Қанат САБЫРОВ: Тексеруші органдар адами тұрғыда қараса…

DSC_6611«Жетім көрсең, жебей жүр»…
Қанат Қуандықұлы Сабыровтың Алматы қалалық психоневрологиялық ауытқулары бар мүгедек балаларға арналған интернат-үйінде жұмыс істегеніне көп бола қойған жоқ. Ол бастапқыда бір ай директордың орынбасары, содан кейін бес ай директор міндетін атқарушы қызметінде еңбек етті. Директор болып тағайындалғанына, желтоқсаннан бері, төрт ай болыпты. Осында еңбек еткен бас-аяғы бір жылға жетер-жетпес уақыттың ішінде Қанат Қуандықұлы ұжымдағы әріптестерімен де, балалармен де ерекше тіл табысып үлгерген. Әр баланың аты-жөнін, диагнозын, тағдырын жатқа біледі. Бізге әр топты аралатып көрсетті. Таңқалғанымыз – тілі бар балалар Қанат мырзаны көргенде «папа, папа!», «добрый папа!» деп көздері бал-бұл жанып, жүздері күлімдеп, алдынан еркелей жүгіріп шығады. Қуанышын да айтып үлгереді, мұңын да шағып үлгереді. Еркелегендері ғой – түскі тынығу уақытында Қанат мырзаны көрсе, бірінің «әжетханаға барғысы да кеп қалады», бірінің «көзі ауырып қалады», енді бірінің «тісі ауырып қалады». Қылықтары қызық… Ал төсек тартып жатқандары орындарынан қозғалақтап, бастарын көтеруге талпынып, мойындарын әрең бұрып, «добрый папасын» көріп қалуға талпынады. Олардың да көздерінде «папа!» деген жазу тұрады…

