Қазақтың туын жамылып ұзақ жатты…

GentБельгия, Гент

«Ойыншық мемлекет…»
Фламандтардың Бельгияға берген бағасы бұл. Шынында да, шап-шағын, мұнтаздай таза ел осындай әсер қалдырады. Бельгиялықтар үшін ана тілі – ардақты ұғым. Тілін білмейтіндерді олар сыйламайды, жоғалған ұлт ретінде қабылдайды. Елде нидерланд, француз, неміс тілі ресми тіл болып есептеледі. Бірақ, үстемдік негізгі ұлттың ана тіліне берілген. Мектептер мен жоғарғы оқу орындарында сабақ нидерланд яғни фламанша жүргізіледі, мемлекеттік емтихан да осы тілде тапсырылады. Он миллионнан астам халықтың  58 пайызы фламандық, ал 31 пайызы валлондықтар. Қалған 11 пайызы этникалық топ өкілдері. 75 пайызы католик, 500 мың мұсылман бар. Иудизм, провослав, протестанттар да жетеді. Қазақтар сияқты ұланғайыр алқапты иеленіп жатпаса да, Еуропадағы бай мемлекеттің бірі. Бірақ бізге Бельгияның байлығы маңызды емес. Бізді алаңдататыны – Бельгиядан бақыт тапқан қазақстандық жетім балалардың жағдайы…

Жанарға анасы ән айтып отыр. Бұл пілдің баласы туралы ән. «Анаңнан қалма, әйтпесе адасып қаласың, анаңды таппай қаласың…» деген мағынаға саяды.
Анасынан көз жазып қалып, балалар үйінде шырқырап жылай беретін Жанарға Стин ханым ең алғаш осы әнді айтып беріпті. Сәби бірден жылауын тоқтатып, тынышталып, бөгде көздерден көзін айырмай қарап қалған. Сол кезден бастап екеуінің жұбы жазылмады…
Янне аулада мамасына су шашып ойнап жүр.
«Ооой, мамаларың әбден су болды ғой…, әй балаларым-ай, үсті-басымды су қылдыңдар ғой…» деген анасы да көңілді…
Мен «олар сіздерге ұқсайды» дедім.

Zhanar Ruslan otbasymen birgeСтин Мартенс, Жанар мен Русланның асырап алған анасы:
– Ия, бәрі айтады, бізге  ұқсайды деп, шынымен ұқсайды ия? Бірақ олар бізден әдемі, – деп балаларына жымиып, мейірлене қарады.

