Бақыт НАҚЫСБЕК: Мен тек шөп дәрімен емдеймін

KMS_7814– Қытайдың қай аймағында туып-өстіңіз?
– 1961 жылы 1 қазанда Шыңжаң ұйғыр автономиялық ауданы Жыңғылды ауылында туылыппын. Әкем – пошта торабының бастығы, анам үй шаруасындағы әйел. Ата-анам тоғыз баланы өсіріп, жеткізді, оқытты, жақсы тәрбие берді.
Бәйдібек атамыз бен Домалақ анамыздың Айбике және Күнбике деген екі қызы болған. Бәйдібектің жылқысына қырғыздың барымташылары жиі шабады екен. Сонда әлгі барымташылар жылқыны айдап келе жатып, бір ауылға тоқтап, сусын сұрайды. Сонда Күнбике анамыз сүт беріпті. Содан шөлін қандырып, біраз тынығып алған барымташылар:
– Бәйдібектің жылқысын шауып келеміз, екі жүз жылқы қанжығамызда. Бір үйірін сен ал, – деген көрінеді. Сонда Күнбике анамыз:
– Маған ано-о-у құла айғырды берсеңіз болды, разымын, – деген екен.
Содан арада біраз уақыт өтіп, барымташылар бірнеше қыр асқанда байлаулы тұрған құла айғыр жер күңіренте дүлей күшпен кісінепті. Сол күні кеш шамасында шығыстан қалың шаң көтеріліп, Бәйдібектің қалың жылқысы көрініпті. Сонда барымташылар, «Қап! Мына Бәйдібектің қызы-ай!..» деп ашуланған көрінеді. Күнбике анамыз «Қызай» деген атқа солайша ие болған деседі. Біз сол Қызай анадан тараймыз.
– Ата-бабаларыңыз Қытайға аштық кезінде ауған шығар?
– Бізді Қытайға кеңес заманында, ашаршылық кезінде өткен деген қате түсінік бар. Ол өлке – біздің ата-бабамыз бұрыннан мекендеген өлке. Біз Құлжаға нан іздеп, қашып барғамыз жоқ, ол жақ біздің атамекеніміз, ата-бабамыз сол аймақты қоныстаған, біз жергілікті халық едік. Кейін Сталин Мао Цзе Дунмен ауызжаласып, біздің аймақты Қытайға бере салған ғой…
– Сізді халық емшісі деген дұрыс па, әлде ғылыми медицина өкілісіз бе? Қандай оқу оқыдыңыз, қандай мамандық алдыңыз?
– Мен Қытайда заманауи медицина оқу орнында төрт жыл оқыдым, 1 жыл іс-тәжірибеден өттім. Шөп-дәрі мамандығын бітірдім. Сөйтіп, емханада доқтыр болып отыз жыл істедім. Басында өкіметтің емханасында, ауруханада еңбек еттім, кейін өзіміз жекеменшік доқтырхана аштық. Осы Қазақстанға келгенше сол жеке доқтырханамызда халықты емдедік.
– Қазақстанға қашан келдіңіз?
– 2007 жылы келдік. Онда да әйелім құлақ етімді жеп қоймады. «Қазақстанға барайық, көшейік…» деп болмай қойды. Мен өзім онша-мұншаға асықпайтын, ұзақ ойланып-толғанып шешім қабылдайтын адаммын. Содан күндердің күнінде әйеліме айттым, «жинал, Қазақстанға көшеміз» дедім. Ол қуанғаннан жүрегі жарылып кете жаздады.
– Қазақстанға көшіп келгенде көрген  қиындықтарыңыз да аз емес шығар?
– Әрине, көп қиындық көрдік. Бұл жақта бәрі орысша, сол себепті тіл мәселесінде қиындықтар әлі күнге дейін аяғымыздан шалып келеді. Жазу мәселесінде қиындықтар да солай…
– Азаматтық алдыңыз ба? Оралман ретінде мемлекеттен квота немесе қандайда бір көмектерге қол жеткізе алдыңыздар ма?
– Жоқ, өз бетімізше келдік, әлі азаматтық алған жоқпыз. Уақытша куәлікпен жүріп жатырмыз. Ол жақта балалар оқып жатыр, екі баламның бірі университетте, бірі 11 сыныпта оқиды. Бұл жаққа тұрғылықты келіп алсақ, балалар орта жолда, не мына жақта жоқ, не ол жақта жоқ, шала болып қалса, дұрыс болмайды. Солар оқуын толық бітірсін. Әкелік борышымды өтеуім керек. Оларды жарты жолда бері көшіріп алғанда, я қазаққа жұмыс істей алмайтын, я қытайда жұмыс істей алмайтын шала болып қалады.
KMS_7800– Қазір сізге қандай сырқатпен ел жиі келеді?
