Еркін ЖУАСБЕК: Бізде әлі де мәселелер жеткілікті

Еркін Жуасбек 2– Еркін аға, сіздің өміріңіз театр өмірімен біте қайнасып жатыр десек, қателеспеспіз. Жақында «Сахнадан сәлем!» театрлар фестивалінде сарапшылар құрамында көрдік. Сол фестивальге толығырақ тоқталып өтсеңіз.

– Елімізде алғаш рет 1992 жылы Алматыдағы Ғ.Мүсірепов, М.Әуезов атындағы театрлардың сахнасында драматург Ғабит Мүсіреповтың мерейтойына арналып, бүкіл республикалық театрлардың мықты деген спектакльдері шақырылып, фестиваль өз бастамасын бастаған еді. Оған арқау Ғ.Мүсіреповтың шығармалары болды. Міне, содан бері Қазақстандағы театрлар ауқымының көбеюіне байланысты өнер ошақтарының шығармашылық келбетін анықтау үшін фестиваль қажеттілік ретінде біздің театр кеңістігіне сіңісіп кетті. Қазақ театрларының көбірек кездесіп, тәжірибе алмасуына байланысты аймақтық фестивальдер өмірге келе бастады. Еркін театрлардың, жеке театрлардың ашылуына байланысты біраз фестивальдер жарық көрді. Экспериментальді театрлардың фестивалі секілді үлкен-үлкен шараларға біздің Қазақстанның театрлары қатысуға ұмтылатын, қатысып та жүрген фестивальдік қозғалыс пайда болды. Міне, соның бірден-бір қажеттілігі ретінде осындай фестивальдер егемен еліміздің елордасы Астана қаласында өткізілсе деген ой болған. Соңғы жылдары бұл жерде де үлкен театр кеңістігі пайда болды. Мысалға, Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық драма театры, бес-алты жыл бұрын өмірге келген Жастар театры, Қуыршақ театры, «Астана-Операның» ашылуы Астана қаласында театр қауымдастығының, театр өнерінің шоғырлануына және дамуына үлкен септігін тигізгені анық. Осы тұрғыдан келгенде елордалық фестиваль ашылса деген ой түйіп, қала басшылығына ұсыныспен шыққан болатынбыз. Алғаш рет фестиваль болмай тұрғанда екі жылдай қала күніне арнайы республикалық театрлар шақырылып жүрді. Міне, биыл үшінші рет арнайы фестиваль болып өткізілді. Шын мәнінде біз кей кездері фестивальді «конкурс» сияқты жүлдеге, талас-тартысқа байлап қоямыз. Осыны болдырмас үшін бұл фестиваль – өнер мерекесі, өнер тәжірибесі, өнер алмасуы болып, театрлар арасында шығармашылық оқып-үйрену ұмтылыстарына септігін тигізсін деген ниетпен ұйымдастырылып отыр. Биыл аталмыш фестивальге он бір спектакль қатысты. Фестивальдің жеңісі – ол жақсы спектакль. Биыл Мәскеудің Губерния театрынан Сергей Безруковтың «Сирано да Бержарак» спектаклінің қатысуы қазақ театр қауымдастығы үшін үлкен сый болды. Шынына келсек, елдің барлығы түгелдей Мәскеуге барып сол спектакльді көре беруге мүмкіндігі келмейді. Ал фестивальге қатысқан он бір театрдың актерлері, режиссерлері, т.б. ұйымдастырушы, шығармашылық тобының ол қойылымды көруі үлкен табыс. Ол, әрине біреуге ұнауы, біреуге ұнамауы мүмкін. Мұны тек олжа деп есептеу керек. Сондай-ақ, фестивальдің қонағы ретінде Грузияның Грибоедев атындағы орыс драма театры келіп қойған «Холстомер» қойылымы да фестивальдің келбетін ашып, шығармашылық жетістігі ретінде тануға болатын үлкен шара болды. Бұл жолғы фестивальде маңдайымызға біткен қазақтың қара шаңырағының сахнасы Әуезов театрының «Қорқыттың көрі» қойылымын әкеліп көрсетуі, ондағы еуропалық деңгейдегі режиссердің қойылымы, біздің қазақтың керемет актері Дулыға Ақмолданың Қорқыттың бейнесін жасауы, спектакль табиғатының, сахна мәдениетінің, сахна тәсілінің, сахна тілінің, қимыл-қозғалысының басқаша айтқанда астарлы да ойлы, философиялық деңгейге шыққан әдемі спектакльді әріптестерінің көруін фестивальдің тағы бір үлкен олжасы деп айтуыма негіз бар.

