«Арыны алаш десе ақтарылған…»

Мұхтар Арын

Мұхтар АРЫН, академик:
Өзіңді-өзің білгің келсе, өз ұлтыңды терең танығың келсе, бес анықты жақсы білуің керек:
Біріншіден, сол ұлттың тілін жақсы білуің қажет. Жиналған рухани байлықты ұрпақтан-ұрпаққа тіл жеткізіп беріп отырмаса, әр ұрпақ өзінің рухани өмірін жаңадан бастаған болар еді.
Екіншіден, сол ұлттың дінін терең меңгергенің жөн. Дінде ұлттық рухты құраушы, соған белгілі бір мазмұн беруші, тәртіпке салушы күш бар.
Үшіншіден, сол ұлттың дәстүрін толық бойыңа сіңіруің тиіс. Ұрпақ пен ұрпақтың бірін бірі жақсы түсінуі, олардың арасында алшақтықтың болмауы, өзара қарым-қатынастың үзілмей жұптасуы, әдет-ғұрып, салт-сананың біртұтас болуы осы құбылысқа байланысты.
Төртіншіден, сол ұлттың тарихын бес саусағыңдай білгенің абзал. Өткенді халыққа жеткізіп беріп отыратын біздегі ең күшті, ең ыңғайлы тәсіл – ұрпақтан ұрпаққа, ауыздан ауызға беріліп отыратын деректер.
Бесіншіден, сол ұлт мекендеген жердің ой-шұқырын жақсы білуің парыз. Қазақ халқы мекен мәселесіне өте терең, ілтипатпен қараған халық.

 

 

Өмір-дерек:
Мұхтар Ғалиұлы Арын – қоғам және мемлекет қайраткері, қазақтың біртуар азаматы, ағартушы ғалым, ұстаз. 1936 жылы қазіргі Алматы облысы Ақсу ауданының Ақсу ауылында дүниеге келген. 1953 жылы орта мектепті және 1957 жылы Алматы Шет тілдер институтын үздік бітіргеннен кейін осы ұжымда қызметке қалдырылып, өзінің еңбек жолын бастаған. Алғашында оқытушы, одан кейін филология ғылымының кандидаты, Шет тілдер институтында тұңғыш ашылған неміс тілі грамматикасы кафедрасының меңгерушісі болған. 1974-1981 ж. Абай атындағы Қазақ педагогика институтында проректор, 1981-1983ж. Қазақ КСР Білім министрлігінде педагогикалық жоғары оқу орындары бөлімін басқарған. 1983 жылы шілдеде Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе педагогика институтының ректорлығына жіберіліп, өмірінің соңына дейін осы қызметте болған.

2011 жылдың көктемінде – мамыр, маусым айларында Ақтөбе, Талдықорған қалаларында өткен «Мұхтар Арын оқулары» атты ғылыми-тәжірибелік конференцияларға қатысқаным бар. Бұл шаралар екі өңірдің де көптеген жетістіктерге жетуіне Мұхтар ағаның қосқан үлесінің қомақты екенін жұртшылық алдында паш етті. Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институт ғалымдары, жалпы ақтөбе жұртшылығы Мұхтар Ғалиұлының білікті басшылығының арқасында жеткен жетістіктерін, тұрмыс-тіршіліктеріндегі оңтайлы өзгерістерді ауыз толтыра айтып, тауыса алмады. «Ақтөбенің Абайы» деп мақтан етіп, Мұхтар ағаның аса ойлы адам болғаны туралы ақпарат арналары, университет, институт шаңырағы сайрап тұрды.