KMS_6276– Қанат Қуандықұлы, көздері жәутеңдеген мына балаларға қарап жүрек сыз-дамауы мүмкін емес. Тіпті, осындай мекеме барын көп адам біле бермейді…
– Иә, бұл мекеме кеңестік кезеңде жабық мекеме болған, бөтен адамға мұнда кіруге тыйым салынған, осындай ауру балалар барын қоғамнан жасырын ұстаған. «Кеңес халқының дені сау, тәні сау» етіп көрсеткен. Саясат қой… Тәуелсіздік алғаннан кейін ғана ел-жұрт біле бастады. Соның өзінде бұл мекеме туралы әлі де көп адам білмейді, нақты жағдайдың қалай екенін өзіңіз секілді келіп көзімен көрмейінше ешкім түсінбейді…
– Ендеше нақты жағдай қалай? Мекеме қай жылы ашылған, қанша орынға арналған, қанша бала тәрбиеленеді?..
– Бұл интернат стационар жағдайында арнайы әлеуметтік көмек көрсетуді қажет ететін 3-18 жас аралығындағы психо-неврологиялық патологиялары бар мүгедек балаларға арналған. Олар мұнда тұрақты немесе уақытша тұрады, яғни баланың бұл интернатта қанша уақыт тұратыны ата-анасының немесе туған-туыстарының жағдайына, шешіміне байланысты. Интернат-үй 1963 жылы ашылған, 160 орынға есептелген, әлеуметтік-медициналық мекеме. 18 жасқа дейінгі мүгедек балаларға арнал-ғанымен, кейде балалар 18-ден асып кетсе де, барар жер, басар тауы болмай, осында тағы біраз уақыт қалуына тура келетін жағдайлар болады. Өйткені 18-ден кейін баратын мекемелерде орын болмайды. «Сен 18-ге толдың, енді бара ғой» деп біз де оны далаға лақтырып тастай алмаймыз. Қай жерде орын босайды – сонда жібереміз. Бізде, мысалы, 20-25 жастағы балалар бар…
– Мұндағы балалардың арасында аурудың қай түрі көп кездеседі?
– Туабітті ДЦП ауруына шалдыққандар бар, жүре келе әртүрлі жағдайлармен арбаға таңылғандар бар, даун синдромы, көзі көрмейтіндер, құлағы есті-мейтіндер, т.б. тізе берсек, өте көп. Бір баланың бойынан бірнеше ауруды табасыз…
P1040214– Мұндай жерде жұмыс істеу де оңай емес. Маман тапшы емес пе? Мемлекеттен қолдау жағы қалай?
– Кадр жетіспейтіні рас. Штат бойынша 197 адам жұмыс істейді. Оның ішінде әкімшілік қызметкерлер, тәрбиешілер, кү-тушілер, дәрігерлер, балалардың кір-қоңын жуатындар, еден жуушылар, жүргізушілер, күзетшілер – бәрі бар… Бізге тәрбиешілер мен күтушілер өте қажет. Бір топқа бір күтуші ғана жұмыс істейді. Ауру бала түгілі, сау баланы өсіріп, тәрбиелеу, бағып-қағу оңай емес. Ал бұл балалармен жұмыс істеу жүз есе қиын. Бекітілген айлық жалақы төмен, 25-30 мың айлыққа кім келеді? Келген адам тұрақтамай, жұмыстың ауыртпалығын, балалардың жағдайын көріп, шошып, кетіп қалады. Тұрақтап қалатындар аз. Қаражат үнемдеу мақсатында жылда қызметкерлер  саны қысқара берген. Мен осында келгелі мемлекеттік стандартты мұқият зерттеп шықтым. Әлемдік стандарт туралы ауыз ашпай-ақ қоялық, бекітілген мемлекеттік стандарт бойынша 8 балаға бір тәрбиеші, бір күтуші болуы тиіс. Ал біздің әрбір топта 16-19 балаға дейін бар. Орын жетіспейді, 160 орынға арналған үйде 200 бала бар. Яғни, стандарт бойынша, бізге 25 күтуші жетіспейді. Тәрбиешілер, күтушілер 3 ауысымда жұмыс істейді. Бір тәулік істеп, екі тәулік демалады. Тәулік бойы 1 баланы бағу оңай емес, ал оның жанын-да 16 баланы бағудың қалай екенін елестете беріңіз. Мысалы, кәдімгі балабақшаларда сау ба-лалардың өзі, тәрбиешілерінің көзін ала бере, бір-бірінің көзін шұқып алады, төбелесіп қалады, әлдісі әлсізін жылатады. Ал енді ақыл-есінде ауытқушылығы бар бала қандай болады? Күтуші бәріне бірдей қарай алмайды, бірін дәретханаға апару керек, бірінің памперсін ауыстыру ке-рек, біріне дәрі-дәрмегін ішкізу керек дегендей… біріне үлгерсе, біріне үлгермейді, шаршайды. Сол еңбегіне алатын жалақысы өте төмен, сондықтан жұмысқа деген ынтасы болмайды. Ал ол мәселе, айналып келгенде, балалардың жағдайына әсер етеді. Күні-түні психологиялық-физикалық тұрғыда ауыр жұмыс істеген адамның ахуалы ертеңіне не болады? Осы жерде отырып сау адамның өзі ауру болады. Мұндай мекемелерде жұмыс істейтіндерге атақ беруге болады.
P1040191– Штат санын көбейту мәселесін шешудің жолдары жоқ па?
– «Келісіп пішілген тон келте болмас» деген. Бұл мәселені жоғары жақпен ақылдасып шешуге болады, әрине. Ендігі жерде менің алдым-да осы мәселе тұр. Бас-шылыққа хат жазып, штатты стандартқа сәйкес көбейтуді, қызметкерлердің еңбекақысын өсіруді қолға алып отырмын. Биылғы штат маған дейін жұмыс істеген басшылықтың жұмыс жоспарына сәйкес бекітіліп кеткен. Оны мен өзгерте алмаймын. Алайда, келесі 2016 жылдың жоспарын жасауға мүкіндігіміз бар, сондықтан келер жылдың жоспарына бірқатар мәселелерді енгізіп отырмыз. Бекітілген стандарт бойынша барлық коэфициентті көрсетіп, басшылықтың көзін жеткізсек, бір нәтиже болады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі Жолдауында мүгедектерге қолдау көрсету, әлеуметтік мәселесін шешу, оларды жұмыспен қамту жағдайына баса назар аударды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова ханым да әлеуметтік салаға зор көңіл бөліп жатыр. Бүгінгі таңда Алматы қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әлиқұлов Ербол Шымкентбайұлы бізге тікелей басшылық етеді. Өзі білімді де білікті, іскер басшы. Ол кісі жылы кабинетінде, жұмсақ креслосында отырып басшылық ететіндердің қатарынан емес, әркез қарамағындағы мекемелерді аралап, көзімен көріп, ұжыммен сөйлесіп, барынша қолдау танытып жүреді. Өткенде біздің интернатқа келіп, жағдайды көзімен көріп кетті. Ол кісі бізді қолдайтынын айтты. «Бұдан былай жағдай бірте-бірте түзелер деп сенемін…» деп бізге дем берді. «Көш жүре түзеледі» деген ғой, Елбасымыздан бастап, мемлекет те, үкімет те мүгедектерге көңіл бөле бастады. Ендігі жерде қоғамның оң көзқарасы қалыптасып, жағдай біршама жақсарар деп ойлаймын.