ақымақ болған басым-ай қойылымы– Фестивальдің ұйымдастырылу деңгейі көңіліңізден шықты ма?

– Әр театрдың келісімімен өздері таңдаған сахналар берілді, фестивальге келген театрлардың барлығы елордалық үш театрдың сахнасында еш кедергісіз қойылымдарын қөрсетуге мүмкіндіктерін алды. Мұның барлығына қарап, фестивальдің ұйымдастырылуы жоғары деңгейде өтті деп батыл айтуға болады.

– Еркін аға, мына жағдайға көңіл аударғым келіп отырғаны. Фестивальге С.Безруковтың театры қонақ ретінде шақырылып, өнер мерекесінің шымылдығын түрді. Алайда, республикамыздың әр түпкірінен келген өнер ошақтарының қатарына Тбилиси қаласынан келген жалғыз А.Грибоедев театрын қосып, оны «халықаралық» фестиваль деген атаумен жаңғыртып, ауыз толтырып айтуға негіз бар ма?

– Бұл фестивальді «халықаралық» деп атасақ та, «республикалық» деп атасақ та – фестиваль. Бұл, ең алдымен, өнер фестивалі. Фестиваль футболдан немесе бокстан болып жатқан чемпионат емес. Бұл жерде ешкім жаға жыртысып, күшін көрсетіп жатқан жағдай жоқ. Фестиваль дегеніміз – шығармашылық мереке. Театр – жарысқа салуға келмейтін өнер ошағы. Әр театрдың өзіндік мүддесі бар. Біреу жас театр болса, енді біреуі өзінің тарихын, заңдылықтарын қалыптастырып үлгерген. Бұларды қалай бір-бірімен жарыстыруға болады?! Сондықтан, ең алдымен жарыс деген дүниеден бас тартуы осы фестивальдің ерекшелігі деп ойлаймын. Сол себепті осы фестивальде әріптестік жанкүйерліктің болғанын қатты байқадым. Әрбір театрдың актері өзінің әріптесін сахнадан көріп отырып, оның жұмысына тәнті болуы немесе оның жұмысына «әттеген-ай!» деп айтуының өзі мектеп. Ешкім өзінің сыртынан қарай алмайды. Шығармашылық бұл көрерменмен екі ортадағы байланысты таба алды ма, қай жағынан таба алды, ой сала алды ма, қандай ой салды, толғандыра алды ма деген мәселелерге жауап бере алса ғана спектакльдің деңгейі белгілі болады. Мысалға, мынандай жағдай бар. Біз спектакльді спектакль үшін қоямыз ба, жоқ әлде көрермен үшін қоямыз ба? Осы тұрғыда әлі көп таласамыз. Бәзбіреулер сахнаға қойылған формаларды, режиссердің ерекше бір шешімдерін көріп: «Ой, мынау мықты екен!» деп жатса, кейбір көрермен оны түсінбей жатады. Біреу театрға бірінші рет келеді, екінші рет келіп отырғаны болады. Кезінде Күләш апамыз Қыз Жібек болып шыққанда отырған халықтың етегі жасқа толатын, Төлеген өлген кезде қасірет шегіп кететін деп жатамыз. Мұны бүгінде кейбіреулердің иығынан қарап айтатындай жағдайлар бар. Ал шын мәнінде ол өнердің катарсисі. Қазіргі таңда отырған адамға әсер ету көптеген театрлардың қолынан келмейді Ал кейбір спектакльдер сенің кім екеніңді ұмыттырып, актермен бірге қасірет шеккізетін болса, түптің түбінде театр деген ұғымның қажеттілігі сонда болады-ау деп ойлаймын. Мысалға, қазір тәжірибе, эксперимент деп жүрміз. Қазіргі жаңа формаларды кәсіби көзқараспен «міне, табыс!..» дейміз де, көрерменнен ажырап қалғанымызды байқамай жатамыз. Бұл театр үшін ғана форма болып қала бермек, бірақ көрерменге түсініксіз… Егер көрермен ұсынылған форманы оқи алып, одан түсінік тауып содан толықтандырып спектакльді түсінуіне әсер беріп жатса, жандүниесінен өткізе алса, міне форманың қажеттілігі сонда туады.

