Айнұр Әбдірәсілқызы: Хауа ананың зары

Айнур АбдирасилкызыӨмір-дерек:

Айнұр Әбдірәсілқызы 1976 жылдың 4 шілдесінде туған. Филология ғылымдарының кандидаты, араб әдебиеті (құрантану) бойынша ғылым магистрі. Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің бакалавриатын, магистратурасы мен аспирантурасын тәмамдаған. ҚазҰУ құрамындағы «Әлем тілдері және халықаралық журналистика» университетінің, Түркия Республикасының Анкара университеті мен «TOMER» тіл үйрету орталығының арнайы курстарын бітірген, «Жиһан» ақпарат агенттігінде журналистік машықтанудан өткен. 1998-2005 жылдар аралығында Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Араб филологиясы және Қазақ әдебиеті кафедраларында оқытушы, Терминдер сөздіктерін даярлау және аударма орталығында аудармашы, редактор, Ясауитану ғылыми-зерттеу орталығында жетекші маман, ғалым-хатшы, директор орынбасары қызметтерін атқарған. 2005-2011 жылдары ҚР Ұлттық Ғылым академиясының М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері, ҚР Ұлттық кітапханасының Редакциялық-аударма бөлімінің меңгерушісі, ҚР Мәдениет министрлігі Дін істері комитеті Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығының Діни орталықтарды зерттеу бөлімінің бастығы болып жұмыс істеген. 2011 жылдан ҚР Дін істері агенттігінің Діни оқу орындарымен байланыс және дінтану сараптамасы басқармасының басшысы қызметінде болды. Қазіргі уақытта ҚР Дін істері агенттігі төрағасының кеңесшісі қызметін атқарады. 7 кітаптың, 100-ден астам мақаланың авторы, 20-ға жуық ғылыми-танымдық басылымдардың редакторы. Ақын, Н.Төреқұловтың 105 жылдығына арналған республикалық мүшәйраның жеңімпазы.

  Хауа ананың зары

…Жазмышқа таңар жұмақы жанды
Саябыр еді, сұрапыл алды.
Жаратушының жасампаз ісі
Жаратылысқа, сірә, тұман-ды…

Сиқыр боп тартар саналы жанды,
Сырқұмарлықтың алауы жанды.
…Тәнімнің емес, жемісте сол бір
Жанымның, бәлкім, қалауы бар-ды.

Белгісіздіктің дерті күшті еді,
Тағдыр боп тапты толқын іштегі.
Жәннатты жайлап, сезінбей, сүймей,
Періште болу қорқынышты еді…

Адасқан сәттен айбынды сертім,
Қызығым емес, қайғым-дүр еркім.
Арман мен ажал арылмас мұң боп,
Жұмақтан жылап айрылдым сол күн…

Болмыстан берік бар ма тірегім?!
Адами ғұмыр – арда тілегім.
…Жан-дауа жоқпен жол тарттым жырақ,
Жұмыр жер болғай жәннатым менің…
* * *
…Бозмұнар көшкен далада
Бұлың да бұлың бел жатыр.
Сағыныш ескен санада
Сақтарсың нені, сен ғапыл?!

Жалғанды ойлап жүдесең,
Жазмыштан жалғыз жанға үкім:
Жеруани бақыт тілесең –
Жер беті болар жәннатың.

«Тілегім – дидар тек» десең,
Жақсылық күтпе жерде көп.
Сертіне рухтың жетпесең,
Сүйсінер ғұмыр сенде жоқ!

Пәни мен бақи арасын
Пейілмен пенде жалғаған.
Нәпсі ме, рух па, аласың –
Екінің бірін таңда, адам!

Пейіштен қалған адасып
Періште дәурен көшкен күн,
Күнәһар адам баласы,
Күнәсіз жерге қош келдің!!!

* * *
Нығметтің нұрына малынып,
Жеті көк жауһарын жия кеп,
Адамзат терісін жамылып
Күн кешу не деген қиямет!!!

Тұл қалу тағдырын тұғырдан
Жат жерлік жоқтаусыз жан ұқсын.
…Тозақтың отына жылынған
Сор жалған, сен де бір ғаріпсің…
* * *
Тамұқта тірі тұншығып,
Жер басып жүру – құлшылық.
Түсіңе тағдыр енеді
Ұшпаққа рухың ұмсынып.

