Сәуле СМАИЛОВА: Олар өмірге құштар…

IMG_3030Осыдан 24 жыл бұрын, 1991 жылы 16 жасында Республикалық «Қыз сыны» байқауында 1 жүлдеге ие болған (ол кездегі тегі Дауылбаева болғанын айта кетсек артық болмас — ред.), бірнеше телеарналарда диктор ретінде елге танылған Сәуле Әбілханқызы Дауылбаева бүгінгі таңда 3 баланың аяулы анасы, жолдасының сүйікті жары, іскер басшы. «Смаилова» болып жолдасының тегіне жазылған. Жүзі күлімдеп, айналасындағыларға шуақ шашып жүретін Сәуле ханым тынымсыз ізденімпаздығы мен іскерлігінің арқасында «Рух» продюсерлік орталығын ашты.
Наурыз айынан бастап «Астана» телеарнасында «Дүниежарық» жобасы жарыққа шығуда. Әр сенбі сайын көрермен тағдыр сынына тап болып, кемтар атанса да өмірге құштарлығы кемімеген күрескер жандармен танысады. Олардың қиындықпен бетпе-бет арпалыса жүріп, жетістікке жеткен ұзақ жолдарын бірге өткергендей күй кешеді. «Рух» продюсерлік орталығы ұжымы дайындайтын аталмыш жоба қазір жоғары сұранысқа ие болып отыр.
Біз орталықтың жетекшісі Сәуле Әбілханқызымен жолығып, атқарып жүрген жұмыстары туралы сұхбаттасқан едік…

