Әділ АХМЕТОВ: Тарихи рөлдерді армандаймын

DSC_5410Әділ Ахметов – театр және кино актері. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, режиссер Нұрқанат Жақыпбайдың өнерге үкілеп қосқан шәкірттерінің бірі, Астанадағы «Жастар театрының» белді актері. «Диляфруздың төрт күйеуі», «Ревизор», «Жан азабы», «Ханша дария хикаясы», «Шырақ жанған түн» және т.б. қойылымдар арқылы оны көпшілік біледі. Ол – «Қалжадағы» Дастан, «Жау жүрек – мың баладағы» Райымбек, «Лаведегі» Әділ, «Алдар көседегі»  Қасым хан, «Цена свободы» картинасындағы  Асхат, «Парыздағы» Асан, «Астана – махаббатым менің» телехикаясындағы Ерлан, «Сұңқардағы» Азамат және қазіргі таңда ұлттық арнадан беріліп жүрген «Қара шаңырақтағы»  Дәулет.

– Сізді  ел «Қара  шаңырақтағы» Дәулет деп таниды. Осы рөліңіз жайлы таратып айтсаңыз…
– Бұл «Сатайфильм» түсірген «Ағайындылар» телехикаясының жалғасы іспеттес 100 сериялы телехикая. Қара шаңыраққа деген, ата-ана, бауырларға деген құрмет, сыйластық суреттеледі. Осы құндылықтарды бағалауға шақырады. Кастинг директоры Жайна Әбдиева хабарласып, «Әділ, дәл қазіргі фотоларыңызды жіберіңізші» деді. Суреттерімді жібердім. Кейін кастингке келуімді сұрады. Алматыға келіп, екі рет видеобайқаудан өттім. Арада уақыт өткен соң Дәулеттің рөліне бекітілгендігімді айтты. Продюсері Астанаға бір келгенінде осындай жоба бар деп, сценарийі жайлы, жалпы концепциясын айтып берген болатын. Ұнады. Өйткені, Дәулет – бапкер, яғни спортшы. Ер мінезді жігіт. Наурыз айының бірінен қыркүйек айының біріне дейін тура алты ай түсірілді. Алты ай түсірілім алаңында болдық десем болады. Дәулеттің образымен өмір сүрдім.
DSC_0008 - копия– Расымен бапкер сияқтысыз. Осы рөлді шығаруда кімдермен кеңестіңіз?
– Бала кезімді бокс үйірмесіне қатысқанмын. Оның үстіне біздің «Жастар театры» Астанадағы «Оқушылар сарайының» ғимаратында орналасқан. Онда бірнеше үйірме бар. Сол жердегі Ержан Көпжасарұлы деген құрдасымнан біраз нәрсе үйрендім. Ол бұрын боксшы болған, спорт шебері. Қазір балаларды дайындайтын бапкер. Ержанның жаттығуларына қатысып, балаларға қалай сөйлейтініне шейін бақылып жүрдім. Кішігірім нюанстарына шейін назардан тыс қалдырмадым. Баланың рингке шығар алдында арқасынан қағып, ояту үшін шашын тартып қалатыны, қолғапты кигізу әрекеттерін бақыладым. Бәрін көрсетіп, айтып берді. Сондай ақкөңіл жігіт. «Батыр аңғал келеді» дейді ғой қазақта. Сұрастырғанда білгенім, бапкерлер қызуқанды болады. Шәкірттеріне дұрыс баға бермеген жағдайда төрешілермен төбелесуге де даяр. Сосын жүрекке салып, беріліп кететіндері бар. Инфаркт алатын кездері де жоқ емес. Қазақстан бокс құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов ағамызбен де бір-екі рет сөйлестім. Сосын спортшы достарымның сөз саптауларын, қылықтарын арасына қосып, қолымнан келгенше бапкердің бейнесін жасадым.
20121013_124250– Ал бала Әділ қандай еді, сол туралы айтыңызшы…
– Мен ауылды да, қаланы да көріп өскен баламын. Алматыдағы «Қалқаманда» өстім. Ол кезде «Қалқаман» ауыл болатын. Үйімізде жылқы мен сиырдан бастап, тауық пен үйрекке дейін болды. Сиырды табынға қосатынбыз. Сырттың жұмысын істедік. Сенбі, жексенбі күндері қалаға қашып кетіп, саябақтарды аралайтын кездеріміз де болған. Ата-әжем, әке-шешем бәріміз бір шаңырақта тұрдық. Мен 5-ші сыныпқа көшкен кезде ата-әжем үшеуміз қалаға, яғни «Тастаққа» көштік. 