Вим Селис, Жанар мен Русланның асырап алған әкесі:
– Мұндай балапандарды әлемді жүз айналып шықсам да таппаймын. Әсіресе, қызым маған ұқсайды дегенді көп естимін… – деп мейірлене қызының шашынан иіскеп қояды, алдына отырғызып алған.
Жақсы көру… Өз кіндігінен жаралмаған балаларды өз перзентінен артық сүюді осы жұптан көрдім. Шынайы, пәк, сұлу сезім. Бұл шетелдіктерге бүлдіршіндерімізді бере берейік деген сөз емес, әрине. Дұрыс түсініңіздер. Туған ата-анасы сыртқа тепкен қаракөздерді көзімен аймалап, сөзімен еркелеткен, олардың балалық қылығына тоймай, асты-үстіне түсіп, бәйек болған осы ерлі-зайыптыларға қызығып та қарайсың, қазақ балаларын қызғанып та кетесің.
Стин Мартенс: Олардың аналарының тастап кеткенін ойлағанда жаным ауырады, жүрегім жүз бөлікке бөлініп, шашылып кетеді. Түсінесіз бе? Қалайша мұндай балғындардан бас тартуға болады? Ақылға сыймайды… Олардың аналарына мұндай шешім қабылдау оңай болмағаны анық. Әсіресе туған күндері болғанда шешелері туралы көп ойлаймын. Тым қатігез болмаса, мүмкін, дәл осы сәтте олар да естеріне алатын шығар балаларын. Енді екеуінің бақыты үшін бәрін жасаймын, өмір бойы алақаныма салып өтемін, оларды қараусыз қалдырмаймын…
Екі бүлдіршіннің бір-бірінен қаны бөлек.
Машинаның ішінде кетіп барамыз… Янне менің шашымды жөндеп, «Жанағ» деп қояды.
– Екеуміз де Жанар екенбіз, иә?! Қазақстанға барасың ба менімен? Янне – менің атым Жанағ…
Бұл екі бала да Қазақстаннан, Қарағандыдағы балалар үйінен асырап алынған. Мына кішкентай бүлдіршінің бұрынғы аты – Руслан, қазір оның бельгиялық басқа аты бар, Джеф деген…
Джефтің – Мұқашев Русланның туған анасы құрт кеселімен ауырған екен, бірақ балаға жұқпапты. Янне – Жанардың да денсаулығында кінарат жоқ. Яғни, шетелдіктерге тек ауру балалар беріледі деген сөз жаңсақ.
Стин Мартенс: «Мама, біз сенің балаң емеспіз бе?» деп кейде сұрап қалады. Мен «сендер бауырсыңдар, бірақ екеуің бір әйелдің ішінен шыққан жоқсыңдар» деп айтамын. Әлі бала ғой, түсінбейтін тәрізді. Бірақ қуыршақтарымен ойнағанда соны қайталап отырады… Алдағым келмейді, қара басымның қамын ойласам, балаларымнан бәрін жасырып, сендерді өзім тудым деп айта салу мен үшін жеңілірек болар еді, әрине. Бірақ кейін өскенде білсе, олар үшін бүкіл дүние  жалған болады.
Жанардың төсегінің тұсында құстардың көптеген ұяшықтары ілініп тұр, бөлмесіне кірген кезде бірден көзімізге осы түсті. Әкесінен «бұларды не үшін іліп қойдыңыздар?» деп сұрап едім, әкесі қызына былай түсіндіргенін айтты: «Бұл ұяшықтарда періштелер өмір сүреді. Олар сені қорғайды, қолдайды және күнде таңертең құстардың әнімен оянып, құстардың әнімен ұйықтайсың» деп түсіндірген екен.
Ал мына сандықтың ерекше мәні бар, Янне үшін, бұл оның Қазақстандағы өмірімен байланысты, бұның ішіндегі дүниелер оның Қазақстанда тұрғанын, Қазақстанда туылғанын айғақтайды. Тіпті, жаялығына дейін сақтап қойған.
Жанар:
– Фо мей… (менікі дейді – Ж.Б.)
– Сен бұны қашан киіп едің?.. Қазір аяғыңа сыя ма бұл?
– Нии…
– Маған берші бұл аяқ киіміңді?
– Бере алмаймын, ол менікі. Мен сақтап қойдым, кейін өзімнің балаларыма кигіземін.
– Әдемі екен… бұны сен қай жақта кидің?
– Казакхстан…
Киімдерін бүктеп жатқанын қараңызшы, қарап отырып сүйсінесің, ботақан сол. Өкініш өзегіңді өртейді…
Жанар бөтен елге келген соң да осы киімдерді сыймай қалғанша, өзі қалап киіп шыққан екен. Сағынған шығар. Өйткені бұл киімдерге балалар үйінің иісі, қазақтың иісі сіңген ғой.
Вим Селис: Бельгияға алып келгенде, тәрбиешілерін іздеп, жылай беретін. Сосын бөлмесіне солардың суреттерін іліп қойдық. Қызымыз өз үйіндей сезініп, жаңа ортаға тез бейімделсін, бұл адамдардың ол үшін не істегенін ұмытпасын, құрметтеп жүрсін деген ниетпен.
Жанар – Янне «Элла, Жазира, Жамал, Вала, Людмила» деп Қазақстанда қалған достарын түгендеп шықты.
– Янне оларды әлі ұмытпаған ба?
– Ұмытқан жоқ.
Анасы Жанардың – Янненің сандығынан тағы бір құнды дүниені алып шықты. Қазақстанның туы. Ал мына картинаны Алматыда сатып алыпты. Жалғыз қазақ үй, байлаулы жылқы. Асқар таулар «мен мұндалайды» алыстан…
Ал біраздан кейін қазаққа үш қайнаса сорпасы қосылмайтын қоғамда бой түзеп келе жатқан қазақ баласы қазақтың туын жамылып ұзақ жатты…

Жанар БАЙСЕМІЗОВА,
 «Қазақстан» Ұлттық телеарнасы

Журналға дайындаған
Абзал НҰРМАҒАМБЕТ

Сайтымыздың жаңа мақалаларына жазылыңыз

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Пікір жазу

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

*


1 + = 5

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <s> <strike> <strong>