Мұхтар Арын

Мұхтар Арын жары Райхан апаймен

Тасында суреті, тауында құдыреті бар киелі елдің баласы екенін Жетісу елінің азаматтары да мақтан ете білді. Сол сапарларымның арқасында Арындар отбасымен жақын жүздесіп, кереметін тереңірек танып, ләззат алып қайттым. Әсіресе Мұхтар ағаның жұбайы, өмірлік досы, серігі, асыл асықтай балалардың анасы Райхан апамен жақын қарым-қатынаста болып, еркін жүздесіп, ол кісінің керемет тектілігін, қарапайымдылығын, адамгершілігін танып-білдім. Нағыз қазақ әйеліне тән кемеңгерлік, кеңдік бар. Мен ол кісіні «Райхан апа» деп атап кеттім. Райхан апа әңгімені жақсы айтады екен…
Райхан апа бала кезінде Күлжәмилә әжесінің қолында бұрын-соңды өткен өмір жайлы шерткен сырын, естіген, білген, оқығандарынан асыл дәндей тазаланған әңгімелерін естіп, бойына сіңіріп өскенін қызықты етіп баяндайды. «Бала нені білсе жастан, ұядан, өле-өлгенше соны таныр қиядан» деп Жүсіп Баласағұн айтпақшы, Райхан апа сол әке-шеше, ата-әже ақылын, тәлім-тәрбиесін өмірлік ақыл-өнегеге айналдыра білген жан. Ол кісінің қауыммен жүздесу сипатының өзінде бүкіл оңтайлы қарым-қатынас психологиясының ұстанымдары тұнып тұр. Бірден көзге түсер қасиеті – қарым-қатынас өнегесінде жалпы адамзаттық құндылықтарды түсіне білуі, қарама-қайшылықтарды жоюда болжамдар құра білуі, ерекше тәрбиелігі және ақ пейілдігі. Райхан апайдың: «Әр заманда, әр кезеңде халқына қадірлі, айналасына абыройлы адамдар болған. Біреу басындағы бақ-дәулетімен, біреу қолындағы билік-мансабымен, енді біреулер бойына біткен өнер-дарынымен атақ-даңққа бөленеді. Бірақ солардың барлығына бірдей қажетті тағы да бір қасиет бар. Ол – адамгершілік» деген іші алтын, сырты күміс сөзінен ең басты өмірлік ұстанымы адамгершілік екені байқалды. Дәрігерлік кәсіпті таңдауының өзі Райхан апаның жүрегінде мейірім мен ізгілік дәні мол екенін аңғартпай ма?
«Ата – асқар тау, ана – бұлақ, бала – жағасындағы құрақ» деп халық тегін айтпас. Мұхтар Ғалиұлы Арын «Тәрбие деген тәңір бар» деп, шын тәрбиенің тәңірін түсіне-түсіндіре білсе, Райхан апа сол «тәңірге» сай тәрбиенің мазмұны мен сипатын танып, іске асырып, өз ұрпағына, ел баласына әсер етудің сара жолын таңдауда жаңылмағаны хақ. Райхан апа бүгінде аяулы жар, асыл ана, ардақты әже. Ол кісі адамгершілік, ізеттілік, сыпайылық тағы сол сияқты игі қабілет-қасиеттерімен, киелі ісімен өнегелі өмір сүруге ұрпағын тәрбиелеп келеді.
Әрине, мұндай ата-ананың ұрпағы да ерекше болмақ.

Мұхтар Арын

Мұхтар Арын отбасымен

Оған дәлел – тұлғалық беделдері биік еліміздің біртуар азаматтары болып өскен ұлдары – Ерлан, Нұрлан, Абай және ізетті де тәрбиелі қыздары – Хорлан, Жанна. Бүгінгі күні Ерлен мен Нұрлан әке-шешесі ұйтқы болған отбасылық өмір сүру үлгісіне сәйкес Ризат, Шәрбану сынды жар таңдап, балалы-шағалы, үбірлі-шүбірлі болып отыр. Ерлан мен Нұрлан егіз қозыдай әке-шешесінің өмір сүру салттарынан ғибрат алып, мән-мағынасын сіңіріп, өмірлік үлгіге айналдырып отырғанын білеміз. Асыл ойлы адамның ұрпағы болғандықтан екеуі де өмірдің күрделі жолын таңдаған.
Ерлан Мұхтарұлы – еліміздің білікті ғалымдарының бірі, Павлодар облысының әкімі. Мұхтар ағадан көрген төл өнерді төрге шығарып, бүкіл ақыл-ойын, ғылыми, ұйымдастырушылық қабілеттерін ел қамы үшін жұмсап жүр. Қазақ елінің қай жерін болса да өзінің туған жеріндей, думан жеріндей көріп, Кереку еліне келіп, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің тұрмыс-тіршілігіне ректор ретінде тың мазмұн, жаңа сипат берді. Соның арқасында бұл ұжымның өрісі жазылып, қажырлы еңбек етуге дағдыланғаны бүгінгі күнде еліміздегі білім беру саласындағы беделінен белгілі. Ерекең асыл ойдың бұлағы секілді, керемет, ерекше идеяларды, оларды іске асырудың амалдарын ұсынып, кез келген ұжымды жұмылдырудың ебін таба білуі қазіргі лауазымына лайық.
әл-Фарабидің «тәннің кемелдігі – денсаулық», «тән саулығы жоқ жерде жан саулығы да болмайды» дегеніне дәлел болатын мамандықты Нұрлан Мұхтарұлы таңдап, тірліктің қуаты – елдің денсаулығына еңбек етуде. Нұрлан Арын медицина ғылымының докторы. Оның бұл мамандықты таңдауы, адам жанына жәрдем жасай білуі осы істе қолының жеңілдігі әке-шешеден жұққан қасиет екенінің дәлелі.
Аса ойлы адамдардың ұрпағы болғандықтан екеуі де өмірдің күрделі, бірақ маңызды, мағыналы кезеңін абыроймен бастан кешіп келеді. Әкелері Мұхтар Арыннан, шешелері Райхан Бердіқожақызынан көрген төл өнерді төрге шығарған деген, міне, осы.