– Көбінесе қан қысымы жоғары адамдар, жүрек ауру, бүйрек ауру, ревматизм деген аурулар халық ішінде көбірек кездеседі. Бронхит, демікпе дертімен келетіндер де бар. Аурудың бәрі тұмаудан басталады. Соған дер кезінде мән бермейміз, құры тұмау деп салғырт қараймыз, қазақ қазақшылыққа салып, емделмейді. Сол тұмаудың ақыры әртүрлі ауруларға әкеп соқты-рады. Халық осыны ескермейді. Бірінші кезекте тұмаудан сақтану керек. Адам бойындағы барлық ауруды қоздыратын – тұмау.
– Халық арасында мынадай пікір бар: «Дәрігерлер алдына келген сау адамның бойынан ауру табады…» деген. «Сенің еш жерің ауырмайды, сап-саусың» деп қайтарған адамдарыңыз болды ма?
– Әрине! Сау адамды қалай аурусың деймін? Ең алдымен, ауырып, жаны қиналған адам менің алдыма келеді. Біздің қазақ бір жері ауырмаса, дәрігердің қарауынан өтуге, жай бір тексеріліп, қаралуға онша көп бара бермейді. Маған дені сау адам арнайы келмейді, өзінің бір туысын ертіп келген адамдар ғана «мені де қарап жіберіңізші» деп өтініш айтуы мүмкін. Олардың дені сау болса, мен оларға ешқашан «ана жерің ауырады, мына жерің ауырады» деп жалған айтпаймын. Алдауға болмайды. Құдайдан қорқу керек. Сау адамға өтірік ауру жапсырмаймын, «еш жерің ауырмайды, сап-саусың» деп айтамын. Осыншама жыл доқтырлық оқып, қаншама жыл еңбек етіп, осы жасқа келгенде адам алдап нан табу қандай абырой әпермек? Менің кәсіби біліктілігімді дәлелдейтін құжаттар бар. Тіпті, жеті мемлекеттен – АҚШ-тан, Германиядан, Богариядан, Ресейден, Англия-дан, Швециядан және Қытайдан мықты дәрігерлерден құралған комиссия келіп менің дәрігерлік қабілетімді, білігімді сынап, тексерген, олар да маған риза болып, білікті дәрігер деген құжат берген. Мақтанғаным емес, сіздің сұрағыңызға орай айтып отырғаным…
– Сіз диагнозды қалай қоясыз?
– Тамыр ұстаймын, қан тамырының соғысы арқылы адам бойындағы дертті анықтаймын.
– Қателесуіңіз, қате диагноз қоюыңыз мүмкін бе?
– Мен, ең алдымен, пациенттен «сен өзіңнің қай жерің ауыратынын білесің ғой?» деп сұраймын. Сосын тамырын ұстап отырып, сол диагнозын дәл айтып беремін. «Егер мен диагнозды қате қойсам, онда кете бер» деп ашық айтамын. Егер ол адам өз диагнозын білмейтұғын болса, онда өзім анықтаймын. «Маған сенбесең, тағы екі-үш дәрігерге, емханаға барып, көзіңді жеткіз» деп жіберемін. Ондай адамдар да болды, маған сенімсіздеу қарап, бірақ кейін алдыма қайта келді. Сосын емдеймін. Доқтырлық, емшілік деген – халықты жақсы көру, қайткенде халықтың ойынан шығамын, үдесінен шығамын, қалай жақсылық жасаймын деп күндіз-түні халықты ойлау деген сөз. Әрбір аурудың себебін, салдарын әркез зерттеп, емдеу жолдарын қарастырып, қалай емдесем кеселге тиімді болады деп, соның жолдарын қарастыру керек. Дәрігердің бар мақсаты – алдына жаны қиналып келген адамды емдеу, басқа ешнәрсе ойламау керек. «Ақша табам, байып кетем…» деген сықылды анау-мынау зиянкес ойдан аулақ болу керек. Әрине, осыншама жылда көп тәжірибе жинадым, өте қатты асқынып кеткен қатерлі ісік секілді аурулар болмаса, өзге дерттің бәрін емдеу жолда-рын үйрендім, білемін. Сол білгенімді әлі де жетілдіріп, әркез өсіп отыруға талпынамын. Шөп-дәрі мамандығын бітіргендіктен, мен химиялық дәрілерді қол-данбаймын, тек шөп-дәрімен емдеймін, салатын уколдар да сондай – пайдасы бар, еш зияны жоқ дәрі-дәрмектер. Жалпы, Қытай медицинасы қарыштап дамып кеткенін біле-сіздер, онда химиялық дәрілерді пайдаланбайды десем, өтірікші болмаймын.
