Рабиға Байділдәқызы: Жақсылыққа ұмтылғандар ұзақ жасайды

Рисунок (4)Санасы сергек, ойы ширақ Рабиға апаға қарап, ол кісіні 90-ға келген деп әсте ойламайсыз. Алматыдағы балаларын сағынғанда отарбаға отырады да, «Алматы, қайдасың?!.» деп тартып тұрады. «Апа, бүгін біздің үйге жүріңіз!..» деп таласып жүретін балалары мен келіндерінің ортасында, аяғына оралған немере-шөберелерінің бетінен иіскеп, мауқын басып, бір жадырап қалады. Қаланың ию-қиюынан, у-шуынан шаршағанда, кері Шиеліге қарай, қара шаңыраққа, сол қара шаңырақтың түтінін түтетіп отырған балаларына қайта асығады.
Рабиға апаның бет-жүзін шимайлаған өмір іздеріне қарап, өз заманының барлық ауыртпалығын, тағдыр тауқыметін бір кісідей тартқанын аңғару қиын емес. Солай бола тұра, тоқсанның табалдырығын аттау – кез-келгенге бұйырмайтын сыбаға екеніне тағы бір көзің жетеді. Еңсесін тік ұстап, сөзінен жаңылыспай осы жасқа жетудің өзі – сүйегі асылдарға ғана тән құбылыс шығар.
Рабиға әже немере-шөберелерінің атынан жаңылмай, тіпті, қайсысы қай оқу орнында немесе нешінші сыныпта оқитынына дейін шатастырмай, нақ айтып отырғанын көргенде, еріксіз таңғалдық. «Өй, жарығым сол!..» деп шөберелерінің асты-үстіне түсіп бәйек боп отырған қарт әже үшін бұдан асқан байлық жоқ шығар. Тек өз ұрпағының ғана емес, бүкіл құда-жегжаттың зәу-затын жаңылмай тізіп отыратын зерделі жанның болмыс-бітімі жақсылық пен ізгілікке құрылғандай!
Ана бақыты деген осы болар, сірә!..

