Болат ҰЗАҚОВ: Тарихи шығармаларды сахналау қиын

Bolat Uzakov

Bolat Uzakov

– Болат Қасымжанұлы, сіз актерсыз, режиссерсыз, драматургияға да қалам тартаныңыз бар. Думан Рамазан сізге «сан қырлы талант» деп баға беріпті. Дегенмен, өзіңізді қай қырыңыздан мойындайсыз, танисыз?
– Режиссер ретінде өзімді таныдым, өмірден, шығармашылықтан өз орнымды таптым деп ойлаймын. Актерлықты оқығанымның, бірнеше жыл актер болып жұмыс істегенімнің пайдасы зор болды – драматургияны, театр өнерін түсінуіме, сахнаның қыр-сырын ұғуыма жол ашты, режиссер болып қалыптасуыма септігі тиді. Талдықорған театрында актерлық жылдарым өтті, кез-келген актер армандайтын басты рөлдерді ойнадым. Дегенмен, сол кезде режиссерлардың жұмысына, кей қойылымдардың режиссурасына, өзімнің де, өзгелердің де жасаған образдарына сын көзбен қарап, сырттай анализ жасап, «осы шығарманы басқаша да қоюға болады-ау… неге былай жасамасқа… неге басқаша ойнамасқа…» деген ой үнемі кетпей жүретін. Кейде ойнаған рөлдерімізге байланысты режиссерлермен пікірталас туындайтын. Мен режиссер болып тудым деп айта алмаймын, бірақ режиссерлық өнер жаныма жақын, рахаттанып істеймін.
– Оған қоса, директорлығыңыз тағы бар. Басшылық қызметіңіздің шығармашылығыңызға кедергісі көп пе, пайдасы көп пе? Өзіңізді қаншалықты менеджермін деп есептейсіз?
– «Мен шаруашылық жағына жақсымын, керемет іскермін, мықты менеджермін, шебер ұйымдастырушымын» деп айта алмаймын. Ондай қасиетім бар ма, жоқ па, ол жағын да білмеймін. Бірақ бұл театрды өз театрым деп есептеймін, өйткені Астана – астана болып, алғаш статус алып жатқанда осы театрға келдім. Содан бері осы өнер ордасының ыстық-суығына төзіп, қиындығына көніп, бар жан-тәніммен беріліп еңбек етіп келемін. Қай жерде қандай жыртығы бар, қандай жамауы бар, не керек, не жетпейді – бәрін білемін. Мүмкіндігінше осы театрдың тасы өрге домаласын деген мақсатпен, қолымнан келгенінше жұмыс істеп жүрмін. Директорлық қызметке келгеніме бір жыл болыпты… Шығармашылықпен үзбей айналысуға кедергі жасайтыны рас. Бірақ, кейінгі уақытта байқағаным, өзіңнің шығармашылық жұмыстарыңа басқаша көзқараспен қарауға мүмкіндік туады екен. Режиссерлық мамандығымнан шеттеп, өзімнің бұрынғы жұмыстарыма алыстан, сырт көз ретінде қарап жүрмін. Басымда жаңа ойлар туып, «басқаша жасауға болады екен-ау…» дейтін кездерім болады.
SHA_7430– Театр ғимараты Тәуелсіз қазақ елінің Астанасына лайық деп ойлайсыз ба? Осы мәселе қалай шешіліп жатыр? Үкімет уәде етіп отыр ма?
– Үкімет уәде беруін берген, бірақ сол уәде әзірге орындалмай келеді. Талай рет хат та жаздық, ашық хат та жаздық, бірақ бұл мәселе ашық күйінде қалып отыр… Театрымыздың ғимаратында кеңестік кезеңде облыстық атқару комитеті болған. Театрға ең керекті дүние – Астанаға лайық жаңа, заманауи ғимарат. Қаллеки театры қай жағынан алсаңыз да – артистердің озық өнері жағынан да, шығармашылық дамуы жағынан да, тіпті, «Астана театры» деген аты да, «мемлекеттік академиялық…» деген статусы жағынан да жібі түзу ғимаратқа лайық деп ойлаймын. Кез-келген қонаққа «міне, қазақ театры, міне, Астанамыздың театры» деп ұялмай көрсететін үй керек-ақ. «Астана-Операдай» алтынмен апталып, күміспен қапталған театр тұрғызған мемлекетіміз үшін драма өнеріне арналған театр ғимаратын салып беру қиын емес шығар. Бірақ соған құлық байқалмайды. ЭКСПО-ға арнап салынып жатқан ғимараттардың бірі театр болады, сол ғимарат ЭКСПО біткен соң біздің театрымызға беріледі деген әңгіме бар. Сол төңіректен жер де бөлінген. Бірақ, «мына күні құрылыс басталады» деген сөз жоқ. Алдыңғы жылы күзде, Астана әкімі Иманғали Нұрғалиұлы Тасмағамбетов болып отырған кезде, театр салынатын