Шоқан қойылымы  Осы фестивальге келген театрлардың деңгейі, дайындығы жөнінде сөз қозғасаңыз.

 – Өз басым, фестивальге арнайы дайындалып келдік деген театрларды қабылдай алмаймын. Бұл ескі көйлегін тығып қойып, жаңа бір көйлегін киіп келген қонақ сияқты болып сезіледі. Фестиваль барысында нақты театрдың қалай өмір сүріп жатқанынан хабардар болуымыз керек. Оны фестивальге әкелген бір спектакльдің өзінен-ақ, актерлердің ойындарынан, режиссердің бағыт-бағдарынан-ақ білуге болады. Осыған орай, көптеген театрларымыз «…алдыңғы сәтсіз қойылымдарды, ойындарды ұмытыңдар, біз фестивальге бара жатырмыз!» дейтіндей көрінеді. Ал кей театр ұжымдары «…ұялатын түгіміз жоқ, біз осылай өмір сүріп жатырмыз» деп, күнделікті ойнап жүрген қойылымдарын әкеледі. Сондықтан, біз оған қатты шүйлікпеуіміз керек. Ең бастысы, біз сол театрларда «театр» деген талапқа сай шығармашылық ізденіс бар-жоғын көріп, соған мәз боламыз. Мінекей, осы тұрғыдан келгенде көптен бері ауызға ілініп жүрмеген жас театрлар өздерінің деңгейін көрсетті. Сол Ақтөбе театры, сол Талдықорған театры… Ақтөбенің әкелген қойылымы (реж. Н. Жақыпбай) алпысыншы жылдардағы әдемі бір таза кеңістікте пайда болған әдебиетті, сол кезеңдегі рухани алға өрлеушілікті, одан кейін жетпісінші жылға ұласқан тамаша шығармалардың, тамаша авторлардың қайтадан өмірге жаңғырып, дауыс бергеніндей әсер қалдырды. Жақыпбаев – бүгінгі Қазақстандағы ерекше режиссерлердің бірі. Бұл өзінің тәсілін, өзінің стилін өз шама-шарқы жеткенше ұжымы арқылы да және қай жерге спектакль қойса сол бағытты, әсіресе, мынау қазақтың рухани кеңдігін сөзсіз-ақ түсіндіретін режиссер. Ол астармен, үнмен, әуезбен түсіндіретін шеберлігін тағы да бір паш етті. Біз көбіне мақтай бермейміз. Өйткені, мақтасақ даңдайсып кетеді деген пікір бары рас. Бірақ, сол мақтауға деңгейі жетіп тұрса, неге мақтамасқа?! Әлде біз жоқ дей берсек, басқа біреу бізге әкеліп бере ме? Шын мәнінде бәрі бар. Біз, керісінше, осындай фестивальдер арқылы, мойындаулар арқылы, солардың жұмысын сараптаулар арқылы соны үлгі етіп көрсетуіміз керек. Сонда ғана қазақтың рухани кеңістігінде театр өнерінің бар екенін және ол заңды екенін көреміз.