DSC05648– Өмір көші мәре сызығына жақындап қалды, қарағым, – деп бастады Рабиға апа әңгімесін. – 1925 жылғымын. Бұ дүнияның қызығын да, шыжығын да көрдік. Уақыт алға озған сайын өткенің мен келешегіңді көбірек ойлайсың. Келешегің деп отырғаным – мына жүрген жаман қаралар, осыларды уайымдаймын да отырамын. Ұрпағымыздың заманы тыныш, өмірі бақты болса екен деп жатсам-тұрсам Алладан тілеймін…
Рабиға Байділдәқызы Қызылорда облысының Шиелі ауданы Еңбекші ауылында туып-өскен. Сегіз қырлы, бір сырлы, жігіттің төресі Байтілеске тұрмысқа шыққан соң, отбасымен «Қызыл ту» колхозында тұрады, Ленин атындағы колхозда, сосын сол Еңбекшіде еңбек етеді.
– Шалым фермада жұмыс істеді, қожайынымды «Байеке» деуші едім, (Байтілес атамызды айтады – С.Ә.) Байекең 1941 жылы соғысқа кетер алдында «сенің әке-шешең момын, біреу сұраса бере салады, соғысқа кетпес бұрын өзім сені жар етіп аламын, үйленеміз…» деп, құда жіберіп, мені алды. Мен ол уақта 16 жастамын. Он бес-жиырма күннен кейін өзі әскерге кетті. Ауылдағы қыз-келіншектермен қатар мен де колхоздың жұмысын істедім, колхоздың отымен кіріп, күлімен шықтық.
– Қызылорда – күрішімен даңқы шыққан киелі мекен ғой, апа, сіз де күріш егудің машақатын көрген шығарсыз?
– Күріш өсіру, үйреніп алсаң, мақтадан қиын емес. Қырық күн суда тұру керек, су күріштің құлағына жетпеу керек, әйтпесе шіріп кетеді. Күріш егу үшін иен даланы – Сыр бойындағы кең алқапты шеңгелден тазартамыз. Бір түп шеңгел бір тамның орнындай жерді алып жатады, биіктігі адамның бойындай. Оны шапқанда қолыңда, бет-аузыңда сау тамтық қалмайды, тікен тілім-тілім қып тіліп тастайды. Өзіміз жаспыз, оның үстіне кетпеніміз қайбір жетіскен өткір дейсің? Жүзі майырылып қалған өтпейтін кетпенмен шапқылаған сайын шеңгел де ерегісе түседі. Біздің мықшыңдап шаба алмай қиналып жатқанымызды көріп, қасымызға Ыбекең – Ыбырай Жақаев келді. Ол кісінің кетпені де басқаша, жүзі жылт-жылт етіп лыпылдап тұр. Келді де кетпенімен екі сермеп қалып еді – үйдей шеңгел топ етіп құлады. Сөйтсек, ол шеңгелдің ақтамыры болады екен, сол тамырын дөп басып шабу керек екен. Оны қайдан білейік?.. Содан әлгі шабылған таудай шеңгелді айдалаға қарай сүйрейміз – қатын-қалаш, кемпір-сампыр, бала-шаға жабылып… Ол уақта ауылда бір еркек жоқ… бәрі соғысқа кеткен… Сосын ол шеңгелді өртейміз… Кешке үйге сілеміз қатып келеміз. Келген соң бір кесе шайыңды ішіп алып, тынығу да арман… Шаршап-шалдығып үйге жеткен соң түнімен сығырайған шамның жарығында тігін тігеміз, тоқыма тоқимыз, шұлық тоқимыз, сөйтіп оны өткіземіз… Сталиннің заңы қатал болды ғой…
ару ауыл 061Маңдай теріміз шүмектеп егістік алқабында жүреміз – тұқым себеміз, суын қараймыз, байлаймыз, орамыз. Таңертеңгісін кетіп, кеш қарая жұртпен бірге қайтамын. «Емізулі баласы бар» деп ауылға ең жақын алқаптарға жібереді. Жұртпен бірдей жұмыс істейсің. Құдайдың қарасқаны шығар, қасымда шешем болды, балаларға сол қарады. Таңертеңгісін емізіп кетемін, содан кешке бір-ақ келемін. Күндіз түздің жұмысы, кешке үйге келген соң түнімен үйдің тірлігі бітпейді – түнделетіп екі бие сауамын, екі түйе сауамын, алты сиыр сауамын, сүт пісіремін, ол уақытта дүкенде нан жоқ, түнімен қамыр ашытып, таба-таба нан жабамын. Күбі