жерге қазық қағылады, құрылыс басталады деген сөз шығып, бір қуанып қалып едік. Кейін көп ұзамай қала әкімі ауысып кетті, әйтеуір сол құрылыс басталмай жатып тоқтап қалды. Бүгінгі ғимарат Астана театрына лайықсыз деп жұрттың бәрі – келген көрермендер де, шет елдерден келген қонақтар да айтады. Көрермендеріміз тарапынан ғимаратқа айтылатын сын пікірлер мен сұрақтардың астында қаламыз: «Сырттан келген қонақтарымызды ертіп келуге ұяламыз.., фойесінде айналып жүре алмайсың… қашан сіздерге жаңа ғимарат салады?..» деген сауалдарды күнде естиміз…
SHA_7356– Нарықтық заманда, дағдарыс кезеңінде театрдың күнкөрісі, қызметкерлердің әлеуметтік жағдайы қалай? Билік көңіл бөліп, шенеуніктер театрға келіп тұра ма?
– Билік дегенде, біз Астана қаласының әкімдігіне қараймыз ғой. Қала басшыларының тарапынан театрға көңіл бөлуі жақсы. Театрдың тұрмыс-тіршілігіне байланысты көмектесіп тұрады. Бірақ, республикадағы шенеуніктердің көбі осы Астанада екенін ескерсек, олардың театрға келуі өте сирек. Әртістердің айлығы өте төмен. Біздің театрдың ғана емес, бүкіл республикамыз бойынша өнер адамдарының еңбекақысы ауыз толтырып айтуға келмейді. Жазда Грузиядан Тбилиси театры гастрольге келді. Біз олардың айлықтары туралы сұрадық. Оларда халық артистері 3 мың доллар айлық алады екен. Ал біздің елде халық артистері 130-150 мың алады. Оның өзінде ол кісілердің профессорлық т.б. атақ-дәрежелерінің бәрін қоса есептегенде алатындары сол… Өзіңіз салыстырыңыз, айырмашылық жер мен көктей. Біздің «академиялық» деген атымыз бар ғой… Ал облыстық театрларымызда айлық бізден екі есе төмен. Негізі, әртістеріміздің көбінде баспана бар, Иманғали Тасмағамбетовке рахмет, ол кісі әкім болып келген кезде жарты жылдың ішінде театрда жұмыс істейтін 22 әртіс үй алды. Биыл да әкім Әділбек Жақсыбеков алты әртіске пәтер кілтін табыстады. Өкінішке қарай, техникалық қызметкерлердің ішінде үйсіз жүргендер бар. Театрымыздың 25 жылдығы қарсаңында сол қызметкерлерімізге үй беріп қала ма деп күтіп отырмыз…
– Өзіңіз актерлықты сағынбайсыз ба? Рөл ойнағыңыз келетін кездер бола ма?
– Актер болған кезімде жаман актер болған жоқпын деп ойлаймын. Талдықорған театрында жүргенде, көп актерлер өмір бойы армандап, ойнай алмай кететін басты рөлдерде ойнадым. Қазір де актерлықты сағынатын кездерім болады. Кейде актерлер рөлдерін жеткізе алмай жатқанда сахнаға өзің шығып кеткің келеді. Актерлық мүмкіндігім бар, ол ешқайда жоғалып кеткен жоқ деп ойламын. Ішімде жатқан бір күш түртпектеп қоятыны бар. Кейде сахнада рөл ойнап жүргенімді түсімде көремін…
Дегенмен, болашақта бір спектакльде рөл ойнау ойымда бар. Ол, бәлкім, моноспектакль болатын шығар, әлде екі-үш адамдық қойылым бола ма екен… Ойымда сондай бір дүние бар…
– Өзіңіз талай жылдар бойы еңбек еткен Талдықорған театры спектакль қоюға шақырса, барар ма едіңіз?
– Спектакль қоюға шақырған емес, шақырса, барар едім. Ол театр – менің жастық шағым өткен жер, кәсіби шеберлігім шыңдалған жер. Сол театрда жүріп отбасын құрдым, ұлым мен қызым дүниеге келген жер… Достар бар… Сағынамын.
– Кейін режиссураға келдіңіз. Көптеген қойылымдарды сахналадыңыз. Санап көрсем, Қаллеки театрында 25 спектакль қойыпсыз. Ең қиын соққан қойылымдар қайсысы?
– Режиссер үшін ең қиын соғатын жұмыс – өз жүрек қалауыңмен таңдап алған шығарманы емес, қойылу керек болған шығарманы қою. «Мынаны қою керек… репертуарға керек…» деп, немесе, кейде актерлер рөлсіз жүріп қалады, «осыларға арнап бір спектакль қояйық» дейтін кездер болады. Сол спектакльдер қиындықпен шығады. Бірақ процесске кіріп кеткен кезде, жаңа шешімдер тауып, шығармашылық қалыпқа енген кезіңде ол қиындықтар артта қалады. Алайда, сол шешімді тапқанша қиналасың…