– Күрмеуі қиын тағы қан-дай мәселелер бар? Қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
– Ең үлкен мәселе – жеделсаты мәселесі еді. Мұнда сал боп тө-сек тартып жатқан балалар қысы-жазы далаға шықпайды, төсектен тұрмайды, таза ауа жұтпайды. Арбада отырғандардың да далаға шығуы сирек. Оларды күнде көтеріп далаға шығаруға күтушілердің мүмкіндігі жоқ. Тәрбиешілер де, күтушілер де – қыз-келіншектер, яғни 3-ші қабаттан көтеріп шығарып, көтеріп кіргізуге олардың физикалық тұрғыда күші жетпейді. Сондықтан мен келе сала жеделсаты орнатуды қолға алдым. Кеше ғана Ресейден тапсырысымыз дайын деген хабар алып, қуанып отырған жайымыз бар. Көп кешікпей кіре беріске жеделсаты орнатып, балаларды бір қуантамыз деп отырмыз.  Территориямыз да тар, ауламызды өзіңіз көріп отырсыз, дегенмен, далаға шығып, бір мезгіл таза ауа жұтса, ол да балалар үшін бір қуаныш болар еді.
Екінші мәселе, мынау ғимарат сонау 63-шы жылы берілген, содан бері бір-ақ рет күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Ғимарат та тар, аула да тар, жер алып, жаңа ғимарат соғу мәселесін де басшылықтың алдына қойып отырмын. Бұл мәселе қалай шешілетінін уақыт көрсетер…
P1040261– Елбасы Н.Назарбаев мүгедектерге қолдау  көрсету туралы, оларды жұмыспен қамту мәселесі туралы аз айтып жүрген жоқ. Қызметкерлер санының 3 пайызы мүмкіндігі шектеулі жандар болсын деген бастаманы тек өндіріс орындарында ғана емес, әкімшіліктерге де, ведомстволарға да қою керек сияқты. Тіпті, мүгедектердің жоғын жоқтап, мұңын мұң-дайтын, өз ортасынна шық-қан бір-екі адам Парламентте, Сенатта отырса артық па? Не болмаса, мүгедектік-тің жай-жапсарын, олардың жағдайын бүге-шігесіне дейін білетін, түсінетін, өзін еңбе-гімен дәлелдеген адамдар би-лікте осы саланы басқарса, құба-құп болмай ма? «Аш бала тоқ баламен ойнамайды» демекші, «соқырдың жайын соқыр түсінеді» демей ме?
– Дұрыс айтасыз. Жалпы, мүгедектерге деген қоғамның көзқарасын өзгерту керек. Олар-ға екінші, үшінші сорттағы адам деп қарағанды қойып, олар да толыққанды өмір сүруге қақысы бар екенін түсінуіміз керек. Қоғамдағы дискриминацияны жою керек, ол үшін көптеген жұмыстар атқаруымыз шарт. Ол жұмыстарды атқару үшін де мүмкіндік керек – заң  тұрғысынан да, әкімшілік-ведомстволық тұрғыдан да мүмкіндіктер жасауымыз тиіс. Мысалы, өз басым, көп балалы әкемін, сонымен бірге, мүгедек қарындасымды өзім өсіріп, тәрбиелеудемін. Мен бұл мекемеге келер ме едім, келмес пе едім – өз қарындасым осындай жағдайда болған соң, маған бұл адамдардың өмірі таныс. Оларға не керек екенін жаныммен түсінемін. Билікте де, әсіресе осы салада мүгедек жандарға деген көзқарасы түзу адамдар, олардың қажеттілі- гін түсінетін адамдар отырса, құба-құп болар еді.
– Балалардың ата-аналары, туыстары келіп тұра ма?
– Ата-анасы іздеп кеп тұратын балалар көп емес, ары кетсе жиырма шақты баланың әке-шешесі, ата-әжесі, туыстары келіп тұрады. Олар да күн сайын, апта сайын емес, айына бір-екі рет балаларын көріп кетеді. Көбісі тастанды, ешкімі жоқ тұл жетімдер. Негізінен, осында еңбек етіп жүрген азаматтар мен азаматшалар бұл балаларға әке орнына әке, ана орнына ана болып жүр десем, артық айтпаймын. Мысалы, ата-анасының қасында, жылы үйде, ішкені – алдында, ішпегені – артында, қол-аяғы сау балалар аспандағы айды алып бер дейді. Бұл балаларға аспандағы ай керек емес, оларға аздаған мейірім, жылылық болса, жетіп жатыр. Сол жылуды оларға қызметкерлер береді. Бала ғой, бәрі де еркелегісі кеп тұрады. Шамамыз келгенше еркелетеміз.
P1040279– Олардың әрқайсысында бірнеше диагноздан деп айтып қалдыңыз. Балалардың мұндай халге душар болуының негізгі себептері қандай? Тұқымқуалайтын аурулар немесе ата-анасы ішімдікке, есірткіге салынғаннан ауру болып туылғандар бар ма?