– Қазақстанға келгеніңізге біраз жылдың жүзі болыпты, бұл жердің де дәрілік шөптерін біліп алған шығарсыз? Дәріні өзіңіз жасайсыз ба? Бұл жердің дәрілерін пайдаланасыз ба?
–  Қазақстанның Шығыс жағында, Қатон-Қарағай өлкесінде дәрілік шөптер көп. Әрине, кейбір шөптерді Қазақстаннан тауып, пациентке беремін. Бірақ дәрі-дәрмекті Қытайдан барып әкелемін. Өзім білетін дәрі-дәр-мектерді пайдаланамын. Бір қиыны, кедендік бақылау бекетінен өтерде әр түйір затыңа қыруар ақша төлейсің, сондықтан ол жаққа жиі қатынау да оңай емес. Бір барғанда шөп-дәрілердің түр-түрін молынан әкеп аламыз.
– Әр дәрігердің өзінің бағасы бар, қазіргі таңда тек қабылдағаны үшін ақы алады. Яғни, халық ақылы дәрігердің алдына баруға, ақылы ем-делуге үйренді. Сіздің де нақты бағаңыз бар шығар? Қабылдауыңыз, емдеуіңіз қан-ша тұрады?
– Біз халықты кеміріп жеуден аулақпыз. Ақшаны көп табу ту-ралы ой жоқ. Біздің мақсат – жан бағу. Әлі күнге жекеменшік үйіміз жоқ. Осы үйді жалға алып тұрып жатырмыз. Пациенттерді де осында қабылдаймын, көріп отырсыз. Яғни, күнделікті ішіп-жем, бала бағу секілді тұрмыс-тіршілігімізді тапсақ, соған шүкір қыламыз. Негізінен, «менің бағам осынша, маған осынша теңге төле» деп айтпаймын, әр адамның диагнозына қарай, емделу уақытына қарай, қолданатын дәрі-дәрмек, уколдарының бағасына қарай емделу құны шығады. Сол себепті, әр кісіні емдеу ақысы әрқалай болады. Ауру түрі қиындау болса, бір курсы – 12 күн, жеңілдеу болса – 5-6 күн ем алады. Қазақ көбінесе қазақшылыққа салынады, «тәуір болып қалдым» деп екінші, үшінші курсын қабылдамайды…
– Алдыңызға келген емделушілер ауруынан құлан-таза айығып кете ме?
– Айығады. Диагнозына қарай, дұрыс емделсе, салғырт қарамаса, емдік курсын толық алса, онда құлан-таза айығады. Айықпайды деген әңгіме жоқ. Шөп-дәрінің емі ақырын әсер етеді, бірақ аурудың түбірін үзеді. Шөп-дәрінің химиялық дәріден немесе гармондық дәрілерден айырмашылығы да сол. Химиялық дәрі, гармондық дәрі жаныңа батып ауырған кезде тыныштандырып қояды, екі-үш күн алсаң, жаның рахаттанып қалады. Бірақ бір жеті өткен соң ауруың қайта қозады… Ал шөп-дәрінің пайдасы өте жоғары, ол сол аурумен күреседі, оны көп жағдайда тамырымен жеңеді.
– Аса ауыр халде келген пациенттеріңіз туралы айтып беріңізші, қандай адамдарды емдедіңіз?
– Бір бала болды, екі жыл бойы бүйрек ауруынан емделген, тіпті, бүйрегі істемей қалған, өзі күптей болып ісініп кеткен. Доқтырлар ісігін қайтара алмаған. Соны емдедім. Тоғыз күн емдедім, ісігі қайтты. Құрманкүл деген бір әйелді емдедім. Қалалық ауруханалардың бірінен бір профессор доқтыр әйел өзі алып келді, «сіз туралы естідім, осы әйелді қарап көріңізші, бізде алты ай жатты, ешқандай ем қыла алмадық…» деп. Жедел жәрдемнің машинасымен әкелді. Екі жарым жыл болыпты, аяқ-қолында жан жоқ. Сол әйелді он жеті күн дегенде аяғынан тұрғызып, жүргіздім. Айта берсек, осындай пациенттер, аз емес. Бүйрек ауруларымен, қан қысымымен, жүрек ауруларымен, ішқұрылыс ауруларымен келе-тіндер көп. Оның бәрін тізе беріп қайтемін, мақтанғандай болармын. Осы күнге шейін «сен жаман емдедің» деген ешкім жоқ. Бәрі жақсы, ризашылықтарын айтып кетеді. Тек қатты асқынып кеткен аурулар болмаса, өзгесінің бәрін емдеуге болады…
– Әңгімеңізге рахмет! Қолыңыз жеңіл, еміңіз шипалы болсын!

Әңгімелескен
Сәуле ӘБІЛДАХАНҚЫЗЫ

«Ақжүніс-Астана» журналы

Сайтымыздың жаңа мақалаларына жазылыңыз

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Пікір жазу

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

*


+ 8 = 16