IMG_0171– Пьеса, инсценировка жазатыныңыз бар… Сіз де, өзге режиссерлер секілді, қазақ театры драматургияға зәру болғандықтан, бұл шаруаны өзіңіз атқаруыңызға тура келе ме?
– Ол жағы да бар. Жазып жүргендер өте көп, кәсіби, шынайы драматург бірлі-жарым ғана. «Драматург жоқ» десек, өзін драматург санайтындар ренжиді. Кейде өзін драматургпын деп санайтын ақын-жазушылар, журналистер, депутаттар… – олар драматургияның заңдылықтарынан өте алыс, сахнаға үш қайнаса сорпасы қосылмайтын дүниелерді алып келеді. Соларды оқып отырып, оқуға кеткен уақытыңды аяйсың. Пьеса мен сценарийді ажырата алмайтындар «пьеса жаздым… бес пьесам бар, он пьесам бар… қырып жазып жатырмын…» деп ауыз толтырып, жазғанын алып келеді. Бірде-бірі драматургиялық заңдылыққа бағынбайтын дүниелер. Біреулер «үш күнде пьеса жаздым» дейді. Не күлеріңді, не жыларыңды білмейсің. Пьеса жазбас бұрын драматургияның не екенін, оның шарттары мен заңдылықтарын оқып білу керек. Пьесаның не екенін білмей, өмірінде бір пьеса оқымай, қалай драматургияға қалам тартатынына таңғаламын. Кейде ойлаймын, біздің министрлік өзін драматургпын деп жүрген жастарды оқытса ғой деп. Мысалы, Өнер академиясы, Өнер университеті сияқты жоғары оқу орындарында кинодраматургия бөлімі бар, бірақ соны оқып тәмамдаған драматургтердің ішінен жарқырап шыққан бірі жоқ. Кейбіреулері тіпті басқа салаға кетеді…
Драмалық шығармаға зәру болған кезде еріксіз өзің қолыңа қалам аласың. Не мықты жазушыларымыздың керемет прозалық шығармаларының сахналық нұсқасын жасайсың… Өзімді мазалаған ой, жазсам деген шығарма ішімде пісіп-жетіліп, «енді сол сыртқа шығуы керек, қағазға түсіретін кезі келді» деген кезде қолыма қалам аламын. Ал былай, өзімді драматургпын деп ойламаймын, пьеса жазып тұруым керек деген мақсатым да жоқ. Бір кездері республикамыздың көптеген театрларында театрдың директоры әрі көркемдік жетекшісі деген қызметті бір адам атқарды. Сонда көп адамдар бізге тиісті: «Театр басшылары өздері жазады, өз шығармаларын ғана қояды… қаншама драматургтер жүрміз, неге біздің шығармаларымызды сахналамайды?..» деген дау туды. Сол сөздің бір ұшы маған да тиіп жатты. Мысалы, Шерхан Мұртазаның «Текебұрқақ» әңгімесінің инсценировкасын өзім жасап, сахналадым. Тура сондай пьеса жазылса, мен неге қоймаймын? Біз мынаны мойындауымыз керек: қазақ театрын әлемге танытқан – инсценировка. Оны дамытқан – режиссер Әзірбайжан Мәмбетов. Ш.Айтматовтың «Ана – Жер Ана», «Ғасырдан да ұзақ күн», Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен тер» т.б. шығармалардың сахналық нұсқасын жасап, үлкен полотнолар тудырды, сол арқылы режиссер ретінде өзі де әлемге танылды, қазақ театрын да биік белеске көтеріп тастады. Яғни, қалай десек те, драматургия – кенже қалып келе жатқан сала. Алдыңғы буын драматургтер – Дулат Исабеков, Әкім Тарази сынды ағаларымыз қазір жазбайды. Олар жазу үшін жақсы қаламақы төлену керек. Өткенде министрлікте репертуарлық коллегияны қайта құрамыз деп, адамдардың тізімін бекітіп жатыр екен. Сол адамдардың жартысы драматургияның не екенін түсінбейді. Сонда олар ертең алдарына келіп түскен шығармаларды қалай бағалап, қалай қабылдап алады? Жарайды, бәйге жариялайды да, 1,2,3 орын алған шығармаларды қабылдап алады. Сосын оны сахнаға шығаруды бізге міндеттейді. Айналып келіп, тағы да «режиссер қоймай жатыр, менсінбей жатыр…» деген сөз туады. Сондықтан, меніңше, репертуарлық коллегия драматургияны түсінетін, осы саланы оқыған адамдардан – кәсіби драматургтерден, театртанушылардан, режиссерлерден, актерлерден құралуы керек. Ал жалпы, театр өнерін орталықтандырамыз деген ниеттері дұрыс. Әйтпесе, әрбір облыс өз драматургтерін «сайлап» алды, өз мәселелерін сахнаға шығарады… Республика театрлары бір орталыққа бағыну керек, шығармалар сүзгіден өту керек, талқыдан өту керек деген талап, ниет дұрыс, бірақ сол «талқыдан өткізетін» адамдардың құрамы кәсіби мамандардан құралса, құба-құп болар еді.