фестиваль– Әлбетте. Ауызымыздан тастамай жүрген сол Безруковтың деңгейіндегі актерларымыз елімізде де жеткілікті ғой…

– Әрине. Алайда, біз театрларды, әсіресе мынау өнер адамдарын, сахнагерлерді насихаттауда кенде қалып жүргеніміз рас. Сол Безруковтың екі аяғы, екі қолы бар актер екенін, бірақ оның насихатталуы, актерлік диапазонының зор екенін мойындауымыз керек. Мықты деген орыс киносы, мықты деген орыс спектакльдерінің Безруковсыз өтпейтінін жақсы білеміз. Орыстар оны өздерінің ұлттық мақтанышы ретінде көтермелеуден кенде емес, оларға алғыс жаудыру да аз емес, оларға сол өнерлерін дамытуға мүмкіндік жасаудан да бізден әлдеқайда алда. Мысалға, бір ғана Бекжан Тұрыс, Дулыға Ақмолда не болмаса кешегі Жастар театрындағы Жандәулет, оның алдындағы Әділ, Дәурен, не болмаса Қуанышбаев театрындағы Сырым Қашқабаев, Қуандық Қыстықбаевтар нағыз актерлер. Шын мәнінде бүгін біз оларды пайдалана отырып, оларға жағдай жасап, олардың дер кезінде өздерінің шеберлігін шыңдайтын кезегінде қолымыз қысқалау болып тұрғаны анық. Олар дер кезінде киноға да түсіп жатқан жоқ, оларға арналып көптеген спектакльдер де қойылып жатқаны шамалы. Еш ұялмастан бұлар біздің қазіргі қазақ сахнасындағы мақтаныштарымыз деп айтуға болады. Олар өздерінің еңбектерімен, шығармашылық жетістіктерімен соны дәлелдеді. Жұмыс істеуге келгенде бұлар қай бейнені де, қай образды да жаныңа қуат беретіндей, рухыңды оятатындай деңгейде жеткізеді.

– Сол аталған актерлеріміз көбіне режиссер мырзаларға тәуелді ғой. Олардың шығармашылық тұрғыдан өсуіне тікелей септігін тигізетін режиссер емес пе?

– «Біздің қазақ театры біз ойлағандай талапқа жауап бермейді, осындай кемшілік тұстары бар» дейтін болсақ, бұл кешенді кемшілік. Мысалға, драматургия, режиссура, актерлік өнер, оған сай театр ғимараты, техникалық мүмкіндік, технологиялық жаңалықтар барлығы айналып келгенде сақадай сай болмағандықтан біздің осындай кемшіліктеріміз алға шығып кетеді де, соны жалаулатып анау жоқ, мынау жоққа ұластырып жібереміз. Егер де соның бәрі бар болып тұрып, міне біз мұны жасадық, бізде технология деген мықты болып тұр, сахналарымыз осыған сай болып тұр, драматургиямыз төгіліп жатыр, режиссерлер бірінен соң бірі кезекте тұр, алайда актер жоқ десек болар еді. Бірақ, бізде жағдай олай емес қой. Әрине, режиссура жоқ деп айтсам, ол көздің соқыр болуы. Бір ғана Нұрқанаттың өзі не тұрады. Мысалға, Әлімбек Оразбеков қандай спектакльдер қояды… Алдыңғы ағаларымыздан қалған, әдемі режиссерлік үлгінің жалғасып жүргенін, қазіргі жаңа режиссураның келіп жатқанын байқамасақ ұят. Жарайды, бір қойылымында озсын, бір қойылымында кемшілік жіберсін. Сол жаңағы Гүлсиналар, мынау Асхат Маемировтер біздің тақиямызға тар келмейді. Бізге сол өзіміздің шыдамсыздығымыз ба, ерекше қасиетіміз бе, бүгін бір сәтте жарқыратып бере қой деген талап қоямыз. Олай болмайды ғой. Ол Ресейдің өзінде де жоқ.