– Бәрі бар: тұқымқуалайтын аурулар да, ата-анасы ішімдікке немесе есірткіге салынғаннан, тіпті, анасы жүкті кезінде дұрыс күтінбегеннен де ауру болып туылғандар бар. Кей балалар жүре келе ауру болған. Мысалы, қызылшадан дәрігерлер дұрыс емдемегеннің салдарынан көзі соқыр боп қалған бала да бар. Әр баланың ауруының себептері әртүрлі. Негізінен емделмейтін аурулар. Бірақ, барынша жеңілдетуге тырысамыз. Жылына екі рет міндетті түрде ем қабылдайды, күнделікті жасайтын әртүрлі процедуралары бар. Бір бала ауыра қалса, жедел жәрдем шақыртамыз, сөйтіп оны ауруханада емдетеміз. Бір баланы Америкаға апарып ота жасаттық. Енді біраз балаларды Жапонияға апаруды қарастырып жатырмыз. Сонымен бірге, тек балаларымызды ғана емес, ұжымдағы қызметкерлерді де Жапонияға тәжірибе алмасуға жіберуді көздеп отырмыз. Қазір келіссөздер жүріп жатыр, бұл мәселе де жақын арада шешіледі. Неге Жапония десеңіз, онда да осы біздегідей диагноздармен ауыратын балалар бар екен. Жақында жапониялық әріптестеріміз келеді. Осылайша, бірте-бірте шетелдік әріптестерімізбен, дәрігерлермен екіжақты тығыз байланыс орнатуды көздеп отырмыз.
– Ол шығынды кім көтереді? Мемлекеттен шетелде емдетуге арнайы қаржы бөліне ме?
– Шығынды сол емдейтін мемлекеттен шыққан демеушілер көтереді. Оларда қайырымдылық жасау жақсы жолға қойылған. Қайырымдылық қорлар керемет жұмыс істейді. Жалпы, шетелдік байлар арасында қайырымдылықпен айналысу үлкен мақтаныш, зор мәртебе саналады.
P1040266– Демеушілер бар ма?
– «Оны айтсам сен де жылайсың, мен де жылаймын» демекші, демеуші табу біз үшін үлкен мәселе. Бірен-саран азаматтар болды, шамасына қарай көмек қолын созып, демеушілік жасады. Олар, тіпті, аты-жөндері жасырын қалғанын қалады. Дегенмен, осы орайда Алматы облысы, Қаскелең ауданында тұратын бауырларымыз Рүстем-Әлия деген ерлі-зайыптыларды айта кеткім келеді. Олар ренжімес, «жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген сөз бар ғой. Рүстем мен Әлияның өздері де көп бабалы ата-ана, табысты кәсіпкерлер қатарынан көрініп жүрген, өмірде өз орындары бар азаматтар. Оларға біздің ұжым шексіз риза.
Былай қарасаң, бай, қалталы азаматтар елімізде жетіп артылады. Бірақ қайырымдылық жасау мәселесіне келгенде олар көп көңіл бөле бермейді. Әйтпесе, ақшаларын қайда жіберерлерін білмей, қалай болса солай шашып жүргендер аз емес. Казиноға да аямайды, басқаға да… Кең сарайдай зәулім үйде тұрады, атшаптырым ауласы бар… ай сайын қымбат көлік ауыстырады… Алла тағала оларға аямай берді, ал енді солар осы жетімектерге бір сәт қайырымдылық жасаса, алладан мол  сауапқа кенелмей ме? Әттең, солар осы сәбилердің мүшкіл халін көрсе, сезінсе, осыларға шапағаты тиіп, сауабы мол іс жасаса дейсің… Әзірше біздің миллионерлердің сана-сезімі, психологиясы, менталитеті, шетелдік байлар сияқты емес, қайырым-дылық жасау деңгейінде қалыптаса қойған жоқ.
Біз барлық мерекеге лайықты  дайындаламыз, балаларымыздың көңіл-күйі көтеріліп, бір серпіліп қалса дейміз, осыларға қуаныш сыйлауға атсалысамыз. Ұсақ-түйек сыйлықтардан бастап, костюм тіктіру дейсіз бе, баннер шығару, понно жасату сияқты толып жатқан жұмыстарды істейміз. Мысалы, бұл балалар қуыршақ театрына немесе циркке бара алмайды. Сондықтан биыл бірінші рет интернатқа цирк артистерін, кейбір жануарларымен алдыртып, балаларға цирк көрсеттік. Сондағы олардың қуанғанын көрсеңіз! Сол сияқты басқа да әртүрлі шаралар ұйымдастырамыз. Оның бәрі  белгілі бір мөлшерде шығынды қажет ететінін білесіз. Ол шығындар бюджетте қарастырылмаған. Біз оны өз күшімізбен табамыз. Биыл қызметкерлерге айттым, «әр мереке сайын бәріміз бір отбасының мүшелеріндей, атсалысып, біріміз ән айтып, біріміз би билеп, балаларға қызықты кештер сыйлайық» деп. Тәуелсіздік күні, жаңа жыл мерекелерін солай өткіздік. Балалардың өз-дерін де қатыстырдық, тақпақ жаттай алғаны тақпақ айтты, ән айта алғаны ән айтты. Балаларымыздың қалай билей-тінін көрсеңіз! Оларға костюм тіктірттік, мәз-мейрам боп қуанды. Ортаға шығып, бәрі біркелкі қимылмен «Қара жорғаны» билей жөнелгенде, өзіміз таңқалдық.  Сөйлей алмайтын, сөз түсінбейтін кемтар балалармен мамандар ұзақ уақыт жұмыс істеп, өткенде сол жұмысының нәтижесін көрдік. Олар сөйлейтін жағдайға жетті. Мұғалімінің сұрақтарына дұрыс жауап бергендеріне өздері мәз боп қуанады. Сол бейкүнә сәбилердің қуанғанына қарап өз жүрегің қуанады. Тіпті, бір тәрбиеші бір жарым жыл еңбектеніп, жүрмейтін баланы жүргізді. Бір балаға – бір жарым жыл! Бұл деген қандай қажырлы еңбек десеңізші!
– Мемлекеттік мекеме болғандықтан тексерушілер де көп шығар?
– Иә, ондай мәселе бар. Өзіміз «шықпа, жаным, шықпа» деп отырғанда, келетін тексерулер де көп, «СЭС», «өрт қауіпсіздігі қызметі», «госстандарт» сықылды тағы да басқа құзырлы тексерушілер, әйтеуір, бірінен соң бірі келеді. Жай келмейді, айыппұл салады. Бәленбай мың теңге айыппұл төлеу де оңай емес. Соған жеткізбес үшін, барлық ескертулермен жұмыс істедік, барлық кемшіліктерді жойдық. Тек мұқият, адал жұмыс істеуге бар күшімізді салып жатырмыз. Алайда, сол тексеруші құзырлы органдар кей жағдайға қағазбастылық тұрғысынан емес, келіп, «қырып-жою» мақсатында емес, адами фактор тұрғысынан қараса дейсің… мүгедектермен жұмыс істеу оңай емес, соны ескерсе дейсің…
– Әңгімеңізге рахмет! Адал еңбектеріңіздің сауабы алладан болсын!

