«Бұл менің Қазақстандағы АНАШЫМ…»

…Олардың барлығы балалар үйінен пана тапты. Әкесі де, шешесі де – тәрбиешілер болды. Бір жол, бір тағдыр оларды Қазақ елінен Бельгияға айдап әкелді. Мұнда келген соң олар жан-жаққа тарап кетті. Алматы облысының аумағындай ғана елдің әр бөлігінде бельгиялықтар асырап алған қазақстандық балалар бар…

Әлия-БельгияБельгия, Фландрия аймағы, Лембеик қалашығы

– …Сенің атың Әлия ғой, Әлия деген қазақтың батыр қызы болған, соғысқа қатысқан, соны ұмытпа, жарай ма? – деген сөзіме қаракөз қазақтың қызы Әлия ақырын ғана басын изеді.

Хулст Питерс, Әлияның асырап алған анасы:
– Қазақстанда қойылған есімі – Альбина. Біз қазақтарда Әлия деген есім бар екенін білген жоқпыз, бір әріптесім болған, ұлты араб, соның есімі Әлия еді. Сосын Әлия деп өзгерттік. Бәрі айтады, бұл өте әдемі есім деп.
Вахт Питерс, Әлияның асырап алған әкесі:
– Оны көрмей тұрғанда «өте арық қыз шығар» деп ойладық, өйткені балалар үйінің басшысы «ол аурушаң» деп айтқан. Бірақ Әлия топ-томпақ қыз боп шықты, өзі сондай сүп-сүйкімді еді. Алып келді де, алдыма отырғызды. Біртүрлі болдым… бұған дейін баланы алдыма алып отырмаппын… Әкелік сезім сол кезден бастап оянды. Ол бізді жатырқаған жоқ, бізге тез үйреніп кетті.
Хулст Питерс:
– Шала туылған, кіндік тұсында жырық бар, біраз қиындықтар болды енді… Кішкентай кезінде көп ауыратын, иммунитеті әлсіз болды. Қазір барлығы жақсы, емдеттік. Туған анасы «баламнан бас тартамын» деп, арыз жазып, тастап кеткен. Әлияның туған бауыры бар, соны білеміз. Шешесінің тұрмысы нашар болған соң, екі бірдей баланы баға алмапты…

* * *
Әлия-Бельгия-2Мен Әлияның салған суреттерін қарап отырмын…
– Мынаны да сен салдың ба, Әлия?
– Иә, бұл – динозавр.
– Динозавр ма? Сен динозаврды көргенсің бе? Бельгияда динозавр бар ма?
– Динозаврлар өмір сүрмейді қазір, мама-папам мені музейге алып барған, киносын көргем.
– Әлия, динозаврлар неге өмір сүрмейді, жоғалып кеткен бе?
– Иә, аспаннан от жауған, планета өртенген, сол бәрін өлтірді.
– Саған динозаврлар ұнай ма? – Әлия фламанша сөйлеп жатыр…
– Мен оларды жақсы көремін, Қазақстандағы анаммен бірге қалған інім де динозаврларды жақсы көретін, сол үшін мен де жақсы көремін. Мен інімді ұмытқан жоқпын…
Әлия беске толды, бельгиялықтар оны сегіз айлығында Алматыдағы 2-ші балалар үйінен асырап алған. Өз ұрпағын сүю бақыты бұйырмаған Хулст пен Вахтың жастары 35-те. Әйелі – хатшы, ері – көлік сататын компанияда қызмет атқарады.
Вахт Питерс:
– Қызымыздың ұлты қазақ екенін мақтан тұтамыз. Ол достарына «мен анамның ішінен шыққан жоқпын, мен Бельгияға ұшақпен
ұшып келдім» деп айтады, әлі бала ғой. Өзінің түр-келбеті еуро-
палықтарға келеді, таныстарымыз Әлияны әйеліме қатты ұқсайды деп айтады.
Әлия: Достарыма мақтандым, «маған Қазақстаннан келді, мені іздеп келді, мені енді Қазақстанда теледидардан көрсетеді» деп айттым. Олар: «Әлия, сен теледидарға не үшін түсесің?» деп сұрады, мен аздап ұялып қалдым, не айтарымды білмей қалдым, үндеген жоқпын…
– Әлия, сен Қазақстан туралы не білесің?
– Ммм… Қазақстан туралы білем, ол менің Отаным, мен Қазақстанда туылғанмын. Ата-анама ылғи айтып жүрмін, «мені Қазақстанға апарыңдаршы, көргім келеді» деп, бірақ олар маған өскен кезде апарамыз дейді.
Бала қиялы деген осы, Әлия қазір жұлдызды салды, жұлдыздың басына тәж кигізіп қойды. «Бұл кішкентай ғана ханшайым» дейді, мүмкін ол өзін салған шығар, кішкентай ғана ханшайымды…
– Жарайсың, үлкен суретші боласың ия, Ван Гог сияқты, Бельгиядағы атақты суретші Әлия боласың, ия?!.
Мынау суретте Әлия анасының үйін салыпты, асырап алған бельгиялық анасының емес, өзін өмірге әкелген анасының үйі. Мынау анасы, бұл Әлияның қиялынан туған сурет, негізінде ол анасының қайда тұратынын, қандай екенін, өзі туралы ойлай ма, ойламай ма, ол жағын білмейді. Бірақ өзі үнемі ойлайтын сияқты…

– Әлия, мына суретті не үшін салдың? Мынау кімнің үйі?
– Қазақстандағы анам үшін салдым, бұл менің Қазақстандағы анашымның үйі, мынау менің Қазақстандағы анашым.
– Сен оны жақсы көресің бе?
Әлия тағы да басын изеді.
– Сен оны ойлайсың ба?
– Иә…
– Сағынасың ба анаңды? Көргің келе ме?
– Иә…
– Көрген кезде не айтасың?
– «Мен сені қатты сағындым» деп айтамын…
– Әлия, сен нені жақсы көресің?
– Мен жылқыларды жақсы көрем, бір рет болса да атқа отырып көргім келеді. Қазақтар атты жақсы көреді екен ғой… Қазақстанда аттар көп екен ғой…
– Иә, Қазақстанда жылқы көп, қазақтар атты жақсы көреді… Келші… – Мен Әлияны көтеріп алдым.
– Сен мені көтермей-ақ қойсаң болады, мен үлкен қызбын ғой.
– Жоқ, жібергім келмей тұр сені…

* * *
Әлияның үйінен аттанарда қазақтың қаршадай қызы үшін бәйек болып жүрген бельгиялық келіншек менен: «Әлия туралы әнді қалай тапсам болады?» деп сұрады. «Қызыма үнемі тыңдатып жүргім келеді» дейді…
Қоштасар сәт те келді… Айналасы екі-үш сағаттың ішінде бір-бірімізге бой үйретіп қалыппыз, қимай қоштастық. Әлия менің бетімнен шөпілдетіп сүйіп жатыр, мен оның бетінен сүйдім…
– Аман бол, Әлия!..
Әлияның анасы 2017 жылы ЭКСПО-ға келетіндіктерін айтты.
– Келіңіздер, біз сіздерді күтеміз!.. Әлия, сау бол, құлыншақ!..
– Бай-бай!..

Жанар БАЙСЕМІЗОВА
«Қазақстан» ұлттық арнасы

Журналға дайындаған
Абзал НҰРМАҒАМБЕТ

«Ақжүніс-Астана» журналы

Сайтымыздың жаңа мақалаларына жазылыңыз

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Пікір жазу

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

*


4 + = 8

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <s> <strike> <strong>