Қайталанатын тағдыр

22Құпиясы бір Аллаға ғана аян, жеті рет үйленсе де бағы ашылмайтын жандар бар. Болмаса, бір айналдырған Құдай шыр айналдырып, қаншама тыраштанса да бақ құтаймайтындардың тағдырында қандай сыр бар екен?
Өмір дейтін сапарда сан алуан адамдармен сырлас бола жүріп, осы сауалдың жауабын өзіміздің  де көп іздегеніміз ақиқат.
Бірде ақыл тоқтатқан жасқа келген әйелмен әңгімелесіп отырып, шешесі және шешесінің шешесі де байдан бақтары жанбағанын және өз өмірі де жетісіп тұрмағандығын тілге тиек етіп, осы бақытсыздық балаларына ауыса ма дегендей  уайымын білдірді.
Біздің әңгімемізге құлақ түріп отырған тағы бір кексе әйел кейбір халықтар мұндай жағдайды «карма» деп атайтындығын, тұқым қуалаған бақытсыздықты тоқтатып, тағдырды өзгерту үшін қол қусырып қарап отырмай, амалдарын жасау керектігін және өзі білетін бірнеше жағдаймен бөлісті.
Шынымды айтсам, ойдан кетпеген осы әңгімеден кейін осы құбылыстың сыры неде екен деп ойлаумен болдым.  Бірақ, көпке дейін «карма» деген түсініктің дәл баламасын таба алмадым. Бұл –«жазмыш» деуге де келмейді. «Қарғыс» па екен әлде?
Өмірлік жар табуда жаңылыса беретіндерді былай қойғанда, бір жасаған қателігін қайта-қайта жасайтын, қанша сүрінсе де сабақ болмайтын, маңдайының соры бес елі адамдар да бар емес пе?!
33Мәселен, қайтып баспаймын деген жерін үш рет басқан, төрт рет тұрмысқа шықса да, күйеулерінің «қылығы» бірінен бірі айнымаған мына бір әйелдің оқиғасын алып қарайықшы.
Бұл әйелге бастапқыда күйеулері жақсы көріп қосылып, бірақ уақыт өте келе түсініксіз жағдайда аралары суып, тіпті, бар-жоғын ұмыта бастайтын еркектері бұрынғы отбасына немесе тастап кеткен нақсүйеріне қайта оралады екен. Бір қызығы, бұл әйел өзін сүйген азаматты сүймейді, бақытты ете алады-ау деген еркекке тимейді. Психологтар оның махаббатқа қатысты машақаттарын зерттей келе, бақытсыздығының сырын балалық шағынан іздейді.
Мектепте оқып жүргенде кейбір ұлдар оны ұнатып қалса  да, көп ұзамай олар басқа қыздармен әуейі бола жөнеледі. Неге екені белгісіз, көзге түсетін, жақсы оқитын, беделді балаларды іштей ұнатса да, көп ұзамай қашқақтай бастайтынын немесе өзін жақсы көріп қалған бозбаладан өзі де біртіндеп қашқақтай бастайтынын сезетін, мойындайтын. Бойында бір өткірліктің жетіспейтіндігі, жақсы көрген адамына бірден тәуелді болып, ығына жығыла бастауы бірден жігіттерді жалықтыратын-ды.
Ал енді есейіп, өз-өзіне есеп бере алатын жаста да бұл оқиғалар өмірінде қайталанып жатты. Қысқасы, оның қыз кезінде де тағдырына келгенде жігерлі болғаны шамалы болатын. Жас жігіттерден гөрі, жасы үлкен еркектер, тіпті отбасы бар адамдарға жиі ұрынатын-ды.
«Ортақ өгізден – оңаша бұзау артық» дегендей, бұрын үйлі-баранды болған жанмен толыққанды бақытты болу сирек кездесетін жағдай емес пе?! Кезінде әйелін жер-жебіріне жеткізіп жамандаған, екі қолын төбесіне қойып ажырасып келген екі күйеуі де уақыт өте келе, жаздым-жаңылдым деп, бұрынғы отбасына оралғанын өзі біледі. Үшінші күйеуі де біраз отандасқаннан кейін, көп шатақ шығармай-ақ, түсініспей жүрген шешесінің үйіне кетіп тынған. Төртіншісінен де осыған ұқсас жағдайдың айналасында ажырасты. Басында бәрі де дұрыс сияқты болатын, уақыт өте келе телефонын қолынан тастамай, сәті түссе сытыла кетіп, сыртқа шығып сөйлесіп,  сыбыр-күбірі көбейе берді… Сонымен екі жылдан соң, ол да балаларым үшін дегенді себеп қылып, бұрынғы әйеліне кетіп қалды.
44Сонымен, төрт рет тұрмысқа шығып, бағы ашылмаған әйелмен психолог көп уақыт жұмыс істей келе, төмендегідей пайымға келеді.
Біздің кейіпкеріміз өз өміріне ұқсас осынау жағдайларды бала күнінде жиі сезінгенін мойындайды. Үнемі ырың-жырың болып, керісіп жататын әкесі мен шешесі… Анасы әкесімен қатты ұрысып қалса, кішкентай қызын пана тұтып, ішіндегі қасіреті мен мұңын осыған шағады екен. Отбасындағы ұрыс-керісті ұмыту үшін қызын жетектеп, дүкен аралап, айналып-толғанып, барлық назарын перзентіне аударады да, әкесімен қайта татуласса, мұның бар-жоғын да ұмытып кетеді. Қысқасы, осындай тауарлық қарым-қатынас біртіндеп көңіліне қаяу салып қана қоймай, саналы ғұмырында да қайталанып, кесірін тигізіп отыр.