11-ші сыныпты «Тастақтағы» №58-ші мектептен бітірдім. Әр демалыс күндері ауылға барып отын жарып, су таситынмын. Ата-әжемнің баласы болғандықтан ерке едім, көп қыдырдым. Қазақстанның түкпір-түкпірін араладым, батысы бар, шығысы бар, оңтүстігі бар дегендей. Ата-әжеме еріп, ағайын-туыстың, жекжат-жұрағаттың тойы мен қазасына да баратынмын. Диалекттің бәрін біліп алып, оқуға түскен кезде кімнің қай жақтан екендігін ажыратып отыратынмын. Кейде түрлі диалектпен де сөйлесе беретінмін. Үлкендердің әңгімесін тыңдап өстім. «Бір істі бастасаң, аяқта. Біреуге уәде бердің екен, орында. Ала жіптен аттама. Үйге келген қонақты ренжітпе. «Кісілік – кішілікпен жарасымды», кішіпейіл бол. Ешкімге зияның тимесін. Басқа да адамдардың жақсы жолмен жүруіне себепкер бол» деген сөздерді құлағымызға құйып өстік. Еркін өстік. Шектеу қоймайтын бізге. «Қалқаман» мен «Ақсайдың» ортасында ол кезде трамвай жүретін. Трамвайдың артына жабысып алып ойнайтынбыз. Ойынға қанып өскен балалардың бірімін. 6-шы сыныпта жүргенімде атам маған видеокамера алып берді. Арабиядан алдыртқанын білемін. Сол камерамен үйдегі аттан бастап тауықтарға шейін түсіретінмін. «Хабар» арнасындағы «77 күн» бағдарламасының негізінде өзіміз «777 күн» түсіретінбіз. Шал болып ойнайтынмын. Оны жексенбі сайын үйдегілерге көрсететінбіз. Туысқандар жиналғанда қойып беретінбіз. Оған бәрі күлетін.
DSC_0164– Актер болсам деген ой сол кезде келген ғой?
–  Бәрі сол камерадан басталған сияқты. Біздің бала кезімізде Джеки Чан, Ван Даммдардың түскен кинолары көп берілетін. Сосын Талғат Нығматуллин ағамыз түскен «Волчья яма» деген киноны сүйіп көрдім. Солардың әсері болды десем болады. Мектептің кезінде сыныбымызбен белсенді болдық. Оқу жағынан да, қоғамдық жұмыстар жағынан да, бұзықтық жағынан да. «Алтын күз» секілді байқауларда скетчтер, әртүрлі мерекелік шараларда бар өнерімізді көрсететінбіз. Сосын Ернат деген ағайымыз үйірме ашты. Поэзия жаттадық. Арамыздағы 1-2 жігітке өнер академиясына барыңдар деп бағыт берді. Маған драмаға түссең болады деп айтқаны бар. «Мен драмаға түспеймін. Мен кино актері боламын» деп қоямын (күліп). Актерлікке кино актері болсам деп бардым, театр туралы ол кезде аса біле бермейтінмін. Бірақ оқуға түскеннен кейін ұстазымыз, режиссер, актер, ҚР Мәдениет Қайраткері Нұрқанат Жақыпбай театрға деген махаббатымызды оятты. Театрдың қыр-сырын білдік. Әлі үйреніп жүрміз.
– Мектепте қандай оқушы болдыңыз?
– Сыныбымызда 7 қыз, 18 ұл болды. Барлық жағынан алда жүрдік. Тентек болдым деп айта алмаймын. Сабақты жақсы оқыдым. География пәнінен олимпиадаға барғанмын. Тарих пәнінен сабақ берген Меңдіғали деген ағайым мені дебатқа дайындаған сол кезде. Ауданаралық, қалааралық жарыстарға дейін жеткенмін. Футбол, баскетболды жақсы ойнадым. Қазақша күрес пен таэквондоға да қатыстым.
DSC_3182– Ең алғаш үлкен сахнаға қашан шықтыңыз?
– 2003 жылы Республика сарайында ұстазымыз Нұрқанат Жақыпбай «Қозы мен Баянды» қойды. Сол кезде массовкада билеп шыққанмын. 1 курстың кезі болатын. Театрдағы алғашқы рөлім «Ревизордағы» Дуанбасының рөлі. Кинодағы алғашқы рөлім – Дамир Манабайдың «Кек» фильміндегі Дүйімқараның рөлі. 20 жаста едім ол кезде.
– Театр мен киноны қатар алып жүрген актерсіз ғой. Қайсысы жаныңызға жақын?
– Бұл құстың қос қанаты сияқты дер едім. Құстың бір қанаты болмаса, ұша алмайды. Екі қанаты болғанда қалықтайды. Сол сияқты, менің бір қанатым – театр, екінші қанатым – кино. Екеуін бөліп-жара алмаймын.
– Дайындыққа келгенде ше? Қайсысына көп дайындаласыз?
– Киноға қарағанда театрда бір рөлді ұзақ шығарасың, яғни көп дайындаласың. Дайындық бітіп, бүкіл сөздерді жаттап, образға енген кезде ғана премьера болады. Ал кинода сөздерді сахнаның алдында жаттайтын кездерің болады. Алайда кейіпкеріңді зерттеп, іштей дайын жүресің. Театрда, киноға қарағанда, көбірек дайындық болады.