– Астана туралы тарихи қойылым қою туралы арманыңыз бар екен, жүзеге асуы қалай? Шығарма бар ма?
– Астана туралы көп пьесалар жазылды, бәрін оқып көрдік. Бірақ, іздегенімді, көңілімдегіні әлі таппадым. Тарихи бір шығарма бар. Көшім ханның кезінде осы жерде бір қала болған екен, Көшім ханның ақылына көркі сай ханымы болған екен… Осы туралы пьеса бар. Бірақ оның да драматургиясы әлсіз, әлі де пісіріп-жетілдіру керек.
– Жалпы, тарихи шығармаларға деген қызығушылығыңыз ерекше сияқты?
– Ол рас, мені қазақ тарихы айрықша қызықтырады. Өйткені өз ұлтымды ерекше жақсы көремін, өзге ұлттарға ұқсамайтын қасиеттерін қастерлеймін. Ұлт ретінде артықшылығымыз өте көп, оны бүгінгі таңда әлем мойындай бастады. Біздің жеті атаға толмай қыз алыспайтын дәстүріміз көп жұртты қызықтырады. Қазақ ұлтының қабілеті жоғары, нені де болса тез игеріп, меңгеріп алатын ерекше алғыр халықпыз, талантты ұлтпыз. Басқа ұлттарда ондай қабілет жоқ. Осындай ұлы халықтың бір ұлы ретінде, адал азаматы ретінде еліме қызмет етсем, өз үлесімді қосып кетсем деп ойлаймын. Бәріміз мәңгілік емеспіз ғой. Бұл өмірден өткенде артыңда тырнақтай болса да, із қалу керек. Уақытың жетіп, өз-өзіңе «бұл өмірде не істедім?» деп сауал қойғанда, жауабыңа өзің аз да болса қанағаттануың керек қой… Сондықтан, қазақ деген ұлттың өнерде жүрген бір перзенті ретінде мақсатым – ұлтымның тарихын сахнада безбендеу. Тарихи шығарманы сахналау өте қиын. Ұзақ ізденуге, көп оқуға тура келеді, кейіпкерлеріңнің әрбір сөзін, әрбір ісін сүзгіден өткізесің. Тарихи шындық қалай, әдеби-көркем шындық не дейді, екеуінің ортасынан сахналық нұсқаны қалай құру керек, режиссерлік шешімді қалай табуға болады… Оның үстіне қазақ тарихын «мен ғана білемін», «менікі ғана дұрыс» дейтін білгіштер өте көп. Сондықтан, бұл тек қана тарихи дерек емес, көркем дүние екенін түсіндіруге тура келеді. Осының бәрі көп еңбекті талап етеді…
– «Абылай ханның арманын» қойдыңыз. Абылайдай тарихи алыпты сахнаға шығару үшін жүрек жұтқан батыр болу керек шығар…
– Театрдың «батыры» болу керек… Абылай ханды бұған дейін де небір мықты режиссерлер сахнаға шығарды. Мен оларды қайталамауым керек, ол үшін не істеу керек, қай қырынан келу керек… Драматург Думан Рамазан екеуіміз осы мәселелерге мән бердік. Думан – өте еңбекқор, білімді жігіт, көп біледі, көп оқыған. Оған Абылай хан туралы пьеса жазып бер деп өтініш айттым. Басында ол аздап жүрексінді. «Қалай жазамын?.. Не істеймін?..» деп ойланып қалды. Мен оған бірден айттым, «Абылайдың баяғы елдің бәрі білетін Сабалақ болғаны, Шарыштың басын алғаны» керек емес дедім. Абылай десе, осыны ғана еске түсіреміз. «Абылай үш жүздің басын қосты, қазақтың ел болуына еңбек сіңірді» дейміз де, ал енді «қандай еңбегі бар? Нақты не істеді?» деген сауалға мүдіреміз. Ол қалай үш жүздің басын қосып, жылдар бойы шашау шығармай ұстап отырды? Демек ол мықты саясаткер болғаны ғой… «Абылай» деген екі томдық тарихи-деректі құжаттар жинақталған кітапты тауып, күндіз-түні соны оқып, зерттедік. Үш жүздің басын қалай қосқаны, елді қалай аман сақтағаны, Қытайға, Ресейге қалай елші жібергені, руаралық шиеленістерді қалай шешкені… – бәрі анық жазылған, нақты құжаттармен берілген. Бұл Абылайдың даналығы, көрегендігі. Қойылымда осы жағына мән бердік.
– Әңгімеңізге рахмет! Шығармашылық табыс тілеймін!