пісіп, өреге құрт жаямын. Бір құрт алмаймын – бәрін балалар ойнап жүріп-ақ жеп қояды. Сонда менің жаным темір екен ғой… Жүн түтіп, киіз бастым, ұршық иіріп, кілем тоқыдым, сырмақ тоқыдым. Сонда соншама бейнеттенетіндей, қай қызыма жасау жасап жүрмін деймін-ау… Көрші-қолаң, қатын-қалаш кілем тоқыса – кілем тоқыппын, киіз басса – мен де киіз басыппын. Қатындардан қалмайын деп істей беремін әйтеуір… Ол уақытта қолөнер бұйымдарын жасау өміріміздің ажырамас бөлшегі, тірлігімізге еніп кеткен дәстүр еді. Сол әдет бәрібір қалмайды екен, қолым бос отыра алмаймын. Жақында ғана мақта сатып алдыртып, ауылдағы қара шаңырақта отырған балам Бектөренің баласына – Мағжан немереме төрт көрпе тігіп қойдым…
– Сабын қайнатқан кезіңіз қай кез?
– Соғыс уағында да сабын қайнаттық, сол білгеніміздің пайдасы – қайбір жылдар «кірзістің» кезінде сабын жоғалып кетті ғой, сол кезде де сабын қайнаттым. Ауылдағы барлық қатындар келіп менен сабын алатын. Сатқам жоқ, құдай сақтасын, сұрап келгендерге тегін бердім. Өздеріне де көрсеттім, үйреттім, бірақ үйрене алмай-ақ қойды. Сабын қайнатудың да өз сыры бар, әдіс-тәсілі бар. Үйреніп алған соң түк те қиындығы жоқ. Мен саған сабынды қалай қайнату керектігін айтайын, істей алсаң – істедің, істей алмасаң – сені ешкім соттамайды… (Рабиға апа сабын қайнатудың әдісін айтып берді – С.Ә.)
00000000000033– Атақты күрішші Ыбырай Жақаевпен бірге күріш егіпсіз…
– Е-е, ол рас… Біз, қыз-келіншектер, етегімізді түріп алып, оң иығымызға бір дорба, сол иығымызға бір дорба тұқымды асып, каналды кешіп арғы бетке алып өтеміз. Дорбаның әрқайсысы 20 келіден. Каналдың суына малынғанда дорбамыз тіпті ауырлайды. Қап көтеретін бір еркек жоқ, өңкей қыз-қырқын, қатын-қалаш… Ыбекең каналдың шетінен қазып, баспалдақ жасап қойған. Ол сол жерден өзі көтеріп ары қарай алып кетеді. Сондағы Ыбекеңнің еңбекқорлығын айтсайшы! Тұқым себудің де сыры бар. Ыбекең тұқымды құлаштап тұрып шашқанда, әр күріш өз орнын дәл табады-ау. Аяқ қиімін шешіп тастап, жалаң аяқ жүріп шеңгел шабады, тұқым себеді… «Аяғыңызға тікен кіреді, киіп алыңыз» десе, тыңдамайды. Айтқанымыздай, бір жолы Ыбекеңнің табанына бармақтай тікен кіріпті. Өзі алып тастамақ болып ары-бері көрген, ала алмаған. Жұмысын істеп кете берген. «Тікен суға тисе жібиді, алуға оңай болады…» деп суды кешіп жүре берген. Табаны жерге тиген сайын тікен ары қарай тереңдей беген.
Түскі ас кезінде алқаптың басында ошаққа, дәу қазанға тамақ пісіреміз. Суды каналдан тасимыз, шай тапшы, шай орнына каналдағы жалбызды қайнатып ішеміз. Содан болар, бір күн ауырып көргеміз жоқ…
Бірді айтып, бірге кеттім ғой… Содан түскі ас кезінде бір сәт тынығып отырған едік, қасымызға келген Ыбекең «аяғым шыдатпай барады, көріңдерші…» деді. Сөйтсек, аяғына бармақтай жуан шөңге кіріпті, табанын тесіп кеткен. Әлгіні әйелдер инемен, жуалдызбен алмақ болып ары-бері айналдырып көрді, бірақ ала алмады. Бір уақта Ыбекең:
00000000000033a– Қалқам, сенің саусағың сүйрік, тырнағың епті сияқты, ала аласың ба мына тікенді? – деді.
– Қайдам… көрейін… – дедім де, ішімнен «бісміллә, я құдай, жар бол!.. я әруақ, жар бол!..» деп Ыбекеңнің қасына келдім. Өзім қорқып отырмын. «Ала алмай қалсам, ұят болады-ау… бұл қиын болды-ау…» деп уайымдадым. Жаспын ғой, жиырмаға да толмағам, қобалжып, дірілдеп тұрмын. Соны сезген Жақаев:
– Қарағым, сен бата алмай отырсың ғой, қорқып отырсың ба? – деді.
– Жоқ… – деп, өзімді қолға ала қойдым. Іштей «нар, тәуекел, бір құдай қолдасын, ата-бабамның әруақтары жебесін!..» дедім де, Ыбекеңнің аяғындағы шөңгеге қарасам… ой, сұмдық-ай!.. Менің сұқ саусағымдай жуан шөңге табан етін ырситып терең кіріп кетіпті, болар-болмас, ілінер-ілінбес көрініп тұр. Бұл шөңгені тісіммен жұлып алмасам, басқадай ала алмаспын деген ой келді. Ыбекең алдында ғана аяғын тазалап жуып келген. «Нар, тәуекел!.» деп, тістедім де, ары-бері тартып көдім. Болмады. Екінші рет тағы тісіммен тартқыладым, суыра алмадым. Осылай үш рет қайталанды. Бұрынғыдай емес, тікеннің жартысы көрініп қалды.
Күнұзақ бір ауыз сөйлемейтін кісі «алда, қарағым-ай, сені де әуреледім-ау…» деп бәйек боп отыр. Бір уақытта аз-маз дем алып, «аға, тағы бір көрейін, сіз денеңізді қатты бекем ұстап отырыңыз…» дедім де, бір құдайға қайта жалбарынып, тағы да екі тарттым. Үшінші рет тартқанда шөңгені жұлып алдым. Аузымның бәрі қан болды. Ыбекең балаша қуанып, «рахмет, қалқам, тәуір боп қалды» деп алғысын айтты. Сөйтіп, аяғын қайта жуып, бірдеңе жақты да, шүберекпен байлап қойды. «Ал енді жұмысымызға кірісейік…» деді де, аздап ақсаңдай басып, түк болмағандай қайтадан жұмысына кірісті. Сол еңбегінің арқасында атақты күрішші атанды, екінші рет герой орденін алды. (Социалистік Еңбек Ері атағын айтады. Сол жылы Ыбырай Жақаев күріш өсіруден әлемдік рекордты жаңартты. Сыр бойында әлемдік рекордты жаңартқан жер бұл күнде «Ыбырай түбегі» деп аталады – С.Ә.).
PIC00437– Әкеңізге келіншек әперіпсіз ғой, сол әңгімеңізді айтып беріңізші…
– Иә, Мырзагүл шешем марқұм, ол уақытта тірі. Әкем Байділдә 73-те, шешем де қартайған шағы. Содан бір күні көкеме: «Көке, нешеге келдің?» деп едім, «Ана Бәтіш сайтанмен жастысың, 73-тесің деп айтты ғой» дейді. Өзі нақты жасын білмейді де, қазақы ғой. Ол кезде Байекең парторгтық қызметке ауысып, Ленин колхозына көшкенбіз. Сол ауылдан арнайы әкеме келіншек әперу үшін келдім. Ауылда бір жақсы келіншек бар еді, Шарипа деген, жасы қырықтан асқан, өзі күйеуі өліп жесір қалған, апасы екеуіміз соны айналдырдық. Сонда көкем жарықтық «алайын» да демейді, «алмаймын» да демейді. Сол келіншекті ақыры әкеме кемпірінің үстінен алып бердім. Менің шешем сегіз қыз тапқан. Кейінгі жас шешеміз екі ұл туды. Кейін әке-шешеміз өлген соң, ол екі інім өзімнің қолымда өсті. Сол екі інімнен әкемнің ұрпағын жалғап отырған оншақты бала бар, құдайға шүкір.
– Апа, Байтілес атамыз соғыстан қай жылы қайтты?
– Байекең 1945 жылы соғыстан аман-есен оралды, коммунист болды, ауылсовет болды, парторг болды. Үлкен қызметтер атқарды. Қандай жұмыс істесе де, адалдығынан жазбады, елге сыйлы, жұртқа абыройлы болды. 1947 жылы тұңғыш қызымды босандым. Шалым сонда «әруаққа бер, атын атама» деді, осы күнге дейін атын атамаймын, 67-ге келеді. Жас күнінде «Тілектің қызы» деуші едім, кейін күйеуге берген соң «Тілектің келіншегі» дейтін болдым. Қазалыда тұрады, балалы-шағалы. «Апамды жіберіңдер, өзім қараймын» дейді. Мен өз үйіме қайтқым кеп жүр, оған балалар «күн жылынсын, жер қарайсын…» деп жібермей отыр…