– Сәуле ханым, өзіңіз туралы да баспасөз беттерінен көп оқымаймыз, «Рух» продюсерлік орталығының жарнамасын да  байқамаймыз.  Соған қарағанда пиарды ұнатпайтын сияқтысыз? Әлде…
– «Әлде» дегеніңізге қарағанда, тағы біраз сұрақ тұр-ау көкейіңізде… (жымиды). Өз басым, пиар жасағанды ұнатпаймын. Біздің бүгінге дейінгі атқарып келген жұмысымыз пиардан да артық. Жарнама – біздің өміріміздің басты ұраны емес. Біз биыл 3 жасқа толдық. Ой елегінен өткізіп, саралап қарасам, осы жылдар ішінде қаншама жұмыстар атқарыппыз. Өз көрерменіміз жоғары баға беріп, бағдарламаларымыз сұранысқа ие болса, одан артық қандай пиар керек. «Өзін өзі мақтаған өгіз тентектен» құдай сақтасын.
– Қай арналармен жұмыс істейсіздер? Қандай бағдарламалар дайындайсыздар?
– Алғаш бағдарламамызды «Хабар» арнасымен бастадық. Соңғы 2 жылда «Астана» арнасымен жұмыс істей бастадық. «24 kz» телеарнасымен де тығыз байланыстамыз. Бағдарламаларымыз жұрт көңілінен шығып жүр деп айта аламын. Себебі көрерменнен, халықтан сұраныс болмаса, телеарналар бізден  жоба сұрамас еді. Жобаның жалғасын күтпей, өзгелермен жұмыс жасай берсе де, біз оларға ренжи алмаймыз. Әріптестік қатынасымыз бірте-бірте шығармашылық достық байланысқа айналып жатыр. Шүкір, ауыз толтырып айтарлықтай жобаларымыз бар. Негізінде, біз әр телеарнаның тақырыбына, ортасына, көрерменіне қарай ұсынамыз. Мысалы, «Астана» арнасына  Астана қаласының әлеуметтік өмірі жайлы жобалар, «24 kz» арнасына ақпараттық сипаттағы бағдарламалар…
507_1803.MXF_snapshot_10.31_[2015.02.11_10.27.47]– «Рух» деген атауды  кім таңдады?
– «Рух» орталығы менің бір балам секілді. Сондықтан атын қоярда көп ойландым. Әріптестерімнің, достарымның, қала берді, туыстарымның пікірімен санасып, ақылдастым. Әрі қысқа, естелген құлаққа жағымды және мәні бар болғанын қалап, «Рух» деген атты таңдадым.
– Ендеше осы орталықта дайындалатын сіздің жобаларыңызға тоқталып өтсек…
– Мәселен, «Астана» арнасындағы «Дүниежарық» бағдарламасын алайық. Қазақта «Білімдіге дүние – жарық» деген сөз бар. Бұл бағдарламада мүмкіндігі шектеулі жандардың өмірге, білімге, өнерге деген құштарлығын көрсетуді мақсат етеміз. Статистикаға сүйенсек, елімізде 600 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі жан бар екен. Алайда солардың барлығы басына түскен қиындығымен күресіп, ел қатарлы өмір сүріп, белгілі-бір жетістікке жетіп жатқан жоқ. Қоғамнан алшақтап, психологиялық құрсауда қалып қойғандары бар. Біздің мақсат – осындай жандарға қолдау көрсету, күш-жігерінің арқасында өз дертімен күресіп қана қоймай, қоғамнан өз орнын тапқан жетістігі мол жандарды көрсету арқылы адамдарға ой салу. Күрескер жандардың жетістікке жету жолын үлгі ету. Сонымен қатар, қоғамда оларға деген тең көзқарас туғызу. Тіпті, мүмкіндігі шектеулі деген тіркестің өзі қолданыстан шықса деген тілек бар. Себебі адамның дене мүшесінің кемдігі мүмкіндігін шектемейді. Оған хабарымыздағы әр кейіпкер дәлел. Айталық, өзіндік дауысы бар, әдемі әндері бар  «Сәт» тобы. Әдетте зағип жандарды өздігінен іс тындыра алмайды, үнемі қасында бір адам жүруі тиіс деп біледі көпшілік. Сондықтан олардың табысты еңбек етуіне күмәнмен қарайды. Ал ол жігіттер жарық дүниені көрмегенімен, өздерінің ішкі әлемдерін жарық етті. Қараңғыға қамалмай, өнерімен елдің алғысына бөленді.
005– Бір бағдарламаларыңыздан Саида Халықова деген кейіпкерлеріңізді көргенім бар. Оқырмандарымызға ол туралы айтып беріңізші…
– Иә, Саида зағип музыкант. Соған қарамастан еңбекқорлығының арқасында Италияның консерваториясына оқуға түседі. Халықаралық жарысқа қатысып, 2 орын алады. Саиданың 20-ға жуық меншікті тундылары бар. Ол қазір бірнеше жерде жұмыс істейді. Оқыту орталығында итальян тілінен сабақ берсе, күндіз Астана қаласы мемлекеттік филармониясында жұмыс істейді. Әрі испан тілін қосымша үйреніп жүр. Ол бірнеше тілді меңгерген. Көз жанары жоқ болғанымен, оның зейіні мықты.  Еңбекқорлығына таң қаласың. Жылдап жүріп бір тілді меңгере алмай, сылтау іздейтін кей жалқауларға үлгі ме? Үлгі.