Сұхбаттасқан
Сәуле ӘБЕДИНОВА

* * *

DSC_6716Шынар ЖҮНІСОВА,
бас есепші:
– Бұған дейін бұл интернат-үйде күрмеуі шешілмей қордаланып қалған көптеген мәселер бар еді. Бірінші мәселе – кадр тапшылығы болатын. Бұрын үнемдеу мақсатында штат та қысқарған, тіпті балалардың «расходной материалдары» дейміз – кір жуатын ұнтақ, сабын т.б. өз нормасынан 3,5 есе қысқарған. Қазір соның бәрін норма бойынша тиісті мөлшерде аламыз. Жаңадан келген басшы Қанат Сабыров мырза келесі жылдан бастап штатты көбейту мәселесін қолға алып отыр.  Екінші мәселе –  материалдық-техникалық база өте жұтаң еді. Соңғы айларда көптеген жақсы өзгерістер болып жатыр. Кіреберіс қақпадан бастап, толық қайта жабдықталды. Мәселен, қақпа электронды түрде ашылып-жабылады, кіреберістегі күзетшілерден бастап, әкімшілік-басшылық қызметтегілердің қолында бір-бір рация, кез-келген жағдайда бір-бірімен тығыз байланыста болады. Әр бөлмеде бейнебақылау камерасы орнатылған, бұл балалардың жағдайын, оларға тәрбиешілері қалай қарайтынын әркез бақылап отыруға қолайлы. Ол жай ғана бақылап қоймайды, мысалы, басшы шет жерде іссапарда жүрсе де мұнда не болып жатқанын бақылай алады. Бұл өте қымбат жабдық, соны Қанат Қуандықұлы компания басшыларымен байланыс орнатып, арзандатылған бағамен орнатты. Бұрынғы алқам-салқам болған ескі есіктер толығымен ауыстырылды, баспалдақтарға кафель төселіп, жөндеу жұмыстары жүргізілді. Барлық бөлмелердің перделерін балаларға жақсы көңіл-күй сыйлайтын қызылды-жасылды әдемі перделермен ауыстырдық, ұлдар мен қыздар бөлмесін өздеріне лайықтап жабдықтадық. Талай жылдар бойы бұзылып тұрған кір жуатын машинаны жөндетіп, іске қостық. Айта берсек, атқарылып жатқан жұмыс өте. Осының бәрі Қанат Қуандықұлының қолға алуымен іске асып жатыр. Басқарма басшысы Ербол Шымкентбайұлы да жақсы қолдау танытып отыр. Басқарма биыл балаларға арнап пандус, жүре алмайтын балалар ұстап жүру үшін жиектеме (перила) орнатып береміз деп отыр…