Ғалиябану Махметқызы КЕРТАЕВА,
 педагогика ғылымдарының докторы,
профессор,
С.Торайғыров атындағы
ПМУ-ің кафедра меңгерушісі

Райхан Арын   Райхан АРЫН,
   Мұхтар Арынның жары, зейнеттегі дәрігер:

   Мұқаңды «Ақтөбенің АБАЙЫ» дейтін…

Менің негізгі қызметім дәрігер. Ал Мұқаң неміс тілінің маманы. Берлинге де барып, ғылыми тақырыбына мате-риал іздеді. Докторлық жұмысын 1980 жылдары Мәскеуде қорғады. Қазақ балаларына арнап неміс тілі кітабын жазды.
Мұқаң – қазақ халқының асыл перзенттерінің бірі еді. Небәрі 59 жасында өмірден өтті. Аз ғұмыр кешсе де, артында аты мен абыройы қалды, еліне сіңірген еңбегі қалды. Мұқаңның пір тұтқан адамы – Абай еді. Тұңғыш немересінің атын да Абай деп қойған өзі. «Абай атасы сияқты болсын деп атын қойдым…» деп, немересі не істесе де, «әй, жарайсың!..» деп мақтап қоятын. Мұқаң кейіннен құран оқитын болды. Сонда Абай алдында отырады, кіп-кішкентай болып, көздері бақырайып…
Мұқаңның туған жері – Талдықорған, бірақ өмірінің соңғы жылдары Ақтөбеде өтті, Ақтөбеде мектеп ашты, Есет батырдың, бірқанша аталардың басын қарайтты. Ақтөбе педагогика институтының ректоры болып жүрген кезінде университет статусын алып беруге қаншама жүгірді, университет атағын бере қоймады деп қатты уайымдады. Ақтөбе қаласы үшін көп тер төкті. Тіпті халық «Ақтөбенің Абайы» деп атайтын көзі тірі кезінде-ақ…
Биыл қайтыс болғанына 16 жыл болды. Алматы облысы, Сарқан ауданы, Бақалы ауылында жатыр. Жылда басына барып құран бағыштаймыз…

 

МҰХТАР ҒАЛИҰЛЫ АРЫННЫҢ ҚАНАТТЫ СӨЗДЕРІ

Дүниеде үш қиын бар: біріншіден, жол беру қиын; екіншіден, жаныңдай жақсы көретін адамнан айырылу қиын; үшіншіден, жаныңдай жақсы көретін адамды табу қиын.
***
Бақытты болу деген – адам баласының фәниден өткеннен кейін өзінің артына рухани мол мұра қалдырып, мэңгілік жасауы.
***
Қолыңнан келсе, жаныңдағы адамдарға жақсылық жаса, кем дегенде, жамандық жасама.
***
Өмірде үш жөнге сүйену керек: Құдай жөні, Адам жөні, Заң жөні.
***
Ешкімнен ештеңе дәметпе, ешкімге өкпелеме, қолыңнан келмесе уәде берме.
***
Мен осы жалғанда Алладан қорқамын, Аруақты сыйлаймын, ал жақсы адамнан ұяламын.
***
Адамгершілік, Парасаттылық, Зиялылық – әке қанымен, ананың ақ сүтімен, тәрбиемен бірге келеді.
***
Ата-ана түзелмей, жас ұрпақ, шәкірт түзелмейді.
***
«Бес анық» – өз ұлтының өркениетті ұлт болып қалыптасуының Ережесі. «Бес анық», яғни, осы бес белгінің (тіл, дін, тарих, дәстүр, атамекен) игерілу дәрежесімен Ұлттың да, адамның да рухани тұғырының биіктігі өлшенеді.
***
Анаңның ақ сүтімен дарыган ана тіліңнен қасиетті ештеңе жоқ. Ана тіліңді білу – парыз, ал өзге тілді білу – өнер.
***
Халықтың тәрбиелілігі – басты міндет. Тәрбиелі халық – өзін-өзі жолға қоя білген халық. Мектеп – пәндерді оқытатын орын ғана емес, Адамды тәрбиелейтін қасиетті орын.
***
Жастарға айтар ойлар көп. Оларға айта беру керек, айта беру керек. Ызың керек, жігіттер, ызың керек! Біреуі болмаса, біреуі құлақта қалады.
***
Үш нәрсеге асығу керек: өлікті жерлеуге, қарызды беруге, қызды ұзатуға.
***
Адам өмір сүріп, із-түзсіз жоғалып кетсе, нағыз бақытсыздық болады.
***
Табиғаттың кез-келген көрінісін ақылшы деп қарау керек. Адамға ой салатын да табиғат.
***
Өмір тәжірибесі мен ақылдылығының нәтижесінде адамда білімділік, іскерлік, кемелділік туады.