Еркін Жуасбек– Араға жылдар салып келіп отырады…

– Әрине, бір спетакльден бір спектакльге өсу арқылы ғана келеді. Бізде осындай ізденетін режиссерлер бар ма? Міне, біздегі мәселе. Ал біз бір қойылымын көреміз де, мынадан түк шықпайды деп теріс айналып кете береміз. Бізде эстетикалық бағалау критерийлері аздау. Талап қоюдың өзі соған сай ма деген үлкен сұрақ тұр. Сондықтан бәрі керемет деуден аулақпын. Жоқ деуге де тайсалмаймын. Әйтпесе, сол кешегі Вайткустың Әуезов театрына келіп, «Қорқыттың көрін» қойған кезде басы-қасында болдым. Ол қазақ актерлеріне қалай риза болғанын көрсеңіз. Бұл театрдың әлеуеті ғой. Біз драматургия жоқ деп жүрген кезде, сол Вайткус басқаны емес, Иран Ғайыпты қойды. Тура сол сияқты қазақтың шығармашылығында осындай режиссерлер таба алсақ, оған арқау болатын шығармалар бар. Тек оны іздеу керек. Режиссерлеріміз шаршамау керек. Біз спектакльді алсақ, екі айда қойып шығуымыз керек деп ойлаймыз. Бұл толғағы толып, қайнауы келген кезде өмірге шығатын шығармашылық туынды ғой. Сондықтан театр деген қудалай берген кезде, қуалай берген кезде құмалақ тастайтын дүние емес. Театр және спектакль – ерекше дүние. Шынымен жақсы болсын десек, оған бірінші жағдай жасайық, сосын барып талап қоюға болады.

– Көптеген театр ошақтарында тапсырыспен жоспарланған қойылымдар тізімде тұрады. Өкінішке қарай, оны пісірмеген, шығармашылық топтың жан тезінен өтпеген, шикі күйінде, «уақыттың тапшылығы тарлық етті» деп, көрерменге ұсынып жатады. Бүгінгі көрермен сауатты. Олар сіздің сылтауыңызды қажет етпейді. Шынайы өнерді қалайды. Мұндай олқылықтар фестиваль барысында да кездесті. Бұған не дейсіз?

– Әлбетте… Бұл фестиваль біздің ішкі шығармашылық алмасуымыз болып табылады. Біз бүгін ескертпе айтқан дүниелер ертең пісе келе, жақсы дүние болып шығуынан ешкім түңіліп отырған жоқ. Басқаны қойғанда, қазіргі таңдағы жас тұлпардай жалындап тұрған Астананың Жастар театрын алайық. Былтырғы жылы Ақтауда үлкен Орта Азия театрларының фестивалінде «Ревизор» атты қойылымын ұсынды. Шет елден келген сарапшылар ол спектакльге таңдайын қақты. Ревизорды былай қойғанда, оған қаншама көкейкесті дүниелерді көтерткізіп, жоғары актерік шеберлікке жеткендерін, режиссерлік тапқырлыққа барғандарын мойындады. Біз қуандық, мақтандық. Енді кеше келіп, сол театрдың «Ақымақ болған басым-ай» қойылымын көрдік. Қойылым жаман емес. Бірақ, әлі бабында қайнап піспеген. Актер өз рөліне сіңісіп кету үшін ол алдындағы мәтінді жаттап қана қоймау керек, ол өзінің ішінен шыққан сөзіндей деңгейге көтерілу керек. Ол үшін үлкен машық керек. Ол үшін сахнада үлкен дайындық керек. Мысалға, осындағы басты рөлді сомдаған Жандәулет бес-алты жылдың ішінде сахнагерлердің арасында сүйкімі қалыптасқан, комедиялық рөлдердің нағыз шебері, сол «Ревизор» спектакліндегі кішкентай рөлімен-ақ басқаларды басып жіберсем, басқалардан секіріп озып кетсем деп айтатындай актерлік дарыны бар адам. Енді, кеше басты рөлді ойнады. Өкінішке қарай, бұл жерде өзінің интонациясын таппаған. Спетакльдегі негізгі астын сызып қарау керек тұстарын белгілемеген. Алайда, Жастар театрының деңгейі осымен түсіп кетіпті деп айта алмаймыз. Бірақ, асығыс шығарудың қажеті жоқ еді. Көпшілік, шығармашылық орта, шығармашылық әріптестер көріп отырғаннан кейін кез келген дүниенің бабында болған кезінде көрсеткені жақсы. Фестиваль барысында осындай асығыстықпен қойылған бірнеше спектакльдер болды. Және олардың арасынан «жоқ, олай емес!..» деп боғын пышақтаған ешкімді көрмедік. Театр құжат орыны емес, архив емес, театр үшін негізгі нәрсе көркемдік деңгей және көркемдік биіктік дейтін болсақ та, тарихи шығармаларды одан ешкім алып тастаған жоқ. Мәселен, Қуанышбаев театры ұсынған «Шоқанның» өмірбаянынан хабардармыз. Алайда, бұл дарама театры, ерекше тартыс театры емес пе?!. Сондықтан «Шоқан» екі сағаттың ішінде көрсететін көркем дүние болғандықтан оның ішінде бәрі болу керек еді. Міне, осы жағынан ауыртпалықтар болды.