KMS_5946Үміт Дүйсенбайқызы КЕНЖЕБЕКОВА,
директордың әлеуметтік істер жөніндегі орынбасары:
– Менің бұл мекемеде қызмет етіп жүргеніме 29 жыл болды. 1986 жылы оқу орнын бітіргенім туралы дипломым болғанымен, тіркеуім болмай, жұмыс таба алмай жүргендіктен, осында еден жуушы болып жұмысқа тұрдым. Содан бастап осы интернаттың барлық ыстық-суығын көріп келемін, бала күтушісі де, тәрбиеші де, медбике де, психолог та, педагог та болып жұмыс істедім. Осы жылдар ішінде 8 басшымен әріптес болдым. Сол басшылардың ішінде 1995-2009 жылдар аралығында қызмет атқарған Нұрманова Зикан Мұқажанқызының есімін ерекше атар едім. Ол кісінің бұл интернат-үйіне сіңірген еңбегі зор. Одан кейін жаңадан келіп жатқан басшы Қанат Сабыров мырза бірінші күннен бастап өзінің іскерлігін, еңбекқорлығын дәлелдеп келеді. Стандарт бойынша балаларға мемлекет тарапынан әлеуметтік қызметтің жеті түрін көрсетеміз: әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-экономикалық, әлеуметтік-педагогикалық, әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-мәдени қызмет. Бүгінгі таңда ең үлкен мәселе – ғимараттың тарлығы, орын жетіспейтіні. Стандарт бойынша 1 балаға 4 шаршы/метр болу керек, ал бізде 1 балаға 2 шаршы/метрден тиіп отыр. Осы мәселені бүгінгі басшы Қанат Сабыров мырза қолға алып отырған жайы бар. «Жақсының жақсылығын айт – нұры тасысын» деген ғой, ол кісі келгелі көзіміз ашылып қалғаны рас. Мысалы, бұрын бар-жоғы төрт-ақ педагог болса, қазіргі таңда 40-тан астам педагог бар, екі психологымыз бар, дәрігерлер, медбикелер бар… Бұрын тәрбиешілердің көмекшілеріне «сауықтыру жәрдемақысы» (оздоровительное пособие) қарастырылмаған екен, қазір бұл мәселе де шешімін тапты. Қанат Қуандықұлы екі сөзінің бірінде «балаларға жағдай жасауымыз керек… балаларға дұрыс қарауымыз керек…» деп айтып отырады. Енді мемлекеттен жер алып, осындай халі мүшкіл балаларға арнап заманауи, санаторий типтес ғимарат салуды армандап жүр. Сол тілегіне жетсін деп тілеймін!

KMS_5969Әлия Балтабайқызы ТӨСТІКБАЕВА,
әдіскер:
– Бұл салада 1997 жылдан бері еңбек етіп келемін. Бұрын Ақсайдағы балалар үйінде істедім, ол үй жабылып, ондағы балаларды осында ауыстырған соң, мен де осында жұмысқа тұрдым. Соңғы уақытта ауыз толтырып айтарлықтай жақсы жұмыстар атқарылып жатыр. Жеделсаты үлкен мәселе еді, оны жасатып жатыр. Көк туымызды желбіретіп ілдік, Елтаңбамызды ілдік, маңдайшадағы баяғыдан қалған тақта тек орыс тілінде жазылған еді – оны екі тілде жазып, жаңартып, қайта ілдік. Балалардың ойлау мүмкіндігін арттыратын қаншама ойыншықтар, қажетті құрал-жабдықтар, интерактивті тақталар сатып алынды. Өте қымбат тұратын, мүгедек балаларға арналған дидактикалық материалдар алып жатырмыз. Ауламызды көріктендіруге де көп көңіл бөліп жатырмыз. Бұрын зейнетке кеткен ардагерлерімізді марапаттау мүлде болған емес, қазір осы интернатқа еңбегі сіңген ардагерлерімізді марапаттауға қолымыз жетті, оларды зейнетке салтанатты түрде шығарып саламыз. Осының бәрі білікті басшымыз Қанат Қуандықұлының арқасында. Біз бұрын басшылардың алдына кіру былай тұрсын, дәлізде жүре алмайтынбыз. Қазір Қанат Қуандықұлының есігі қай кезде де біз үшін ашық, кез-келген уақытта мәселемізді айтып алдына кіре аламыз. Ол кісі де біздің жайымызды жүре тыңдамай, кабинеттің қабырғасында қалдырмай, сол сәтте шешуге тырысады. Ол кісінің жақсы бір қасиеті – адамның еңбегін бағалайды. Ендігі ойым – бұл кісі осы жерде отырып қалмаса екен, бұдан да биіктерден көрінсе екен деймін. Әлеуметтік саланы жақсы білетін, мүгедектердің ахуалына жанашырлықпен қарайтын, бар жанын салып еңбек ететін Қанат Сабыров сынды адамдар жоғары жаққа барса, бұдан да көп шаруалар атқарылар ма еді деп ойлаймын…