Себезгі сәуле төгеді
Көңіліңнен сонда күн шығып.
Жарқ етіп, қайта сөнеді
Жалғаннан жаны түршігіп.

Бақыттың таппай дерегін,
Көшеді күндер күрсініп.
…Күйікпен толған кемері
Тозағым менің – тіршілік…
* * *
Тамырынан танатын тұс келгенде,
Тор нәпсіге тұтқын боп түскен жерге,
Жаза басып, жаңылғыш жаратылған
Періштеден мерейі үстем пенде…

Тағдыр сыны тағы да сағатсыз кеп,
Талауратқан тұл жалған тағатты үзбек.
…Шырқай алмай рух құсы шырқырайды,
Әлімсақта қырқылған қанатты іздеп…
* * *
Тағдырым тауқыметтей ғалам күткен,
Арылмай азалайды санам жүктен.
Тозғанша темір тағат тұралатқан
Азаптың арманы жоқ маған біткен.

Қалса да келте ғұмыр қас-қағымдай,
Пенделік парыз көшпес бастан ұдай:
Өтермін мұң арқалап, қайғы теңдеп,
Бір тамшы ақыретке жас қалдырмай…
* * *
Тіршіліктен түйір бақ таппаған мұң
Жалған-отқа жанымды қақтаған мың.
Қорлығына қия алмай құл-ғұмырдың,
Ғазиз жанды ғарышқа сақтағанмын.
Жаралыста жазған дерт  – жер-тірліктің
Босағасын болжаусыз аттағанмын.
Адам ұлын арманмен азаптаған
Ар алдында ажалмен ақталармын.
Ақыреттен бір хабар жеткен күні
Жалқы сәтке шын күліп, шаттанармын.
Күнәһарлық құрсауын күл-талқан ғып,
Ай мен күннің еліне аттанармын…
* * *
Күрмеуі көп күңгірт әлем күрсініп,
Құс қанаты көңілімнің тұр сынып.
Ақылымның азабымен айқаста
Мазақ етіп кетті мені тіршілік…
Дүниені дөңгелентсе дарын-Күн,
Шындығымды шабақтайды арым мың.
Есалаң ем ғашық болған ғарышқа,
Жылусыз жер, жат әлемге таңылдым.

Күйік толы күйін шертер бөтеннің,
Жолсыздықтан жаратылған екен мұң.
…Жерсіне алмай жеруани тән – жалғанды,
Аспан жаққа алаңдаумен өтермін…
* * *
…Көргендей көңілсіздеу күлкімді көп
Жаныма жиып беріп мың түрлі дерт,
Елестей еркімді алып, бала жастан
Ғарышқа ғашық етті бір құдірет…

Ғайыптан ғаріп күтер жыр-тыныс тек,
Көңілімде көктен келген күрсініс көп.
Дәруіштей дидар-ғашық дала кездім
Тастардың тасасынан тылсым іздеп…

Сый етпес сансыратпай сыр-сандығын,
Құл-ғұмыр – құлықсызға құрсау мығым…
Тартуы тұл тірліктің талайыма –
Дарыған дала мұңы жусан-жырым…

Дарын ем даңқ асырар дара шыңға,
Бір тамшы бақ кемінен бар асылға
Арманда ағып барам қос қимасым –
Көк аспан, қара жердің арасында…
* * *
Жер тартып, құл-ғұмыр жетегі,
Төменге телміріп жанарым,
Кіршіксіз көңілдер мекені –
Аспаннан алыстап барамын.

Сан ғасыр сұр өмір сүргендей
Сәулесі сұйылып жанымның,
Жамалың жылында бір көрмей,
Алтын күн, мен сені сағындым…

Күрмеуі шешілмей күндікке
Сыр түгіл, саулыққа жарамас
Сезімді сиреген тірлікте
Ең жақын жан сенсің, қара ағаш…
* * *
Қара жерді баса алмай,
Қара жоннан аса алмай,
Қара суды кеше алмай,
Қара жолмен көше алмай,
Қара ағашты құша алмай,
Қара аспанға ұша алмай,
Қаралар пірі қолдамай,
Қара бір тірлік оңбады-ай…

Аспан да ала, жер де ала,
Ерлер де ала, ел де ала,
Жақын да ала, жат та ала,
Ақыл да ала, бақ та ала.

«Ақжүніс-Астана» журналы

akjunis.kz

Сайтымыздың жаңа мақалаларына жазылыңыз

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Пікір жазу

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

*


− 1 = 1