әкеден де, шешеден де жастай айырылған бауырым Мөңке екеуміз не қызық көрдік? Есіркеп көкем қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай, бағып-қақты. Оған шүкіршілік етем. Енді, міне, «бойжеттік, ержеттік» деп отырғанда, шарадай басым шаршы топқа түсіп дал болды, «бақытым» деп бағалағанымның арты дау болды. Сонда деймін-ау, мына алақандай жүректі билеп тұрған сезім қайда? Әйел затының өз мұраты қайда? Бұл құдайға мен осыншама не жаздым? Ата-ананың мейіріміне жарымаған жетім көңілімді, енді өзімнің сүйіктімнің де махаббатына жарытпайын деп отырғаны ма? Өздерің ойлап көріңдерші? Ата-салт деп мені, өзімді танымайтын, жүрегім қаламайтын адамның соңынан жетектетіп жібергенде, қыздарың өмір бойы зарлап өтпей ме? Өмір бойы бақытсыздықтан құса болмай ма? Айтыңдаршы?..» дей бергенде, есік жақта тұрған Басшы ағасының төмен қарап, пора-пора болып жылап тұрғанына көзі түсіп кетті де, жаны шыдамай еңіреп жылап жіберді, одан әрі булығып сөйлей алмай, далаға шығып кетті.
Ертесіне естіді, Жұмағазы ақсақал алқа топтан екі жігітті сауғаға сұрап алып, аттарын алдырып, киіндіріп, тамақтандырып, таңда аттандырып жіберген екен. Келесі күні жеңешесінен естіген тағы бір әңгімесі – сол күні Жұмағазы ақсақалдың Есіркеп көкесіне айтқан сөзі болды. Ол кісі сонда бәрін сезген екен ғой. Көкеме: «Әлгі жігіттің көзі отты екен, дегенінен қайтпайды-ау шамасы, біздің қызды ақыры алып қашып тынатын шығар, олай болған күнде артынан қуғыншы жіберіп, босқа қан төгіп жүрмең. Қамысбай деген қойы қоралас, ауылы аралас, көші бір, құда-жекжатты, нағашылы-жиенді ел ғой, жастар босқа қырылып қалар, ана келген құдалар жағы Қамысбайдың Нияз балдарының шешімін өздеріне қалдырғандарың дұрыс болар. Жаңағы баланың әкесі Манаш та, ағасы Төре де белгілі, беделді кісілер, өздері бірдеңе қылар, ал қыздарыңа ие бола алмадыңдар деп бізге айып тағар болса, жауабын өзім беремін» депті. Айналайын Үлкен кәке әулие екенсің ғой. Айтқаның айнымай келген жоқ па?..
Сол кездегі сүйіктісінің қылықтары есіне түсіп кетіп, жапан түзде өзінен-өзі күліп жіберді. Аңдыған алмай қоя ма? Ақыры алып қашып, бұл айттырған қамысбай ауылы емес, алып қашқан қамысбайдың ауылына барып келін болып түсті. Беті ашылып, қоңырлау тойы өтті. Табиғатында өздері ірі тұлғалы, мінездері тұйық келетін Нияз жігіттері бұл хабардан кейін намысқа мініп, қаруланды. Дау насырға шауып бара жатқасын елдің ақсақалдары ақылдасып, Сүгірдің үйінде кеңес құрды. Сонда қайынатасы Манаш: «Дәнданайдың дауы, Қызданайдың қырғынындай болатын түрі бар, айып бізден, бір әйелге бола ағайын арасы бұзылмасын», – деп, айттырған Сүгірге екі есе қалыңмалын төлеп, бітімге келген-ді…

Сөз соңы

…Мақат стансасы. Вагондарын тіркеп ысқырып келген пойыздың тоқтағанына да біраз болды. «Саяси тұтқындар ең соңынан түсіріледі» деп хабарланды. Жүрегі алып-ұшып, жан-жағына қарап, құжынаған адамдар арасынан жарын іздеді.
– Дәнданай! Дәнданай!.. – Арқа тұсынан қосағының қоңыр дауысы естілді.
– Құрмаш! – деп бұл да жалт бұрылып, оған қарай жүгірді.
Екеуі үнсіз құшақтасып ұзақ тұрды. Жиырма жыл күткен қос мұңлық, бір-бірінен құшақтарын ажыратқысы келмеді. Дәнданайдың жанарынан мөлтілдеген бір тамшы жас үзіліп түсті.
Бір тамшы жас – қазақ аруына тән өрлік пен ерліктің, адалдық пен ғашықтықтың, серт пен сұлулықтың үлгісін көрсете алған хикаяның соңы болғанымен, Махаббат мұнарасының биігіне бірге шыққан жұбайлардың бақытты да, өнегелі өмірінің бастауы еді. Олар жұптары жазылмай ұзақ ғұмыр кешті, ұрпақтары жайылды. Артында мәңгілік дастан болып айтылатын ғашықтар аңызы қалды.

Нұржігіт ХАЙРУЛЛАЕВ,
«Нұр Отан» ХДП
Бейнеу аудандық филиалы төрағасының бірінші
орынбасары, аудандық мәслихат депутаты

«Ақжүніс-Астана» журналы

www.akjunis.kz

Сайтымыздың жаңа мақалаларына жазылыңыз

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Пікір жазу

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

*


1 + = 6

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <s> <strike> <strong>