KMS_5974Әлима Құсетқызы ИМАНБАЕВА,
аға медбике:
– Бұл балалар үйіне келгеніме 20 жыл болды, ол кезде 97 пайыз өзге ұлт өкілдері болатын. Сол уақыттағы басшы Нұрманова Зикан Мұқажанқызына «мен бұл жерде істей аламын ба?..» деп күмәнімді айтып едім, «…істей аласыз, бұл жерде жұмыс істейтіндердің бәрі ұлты басқа адамдар, сондықтан сіз бұл жерге керексіз…» деді. Содан қатардағы пост медбикесі болып жұмыс бастадым. Бір жылға жетер-жетпес уақыт өткен соң, еңбегімді, жауапкершілігімді бағалап, мені аға медбике етіп бекітті. Содан бері осы қызметті атқарып келемін, 2012 жылы «Медицина саласының үздік қызметкері» деген марапатқа ие болдым. Бұл жерде, өзіңіз көріп отырсыз, ақыл-есі кем, неврологиялық ауытқулары бар балалар жатыр. Тіпті, бір баланың бойынан бірнеше ауру табылады, негізінен емделмейтін аурулар. Барынша емдетуге тырысамыз, ең болмаса ауруын жеңілдетуге күшімізді саламыз. Жақында Америкаға апарып бір баланың қолына ота жасаттық. Екі қолы кеудесіне жабысып, дамымай, шеміршек күйінде қалып қойған, сол қолдары қазір икемге келеді.
Мұндай мекемені басқару да, мұнда жұмыс істеу де оңай емес. Бұл балалармен жұмыс істеу үшін үлкен жүрек, мейірім, шыдамдылық керек. Өткенде Басқарма басшысы Ербол Шымкентбайұлы келіп, жағдайымызды өз көзімен көрді, балалардың жағдайын бүге-шігесіне дейін сұрап білді. «Бәрі жақсы болады» деп дем беріп кетті. Жас та болса, бас болып, біраз тірліктер жасап отыр, қолдау-көмектерін аямай отыр, сондықтан басшыларға айтар алғысымыз шексіз. Қанат Қуандықұлы да балаларға әке орнына әке, аға орнына аға болып отыр. Қайтсем балалардың жағдайын жақсартамын деп, күн демей, түн демей жұмыс істейді. Жүрегі үлкен азамат. Біз де ана орнына ана болуға тырысамыз. Біз оларды жақсы көреміз. Олар да бізге әбден бауыр басқан. Жылда демалысқа кеткенде «қашан келесіз?» деп қимай қоштасады, келгенше бізді сағынып отырады, келетін күнімізді, сағатымызды санап жүреді, біз де олармен сағынысып көрісеміз..
.
KMS_5983Нұргүл Қозыбайқызы НҰРАБАЕВА,
шаруашылық бикесі:
– 1987 жылдан бері осы балалар үйінде жұмыс істеп келемін. Ол кезде өте жас едім, білмегенімді білдім, көрмегенімді көрдім, үйрендім. Сөздің шыны керек, бұл үй қазір өз үйіміздей, балалар – өз баламыздай болып кетті. Менің басты міндетім – балаларды киер киіммен, төсек-орынмен т.б. шаруашылық жабдықтарымен қамтамасыз ету. Үкіметтен не сұрасақ, бәрін береді. Балалардың тамағы да жақсы, медициналық көмек те жақсы жолға қойылған. Мұндай балаларды үйде ұстау оңай емес. Көпшілігі тұл жетім, тастанды сәбилер. Артынан ата-анасы жиі кеп тұратын бала саусақпен санарлық. Сол ата-аналардың жүрегі ауырмай кетсе екен дейміз. Кейде ата-анасы үйіне алып кетеді, сонда бұл балалар қайтадан осында келгенше асығатын көрінеді. Сондықтан олар бұл жерде өздерін жақсы сезінеді деп сеніммен айта аламын. Мен осы уақытқа дейін 8 басшымен қызметтес болыппын. Бір білетінім, мұнда келген басшылардың бәрі де айтарлықтай өз естеліктерін қалдырды. Солардың ішінде Нұрманова Зикан Мұқажанқызының есімін ерекше айтар едім. Ол кісі 16 жыл басқарды, көп еңбек сіңірді. Одан кейін Жаманқұлова Бақыт Қадырқызы да жақсы жұмысын көрсете білді. Бүгінгі басшымыз Қанат Сабыров мырзаның атын атамау мүмкін емес, өйткені ол кісінің келгеніне көп бола қойған жоқ, соның өзінде көп іс тындырды десем, артық емес. Бұл кісі баламен – бала, данамен – дана бола біледі. Бір мәселені айта қалсаң, «жасаймыз, табамыз…» деп, балаша елпілдеп, сол шаруаны бітірмейінше көңілі көншімейді. Өзі ақкөңіл, адал адам. Үлкенге – құрметі, кішіге – ізеті шексіз. Бұл кісіге айтар алғысымыз мол…