– «Біткен іске – сыншы көп». Сізге сын айтатын шынайы сыншыларыңыз кімдер?
– Шынайы сыншыларым да, демеу беретіндер де – ата-анам және ұстазым – Нұрқанат Жақыпбай. Көп жұрт «бәрі жақсы» деп жатса да, шын сөзді ұстазымнан күтемін. Өйткені, шәкіртін ұстаз біледі ғой. «Әділ, не істеп жүрсің?» деуі мүмкін кейде. «Жарайсың!» деген бір ауыз сөзін естісең, төбең көкке бір елі жетпей қалады. Барды бар, жоқты жоқ деп айтады. Көптің ойын да ескеремін. «Қай жері жақсы шықты, тағы не қосуға болады?..» деп ойланып жүремін.
DSC_0093 (1)– Сіздегі бір ерекшелік – кинода үнемі бір мамандықтың иесі боласыз. Өзіңіз расымен сол мамандықтың иесі секілді ойнайсыз.
– Ізденесің. «Армандастар» фильмінде хирургтың рөлін сомдадым. Оны алыстан іздеген жоқпын, әкем – хирург. Егер дәрігердің өзі сасқалақтап жатса, емделушінің жайы не болмақ? Олар көп сөйлемейді, салқынқанды болады. Әр кейіпкердің мінезін, тағдырын, болмысын зерттеп, соны сезініп, өз бойыңнан өткізуге тырысасың, сол болып өмір сүресің…
– Сізді түріктің Кенан Имирзалиоглу деген актеріне ұқсататындар бар.
– Кенанға әжем ұқсатып, «Юсуфқа біздің Әділ ұқсайды» деп отыратын. Сол «Асау жүректе» Юсуфтың ғашығы болып ойнайтын қыз екеуміз «Астана – махаббатым меніңде» ғашықтар болып ойнаймыз. Сол Бахар Акча да, түсірілім алаңындағы түріктер де ұқсатқан мені.
– Комедиялық рөл ұсынған режиссер болды ма? Әлде әлі күтіп жүрсіз бе?
– Әлі күтіп жүрмін (күліп). Негізінде театрда комедиялық образдарды сомдап жүрмін.
– Өмірде әзілге жақынсыз ба?
– Сондай кейіпкерлеріме қарап мені әзілге жоқ деп ойлайтындар бар екен. Әзілге жақынмын. Тағы бір жәйт, «Астана – махаббатым менің» телехикаясынан кейін мені қазақша білмейді деп ойлайтындар да бар екен. Есен Елеукен ағамыз: «Сен нағыз қазақтың баласы екенсің ғой. Қазақша тәп-тәуір сөйлейді екенсің» деп таңғалған.
1621843_1522024044711721_1934847318427949274_n– Шетелдерде өтетін еліміздің мәдениет күндерінде концерт жүргізуші болып барып жүргендігіңізді білеміз…
– Бұйырған кезде барып тұрамын. АҚШ, Франция, Түркия, Австрия, Әзірбайжан, Германия секілді елдерде Қазақстанның Мәдениет күндерінде концертік бағдарламаларды жүргіздім. Астанада концерттік бағдарламалар көп болады. Оған да шақыртулар алып тұрамын, шүкір.
– Тойға асабалық етуге шығып тұрасыз ба?
– Қаражаттан қиналған кезімізде тойға да шықтық. Аппаратура алып музыкант та болғанмын, камерамен тойды да түсірдім. Бес жігіт бір бөлмелі жатақханада тұрдық. Айлығымыз 19000 теңге болатын. Ондай кездер де болған.
– Қандай рөлдерді армандайсыз? Режиссер болғыңыз келмей ме?
– Армандайтын рөлдер көп қой. Солардың бірі – тарихи рөлдер. Қазақ халқына еңбегі сіңген ойшылдардың, батырлардың, хан мен сұлтандардың рөлін сомдағым келеді. Ішкі ниетіміз бар. Режиссерлік те ойда бар. Алдымен тәжірибе жинап, жетілейік. Режиссер болу үшін өнердегі ғана емес, өмірдегі тәжірибе де мықты болуы керек. Сол кезде толыққанды дүние шығаруға болады деп ойлаймын. Болашақта тарихи кино түсіргім келеді.
– Әдемі әңгімеңізге рахмет! Шығармашылық өрлеу тілейміз!

 Сұхбаттасқан
Эльенора ӘМІР

«Ақжүніс-Астана» журналы

www.akjunis.kz

Сайтымыздың жаңа мақалаларына жазылыңыз

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

1 пікір

  1. levitra cheap online
    levitra
    meds sale levitra

Пікір жазу

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

*


+ 5 = 7

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <s> <strike> <strong>