Одан кейін тағы бір қыз, он ұл таптым, аллаға шүкір. Балаларымның бәрі – ер бала. Үй тірліктерінің бәрін өздері атқарды – екі баладан кезектесіп үй тазалайды, ыдыс-аяқ жуады, екі бала қора-қопсыға жауапты, шөбін әкеледі, малға қарайды. Бүгінде бәрі де үйлі-баранды, бәрінен немере көріп, шөбере сүйіп отырмын, тәубе…
00000000003– «Атаның ұлы болма, адамның ұлы бол» демекші, он екі баланың ішінде Нұртөре Жүсіп деген балаңыз бүгінде қазақтың баласына айналды. Нұртөре ағамыз бала кезінде қандай еді?
– Нұртөре көп оқитын, кітап оқығаннан шаршамайтын. Басқа балалар ойын қуып жүрсе, Нұртөре ең тыныш, жайлы бөлмеге кіріп алып, кітап оқып отыратын. Бір күні Нұртөрені жоғалтып алып, бүкіл ауыл болып шулап іздедік. Ешкім көрмеген, ешкім білмейді. Жанымды шүберекке түйіп, құдайға жалбарындым. Суға кетті ме деп, өзенге қайта-қайта барамын. Үйдің артында кәрі емен бар еді, діңгегі қуыс болатын. Кәдімгі ін сияқты ма, үңгір сияқты ма… Сөйтсек бұл балам сол еменнің қуысына үйден төсеніш, көрпе-жастық, ыдыс-аяқ апарып, өзіне жайлы үй жасап алыпты. Сол жерде кітап оқып жатып ұйықтап қалыпты. «Нұртөре!.. Нұртөре!..» деп үйдің артына айналып тағы бір айғайлағанымда, «Не?» деп ағаштың қуысынан шығып келе жатыр…
Нұртөрем сабақты жақсы оқыды, мектепті алтын медальға бітірді. Үй тірлігіне де қолғабыс етті, Нұртөре тамақты дәмді дайындайтын. Нұртөре қалаға келгенде 5 қабатты биік үйде тұрды, сонда балам лас жерді баспасын, жолы таза болсын деп, әлгі үйдің баспалдағын түгел күнде сыпырып қоямын. «Апашка күнде баспалдақ сыпырады» деп көршілер таңғалып жүреді. Оның несіне таңғалатынын… Балаларымның бәрі де, құдайға шүкір, мені жерге қаратқан жоқ, сабақтары да, тәртібі де жақсы болды. Бәрі де бауырмал, мейірімді, тату-тәтті, көпшіл, еңбекқор болып ержетті. Енді осы құлындарымның алдында алса, арманым жоқ…
– Ұзақ жасауыңыздың сыры неде, апа?
– Кім жаман ойдан аулақ болса, өкпе-реніш, кек сақтамаса, кешірімшіл болса, күндестік, көреалмаушылық деген жаман мінездерді бойына жуытпаса, адамдарға тек жақсылық ойлап, қолынан келгенінше жақсылық жасаса, көп еңбек етсе, адал жүріп-тұрса – сол адам ұзақ жасайды.
– Балаларыңызға, жастарға қандай өсиет айтасыз?
– Жас кезде адам кейін қалдым, кеш қалдым деп ойламайды, өйткені уақыттың қадірін білмейді. Сондықтан уақыттың қадірін білуді үйреніңдер. Жас күніңде оқу оқып, білім іздеп, өнер үйренсең қор болмайсың. Ал қартайғанда оның бәрі кеш болады. Өкініш деген сол. Бір-біріңнің қадіріңді біліңдер, бір-бірлеріңнің көңілдеріңе қаяу салатын ауыр сөз айтпаңдар. Тек жақсылық жасауға ұмтылыңдар. Жақсы ойлаған ұзақ жасайды. «Жақыныңды жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін» дейді, сый-құрметтеріңді жоғалтпаңдар, айналайын. Ата-аналарыңды сыйлаңдар. Біз қашанғы жүрер дейсіңдер?!. Келместің кемесі бізді де күтіп тұр… Тату-тәтті болыңдар!..

Сұхбаттасқан
Сәуле Әбединова

«Ақжүніс-Астана» журналы

www.akjunis.kz

Сайтымыздың жаңа мақалаларына жазылыңыз

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Пікір жазу

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

*


− 3 = 6

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <s> <strike> <strong>