Ардагерлер, азайып барасыңдар…

      Мәңгілік_от Соғыс ардагерлеріне
      Естеу Нүсіпбеков

Армысыңдар, ағалар, от кешкендер!
Ақ тәндерін боршалап оқ тескендер.
Армысыңдар, ағалар, ардагерлер!
Ар сыналған жылдарда от кешкендер.

От кештіңдер, қып-қызыл шоқ кештіңдер!
Аяр жаумен аянбай өштестіңдер.
Көзін жоймай гитлершіл жендеттердің.
Беттен қайту, бел шешу жоқ дестіңдер.

13239_2Ер өлімін көрдіңдер достарыңнан,
Қайтардыңдар қанды кек қастарыңнан.
Куә оған бұл күнде протез қол,
Қақпақсыз ми бүлкілдер бастарыңнан.

Бастарыңнан айналдық, қолдарыңнан,
Айлар тусын әманда оңдарыңнан,
Қара орманды халқыңның ортасынан
Төрлетуге сендерге жол жарылған.

Сендер бізге қашан да үлгісіңдер,
Тым алысты көрсетер дүрбісіңдер.
Адамзатқа жақсылық әкелуде
Жапырақты, саялы, бүрлісіңдер.

Тұлғаларың әрқашан биік тұрар,
Батыр деген бір сөзге сыйып тұрар.
Ізгіліктің, ерліктің, қайсарлықтың
Өсиетін шүмектеп құйып тұрар.

Кеуделерің, біздерге кең сарайдай,
Мейірменен қарайды бір тараймай.
Сендер жайлы толғансам оралардай
Ойы отты жол, ұшқынды сөз алаудай.

Соғыстың соңғы көктемі
Мұқағали Мақатаев

Жасылмен бояп қойған ба?!
Жап-жасыл таудың бөктері
Қырлар да, мынау ойлар да,
Жап-жасыл болып көктеді.
Соғыстың соңғы көктемі.

Көп болды жасыл тауларға,
Жап-жасыл бұлттар шөккелі.
Әкелді шуақ бар маңға,
Соғыстьң соңғы көктемі.

Соғыстың соңғы көктемі,
Көп болды нұрын төккелі.
Жап-жасыл анау аспан да,
Аспан да, сірә, көктеді.

Бойына таудың асылып,
Шұғыла тұрды, көк меңі.
Қызғанып, гүлін жасырып,
Қылтанақтар да көктеді.

Соғыстың соңғы көктемі.
Жап-жасыл шыбық, тал-дағы,
Орманның жасыл шекпені.
Қуанта, бірақ, алмады,
Сонау бір үйді шеттегі,
Соғыстың соңғы көктемі…

           Әке туралы
Жұмекен Нәжімеденов

Үзіліпті сол өмір…
Жо, жоқ, өлген жоқ бірақ.
Тек ерлік пен еркіндіктің өлеңін
Айтар болдық бұрынғыдан қаттырақ.
Тек оны ешкім шақырмайды дауыстап,
Алматыда көре алмайды әке ұлын.
Бірте-бірте құлақтардан алыстап
Бара жатыр аты оның.
Бұдан өзге тіршілігі сол күйі –
Әйнек салған рамада бейнесі,
Оған арнап, «ас береді» енді үйі,
Жумайд бірақ ешкім оның жейдесін.
Соғыс бітті, біткенде ме бар айып,–
Соғыс, соғыс… ұмыттырмас ол атын.
От өшкен соң осылайша қарайып
Орны қалар болатын.
Ұмытар ем соғыс атын, ел оны
Бес құрлыққа таратыпты бес бөліп.
Және соғысты ұмыттырмай келеді
Әкелер жайлы естелік.

 Намысынан халқының жаратылған
Қайрат Жұмағалиев

Көзінде отты жасын бар,
Сан жырлар оны жаңа ұрпақ.
Келешек,
Ұлы ғасырлар
Баукеңе қарар таңырқап!