– «Сахнадан сәлем!» фестивалі өзге фестивальдерден несімен ерекшеленеді? Жеңісі неде?

– Мен, фестиваль болсын-болмасын, Қазақстандағы театрлардың барлығынан жақсы спектакльдер күтемін. Соның тілеушісімін. Соның жоқтаушысымын. Мен үшін ол фестивальде көрсетілсе де, әншейін көрсетілсе де үлкен олжа. Ал енді Астана фестивалі осы қалпынан таймаса, осы жерде бізбен сахна араласып, біз «әттеген-ай» деп көп нәрсені мойындамай жүрген кезде керемет спектакльдер көрсек, соған мойынсұнсақ, міне, фестивальдің жеңісі сол болады деп ойлаймын.

– Еркін аға, ендігі сауалдың арнасын мынаған бұрғым келіп отыр: сарапшы ретінде емес, кәсіби театртанушы маман ретінде қазіргі республикалық, облыстық театрлардың деңгейіне бір тоқталып өтсеңіз…

– Қолымызды жүрегімізге қойып айтар болсақ, біз керметпіз деп айтатындай күй жоқ. Бізде тоқмейілситіндей мынандай-мынандай деп керемет бес спектакльді санап бер десе, соған жеткізе алмайтын жағдайымыз бар. Бұл, әрине, басқамен салыстыра қарағанда, бізді ұятқа да қалдыратын жағдай. Әрине, актердің жалақысы аз, драматургияға гонорар төленбейді дейміз. Режиссердің еңбегін көрсететін үлкен процесс жоқ деп айтамыз. Режиссерлерімізді шет елде оқытпадық дейміз. Мен мұның барлығына жоқ деп айта алмаймын. Шын мәнінде, бізде әлі жетіспеушілік жетерлік. Бірақ, осыған жетуге ұмтылысымыз аз. Мысалға, қазіргі жас өнерпаздардың арасында сөз көп. Әуезов театрында істеп жүргенде қырыққа дейінгі жастардың арасында бәйге жарияладым. «Қане, режиссерлер келіңдерші, өздеріңнің қойғыларың келіп армандап жүрген дүниелеріңді әкеліңдер. Ішінде ұтқаныңа Әуезов тетарында спектакль қойғызайын» дедім. Үш-төрт адамнан басқа адам таппадым соған қатысатын. Әрине, драматургтер қатысты. Өкінішке қарай, түрлі формадағы драматургияны жазатын жастар әлі тәрбиеленіп жатқан жоқ. Қай театрдың репертуарын алыңыз, комедия жанры, ары кетсе, он-ақ пайыз. Ал көрермен театрға қасірет шегу үшін, соны көру үшін ғана келгісі келе бермейді. Сондықтан, бізде таңдау мүмкіндігі аз. Көбісі театрдың жарқылын ғана жақсы көреді. Театрдың қол шапалақтаған қошеметіне, нәтижесіне ғана тап болсам дейді. Ал оның қиындығын, оның шығармашылық түйінін, жұмбағын шешіп, соңына түсушілік аз. Әсіресе, жастар жағы. Мен үлкен буынға риза адаммын. Қазақ сахнасын кешегі кеңестік кезеңде жоғары деңгейде ұстап жүрген Ә.Мәмбетов, Ә.Молдабеков, Ы.