P1040230Әли Әбілдаұлы АМАНБАЕВ,
Алматы қалалық мүгедектер қоғамының төрағасы:
–  Қанат Қуандықұлы басқарып отырған интернат туралы тек жақсы сөз айтқым келеді. Мен өзім де сіздерге хабарласпақ болып жүр едім… Осындай әлеуметтік мекемелерге көп мән беру керек. Осыдан 3-4 жыл бұрын барған едім, содан кейін жақында тағы барып қайттым. Өйткені, Қанат бауырым өзі келіп, «мен біраз нәрселерді білмейтін шығармын, маған ақыл-кеңесіңізді беріңіз… біздің интернатты келіп көріңіз…» деп шақырған соң, барып қайттым. Бұрынғыға қарағанда жер мен көктей. Айнала тап-таза, балалардың жатын бөлмелері де, ойын бөлмелері де айнадай жарқырап тұр, жап-жарық. Көп дүние жаңарған, көп нәрсе жақсы жағына өзгерген. Ұжымдағы қызметкерлермен жолығып, сұхбаттастым, бірде-бірі қиыншылығын айтқан жоқ. Бір таңғалғаным, Қанат Қуандықұлы өз жұмысын айрықша ыждаһаттылықпен істейді екен, ештеңеге ұсақ-түйек деп қарамай, әрбір мәселеге барынша ден қойып, оң жағына шеше біледі. Бұл үйдегі балалар – ерекше мұқтаждығы бар балалар. «200-ге жуық балам бар» дейді, сол балаларының бәрінің атына дейін, диагнозына дейін жатқа біледі. Ал балалар болса, «папа, папа» деп шулап, жүгіріп кеп құшақтап жатыр. Менің анау-мынауға көңілім босамаушы еді, сол көріністі көргенде ерекше толқып, көңілім босады… таза жүрек сәбилер Қанатты шынында әкесіндей көріп отыр. Егер ол күнделікті «обход» жасамаса, балалармен жұмыс істемесе, оларға суық болса, онда олар олай «папалап» жүгірмес еді ғой. Мен таңғалдым. Себебі, талай осындай ұйымдарды көріп, талай адамдармен қатынасып жүрмін ғой, бірақ мынадайды бірінші рет көруім.
Қанат Қуандықұлының балаға деген көзқарасы, өз жұмысына адал берілуі оның қандай басшы екенін дәлелдейді. Бұл құр мақтау деп ойламаңыз, мен сізге өз көзіммен көргенімді айтып отырмын. Менің ойымша, осындай жігіттерді көтеру керек. Әлеуметтік сала деген – өте қиын сала. Ол жерде, бірінші, жүрек болу керек. Бұл саланың мұқтаждықтарын адам жүрегімен сезіну керек. Қанат бауырымның мұқтаж жандарға деген ақ жүрегін көрдім. Оның алдағы жылдарға деген құлшынысын, жоспарларын көрдім, арман-мақсаттарын тыңдадым. Әрине, қазір дағдарыс кезеңі, қиындықтар да көп, соған қарамастан үлкен жобаларды ойға алып отыр. Әкімдік болсын, министрлік болсын, депутаттық болсын, осындай адамдарды көру керек, ескеру керек деп ойлаймын…

«Ақжүніс-Астана» журналы

Сайтымыздың жаңа мақалаларына жазылыңыз

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

6 комментариев

  1. Viagra super active 100mg cialis Farmacia Cialis Lowest Price On Generic Cialis

Пікір жазу

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

*


6 + 1 =