Сұхбаттасқан
Сәуле ӘБЕДИНОВА

«Ақжүніс-Астана» журналы

Сайтымыздың жаңа мақалаларына жазылыңыз

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

1 пікір

  1. ОРЫНБЕК :

    ТАРИХИ ТАҚЫРЫПҚА КЕЛЕТІН БОЛСАҚ, ТЕК ӨТІНІШІМ, БҰРМАЛАУШЫЛЫҚ БОЛМАСА ЕКЕН,
    АЙТЫП ОТЫРҒАНЫМ, ЕГЕР, АВТОР ОРТАЛЫҚ ҚАЗАҚСТАН НЕМЕСЕ ШЫҒЫС, БАТЫС, ОҢТҮС
    ТІКТЕН БОЛСА, ТЕК ӨЗ ЖЕРІНЕН БАТЫРЛАРДЫ ДӘРІПТЕУ. ҚАЛҒАНДАРЫНА «қолына сыпыртқы беріп, көшені сыпырғаннан басқаға икемі де санасы да жетпейтін» ЕТІП СУРЕТТЕУ ДҰРЫС ЕМЕС… ТАРИХ ТА ҚАНДАЙ ТҰЛҒА БОЛДЫ, АРТЫНДА ҚАЛДЫРҒАН ҚАНДАЙ ІЗГІЛІК ІСТЕРІ БОЛДЫ, АЛАЛАУСЫЗ АШЫЛСЫН. ЖАЗЫЛСЫН!!!
    Барлықтарыңызға ден-саулық, әділ сана-сезім, келешек ЕЛ ҚОЖАЙЫНДАРЫН ДАЯРЛАЙЫҚ.

Пікір жазу

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

*


8 − 1 =

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <s> <strike> <strong>