Ноғайбаевтар, одан кейін еліміз егемендік алып, алмағайып кезеңге түскен кезеңдегі театрды ұстап қалған режиссер ағаларымыз Ж.Омарұлы, Қ.Жетпісбаев… қазіргі үлкен ағаларымыз қандай қиын кезеңдерде спектакль қойды. Сахнаға киіндіріп шығаратын актерлерді жасырып, Қозы мен Баянның киімі осындай болған деп айтуға мәжбүр болған кезеңдерді де өткерді. Бірақ театрды сақтап қалды. Ал енді қазір театрлар үшін кермет заман деп қатты айтпайын, шүкіршілік заманда осының бір тізгінін ұстап, бір-бірімен жарысып жатқан үлкен буынның жоқтығы қарныңды аштырады. Драматургтерімізді, режиссерлерімізді, жақсы актерлерімізді саусақпен санап алуымызға болады. Қай театрды қарасаңыз да, әйтеуір бір бес-алты мықты актердің төңірегінде «біз де актерміз» ғой деп жүрген әріптестеріміз бар. Ал мен мұндай жағдайды көріп тұрып, неге қазақ театры керемет деп айта аламын. Бізде әлі де мәселелер жеткілікті.

– Қазір жас буынның көбі театрға «өнер» деп емес, күнделікті жұмыс ретінде қарайтын секілді…

– Бұл қай заманда да болған. Алайда, өнердің, көркем дүниенің деңгейі олармен бағаланбайды. Бір театрда бір Дулығаның өзі сол театрды «театр» қылады. Құдайға шүкір, бір театрда бір Дулыға емес, бірнешеуі бар. Солардың төңірегінде қалғандарының жүруі де заңдылық. Сондықтан біз өзіміздің назарымызды, талабымызды, қажеттілігімізді өнерде жүрген қарагөздерге емес, өнердегі жүрген өрлерге, оттарға, жалындарға салуымыз керек. Солармен өнер өлшенеді. Тек таланттардың төңірегінде ғана театр деген ұғым қалыптасатынын ұмытпауымыз шарт. Тіпті, театрдың ішкі әлемін білмейтін көрерменнің өзі «…шіркін, Қуандық қандай, Сырым қандай, Дәурен қандай!..» деп соларға келеді. Сол Ыдырыс Ноғайбаев сахнада жүрген кезде де соның көлеңкесінде жиырма-отыз актер жүрген. Таланттар бар және солардың қасындағы көмекшілері бар. Ол заңдылық.

– Уақытыңызды бөліп, пікіріңізді білдіргеніңізге үлкен рахмет. Шығармашылығыңызға табыстар тілеймін.

 Сұхбаттасқан

Гүлім КӨПБАЙҚЫЗЫ

«Ақжүніс-Астана» журналы

Сайтымыздың жаңа мақалаларына жазылыңыз

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

2 пікір

  1. Safe Online Viagra cialis Cialis 99

  2. Kelchoolo :

    Walmart Pharmacy Drug Prices online pharmacy Buy Adderall In The Uk

Пікір жазу

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

*


9 − = 7

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <s> <strike> <strong>