Адамның үлкен мекені – табиғат, кіші кіндік мекені – отбасы.
***
Елді түзеу тәрбиеден басталмақ.
***
Тілімізді анама, мекенімізді атама балаймын.
***
Тіл – тек ұлттың ішкі құдіреті ғана емес. Ол – сол ұлтты басқаға таныта білетін құрал.
***
Пәтуәсіз сөзден жүгенсіз ат дұрыс.
***
Бәрінен рухың биік болсын. Тіріні өлтіру – тәнін құрту, өліні өлтіру – рухын құрту.
***
Екі түрлі шындық болмайды. Шындыққа екі түрлі көзқарас болуы мүмкін.
Адам бойындағы қастерлі қасиет – ұлтшылдық. Ұлтшылдығы бар адам жамандыққа оп-оңай бара бермейді.
***
Тілдің құрылымында халықтың дүниетанымының, тарихының, дәстүрінің, рухының ізі жатқан сияқты.
***
Атадан балаға қалар рухани мұраның ең қасиетті сыбағасы – тіл. Ол екі ұрпақты қауыштырушы, ұштастырушы үлкен күш.
***
Бұрын біз, ұстаз дейтінбіз, қазір мұгалім деп кеттік. Бұрын біз емші дейтінбіз, ал қазір дәрігер деп кеттік. Емші – адамның жанын емдейтін, ал дәрігер – тек дәрі беретін адам болып шықты. Бұрын біз шаңырақ дейтінбіз, ал қазір жанұя деп кеттік. Сонда біз қайда бара жатырмыз?! Осының бәрі рухсыздықтың белгісі.
***
Нағыз қазақ болам десең, қазақтың қасиетті және киелі жерлерін бірдей білуің керек, әрі бәрі бірдей жүрегіңе ыстық болу керек. Балам, Алматыда тұрып, мысалы, менің Баянауылым десең, сонда сен нағыз қазақ боласың (баласы Ерланға айтқан – ред.).
***
Адамның қалыптасуына екі күш әсер етеді: ол тегі мен ортасы. Кімнің тегі жоқ дейсің. Жақсы ортада болуға тырысу керек.
***
Әр әкенің бақыты – баланың беделі арқылы танылуы.
***
Ауылдағы еш жерде оқымаған, сақалы беліне дейін түскен қарияға өзіңнің ғылыми идеяларыңды түсіндіре алсаң, сонда ғана нағыз ғалым боласың, балам.
***
Тәрбие деген тәңір бар.
***
Білімнің екі түрі бар: біріншісі – ауыздағы жаттанды білім, екіншісі – жүректен шыққан нағыз білім.
***
Жақсыға жақсылық көрем деп барады.

Сайтымыздың жаңа мақалаларына жазылыңыз

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

4 комментария

  1. Света Айтбаева :

    Бұл кісі жайлы көп жазыла бермеуші еді. Кейінгі ұрпақ үшін ұлылардан дұрыс үлгі қалдырып жүр екенсіздер, журнал ұжымы! Осы үрдіс жалғасса екен деймін…

  2. Мұхтар ағамыз «жалпақ елдің Абайы»- деген атаққа әбден лайық қой. Бірақ, ұлы абайдан аса алмасымыз тағы бар. Аллаға шүкір дана Абайдың көзіндей етіп Мұхтар ағаны жаратқаны үшін. Шіркін, Мұхтар, Ақселеудей ұлдар қашан туылар екен. Жаратқан, алтын құрсақ аналардың жатырына мырзалық таныта көр! Нұрлан, Ерлан деген екі ұлының артында болғаны, Абайының барлығына да шүкір! Арын әулетінің алтын тіндері ғой! Алла соларға ұзақ ғұмыр бергей! «Тұлпардың тұяғын» басқандар ғой! Ағаның арманы да жоқ шығар, осындай ұлдар тәрбиелеп өсірген! Ақтөбе өңірі үшін Ағаның орыны әрқашан-биікте! Мұхтар аға туралы күнде жазылса да бізге артық етпейді!

  3. Сағынай Ақбөпе :

    Шыны керек, бұл кісі туралы көп білмейді екенмін. Өзім оқитын Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің ректоры болғанын кейін білдім. Біздің университет үшін жасаған еңбектерін, қандай биік, парасатты тұлға болғандығын ұстазым ф.,ғ.,д.,Баян Бораш Тәліпұлынан естідім. Бұл да өзі өркендеткен, еңбек еткен оқу орнының ол кісі туралы көп айта қоймауы, бір кемшілігі шығар…..

  4. Viagra Pills 100 Mg Walmart accutane online canada no prescription Buy Diflucan Online Australia cialis Drug Stores That Carry Esomeprazole Cialis Was Beachten

Пікір жазу

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

*


3 + 7 =