Сол сияқты, талдықорғандық Елдос Баялышбаевтың көлік апатынан соң аяқ-қолы тұтас жансызданады. Ол 3 жылдың ішінде аяғынан тұратын халге жетті. Тынымсыз еңбегінің арқасында. Егер ата-анасы баласына жаны ашып дайын тамақты аузына тосып, аяп, қозғалыссыз қалдырғанда, қазір тағдыры қалай болар еді? Керісінше, оған ағасы қолдан жаттығу құралдарын құрастырып, таңнан кешке дейін жаттықтырды. Бірте-бірте қолдары епке келіп, аяқтарын де сезе бастады. Яғни, шын ниет пен үздіксіз еңбектің жеңбейтін нәрсесі жоқ. Біз Елдос арқылы тағдырдың тәлкегіне тап болып, сал болып қалған өзге де азаматтарға күресу керектігін жеткізгіміз келді. Үміт отымен жандарын жылытсақ дедік.  Шын мәнісінде хабар эфирден өткеннен кейін еліміздің әр аймағынан қоңырау шалып, Елдос ашқан спорт клубының мекен-жайын сұрағандар көп 001болды.  Сонымен қатар, «Дүниежарық» жобасымен бірге «Арыстар» және «Бірегей» деген атаумен деректі фильмдер топтамасын шығарудамыз. Бұл – зиялы қауым шоғырын құрайтын қоғамның белсенді қайраткерлері мен өзінің жастығына қарамастан еңбекқорлығының арқасында қатарластарынан озып, халыққа аты шығып үлгерген абыройлы, белсенді жастарды көрсетуге бағытталған биографиялық хабар. Атап айтсам, Шерхан Мұртаза, Қабдеш Жұмаділов, Фариза Оңғарсынова, Құман Тастанбеков, Роза Рымбаева, Бибігүл Төлегенова, Тоқтар Әубәкіров, Тұңғышбай Жаманқұлов, Айман Мұсақожаева, Жақсылық Үшкемпіров, Алтыншаш Жағанова, Әкім Тарази, Шұғыла Сапарғалиқызы, Мейрамбек Беспаев, Серік Ақшолақов сынды танымал тұлғалар жайлы хабарымыз көрермен тарапынан жоғары бағаға ие болғанын қуанышпен жеткізе алам. Сонымен қатар, «Бірегей» жобасында жастардың қатарынан Ерболат Құдайбергенов шыққанда әріптестеріміз тарапынан біраз сынға алындық. Атауы  жастарға жүк емес дегендей… Бірегей деген сөз әдетте адамның жасын талғамайды. Оқшау ой мен дара іске қарап айтылады. Айталық, «Біздің жігіттер», «Мен қазақпын» атты атышулы әндері арқылы күллі қазақ жастарының отансүйгіштік рухын оятып, үлкен серпін әкелген Ерболатты қалай бірегей деуге болмайды? Әлде шетелдегі қазақ жастарын ғаламторда мен қазақпын деп сағыныштарын жеткізуге түрткі болған тағы сондай орындаушы бар ма? Жастардың патриоттық рухын асқақтатуда Ерболаттың еңбегі ерен екеніне ешкім дауласа қоймас.
– Сізді білетіндер «өте  еңбекқор  жан» дейді. Расында, шаршаудың не екенін білмейсіз бе?
– Бірінші Алла тағалам, одан кейін ата-анам бойыма сол қасиетті дарытқан, еңбекке бала күнімнен баулыған. Оның үстіне өз жұмысымды өте жақсы көретіндіктен болар, шаршамайтындығым. Ниетіме қарай шығар, айналама да өзім секілді жандар жиналған. «Рух» продюсерлік орталығында тек еңбекқор жандар жұмыс істейміз (күліп). Таңғы 4-ке дейін бағдарламаны жасап, содан электричкамен Қарағандыға қайтатынмын. Бұл – жұмысымды жақсы көргендіктен шығар. Жұмыстан мені бір ғана нәрсе тоқтататын. Ол – менің отбасым.  Таңертең жұмысыма, кешке үйіме асығамын. Демек, бақытты адаммын…
IMG_20141015_183751– Ендеше сол сізді асыға күтіп отыратын отбасыңыз туралы айтып берсеңіз… Жолдасыңыз  жұмысыңызға қалай қарайды?
– Жолдасымның жұмысына байланысты Қарағанды қаласында  тұрған едік. Мен сол жақтан барып-келіп, қатынап жұмыс істеп жүрдім. Содан жолдасымның рұқсатымен Астанаға келіп, «Рух» продюсерлік орталығын аштым. Ол кісі қарсы болса, менің жұмысым алға баспас еді. Алайда, «жұмыс-жұмыс» деп үш балама және жолдасыма көңіл бөлмей кетуге тағы болмайды. Олар менің өмірімнің мәні.
– Ал журналистикаға қалай келдіңіз?
– Журналистика саласына келуім де кездейсоқтық емес, бірақ ата-анам қыз баласы болғандықтан бұл мамандығыма қуана қоймады. 16 жасымда «Қыз сыны» байауына қатысып, өнердің ортасына ене бастадым. Мен шығармашылыққа көп көңіл бөліп кеттім. Оңтүстікті білесіз ғой. Дәстүрлі, қазақи көп балалы отбасында тәрбиелендім. Ата-анам отбасын құрып, бала сүйіп, экономист болғанымды қалады. Содан экономика факультетінде 1 курста оқып жүргенімде Алматыдағы сол кездегі «АТД» телеканалының (қазіргі СТВ) бас директоры Светлана Ивановна Татенко деген кісінің көзіне түсіппін. Қазақ тілінде жүргізуші керек болып, олар мені жұмысқа шақырды. Содан қуанғанымнан  дайындықсыз сабағымнан шыға жүгіріп бардым. Олар бір парақ қағазды ұстатып, «камераға қарап, бізге оқып бер» деді. Менің жүргізушілік қабілетім оларға ұнап, бір аптадан кейін жаңалық жүргізушісі болдым. Содан ата-анама сездірмей, түске дейін сабақ, түстен кейін жұмыс істеп жүрдім. Мен сонда түсіндім, экономиканы «5» деген бағаға оқығаныммен, бұл салада  жұмыс істемейтінімді.
– Сырлы сұхбатыңызға  рахмет! Қазақ  қыздарына үлгі боларлықтай жансыз. Осы қалпыңыздан таймай, еліміздің ертеңі үшін атқарып жүрген ісіңіз алға баса берсін!

Сұхбаттасқан
Майгүл ОҢҒАРБАЕВА
АСТАНА

«Ақжүніс-Астана» журналы

*Ескертпе: Кейіпкеріміз Сәуле Смаилованың өтініші бойынша, оның өз суреттерін емес, бағдарлама кейіпкерлерінің суреттерін көбірек салдық…

Сайтымыздың жаңа мақалаларына жазылыңыз

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Пікір жазу

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

*


− 3 = 5