Жеңілден безіп әманда,
Үлесін алған ауырдан,
Күрделі біздің заманға
Ұқсайды
Қайсар Бауыржан!

Аялап оны алыста
Тербеген дала бесігі.
Бауыржан болып
Соғыста
Жарқ етті
Қазақ есімі!

Өрт кешкен отты жылдарда
Шынығып өсті өр тұлға.
Сүйеу боп
Сұрапылдарда
Даласы тұрды артында.

Аға боп майдан өрінде
Сан ұлттың ұлын баураған,
Жүргенде Ол туған жерінде
Жеңілмес Антей – аумаған.

Жауына тізе бүккен бе,
Ел үшін шығып жекпе-жек,
Өмірді сүйгендіктен бе
Өлімге барған…
Бетпе-бет!

Болса да бірі жалпының
Көрмеді оған дарып оқ!
Өзінің туған халқының
Қалды Ол –
Аппақ ары боп!

Ақиқат естен танары –
Жүрегі жаудың шайлыққан.
Қадалса шоқты жанары
Ажал да…
Одан қаймыққан.

Ыза-кек өртеп өзегін
Майданда жалын құшқанда,
Шын сүйгендіктен өз елін
Қаһарлы болды дұшпанға.

Жықпастан туын Елдіктің
Жеткіз деп келер таңдарға
Тапсырды:
Өрлік,
Ерлікті –
Болашақ Бауыржандарға!

  Қаһарман
    Айбатыр Сейтақ

Мың құбылып тұрса-дағы бар маңы,
Адамзатты алға бастар Ар заңы!
Мір оғындай Момышұлы Бауыржан –
Туа біткен туралықтың тарланы.

Әрбір сөзі жас ұрпаққа – тағылым,
Бойға жиған ақылы мен сабырын,
Өмір бойы шындық үшін күресіп,
Жалғандықтың тіліп түскен тамырын!

Жауынгерді айналдырып құрышқа,
Тайсалмастан кірген талай ұрысқа.
Ұрпағына үлгі болған ғұмырын
Ұқсатамын жарқылдаған қылышқа!

Жүру үшін тура жолдан бұрылмай,
Ар мен Намыс бірге туған ұғымдай.
Біздер үшін рухы биік Бауыржан
Батырлық пен Ақиқаттың туындай!

Ұшқыр ойды от-қайраққа жаныған,
Туған елді өз үйім деп таныған,
Жалындаған жастар керек еліме
Батыр баба қасиеті дарыған!

   Майдангерлер
   Махмұтбай Әміреұлы

Қан майданның жүректе жарасы бар,
Қайғысы мен зілі бар, наласы бар.
Арамызда жүретін алшаң басып,
Ардагерлер азайып барасыңдар.

Қастерлейді халқымыз қаһарманын,
Жүр есінде сан жарық, сапарларың.
Қайран ерлер, қаһарман ардагерлер,
Қалды-ау сиреп бұл күнде қатарларың.

Ерлік сүйген еліңе салтың ұнар,
Жүздеріңде жанған от жарқылы бар.
«Соғыс» деген салмағын жалғыз сөздің,
Бүгінгі ұрпақ өздерің арқылы ұғар.

Жасқанбаған жауынан жарақты ер,
Ерлігіңді аңыз ғып таратты ел.
Қаһармандық дегенді кейінгі ұрпақ,
Жүздеріңе сендердің қарап білер.

Дарқан мінез, дария ой, дара шыңдар,
Жарқын жүзді, жүрегі ақ, жаны асылдар.
Арамызда жүретін алшаң басып,
Майдангерлер, азайып барасыңдар…

«Ақжүніс-Астана» журналы

Сайтымыздың жаңа мақалаларына жазылыңыз

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

2 пікір

  1. KenntupeTror :

    Cialis Generico En Barcelona viagra Amoxil De Haute Qualite

  2. Zithromax Family online pharmacy Viagra Cialis Paypal

Пікір жазу

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

*


9 − 8 =

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <s> <strike> <strong>