Сонымен, мамандар бұл әйелге «керексіздік» синдромынан арылу үшін, балалық шақтан ілесіп келе жатқан сатқындық салқынынан арылу үшін қандай кеңес береді? Бала кезден ілесіп келе жатқан осынау сценарий есейген кезде де соған ұқсас соқпақты таңдауға итермелеп тұр ғой. Себебі бұл әйел өзін жалғыз сезінген кезде ғана өзі сияқты қамқорлық пен түсіністікке мұқтаж адамды іздейді де, ол адам өзін тапқан кезде біздің кейіпкеріміз бала күнгісіндей тағы да ешкімге «керексіз» болып шыға келеді. Егер бұл әйелдің бүкіл өміріне сараптама жасасақ, ол да өзінің жанына жақын адам керек кезде жартысына жанын салады да, араға біраз уақыт салып, күйеуі бар екенімен өзінің де ісі болмайды, еріне деген сүйіспеншілігі жоғалады. Қысқасы, бір кезде анасы өзіне не істесе, ол да еркектерге соны істейді немесе керісінше.
Ең бастысы, біздің кейіпкеріміз сана түкпірінде тығылып отырған сол сценарийден құтылу үшін шындап сүюге, шын мәнінде бақытты болуға, өткенді кешіруге, тіпті түбегейлі өзгеруге тура келері анық.
11Әрине, бұл бір ғана адамның мысалы. Егер сан түрлі бақытсыздық болса, онда оның сан түрлі себебі бар. Біз көтеріп отырған мәселенің өзге де қырлары бар.
Мәселен, өмірде ештеңе де текке кетпейтіндігі мәлім. Өмір  – шеңбер сияқты. Жасаған жақсылығың да алдыңнан шығады, жамандығың да өзіңе қайтып оралады.
Адам тағдырындағы бақытсыздықтардың қайталануын басқа тұрғыда қарастыратын ілімдер бар.
Мәселен, бір үйде атасы, әжесі, баласы, келіні, немересі немесе күн көрсетпейтін қайынене, қайынсіңлі деген сияқты, тағысын тағылар болды делік. Бір-біріне туысқан, жора-жолдас, жегжат болып келетін бұл адамдар өткен өмірде де бір-біріне байланыста болған адамдар көрінеді.
Неге бұлай болады? Біздің қылығымыз, жасаған қадамдарымыз – Құдайдың құдіретімен – жақсы болсын, жаман болсын, алдымыздан шығады. Сондықтан, балаларымыздың, әкеміздің, шешеміздің, тіпті бауырларымыздың біздің алдымызда өтелмеген қарызы бар сияқты – біздің де олардың алдында өзіміз де білмейтін, өтелмеген борыштарымыз бар. Сонда не істеуіміз керек деген сауал туады ғой. Осының мәнісін зерттеуге уақытын арнаған ғұламалар бізге барынша жақындарымызға жақын болуға кеңес береді. Яғни, қаның мен ұрығың араласқан адамдармен барынша тау-тәтті болып, түсіністікке ұмтылып, кешіріммен қарап, өз тегіңнің қарғыс пен наладан ада болуына күш салғанда ғана бақытты бола аласың.
Әйтпесе, әкесі шешесін, шешесі қызын, қызы баласын, баласы басқаны түсінбей, осы бір қырсық атадан балаға ауысып келе жатқан әулеттер болады. Үлкенін сыйлап көрмеген үйдің кейінгілері де дәл сондай болып өседі. Мұндай жағдайда мақсат біреу: әулеттегі бір адам, ең бастысы, есті әйел, яғни отанасы осы бақытсыздыққа қалайда тоқтау салуға тиісті. Балалары оны қаншама жерден түсінбей, өкпелеп, көкірегі қарс айырылып тұрса да, отбасындағы тәрбиені түбегейлі өзгертіп, «сен жаман», «мен жаман» дей бермей, барынша мейірімді болып, басқаша болуға өзін құрбан етуге тура келеді.
Адам өзі жақындарын сыйламаса, баласы анасын қадірлемесе, әкесі атасын құрмет тұтпаса – Жаратқанның жазасы жалғаса береді.
Осынау тақырыпқа жазылған талай томдарды ақтара отырып, түйгеніміз, әрбір адамның өз ет жақындарының алдында парызы мен қарызы бар. Үйдің еркегі өзінің әкелік міндетін атқаруы, қамқорлығын көрсетуі, асырауы, тәрбие беруі тиіс болса, әйелдің де бала тауып, ата-енесін сыйлауы, отбасының берекесін келтіруі мойнына жазылған міндет. Адал болу екі адамға да бірдей уәжіп.
Ал балаларға келсек, бала ештеңе  түсінбейді деп ойлаймыз. Дүниедегі ең сезімтал, ақ парақтай таза сананың иесі сәби екендігін ұмытып кете беретіндігіміз өтірік емес қой. Бала – көзін ашқаннан не көрсе, соны бойына сіңіріп өсетінін өзіңіз де білесіз. Ауызбен айтқанды емес,  көргенін жалғастырады.
Не десек те, әке өзінің әкелік борышын ақтамағанда, әйел әйел болып жарытпаған жерде бақытсыздықтар басталады.

Айнаш ЕСАЛИ,

Қазақстан Жазушылар одағы сыйлығының лауреаты

«Ақжүніс-Астана» журналы

Сайтымыздың жаңа мақалаларына жазылыңыз

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Пікір жазу

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

*


2 + 3 =

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <s> <strike> <strong>